Айгүл Аханбайқызы. Қызылжар атауын түбі қайтару керек
Ерке Есілдің жағасында қанат жайған, үш ғасырдың сырын бауырына басқан Қызылжар қаласының байырғы атауын қайтару туралы әңгіме қозғалғанда, қызылкеңірдек болып айтысқандардың пікірінен бүркемеленіп жүрген талай шындықтың беті ашылғандай болды. Мәселе біреу, қала жалғыз болғанмен, айтылған әңгіме де, ұстанған саясат та екеу болып шықты. Қоғамдық пікір қақ жарылды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының тұсында қазаққа қатысты мәселеде соншама жыл сорлатқан идеологияда әлі де солқылдақтың бары аңғарылды. Мәселе жергілікті халықтың мүддесіне сай болмай, саясатқа дейін жетіп, күрделеніп кетті. Кеуделеріне сары шүберек байлап «тұяқ серпігендерге» революция ауылы алыс болса да, қырғиқабақ жасап барып тізгінін тартты. Біздіңше бұл шулатпай-ақ шешіле салатын мәселе сияқты болып көрінгенімен, қатпары тым қалың болып шықты. Ал «ел, жер иесі - өзім» деп отырған жұрт ойының астарында ел тарихына деген құрмет, туған жерге деген сүйіспеншілік, қалаға ежелгі атауын қайтарсақ деген арман-мақсаттың ғана жатқаны анық. Сондықтан сәуірдің 18-інде өтетін Халықтар Ассамблеясының ХҮІ сессиясында бұл мәселе қалай да қаралуы керек деп білеміз. Бұл мемлекеттігімізді тереңдетуде үлкен іс болар еді. Өйткені «Жердің аты - еліңнің хаты». Бүгін бәсеңдеп тұрғанымен, Қызылжар үшін қиын күрес әлі тоқтаған жоқ.
Ерке Есілдің жағасында қанат жайған, үш ғасырдың сырын бауырына басқан Қызылжар қаласының байырғы атауын қайтару туралы әңгіме қозғалғанда, қызылкеңірдек болып айтысқандардың пікірінен бүркемеленіп жүрген талай шындықтың беті ашылғандай болды. Мәселе біреу, қала жалғыз болғанмен, айтылған әңгіме де, ұстанған саясат та екеу болып шықты. Қоғамдық пікір қақ жарылды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының тұсында қазаққа қатысты мәселеде соншама жыл сорлатқан идеологияда әлі де солқылдақтың бары аңғарылды. Мәселе жергілікті халықтың мүддесіне сай болмай, саясатқа дейін жетіп, күрделеніп кетті. Кеуделеріне сары шүберек байлап «тұяқ серпігендерге» революция ауылы алыс болса да, қырғиқабақ жасап барып тізгінін тартты. Біздіңше бұл шулатпай-ақ шешіле салатын мәселе сияқты болып көрінгенімен, қатпары тым қалың болып шықты. Ал «ел, жер иесі - өзім» деп отырған жұрт ойының астарында ел тарихына деген құрмет, туған жерге деген сүйіспеншілік, қалаға ежелгі атауын қайтарсақ деген арман-мақсаттың ғана жатқаны анық. Сондықтан сәуірдің 18-інде өтетін Халықтар Ассамблеясының ХҮІ сессиясында бұл мәселе қалай да қаралуы керек деп білеміз. Бұл мемлекеттігімізді тереңдетуде үлкен іс болар еді. Өйткені «Жердің аты - еліңнің хаты». Бүгін бәсеңдеп тұрғанымен, Қызылжар үшін қиын күрес әлі тоқтаған жоқ. Алдағы уақытта да әртүрлі қоғамдық ұйым мен мекеме өкілдерінің пікірін жариялап отыруды жөн көріп отырмыз.
Пікірлердің алғашқы бір парасы былайша өрбіді:
Герольд БЕЛЬГЕР, жазушы-аудармашы:
- Мен өзім сол өңірдің азаматымын. Есіл бойында, қазақ ауылында өстім. Біздің ауылда немесе маңайдағы басқа ауылдарда ешуақытта ешкім «Петропавл» деген атауды айтқан емес. Бәрі «Қызылжарға бардым», «Қызылжарда оқып жүрмін», «»Қызылжардан келе жатырмын», - деп сөйлейтін. Бірақ сөйте тұра оның Петропавл екенін де білетінбіз. Ол не деген сөз? Петропавл христиан дінінің екі әулиесі. Біреуі - Петр, біреуі - Павел. ХҮІІІ ғасырда салынған қорғаныс қала. Содан Петропавл болып кеткен. Ал менің көзқарасыма келсек, екеуіне де қарсылығым жоқ. Қазақ қайсысын таңдаса, мен де соны құп аламын. Қызылжар болса да, Петропавл болса да, екеуіне де көнген адаммын. Бірақ біреулер Қызылжар десе, екі көзі қызарып айқұлақтанып шыға келеді, мен мұны құп көрмеймін. Шешетін - уақыт, шешетін - халық, шешетін -Үкімет.
СЕРГИЙ Әкей, Православ шіркеуінің архиепископы:
- Біз, Қазақстанда тұратын православ дінінің өкілдері, қазақтың мәдениеті мен тіліне бұрыннан үлкен құрметпен қараймыз. Қаланың қазақша атауы тұрғанда басқа қолайсыздық сезінбейміз. Сүйіспеншілікпен пайдаланамыз, қолданамыз. Басқа да таза қазақша атауға ие елді-мекен атауларына шіркеу қызметкерлері, епископтар ешқашан да «өте қазақша болғандықтан, бізге қиын болып жатыр, сондықтан ауыстырайық» деп айтқан емес. Біз, православтықтар, бәрі де міндетті түрде бізге ыңғайлы болып, басқа тілге ауыстырылсын деп қынжылыс танытатындай қолайсыздық көріп тұрған жоқпыз. Қазақша атауын қолданып жүріп жатырмыз. Бірақ менің ойымша, бұл мәселенің, яғни қала атауының орысша атына, дәлірек айтсақ, тарихи атына кейбір қазақ бауырларымыздың не себепті көңіл толмастығы туып жатқанына түсінбеймін. Қараңызшы, Петропавловск қаласының қазақша айтуға қолайлы Петропавл деген атауы бар емес пе? Біз де өз арамызда сөйлескенде «Петропавловск» демейміз, Петропавл дейміз. Сондықтан қала атауын өзгертуге ешқандай себеп көріп тұрғам жоқ. Халықтар арасында, ұлттар ішінде, мемлекетке деген құрмет пен сүйіспеншілік болса, бір-бірімізге қырын қарататындай жайт болмауы керек. Егер тарихи атауын қайтару туралы әңгіме қозғалса, мен сөзсіз келісер едім, бірақ бұл жерде ондай мәселе емес. Әрине, мен бұл мәселенің маманы емеспін, бірақ маған түсіндіргеніне қарағанда, Петропавл қаланың тарихи аты. Бұл - халық еркіндегі, Үкімет еркіндегі, шаруа. Бірақ ештеңеге қарамастан қаланың атын ауыстыру керек дегенге негіз жоқ деп ойлаймын.
Людмила ХОЧИЕВА, Мәжіліс депутаты:
- Бұл мәселені ең алдымен қалалық мәслихат қарауы керек. Шешім қабылдаған соң, министрліктің ономастика жөніндегі комиссиясына жолдауы тиіс. Өйткені біз құқықтық мемлекетпіз, сондықтан бәрі заң аясында шешімін тапса ғана, ешкім өкпелемейді. Бұл бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Қызылжар-Петропавл атауына қатысты мәселенің қозғалып келе жатқанына қаншама жыл болды. Ұмытылып бара жатып, қайта көтеріліп отыруы әдетке айналған. Сондықтан жергілікті қалалық әкімшілік дұрыс жұмыс істеуі керек. Меніңше, бұл ең алдымен, тарихшылардың жұмысы. Петропавл атауы берілгенше елді-мекен қандай болып еді, Қызылжар деп неге аталды, атаудың өзі қайдан шықты, осы мәселелерді тарихшылар жақсылап зерттеп, нәтижесін халықтың да, биліктің де көзі жететіндей етіп, әдемілеп тұрып түсіндіріп беруі керек. Өйткені бұл өте нәзік мәселе. Қызылжар деген атау да тектен тек, ауадан пайда бола салған жоқ қой. Бұл қазір этникалық мәселеден гөрі мемлекеттік мәселеге көбірек ұқсап кетті. Сондықтан тарихшылар зерттеу қорытындысын халықтың құлағына құя берсе, сөйтіп бірте-бірте оларды дайындай берсе, бұл жайт сөзсіз шешімін табады деп ойлаймын. Қала атауын өзгерткеннен өзгелерге жаман бір нәрсе жасалайын деп жатқан жоқ қой. Сол себепті неліктен, неге, не үшін өзгертеміз деген мәселені тарихшылар мен әкімшіліктегілер жақсылап тұрып түсіндіріп берсе ғана, қарсы болып жүргендердің аузына құм құйылар еді.
Георгий ИОРДАНИЙ, грек мәдени орталығының жетекшісі:
-Бұл мәселені күрделендірудің қажеті жоқ. Жергілікті халық не дейді, қандай таңдау жасап, нені қалайды, соған байлынысты шешімін табуы тиіс. Петропавл бола ма, әлде Қызылжар деп ауыстыра ма, оған сырттан араласып, ықпал жасаудың қажеті жоқ. Қала тұрғындарының өтініші мен қалауы ескеріле отырып, жергілікті ономастикалық комиссия шешімін шығаруы керек.
«Халық сөзі» газеті