Әсет Пазылов. Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы адамзаттың пайда болуы
(Биология бағдарламасында оқылатын Дарвинизм сандырағынан арылар кез келді)
(Биология бағдарламасында оқылатын Дарвинизм сандырағынан арылар кез келді)
Адамзат баласының жаратылуын кеңес дәуірінде Дарвин ілімімен байланыстырып келдік. Маймылдан жаратылғанымызды айтып, бір ғасыр дарвинизм іліміне бас идік. Қиялға сеніп, «Ленин біздің атамыз, маймыл біздің бабамыз» деп, жар салдық. Атеистік апиынның шырмауынан шыға алмай қалған санада дін мен ғылым ешқашан сорпасы қосылмас бір-біріне жат ұғым ретінде қабылданды. «Маймылды адам қылған еңбек» деген Маркістік теория негізінде тәрбиелендік. Оқушы кезімізде бұған көңіл бөлмей өстік. Бірақ жоғарғы оқу орнына түсіп, санамыз ұлғайғанда, Мәшһүр Жүсіп және Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларынан жаратушымыздың бар екенін, арғы тегiмiз Һауа ана мен Адам ата екенін оқып, ойға берілдік. Әлі есімде Семей қаласында Шәкәрім атындағы педагогикалық институтының тарих және архивтану факултетінің екінші курсында, 1994 жылы Марксизм ілімін оқытқан болатын. Сабақты атеист ағамыз жүргізіп, «құдай жоқ» деген сөзді жиі еститін болдық. Семенар кезінде «сол маймылдарды кім жаратыпты деп?» сұрақ қойғанымызда, группамызбен екі алған болатынбыз. Енді қазір қарап отырсақ бұның бәрі сандырақ екен. Кеңес үкіметі дінді «апин» деп, санамызды улап, ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығарды. Ислам дініне тиым салып, бабалар мұрасын шаң астында ұстауға тырысты. Мектепте, жоғарғы оқу орындарында, сатылай даму арқылы маймылдан адам пайда болды деп жариялап, «маймылды адам еткен еңбек» деген теорияға сендік. Ал теорияның мағынасы болжам екенін ескерсек, Дарвин ілімі ғылыми түрде дәлелденіп, нақтылық тұғырына жете алмады. Сондықтан да ол жәй қиял болып қалды. Бірақ еркектің жаратылғаны туралы жазған Дарвин әиел затының қалай пайда болғаны туралы тіс жармайды.
Бүгінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларына көз жүгіртіп, ақ пен қараны айыра білдік. Мәшһүр Жүсіп мұрасын зерттейтіндердің бірі Ертай Мәшһүр Жүсіп шөбересі ақын өлеңдеріндегі дін тақырыбы жайлы «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің дін тақырыбына көп жазғанын зерделегенде, алдымен оның себебіне біраз үңілу керек. Мәшһүр Жүсіп алғашқы өлеңдерін жазып, әдебиетке араласа бастаған шағы XIX ғасырдың соңғы ширегіне дөп келеді. Бұл патшалық Ресейдің қазақ елін отарлауы белең алған кезі еді. Жердің ең шұрайлысын келімсектерге беру арқылы тек экономикалық емес, рухани қыспақта дендеп ене бастады. Мұндай жағдай да дінді насихаттау, халықты аллаға құлшылық етуге, дін жолына шындап түсуге үгіттеу дінді ғана емес тілді, жалпы ұлттық болмыс-бітімді сақтаудың ең пәрменді құралы болғанын аңғару қиын емес» деген түйінді ой айтады. Мәшһүр Жүсіптің Ислам дініне арналған шығармалары қазақ поэзиясындағы діни-исламдық дүниетаным тағылымын кеңейте түсті. Ақын исламды жер бетіне имандылық шапағаты үшін жіберген Алланың ұлылығы, сахабалардың құдіреті жүрек ықыласымен жырланған.
Мәшһүр Жүсіптің жалпы ислам діні тарихына арналған мол шығармалары бар: «Ібіліс шайтан хикаясы», «Ақыреттің егіні», «Яһуда, Патрос әңгімесі», «Опасыз әйел», «Әдһам диуана және Ибраһим» «Нұх пайғамбар мен бір кемпір», «Жүсіп пайғамбар туралы», «Дін тағылымы» (бірінші, екінші, үшінші әңгімелер), «Дін тарихы», «Ғылым-білім» (1-9-әңгімелер), «Алла құдіреті», «Бала Сүлеймен тапқырлығы», т.б. әңгімелері, өлеңдері, дастандары бар. Мәшһүр Жүсіп «Алла құдіреті» деген шығармасында: «Мен Құдайды «бір» деп білемін, «күшті» деп білемін. Осы үшеуіне нанымым, сенімім күшті. Өзге нәрсеге: құлақпен естіген танық, көзбен көрген анық. Көзім көрмей нанбаймын»[1], деп баяндай отыра, әр шығармасында мұсылмандарды жаратушымен жақындастыра түсуді мұрат етеді. Ақынның пікірінше Аллаһтың барлығына дәлел, сипат iздеу, бiр сөзбен айтқанда, артық та. Барша мақтау бүкіл әлемдердің Раббысы болған жалғыз ғана Аллаһ Тағалаға тән. Және Оның игілігі ен сәлемі құрметті пайғамбар Мухаммедке болсын.
Мәшһүр Жүсіп: «Құдай қандай өзі не нәрсе? Оны білуге, оны тануға ақыл ойым, зейін пікірім жетпейді. Сонда да: «Танымаймын!» деп, тоқтап тұрып қалмаймын. Жаратқан нәрселерінен, Құдайлықпен қылған ісінен барлығын, бірлігін, күштілігін танып тұрсам керек. Көкті, жерді, айды, күнді, жұлдыздарды, тауды, тасты, отты, суды, желді, топырақты, ағашты, шөпті, хайуанатты, .... бәрін Құдай жаратты» [2], деп Аллаһты танудың жолдары көп екенін ескертеді. Бiрақ негiзiнен екi түрлi жолмен танимыз. Оның бiрi - ақыл. Екiншiсi - Құранда, хадистерде баяндалған Аллаһтың кейiптерi мен есiм-сипаттары. Адамзат бойындағы барлық ағзаның өзiне лайық мiндеттерi бар. Аллаһ дененiң мүшелерi мен сезiм түйсiктерiн бекер жаратпаған. Осы тұрғыдан алғанда, ақылдың мiндетi әр нәрсе жайында ой жүгiрту, зат пен құбылыстың мәнiн ой елегiнен өткiзу, iздену. Егер адам ойланбаса, iзденбесе, онда ол ақылды өз мiндетiнен айырған болады. Ислам дiнi ғылымға негiзделген, сондықтан, ой-пiкiр түйiнi ақылмен шешiледi. Ислам бар адамды ойлануға шақырады. Ислам өзiне адамдардың көзсiз iлесуiн емес, қайта байыпты ақылмен зерделеп санамен түсiнiп, онан кейiн ғана келуiн талап етедi. Сондықтан Ислам шариатында барлық адамның Аллаһтың бар екенiн мойындап, Оның бiрлiгiн ақылмен танып, ғибадат жолына түсуi - Құдайға сиынудың жақұты делiнедi, мұның сауабы көп болады. Аллаһ Та'ала Пайғамбарға, cалла Аллаһу алейһи уә сәллам, былай дейдi: "(Мұхаммед), "Қараңдар: Көктер мен Жерде не бар"де. Сенбейтiн қауымға дәлелдер, ескертулер пайда бермейдi" [3]. Бұл аяттың мәнi Аллаһтың бүкiл тiршiлiктегi ғажап құдiреттiлiгi мен кемелдi өнерi жайында ой толғау арқылы Аллаһты тану деген сөз.
Мәшһүр Жүсіп ақыл мен шариғатты ұштастыра отырып, Адамзаттың жаратылуы туралы мәселелер көтеріп, шығармалар жазды. Мәселен: «Жексенбі күн жерді, жерден өсіп өнетін нәрселерді жаратты. Дүйсенбі күн жексенбіге қосақталды. Сейсенбі күн: ай, күн, жұлдыздарды, көкте болатұғын мақлұқтарды; сәрсенбі күн бейсенбіге қосақталды. Бейсенбі күн ризық, несіп, ішіп жеуге, мінуге, киуге керектілерді жаратып еді. Алтыншы күні жұма күн адамды жаратты» [1, 122-129 бб.], деп баяндайды.
Алла тағала алдымен Адам атамызды жаратты. Міне сол атамыздан бері қарай оның ұрпақтары тарады. Хадистердің бірінде: Ол - сондай (аса құдіретті) Алла, сендерді (сендердің атаң - Адамды жер жүзінің түрлі жерінен алынған топырақтардан тұратын) балшықтан жаратты. Сонан соң, ажалды (әрбір жан-жануардың өлім мезгілін) белгіледі (сондықтан, әрбір жанның ажалы Ол белгілеген тағдырға байланысты). Сондай-ақ, белгілі мерзім (қыяметтің басталатын уақыты) де Оның құзырында (қыяметтің қашан басталатынын Одан өзге ешкім білмейді). (Ей, кәпірлер, осындай ашық дәлелдер келгеннен) кейін (де) сендер (шайтанға еріп) күдіктеніп тұрсыңдар», деп жазылған.
Адамның (а.с.) жұма күні жаратылған. Бұған «Сүнән Әт-тирмизи» кітабында Әбу Һүрайра (р.а.) келтірген мына хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жарық әлемдегі күндердің қайырлысы (көркемі) - жұма күні. Ол күні Адам (а.с.) жаратылған және ол күні жұмаққа кіргізілген, сондай-ақ, ол күні жұмақтан шығарылған. Қиямет те жұма күні қайым болады (басталады)» деді. Хадистегі Адам (а.с.) жұма күні жаратылды дегенде оның денесіне рух (жан) берілген күн айтылған. Адам (а.с) анадан туылған жоқ. Өйткені, одан бұрын мүлдем адамзат атаулы болған емес. Қадір Алла оның денесін жер бетінің түрлі аумағынан алынған топырақтан жаратты. «Тәбари» тәпсірінде келтірілген риуаятта Ибн Ұмар (р.а.) былай деген: «Алла тағала төрт нәрсені өз қолымен жаратты. 1) Арш ағланы, 2) Адн (жұмақтың негізін), 3) Қаламды, 4) Адамды (а.с.). Сөйтіп, олардың бәріне «Бол» деді. Бітті, олардың бәрі сол сәтте бола қалды. Түсінік: Алла өз қолымен жаратты дегенде, Ол ешқандай нәрсені дәнекер етпеді, деп түсінеміз. Тәңір тағала жаратудың барша түрін біледі. Кейде ол бұл істерді періштелерге бұйырып орындатады, ал кейде небәрі «бол» дейді, сол-ақ екен бітті, бұйырғаны бола қалады. Алла Адамды да осылайша жаратты.
Мәшһүр Жүсіп табиғат пен адам денесін салыстыра келе: «Жерлер таулар болса, денеңде сүйеклер. Жерде ағаш, шөплер болса, денеңдн шаш, түктер. Жерде жеті қылым болса, денеңде: көз ..., құлақ..., мұрын..., ауыз..., қол..., аяқ..., ұят жері... Жерде зіл зала болса, денеңде түшкірмек, селк етіп шошып қалу бар. Жерде өзендер болса, денеңде үш жүз алпыс қан тамырлары бар. Жерде ащы, тұщы бұлақтар болған болса, денеңде: құлақта құлқы ащы, көзде жас тұзлы, мұрында сіңбірліклер батпақ» [1, 15 б.], деп табиғат пен адамның бір жаратушыдан жаратылғанын дәлелдеп отыр. Енді бірде: «Адамды Алла тағала қалай шеберлеп жасады? Қан өкпе, бауыр, жүрек үшеуінде жүреді. Қақырық өкпеде, зерде өтте, қарақұрым талақта», деп адамзаттың жаратылуы мен тыныс тіршілігі туралы сыр шерте келе, бейне бір заводтан шыққан техника тәріздес іші сыртының бірде бір ақаусыз тұрғаныа бас иеді [4].
Тұтас бір эмбриология ғылымын осы үш қана аятқа сыйдырып, тұтастай түсіндіріп берген Құран - Аллаһтан түскен, ең ұлы мұғжиза. Ұрықтың дамуы жалпы 280 күнге, яғни 9 ай, 9 күнге созылады. Ұрықтың жатыр ішіндегі өмірі 3 кезеңнен тұрады. 1-ші эмбрионалъді алды кезеңде зигота бөлініп, көбейе бастайды. Бұл кезең 2,5 аптаға созылады. 5,5 аптаға жалғасатын 2-ші эмбрионалъді кезең басталады. Бұл кезеңде ағзаның басты мүшелері мен жүйелерінің қалыптасуы жүреді. Ал 3-ші феталъді кезең - жүктіліктің 8-ші аптасынан нәрестенің туғанына дейін жалғасады. Бұл кезеңнің бастапқы сатыларында ұзындығы тек 3 сантиметрдей ғана болатын ұрықтың барлық мүшелері қалыптасып, адам кейпіне келе бастайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Сендердің әрбіріңнің ана құрсағында жаратылуларың 40 күннен тұрады. Ұрық алдымен тамшы, кейін ұйыған қан, сонан кейін кесек ет болады. Осыдан кейін (яғни 120 күннен кейін) ана құрсағындағы балаға періште жіберіледі де, ол балаға 4 нәрсені белгілейді: 1. ризығын, 2. қанша өмір сүретінін, 3. істейтін амалын, 4. бақытты, не бақытсыз болатынын». Ғалымдар баланың 120 күннен кейін ойлау қабілеті пайда болады дейді, яғни жаны бар [5]. Ал енді Мәшһүр Жүсіптің сөзімен баяндар болсақ: «... екі су бірігіп, қырық күн жас төлдің ұйып қалған сорпасындай көгілдір болып тұрды. Қырық күнен соң, қан түсіне айналып, қан болып қырық күн тұрды. Қырық күнен соң, былқылдаған кесек болып қырық күн тұрды. Жүз жиырма күнен соң: сүйек, сіңір, тамыр, ет, май бірте бірте біліне бастады. Төрт айдың жүзі түгел болғанда, мүше, пішін тамам болып, жанды болуға айнала басталады».
Пайғамбардың хадистерінде Адам Атаның бойы 60 шынтақ, ені 7 шынтақ деген сөздер бар. Демек үш шынтақтың бір метр болатынын ескерсек, Адам Атаның бойы 20 метрге жетеді. Әр бір жерден табылып жатқан алып адамдардың сүйегі Атам атаның ұрпағы емесіне кім кепіл. Сондықтанда Дарвиннің сандырағынан арылып, біліммен дінді ұштастыра қарап, ақиқатқа жол берер кез келген тәрізді.
Дарвиннің өзі де шіркеуге барып, құдайға сенген адам. Ол бір естелігінде: «Бүкіл әлем өзінен-өзі жаратыла қалған жоқ, әлем Жаратушының әмірімен жаралды» деп жазды. Ендеше қазіргі мектеп қабырғасында оқылып жүрген биология сабағындағы Дарвинизм сандырағынан арылар кез келген тәрізді.
«Абай-ақпарат»
Пайдаланған әдебиеттер:
- «Мәшһүр-Жүсіп» Шығармалары. 13-том. // Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, -2008-жыл. 122-129 -б.
- Бұл да сонда.
- Жүнiс 10:101.
- М.Ж.Көпейұлы. Шығармалары. 11-том, Павлодар қ.: «ЭКО» ҒӨФ, -2007 жыл. 16 - б.
- Қуантқан ЖАБАҒИН, Семей мемлекеттік медицина академиясының VI курс студенті. «Ислам және өркениет», №30, 20-31 қазан, 2008 ж.