Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2693 0 пікір 14 Сәуір, 2011 сағат 05:19

Думан Анаш. Зілзала ортасынан келген қазақтар

 

Жапониядан оралған Жанпейісовтер отбасымен әңгіме

 

 

Күншығыс елі деп әспеттейтін Жапония аралдарында болған зілзала, оның ізін ала келген мұхит дауылы (цунами) осы бір еңбекқор жұрттың қабырғасын қайыстырып кеткені рас. Жаһан журналистері жұмылып, жапон жеріне қадам басып, жер-дүниеге жаңалық таратып жатқанда, қазақстандық баспасөздің ғаламтор ақпаратымен шектелгені аян..

Десек те, күллі технологияның тілін білген жапон туралы сөзді Жапонияның жаңалыққа құштар дамылсыз қоғамында өмір сүретін өз қандастарымыз айтқалы отыр.

Жуықта Жапонияның Сендай атты шәрінде орналасқан Тохоку университетінің профессоры Нұрбосын Жанпейісовпен әңгімелесудің реті келе қалғаны. Сендайда 1,5 миллион халық тұрады. Жапониядағы жасылы ең көп шаһар.

Құдамыз Бекен ағамыз қала сыртындағы Райымбек кентіндегі үйіне қонаққа шақырған екен ескі досын. Екеуі Алматыдағы №2 қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепте бірге оқыған. Яғни, бала күнгі сабақтас дос.

 

Жапониядан оралған Жанпейісовтер отбасымен әңгіме

 

 

Күншығыс елі деп әспеттейтін Жапония аралдарында болған зілзала, оның ізін ала келген мұхит дауылы (цунами) осы бір еңбекқор жұрттың қабырғасын қайыстырып кеткені рас. Жаһан журналистері жұмылып, жапон жеріне қадам басып, жер-дүниеге жаңалық таратып жатқанда, қазақстандық баспасөздің ғаламтор ақпаратымен шектелгені аян..

Десек те, күллі технологияның тілін білген жапон туралы сөзді Жапонияның жаңалыққа құштар дамылсыз қоғамында өмір сүретін өз қандастарымыз айтқалы отыр.

Жуықта Жапонияның Сендай атты шәрінде орналасқан Тохоку университетінің профессоры Нұрбосын Жанпейісовпен әңгімелесудің реті келе қалғаны. Сендайда 1,5 миллион халық тұрады. Жапониядағы жасылы ең көп шаһар.

Құдамыз Бекен ағамыз қала сыртындағы Райымбек кентіндегі үйіне қонаққа шақырған екен ескі досын. Екеуі Алматыдағы №2 қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепте бірге оқыған. Яғни, бала күнгі сабақтас дос.

Таспамызды қолымызға алып, біз де жеттік. Дастархан басындағы әңгіме әлбетте жапон туралы болды. Қанша қабырғасы сөгілсе де, жапон жұртының тегеурінді жігері туралы тұщымды әңгіме өз алдына, 30 жылға жуық өмірін Ресейде, Германияда, АҚШ-та, Жапонияда өткізген қазақ ғалымы өз тілін ұмытпаған екен. Көркем, кестелі сөйлейді. Асқа бата қайырғаны да бұл ағамыздың ұлттық тамырынан ажырамағанын танытса керек.

Жары Бақытгүл екеуі бір кезде Жапонияда оқып, еңбек еткен Алматыдағы біір топ таныстарының күншығыс еліне гуманитарлық көмек жібергелі жатқаны туралы да айтып өтті.

Нұрбасын ЖАНПЕЙІСОВ:

- Жапонияда көптеген университеттер бар. Соның ішінде үшінші-төртінші орында деп айтуға болатын Тохоку университетінде профессор болып еңбек етемін. Мәселен, Қазақстанда бір кездері ҚазМУ, Ауыл шаруашылығы, политехникалық, халық шаруашылығы және медициналық институттар болғанын білемін. Бұлардың бәрі жеке-жеке аталады. Ал, Жапонияда университет ұғымы осындай институттардың барлығы біріккенде ғана аталады. Сондықтан, бір университетте түрлі салада 20-30 мың студент оқиды. Мен Тохоку университетінде ғылым саласында, атап айтқанда, химия, математика, физика ғылымдары қосылған жаратылыстану ғылымдары бөлімінде канттық физикалық химия саласы бойынша жұмыс істеймін. Бұл суперкомпьютерді есептейтін сала болып табылады. Жапон студенттері мен аспиранттарына осы салада ағылшын әрі жапон тілінде сабақ беремін. Жапония елінде тұрып жатқанымызға биыл он бесінші жылға аяқ басты. Оның алдында үш жылдай АҚШ-та, екі жылдай Германияда тұрдық. Қазақстанда оқу бітіргеннен кейін төрт жылдай жұмыс істеп, Ресейге кеткен болатынмын. Менің аяғымнан тұрып кетуіме Новосибирскі қаласында тәмамдаған оқуым әсер етті деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанда алған білімім түпкілікті болмады.

Жапон халқы - ерекше халық. Жалпы, дүниеде екі түрлі мемлекет болады. Бірі, табиғи байлыққа мол мемлекет, екіншісі өзінің территориясында мұндай байлығы жоқ ел. Сол елдің бірі - Жапония. Жапонияның территориясы Қазақстанға қарағанда жеті есе кішкентай, бірақ, халық саны бойынша жеті есе үлкен. Былайша айтқанда, Қазақстанда 1 шаршы шақырымға 2-3 адамнан келетін болса, жапон жерінде бұл көлемге 49-50 адам келеді. Жапония территориясының 40 пайыздан астамы таулы аймақ. Жері аз, халқы көп. Өз байлығы жоқ. Болған күннің өзінде оны қазып ала беретін болса, жері төмендеп, бар жерінен айрылып қалады. Бір ғана мысал, Кеңес Одағында бүкіл дүние жүзіндегі табиғи газ қорының 60 пайызы болды. Жапонияда табиғи газ жоқ. Олар газды сұйықтандырып, Малайзиядан кемемен алып келеді. Ал, Малайзиядағы табиғи газдың қоры әлемдегі газдың 0,57 пайызын ғана құрайды. Осы газды тасымалдап әкелген жапондар Осака, Токио сынды қалаларында пайдаланады. Токио қаласының тұрғындары ғана емес, оның айналасында орналасқан 18 миллион халық та осы Малайзиядан жеткізілген газды пайдаланады. Яғни, өзінде ештеңе жоқ болса да, жоқтан бар жасап отырған халық.

Жапондар әлемде өте еңбекқор халық болып есептеледі. Сондықтан да, жер сілкінісі болған уақытта жапондардың әрқайсысы өз қызметінде, өз жұмыс орнында болды. 2004 жылы мен осы университетке ауысқан болатынмын. Жалпы, Жапонияға алғаш барғанымда Токио технологиялық институтында, одан кейін Киото, Осака университеттерінде істедім. Ал, Сендай қаласында орналасқан Тохоку университетінде істегеніме жеті жылдай уақыт болды.

Сендайға келген кезде байқағаным, мұнда күнделікті сағат 13.00-ге 5 минөт қалғанда радиода арнайы бағдарлама болады. Өйткені, жапон жерінде жер жиі сілкінеді. Біз тұратын Сендай қаласында 30 жылда бір рет болатын жер сілкінісі болады деп болжам айтылатын. Сонда радиодағы бағдарламада жер сілкінісі болғанда не істеу керектігі айтылады. Яғни, сасқалақтамау, өзіңді қадағалау, үйіңізде болсаңыз барлық құжаттарды ыңғайлы жерге қою, екі-үш күнге керекті суды дайындап қою, т.б. ескертпелерді айтып жататын. Басында жапон тілінде, артынан ағылшын, қытай, кәріс тілдерінде айтатын болды. Бұл күнде қайталанады. Және қай жерге жиналу қажет, жер сілкінісі болғанда не істеу керектігі жылына бір мәрте оқу-жаттығу дабылы ретінде қағылып, өткізіліп тұратын. Мәселен, жер сілкінісі болғанда адамдар сыртқа шығу керек, бір жерге топталу керек, үш-төрт адамнан топ құралып, үйлердің сыртын, басқа да жерлерін тексеру қажет, жарақат алғандар бар ма, бар болса оларға көмек қолын созу сынды жаттығу жұмыстары жүргізілетін.

Осы жер дүмпуі қатты болған уақытта мен дәрістерімді аяқтап, өз жұмыстарымды жасап, қағаздарымды реттеп,енді  жиналыс өткізейін деп отырған едім. 11-наурыз күні сағат 14.48-де жер сілкінісі болды. Негізі, жер сілкінісі болғанда адамдар орнында отыра беретін. Өйткені, ұзақтығы ары кеткенде 20-30 секөндке ғана созылатын. Бірақ, бұл жолғы жер сілкінісі толық 3 минөтке созылды. Адамдардың тұрғандары тұрып, отырғандары отырып, не істерлерін білмей қалды. Бірақ, ешқайсысы сасқалақтап, айғай шығарып, жүгірген жоқ. Зілзаланың кіндігі Сендай қаласынан 110 шақырым жерде, мұхит астында болғандықтан, оған ең жақыны біз едік.

Жер сілкінісінің магнитудасы 9 баллға жетті. Дегенмен, өте тығыз салынса да, бірде-бір ғимарат, үй құлаған жоқ. Жапонияның дамығаны соншалықты, жер сілкінісі боларға 6-10 секөнд қалғанда ұялы телефонға, теледидарға сигнал жіберіледі. 6-10 секөнд бұрын су, газ, жарық барлығы автоматты түрде өшеді. Сол 6-10 секөнд ішінде сағатына 300 шақырым жылдамдықпен келе жатқан пойыз да тоқтап үлгереді. Мәселен, Токио мен Сендайдың арасы 420 шақырымға жуық. Осы аралыққа жүрдек пойыз 90 минөтте жетеді. «Синкансэн» пойызы талай мәрте жер сілкінісі болғанда әлгіндей жылдамдықта келе жатса да тоқтап үлгереді.

Сөйтіп, жер сілкінісінің дүмпуі басылғаннан кейін сыртқа жүгіріп шықтық. Мен 2-қабатта отырғанмын. Сол аралықта тағы да біршама дүмпулер болып жатты. Сыртқа кетіп бара жатқанымда кеңседегі кондиционер, компьютер, басқа да құрылғылар ойыншық іспетті еденде домалап жатты. Далаға шыққанымызда автокөліктер де ойыншық сияқты тұмсығымен жер сүзіп, бір қолдан екінші қолға лақтырған сияқты қақпақылданып тұрды. Тұрған жерімізде табанымыздың астындағы жер түсіп кете ме деп ойлаған сәттер де болды. Әрине, өте қорыққан адамдар шет елдің адамдары еді. Біздің университетте 1570-ке жуық шетелдің студенттері оқиды. Шамамен 400-дей шетелдік жұмыс істейді. Көп қорыққан солар болды. Жапондықтар өздерін «Біз - бұл елдің қонақтарымыз» деп айтады. Себебі, бұл елдің зілзаласы мен мұхиттан келетін цунамиі көп. Сондықтан, олар: «Біз ғимараттарды қанша күшті салсақ та, оны жер сілкінісінің өзі қиратып, сындыра алмаса да, мұхиттың суы шайып кетуі мүмкін. Сондықтан, біз - бұл елдің қонағымыз» деп есептейді. Сондықтан, зілзалаға әрқашан салмақпен, емін-еркін қарап үйренген. Ал, шет елдің адамдары бұған бой үйретпегендіктен үрейленіп, зілзала болған соң бір сағат өтпей жатып, сөмкелерін арқалап тайып тұра бастады.

Біз жер сілкінісін осылайша қарсы алдық. Артынан теледидардан жер сілкінісі болған сайын 1 секөнд өткенде ақпарат түсіп отырды. «Мына жерде магнитудасы мынадай жер сілкінісі болды». Экран бетінде бүкіл жапон жерінде тіркелген жер сілкінісінің бәрі жазулы тұрады. Жапондықтар үшін ең маңызды ақпарат: «цунами бола ма, болмай ма?». Цунами болмаса елдің бәрі бірден тынышталады. Егер цунами болса, Жапонияның картасы теледидар бетінде тұрады. Цунами болатын жағын қызыл түспен бояп қояды. Судың биіктігі 25 см, 35 см болады деп белгіленіп, әбден қауіп сейілгенше картаны теледидар бетінде ұстап тұрады. «Сақ болыңыздар, осы аймаққа бармаңыздар» деген ескерту сөзін жазып қояды. Ал, бұл жолғы зілзаладан кейін теледидар бетінде: «20 минут ішінде цунами болады, оның биіктігі 3 метрге дейін жетеді. Жағалауға жақын адамдар жағалаудан кетіңіздер», - деп жазылды. Эпицентрде басталған цунами 110 шақырымдық жерден шамамен 20 минут ішінде жағалауға жетеді. Біз цунамиді көрген жоқпыз. Өйткені, біз тұрған қала жағалаудан 35 шақырым жерде болатын. Мұхит толқыны бізге жетпеді. Сендай қаласына келмеді.

Ал, жағалаудағы оқиғаны 1 сағаттан кейін көрдік. Жағадан 15 шақырымға дейінгі аумақтағы шағын қалаларды, үйлерді цунами алып кетті. 9 баллдық жер сілкінісінің өзінен аман қалған үйлерді қағаздан жасалған үйлер сияқты, көліктерді ойыншықтар сияқты, үлкен темір жолдарды вагондарымен қоса сыпырып әкетті. Алып кемелердің өзін қаланың ортасына шығарып тастағанын көрдік. Түрлі жағдайлар болды...

Бақытгүл ЖАНПЕЙІСОВА:

- Менің тұрақты жұмысым жоқ, көбінесе қоғамдық жұмыстармен айналысамын. Жүрген жерімде Қазақстанды жарнамалаймын. Киото, Осака, Сендай қалаларында тұрдық. Негізі, Жапонияда қазақ аз. Біз, куәлігіміз бойынша Ресей азаматымыз. Менің байқағаным, Жапония халқының 80 пайызы Қазақстан туралы малұматы жоқ десем қателеспес едім. Өйткені, Жапонияда мектеп және жоғары оқу орындары мұғалімдері жиналатын Білім орталығы деген бар. Сонда жылына бір мәрте Қазақстан туралы, оның білім беру саласы жөнінде бір сағаттық дәріс оқимын. Сол кезде «Қазақстан деген мемлекетті естідіңіздер ме, білесіздер ме?» деген сауал қоямын. Алғаш барған кезімде осы сауалға екі-үш мұғалімнің ғана қол көтергенін көріп таңғалдым және ренжідім. Жағрафиядан сабақ өтетін мұғалімдеріңіз жоқ па деп сұрадым. Қазақстан уран өндіруден алдыңғы орынға шыққан соң, енді-енді біртіндеп танып-біліп келе жатыр. Сол себепті, қайда барсам да, тіпті моншаға барып булансам да, Қазақстан туралы айта жүретін болдым. Халықаралық білім орталығына өзім туралы мағлұматтарды енгізіп қойған болатынмын. Солардың тапсырысы бойынша, Сендай аумағында бармаған мектебім жоқ десем болады. Жаңағы цунами шайып өткен аумақта да үнемі жұмыс барысымен барып жүретінмін. Сондықтан, бұл жолы құдай сақтады деуге болады. Әйтпесе, сол стансада мен пойыз күтіп тұрар ма едім, болмаса, мұхит толқыны алып кеткен вагонда кеткен болар ма едім?!...

Анда-санда орыс тілінен, қазақ тілінен сабақ беретін кездерім де бар. Қазақстанда үй шаруашылығында отырған әйелді оқымаған деп қабылдайды. Жапонның әйелдері көбінесе тұрмыс құрғаннан кейін өз жұмыстарынан шығып кетеді. Бүгінгі заманауи Жапонияда бұл үрдіс сәл бәсеңси бастады. Бірақ, негізгі дәстүрлері сондай. Сол әйелдердің білімге деген құштарлықтары жоғары. Көбі ағылшын, француз тілдерін үйренуге барады. Тамақ пісіру сабақтарын алады. Мен де сондай топтарға барып, ағылшын тілін үйренемін. Кей жерде өзім ағылшынша сабақ беремін. Бұл - шәкіртпен бетпе-бет отырып әңгімелесу түрінде өрбиді. Сосын үш баламыз бар. Жапонияда ер-азаматтар таңнан кешке дейін жұмыста болады. Баланы тәрбиелеу, күту, үйді ұстау біздің мойнымызда. Сонан соң ата-аналар комитеті деген бар. Мен биыл екінші жыл қатарынан кенже ұлымның мектебіндегі ата-аналар комитетінің мүшесімін. Күнделікті жұмыс таусылмайды.

Жапонияда мектепте 12 жыл оқиды. Бастауыш сынып - 6 жыл, орташа мектеп - 3 жыл, жоғары мектеп - 3 жыл. Әр мектептің өз директоры, өз мұғалімдері болады.

Жер сілкінген кезде мен фитнес-клубта, 7-қабатта жүргенмін. Ол он қабатты ғимарат еді. Біз жер сілкінісіне үйреніп қалғанбыз ғой. Бас кезінде мән бермесек те, қатты шайқалған кезде абдырап қалдық. Сонда таңғалғаным, жапонның нұсқаушы-инспектор балалары қашып кеткен жоқ. «Шу көтермеңіздер, тынышталыңыздар» деп сабырға шақырып, аяқ астындағы кілемшені басымызға жауып отыра тұруға ақыл берді. Өйткені, фитнес-клубта айналар бар және өзі де шыныдан салынған ғимарат. Әйнектің сынуынан осылайша сақтандырды. Артынша, далаға шықтық. Бірақ, одан кейін бір күннің ішінде 40 рет жер сілкінді. Өте қорқынышты болды. Кейін үйімізге жиналдық. Теледидардан цунамиді көргенде барып, жағдайдың байыбына барғандай болдым. Бірінші, екінші күні әрине, есіміз шығып қалды. Ал, үшінші күні өзім тіркелген Халықаралық білім орталығына барып, аудармашы, ерікті ретінде көмектеспек ойым болды. Қатты қорқу, қашу деген ойымызда болған жоқ. Ресей азаматы болғандықтан бірнеше мәрте Ресей елшілігінен автобус алып кетуге келді. Бірақ, бармаймыз деп олардан бас тарттық. Десек те, Алматыдағы туысқандарымыз теледидардағы көрсетілімдерді көріп, қайта-қайта хабарласып, алаңдаушылық білдірген соң, елге келдік. Ортаншы ұлым «Мен қайтпаймын, онсыз да мың жарым қытайлық студенттер қашып кетті, мен қазіргі уақытта көмектесуім керек» деп бізден қалып қойды. Бізден бір жетіден кейін келді.

Жапонияда 17-ақпанда «Валентайн дэй» деген (Әулие Валентин күні) мереке бар. Онда қыздар жігіттерге шоколад береді. Ал, 14-наурызда жігіттер қыздарға сый сыйлайды. Мен жер сілкінетін күні ұлым осы мерекеге орай жақсы шоколад алып беріңізші деген соң дүкеннен қымбаттау шоколад алған болатынмын. Сол шоколадым фитнес-клубтың киіну бөлмесінде қалып қалды. Сырт киімдеріміз бен барлық заттарымыз әлі күнге дейін сол киіну бөлмесінде жатыр. Кейін барып алайын деп едім, ғимарат жабық тұр екен. Сөйтіп, жер сілкінісінің әсерінен балам мектептегі қызына шоколадын бере алмай қалды.

Фитнес-клубтағы нұсқаушылар «заттарыңыз тұра береді» деген соң үйге қайтып келе жатқанымда көшедегі бағдаршамдар да жарық жоқтықтан істемей қалған екен. Бірақ, 20 минөттің ішінде полицейлер келіп, көшедегі қозғалыс реттеле бапстады. Ұйымдастырушылықтары өте тез.

Цунами шайып кеткен жерде біз суға шомылушы едік. Өйткені, жағалау жақын жерде. Сонда бір әжей жылап тұрды. Оның ұлы цунами шайып өткен жердің жергілікті басшылығында істейді екен. Баласы халықты құтқармақ ниетпен жүргенде суға кеткен. Жағалаудағы қаланы қалай су шайғанын со кезде жапон телеарналары көсетіп жатты. Цунами жақындап қалды деп қолына репродуктор ұстап, халыққа хабарлап жүрген әлгі әжейдің баласы мұхиттың толқыны жеткен сәтте бүкіл жұртты 5 қабатты әкімдік ғимаратының төбесіне шығарған екен. Судың деңгейі 5 қабатқа дейін көтерілген кезде екі-үш адам үйдің төбесіндегі антеннадан тырмысып ұстап үлгерген. Әлгі әжей де әлдебір тұтқаны қармаған. Цунами үйдің төбесінен асып, әжей өзінің үш минөттей су астында тұншығып қалғанын айтады. Цунами өтіп кеткеннен кейін қараса, үйдің төбесіндегі адамның барлығы да жоқ. Толқын сыпырып кеткен. Біздің таңғалғанымыз, басшылықта жүрген адамдардың өзі халықты құтқарамыз деп құрбандыққа барды.

Сосын теледидардан 11 жастағы бір бала әке-шешесі мен атасын іздеп жүргенін көрсетіп жатты. Цунами көліктердің бәрін қақпақыл қылып ойнап, төңкеріп тастады дедік қой. Әлгі бала сол көліктердің ішінен анасының көлігін тауып алған екен. Ішінде шешесінің өлі денесін ала алмай тырмысып жатыр екен, жанында әпкесі жылап тұр. Құтқару қызметі мен жедел жәрдемге хабарласқан екен. Бірақ, олар 15 минөткуе дейін келмепті. Сол сәтте маңайында тележурналистер жүрген. Сонда түсіріп жатқан бейнекамераға қараған бала: «басқа жерде көмек күтіп жатқан тірі адамдар бар шығар. Құтқару қызметкерлері мүмкін солай қарай бет алған болар. Сонысы дұрыс шығар. Ал, менің шешеме енді ешқандай көмек жәрдем бере алмайды», - деді. Теледидардан осы көріністі көріп, көзіме жас алдым. Баламнан кішкентай баланың өзі неге биік дәрежеде ойлайды деп сұрап едім, ол бұларда «мораль» сабағы жүргізіледі деп жауап берді. Олар өздерін ғана емес, бөгдені де сыйлай білуге үйретеді.

Негізінде, күнделікті өмірде жапон халқы салқынқандылау болып келеді. Салқынқандылау болғанымен, үнемі күліп тұрады. Қиналсаңыз көмек көрсетуге дайын. Осындай күрделі сәттерде олар бір тудың астынан табылады.

Жер сілкінерде жарық автоматты түрде сөндірілетіндіктен барлық дүкендерде электр қуаты болмай қалды. Кассалық аппараттар электрмен істейді ғой. Жапонияда кезекші дүкен деген бар. Бұл дүкендер көшеде келе жатқандар үшін өте қолайлы. Түскі тамақ, дәретхана, керек-жарақ заттар алғанға ыңғайлы. Бірақ, үйге қажетті азық-түлікті үлкен супермаркеттен аламыз. Міне, сол шағын маркеттерде бір-екі сатушы ғана тұрса да, ішіндегі бейнебақылау жүйесі істен шықса да, адамдар тәртіп сақтап, кезекпен өзіне қажетті заттарды алып жатты. Бәрі шыдамдылық танытты. Өйткені, былайғы уақытта оның бағасы электронды жүйемен есептеледі. Ал, жарық болмаған соң заттардың бағасы қолмен есептеліп, көп уақытты алды. Сонан кейін әркім өзіне тиесілі бір данадан ғана алады. «Мен алыста тұрушы едім, отбасымда бес адам бар, бес данадан беріңіз» деп ешкім айтпайды. Өйткені, жапондар бес данадан алсам, соңымда тұрған төрт адамға жетпей қалуы мүмкін деп ойлайды. Және ол адамдар 3 сағат болса да күтіп тұрады. Сөрелерде толып тұрған заттарды қалтасына салып, шығып кетіп жатқан жандарды көрмейсіз.

Сондай-ақ, үйлер апатты жағдайда деп саналғандықтан, университеттің спорт залын ашып қойды. Үрейленген адамдар сонда барып қонды.

Ал, біздің екі көлігіміз бар. Екеуін қатар қойып, көліктің ішінде отырдық. Өйткені, күн суып кетті. Көлікте теледидар көріп отырғанымызда, тереземізді қағып, «спорт залы ашық тұр, қонамыз десеңіздер сонда баруға болады, аздап тамақ беріліп жатыр» деп айтты. Барсақ, университет әкімшілігінің ұйымдастыруымен йогурт, шырын беріп жатыр екен.

Біз 14 жыл тұрсақ та, адамдардың ұйымдастырушылығына, ерік-жігеріне таңғалдым.

Нұрбосын ЖАНПЕЙІСОВ:

- Атомнан адамдар неге қорқады? ХХІ ғасыр болған соң адамдардың білім дәрежесі жоғары болуы керек. Оқымаған адамдар қорқа береді. Жапондар білімді, оқыған адамдарды сыйлайды. Университеттің профессоры дүкенге, басқа бір жерге барса, «Синсэй» деп иіліп сәлем береді. Бұл - «мұғалім» деген сөз. Кез-келген жерде сізге жол беріп тұрады. Өкімет бастығы сияқты ыстық қарсы алады. Қаланың, облыстың әкімі болсын, университет профессорын өте құрметтейді.

Жапония - атомдық электр стансалары өте көп ел. Оның көпшілігі 30-40 жыл бұрын американдық технология негізінде салынған. Бірақ, АЭС-тер жер сілкінісіне шыдай алатындай етіп салынады. Осы жолы жер сілкінісінің шкаласы 9 балл болды. Бұдан АЭС зардап шеккен жоқ, орнында қалды. Десе де, жағдайдың бәрін күрделендіріп жіберген цунами еді. Цунамидің әсерінен «Фукусима-1» АЭС-і апатқа ұшырады. Онда 6 реактор бар. Оның үшеуі жылдық тексеруге жабылып қойған болатын. Ал, қалған үшеуі істеп тұрған еді. Цунами келгенде стансаның барлық газы, жарығы, суы өшіп қалды. Әрі автономдық түрде қосылатын электрлі жүйесі ажыратылды. АЭС-тің жұмыс істеу принципін айтар болсақ, атом жанармайы - уранды жылдам нейтрондармен атқылап, плутонийге айналдырады да, одан альфа бөлшегі бөлініп шығады. Ол энергияға өте көп пайдаланылады да, бөлген жылумен суық суды қайнатып, қайнаған суды трубиналармен айналдырып, содан электр энергиясын бөліп алады. Яғни, айналымға (циркуляцияға) түсетін суық су керек. Жапондар суық суды бұрын мұхиттың суынан алатын. Зілзала кезінде жарық сөнгендіктен циркуляция жасайтын аппарат та автоматты түрде өшіп қалады. Сондықтан, судың деңгейі төмендеп кетті. Төмендеген сайын үстіндегі өте ыстық температура көтеріледі де, судың өзін сутегі мен оттегіге ыдыратып тастайды. Ыстық будың әсерінен оттегі мен сутегі қайта қосылып, қопарылыс болып үстін қаптаған ғимараттың күлін көкке ұшырады. Судың деңгейі төмен түсіп кетпей, реактор толық істемеуі үшін әрі радиоактивті бөлшектер бөлініп шықпас үшін суыту керек. Сол үшін басында «Фукусиманың» үстінен тікұшақпен су құймақшы болды. Есептей келе, алғашында 90 метр биіктіктен құймақ еді. Дегенмен, бірінші күні радиация мөлшері тым жоғары болғандықтан ұшқыштар бара алмады. Ал, екінші күні 30-40 тонна су құйды. Бірақ, тікұшақтың эпицентрде 15 минөттен артық болмауын қатаң қадағалады. Су құйып келген тікұшақ пен ұшқыштарды медицина қызметкерлері күтіп алып, жәрдемдерін көрсетіп жатты. Кейіннен өрт сөндіру көліктерімен барды. Бірақ, олардың жарты суы далаға кетті. Сонан кейін электр жүйесін қалпына келтіру үшін қосымша жол салып, іске қоспақшы болды. Мұны тексеріп барып, жүзеге асыру керек болғандықтан, біршама уақыт соған кетті. Дегенмен, ядролық жанармайдың біразы ыдырағандықтан радиоактивті элементтің изотопы, йодтың изотопы, цезийдің изотопы те ұшып кетеді. Альфа бөлшегі адам денсаулығына онша зиян келтіре алмайды. Гамма сәулелері адамның ішкі құрылысына өтіп кететіндіктен, ағзаның жұмысын бұзады. Бұл сәулелер қабат-қабат бетоннан да, қабырғадан да өтіп кетеді. Жалпы, уранның өзі кішкентай ғана зат. 1 келі таза уран бүкіл әлемді 1 жыл бойы электр энергиясымен қамти алады. Ал, оның орнына көмірді пайдалансаңыз, миллиондаған тонна көмір керек болады. Бірақ, атомның қауіпсіздік жағын да қарастыру қажет. Фукусимадағы апат кезінде жапон өкіметінің басындағы адамдардың барлығы соның басында жүрді. Облысының да, қаласының да басшылары шеттен бақыламай, қасында болды.

Бұл - басқаша менталитет. Сонымен бірге, АЭС-те еңбек ететін адамдардың өздері отбасымен апаттың бетін қайтаруға тырысты. Әйелдері, балалары отағасына: «Бұл - сенің уақытың. Сен жасамасаң, кім жасайды?!» деп айтып жатты. Ешкім «бұл - қауіпті» деп бас тартқан жоқ.

Тағы бір мысал. Зілзала өтті. Жарық жоқ. Кейбір жапондар орталықтан, жұмыс орнынан 56-60 шақырым қашықтықта тұрады. Қоғамдық көліктер тек орталықтар арасын ғана жалғап, көптеген жерлерде қатынас үзілді. Адамдар үйінде тамағы жоқ болса да, бірінші дүкенге барып велосипед сатып алды. Себебі, газ, көлік жанармайын сату тоқтап қалған еді. Мұндай отын көздері өрт сөндіру, төтенше жағдай, жедел жәрдем көліктеріне ғана берілді. Жапондар осы сәтте де шыдамдылықпен, бір күндік тамағын, суын арқалап, велосипедпен 30-40 шақырымдағы жұмысына келіп-кетіп жатты. Кейбір ата-анасы алыста тұратын балалар мектептен қайта алмай қалғандықтан, отбасы бар мұғалімдердің өзі үйлеріне қайтпай, балаларды қарап, мектепте болды.

11-наурызда жер сілкінісі болғаннан соң, 23-наурызда біз Қазақстанға қарай шықтық. Жапонияда кез-келген нүктеде, әр үйде ғаламторға еркін қосыласыз. Ал, елімізде мұндай мүмкіндік жоқ екен. Сондықтан, одан кейінгі ахуал бойынша мағлұматымыз аз. Менің білуім бойынша, реактордың 11 тонна суын мұхитқа құяйын деп жатыр. Дегенмен, Жапония халқы мұхит өнімдерімен тамақтанатындықтан, олар үшін мұхит үлкен қазына. Сондықтан, олар егер су құйылатын жағдай болса, оның құрамын тексеріп, ескертуді сұрап отыр.

Бір қызық мәліметті айтайын. Нагасакидің қасында Мязаки айлағы бар. Сол жерде көп жылдар еңбек етіп, сұрыпталып, бордақыланған сиырлар өсірілді. Осы сиырлардың арасында үш сиырдың жұқпалы танау қуысының ауруына шалдыққанына байланысты он жылдан астам өсірілген 11 мыңға жуық сиырдың барлығын өртеп тастады. Мязаки елді-мекенінің бастығы сонда жылап тұрып сұрап еді. «Тым құрығанда осы сиырлардың ұрығын мұздатып қалдырып қояйық» деп өтінген. Соның өзіне жол берілмеді. Өйткені, өкімет жалпы халықтың денсаулығын ойлайды. Егер елде бір адам жұқпалы дерттен өлсе, ол хабар міндетті түрде жарияланады.

Тағы бір мысал. Қабылдау емтиханында бір жапон студенті әкесі қайтыс болғанына байланысты жалғыз шешесін қуантпақ ниетте болады. Өзі жақсы оқитын студент болса да, бір жарым сағаттық емтиханда көп адам қатынасып тұратын сайтқа математикада қойылған сауалды жариялайды. Оған лезде сайт мүшелері жауап береді. Бірақ, бір аптадан соң ғаламтордағы бұл сұрақ пен оған берілген жауап полицияға әшкере болып қалды. Қазір баланың осы әрекеті үшін соты болғалы жатыр. Жалпы айтқанда, ол өз өмірінің келешегін қиып тастағандай болды.

Иә, Жапон елінде біршама қиындық болды. Бұл ел жоқтан бар жасап отырған ел дедік қой. Қазақстанда байлық бар. Бірақ, оның бәрі аяқ астында жатқан байлық деп айтуға болады. Оның қадірін жұртшылық әлі сезіне қойған жоқ. Жапонияда мұндай байлық жоқ. Соның өзінде олар тығырықтан жол таба біледі. Мәселен, цунамиден кейін ағашы, да, асфальті де, тасы да, кемесі де араласып кетті. Бірақ, жапондар оның бәрін экскаватормен жинап алып, күресінге лақтырып тастамайды. Әрқайсысын жеке-жеке жинап алады. Ағашты бір бөлек жинайды, темірінен қайта темір жасап шығарады. Тасын үгітіп, қайта тас жасайды. Асфальттарын жинап, қайта асфальт жасайды. Топырағының өзін қайта топырақ қылуға күш салады. Себебі, өзінде мұның бірі де жоқ. Лақтырып тастау үшін, бұл дүние өзінде болу керек. Олар үйді құлатса да осылай істейді. Бір үйді 30 жылға арнап салады. Көпқабатты үйлерді де. Уақыты келгенде үйлерді қиратады. Оның орнына қайтадан келесі 30 жылға арнап жаңа үй тұрғызады. Қирату барысында қасындағы үйлерге зақым келмесін деп, су сеуіп, шаңдатпай, байыппен атқарады. Арматурасына дейін, астындағы тасына дейін қайтадан өңдеп, жаңа үйге сол материалды қайта пайдаланады.

Біз елге бет алғанға дейін үйден шықпадық. Біріншіден, барлық жер жабық болды, екіншіден, «Фукусимадан» сескендік. Аталған атом стансасы бізден 100 шақырым қашықтықта болатын.

Радиациядан адам шошиды. Негізі, ондай қауіп-қатерге бой алдырмау қажет. Мәселен, тұмау тигізген адам аузын тұмшалап жүреді ғой. Радиация да сол сияқты. Бетті тұмшалап, ашық жерлеріңізге су тигізбеуіңіз қажет. Үйге кірген кезде сыртқы киімдеріңізді қағып, қолыңызды жуып сақтануға болады. Негізі, Токиодан Мәскеуге қатынайтын ұшақпен жылына 8 мәрте ұшсаңыз да жеткілікті радиацияны алдым деп есептесеңіз болады. Біз қашықтау болсақ та, адам болған соң радиациядан қорғандық.

Жалпы, Жапония АЭС саны жағынан Франциямен шамалас.

Бақытгүл ЖАНПЕЙІСОВА:

- Біз тұрған 15 жыл ішінде бұл ел бір мәрте жарықсыз қалған емес. АҚШ-та көрші тұрған әйел маған айтады: «Неге қолшам алып қоймағансыздар?» деп. Бізде фонарик болы, бірақ, оны мүлде қолданбағандықтан майы отырып қалады. Өйткені, газ немесе электр қуаты өшіп қалған жағдай болған емес. Ал, уақытша өшіретін болса есігіңізді қағып, кешірім сұрап, ескертеді. Жапондар өз түсінігінде бір күнмен өмір сүреді. Азық-түлік алса да, бір күнге жетерліктей ғана алады. Сондықтан, олар дүкендерде кезек күтіп қалды. Жапондар осы жағынан біршама қиналды. Біз қазақпыз ғой. Азықты алдын-ала көптеп алып қоямыз. Сондықтан, тамағымыз он күнге молынан жетті.

Жер сілкінісі, цунами өтті. Біз тұратын Сендай Токиодан 420 шақырым жерде солтүстік жағында. Жүрдек пойыз 90 минөт жүрсе, ұшақ бір сағат ұшады, ал, жылдам жүретін көлік 3-4 сағатта жеткізеді. Цунами өткен соң, әуежайдың бірінші қабатын су басып қалды. 1200-ге жуық адам екі күн әуежайдың үстінде түнеді. Екі күннен соң су кетіп, оларды автобуспен жан-жаққа апарды. «Синкансэн» де тоқтап қалды. Өйткені, темір жол аман болса да, вокзалдың кейбір жерлері бүлінген соң жүрдек пойыз әлі жүргізілген жоқ. Жүрдек автокөлік жолын да жауып тастады. Цунами шайған шұқыр-тесігін екі күннің ішінде жамап-жасқап, орнына келтірді. Бірақ, бұл жолды қарапайым адамдарға ашқан жоқ. Себебі, жедел жәрдем, төтенше жағдай қызметкерлеріне кедергі келтіреді деді. Мәселен, тұрғындарға азық-түлік жеткізу керек. Бір ғана цунами үйінділерін аршып жүрген 70 мың әскерге азық-түлік жеткізудің өзі оңай шаруа емес.

Жапонияға шет елдерден келген адамдар бір апта, бір ай болғаннан кейін «Мен Жапония туралы бәрін білемін» деп айтады. Ал, кейбір адамдар бұл елде екі-үш жыл тұрады. Олар «Мен Жапонияны біршама білемін, біршама білмеймін» деп айтатын болады. Ал, алты жыл тұрғаннан кейін «Жапон туралы ештеңе білмеймін» десеңіз, сол дұрыс болады.

«Алматы ақшамы», №44 (4446), 9-сәуір, 2011 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560