Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3861 0 пікір 16 Мамыр, 2009 сағат 23:47

Көш қашан түзелер екен?!

«Махамбет» фильміне бірер пікір

«Ботагөз» фильмін 7-сыныпта, ауылда көрдім. Атағын алыстан естіп жүрген Сәбит Мұқанов ағамыздың романын «Жұмбақ жалау» кезінде бір рет, «Ботагөз» болған соң екі рет оқыған едім. Фильмді көруге қуана-қуана бардым.

«Махамбет» фильміне бірер пікір

«Ботагөз» фильмін 7-сыныпта, ауылда көрдім. Атағын алыстан естіп жүрген Сәбит Мұқанов ағамыздың романын «Жұмбақ жалау» кезінде бір рет, «Ботагөз» болған соң екі рет оқыған едім. Фильмді көруге қуана-қуана бардым.

Әртістердің ойнау шеберлігі дегеннен хабарым жоқ, қайсысының болсын аузын аңдып, романдағы сөздерді түгендеуді ғана ойладым. Барына қуандым, жоғына ренжідім. Ал ренішімнің күйінішке айналғаны Итбайдың атып өлтірілгені болды. «Құдай-ау, оны аттың құйрығына байлап жіберіп, кінәсіне қарай қорлап өлтірген жоқ па еді?! Өйтіп жазалау көне қазақтың өзінде болды ма, әлде басқа халықтан ауысты ма, әйтеуір, ауыз әдебиетінен де, жазба әдебиеттен де сан оқыдық қой? Сәбең сол ыңғайда жазған шығар. Енді романға түзету жасағандары несі?». Бұл сауалды ертеңінде сынып жетекшіміз, мектептегі әдебиет үйірмеміздің жеткешісі Ақылбек аға Баймұхановқа қойдым.

- Роман нақты оқиғаларды, өмірде шын болған адамдарды негіздеп емес, автордың ойлауымен, қисындыруымен жазылған әдеби дүние ғой, кинофильмге айналдырғанда кейбір жерін түзетуге болатын шығар, - дейді Ақаң.

- Автормен келіспей-ақ сөйтуге бола ма? Сәбит Мұқанов рұхсат беріп пе? - деймін. Ақаң:

- Мен қайдан білейін? - деп күледі.

Алматыда Жазушылар одағы барын біліп алдым да, «Сәбит Мұқанов жолдасқа табыс етілсін» деп хат жазып жібердім. Итбайды атып өлтіруге рұхсат берген-бермегенін білгім келді ғой. Он шақты күннен кейін жауап келді: «Сәбит Мұқановқа күн сайын ондаған хат келіп жатады, оның бәрін оқуға уақыты жоқ. Сен әуелі дұрыс білім алуды ойла. Сәлеммен...» депті. Сәлемнің кімнен келгені есімде қалмапты, хатын ызаланып жыртып тастағаныма әлі өкінемін.

Жазбағымды естеліктен бастау себебім - «Махамбет» фильмінде Махамбеттің атып тасталғанына наразы болғаным. Ұлтының қаһарман ұлы, тарихи тұлға Махамбет – Итбайша ойдан шығарылған кейіпкер емес, қалай қаза тапқаны – ақиқат оқиға. Ендеше, оны бұрмалау неге, кімге қажет болды? Сценарийді жазған Олжас Сүлейменов ол кездегі «цивилизациясыз» қазақтан «цивилизациялы» қазақ жасауды жөн көрген бе? Яғни, бауыздап өлтіруді мәдениетсіздік деп, атып өлтіруді мәдениеттілік деп біліп, қазаққа, Махамбеттің аруағына жаны ашығаны ма? Кім, қалай дәлелдесе де, меніңше, исі қазаққа белгілі тарихи шындықтың ешқайсысын ешқашан бұрмалауға болмайды! Сондай «жаңалауды» баса ойлағандықтан шығар, меніңше, фильмде Махамбеттің де, Исатайдың да жалынды жарқын бейнелері жоқ, солғын, жартыкеш.

Фильмнің музыкалық көркемделуі – әлдебір ботқа. Шын мәніндегі қазақы дауылды әуен де, дамылды әуен де жоқ. Екі құлағыңа екі түрлі дауыс келіп тұрғандай омалып, құдды Р. Ибрагимбековтің «Көшпенділер» атты «боевигін» көріп отырғандай боласың.

Меніше, қазақ топырағында туған кинофильм, негізінен, күй атасы Қорқыттан бергі сазгерлеріміздің жеке орындаудағы, не домбыра оркестірінің орындауындағы күйлерімен көмкерілуі қажет. Құдайға шүкір, қандай оқиғаға болсын ажар, нәр беретін күй бізде жеткілікті. Бүгінгі Секен Тұрысбековтің бір өзінде көңіліңді аспандатар да, жербауырлатар да күйлер баршылық. Қор болғанда: бізде қазақ халқының тарихын, қазақтың мінез-құлқын не мүлде білмейтін, не шала-пұла білетін бөгделерге бас июшілік деген сырқат бар, сценаришіні де, әртісті де, музыканы да солардан іздеп, атасының құнын төлегендей-ақ, қойын-қонышысын долларға сықап толтырып береміз де, рухани тоналып, тотиып қала береміз. Абылай хан дәуірі хақында Сәкен Жүнісов жазған сценарий қандай еді?! Әбіш Кекілбайдың сценарийі ше?!

Қайран қазақ киносы, көшің қашан түзелер екен!

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

«ҚАЗАҚСТАН» апталығы, №17 (257), 7-мамыр, 2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394