Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3574 0 пікір 19 Сәуір, 2011 сағат 04:47

Азамат Есалыұлы. Ақын аманаты

2003 жылы қарашаның қара суығында талантты ақын Серік Томанов өмірден озды. Мәңгілік сапарына асығыс аттанған ақынды ақтық сапарға шығарып салып жатқанда (жаназасында) облыс басшылары  ақынның отбасына екі бөлмелі пәтер беретіндерін жетізді. Ештен кеш жақсы. Өзі көрмеген пәтер қызығын бала-шағасы көрсе несі айып?!  Ішіміз қан жылап тұрса да, қуанып қалдық. Серік ақынын жоғалтқан Серік акім (Үмбетов) министрдің орынтағына отырмай тұрып Бөрібай мырзаға (Жексенбин) мықтап тапсырып кеткен болу керек,  үй мәселесі де шешімін тапты. Біз ақынымыз бен әкімімізге Алла разы болсын дедік.

Тірісінде лайықты бағасын ала-алмай кеткен Томановтың том-том жинақтарын кітап етіп шығару ақынынан айырылып, аңырап қалған жамағатқа жүктелді. Секең марқұм мәңгілік мекеніне аттанардан екі күн бұрын сол кездегі Талас ауданының әкімі Батырбек Күлекеевке жолығып бір жинағының шығарып беруін өтінген екен. Батырбекте үлкен жүректі жігіт қой, ақынының арқасынан қағып тұрып  уәдесін беріпті. Біз бұл кездесуді қазаға келген күні Батекеңнің өз аузынан естідік. Ол уәдесінде тұрды. Аудандағы кәсіпкер жігіттердің басын қосып, тез арада Секеңнің «Пәруана» жинағын оқырмандарға паш етті.

2003 жылы қарашаның қара суығында талантты ақын Серік Томанов өмірден озды. Мәңгілік сапарына асығыс аттанған ақынды ақтық сапарға шығарып салып жатқанда (жаназасында) облыс басшылары  ақынның отбасына екі бөлмелі пәтер беретіндерін жетізді. Ештен кеш жақсы. Өзі көрмеген пәтер қызығын бала-шағасы көрсе несі айып?!  Ішіміз қан жылап тұрса да, қуанып қалдық. Серік ақынын жоғалтқан Серік акім (Үмбетов) министрдің орынтағына отырмай тұрып Бөрібай мырзаға (Жексенбин) мықтап тапсырып кеткен болу керек,  үй мәселесі де шешімін тапты. Біз ақынымыз бен әкімімізге Алла разы болсын дедік.

Тірісінде лайықты бағасын ала-алмай кеткен Томановтың том-том жинақтарын кітап етіп шығару ақынынан айырылып, аңырап қалған жамағатқа жүктелді. Секең марқұм мәңгілік мекеніне аттанардан екі күн бұрын сол кездегі Талас ауданының әкімі Батырбек Күлекеевке жолығып бір жинағының шығарып беруін өтінген екен. Батырбекте үлкен жүректі жігіт қой, ақынының арқасынан қағып тұрып  уәдесін беріпті. Біз бұл кездесуді қазаға келген күні Батекеңнің өз аузынан естідік. Ол уәдесінде тұрды. Аудандағы кәсіпкер жігіттердің басын қосып, тез арада Секеңнің «Пәруана» жинағын оқырмандарға паш етті.

Бұл уақытта  Серіктің рухани бауырына айналған Маралтай Райымбекұлы да қарап жатпапты. Талантты Һәм тағдырлы ақынды халыққа кеңінен насихаттау үшін Республика көлемінде бір мүшайра өткізуді парыз санаған Маралтай Алматының түкпір-түкпірінен демеуші іздеп әбден аласұрған. Рухани байлықтың да керек екенін сезінетін қалталы азаматтар да бар емес пе. Маралтайдың еңбегі ақталып, іздегені табылды. «Пәруананың» тұсаукесерімен бірге «Мен өлсем, аспанда бір жасын өлер» атты Республикалық жыр-мүшайрасы да өтті.

Кезінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың да 50 жылдығы жетім қыздың тойындай болып еді. Құдайға шүкір, Мұқаңның 60 жылдығын ел болып тойлады. Мұқаңның бағы тірісінде емес, өлген соң жанды. Содан бері Мұқағалидың туған күні жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде ешкім өткізіңдер демесе де тойланып жатыр. Бұл - ұрпақ тәрбиелеудің оңтайлы жолы. Өлең оқып өскен жас, оқыс қылықтарға бармайтыны айдан анық. Өлеңмен тәрбиеленген жастың бойы да, ойы да түзелетінін дәлелдеп жату артық.

Біздің бір байқағанымыз, Серіктің өлімінде де бір құпия бар сияқты. 2003 жылдың 31 қазанында, яғни жұма күні Тараз мемлекеттік педогогикалық институтының оқытушысы Сейсекүл Исматованың бастамасымен Серік Томанов білімгерлермен кездесу өткізді. Сонда Секең сахнадағы алғашқы өлеңін былайша өріп еді:

Самайымда ақ қырау,

Маңайымда бақ сынау.

Тойлағаным тәттілеу,

Ойлағаным ащылау.

 

Көздерімде көлеңке,

Сөздерімде кең өлке.

Келтірмеңдер маған сөз,

Өлтірмеңдер мені ерте.

 

Маңдайымда мың қатпар,

Таңдайымда түрлі ақпар.

Мұңдарыммен мың батпан,

Сырларымды тыңдап қал.

 

Уа, тыңдап қал, тыңдарман,

Бекерден-бекер тұлданбан.

Арттағыға сөз қалсын,

Өтер де кетер бұл жалған.

Тағдыр-ә?! Жалған дүниемен қош айтысарын ақын өзі сезгендей. Кім білсін. Кездесудің өтерінен екі-үш күн бұрын ТарПИ проректорының  «Сендер не істеп жүрсіңдер? Қайдағы бір қаңғыбаспен кездесу өткізбекшісіңдер ме? Мен ондайға жол бермеймін!» дегеніне қарамастан  қасарысып тұрып алған ұйымдастырушылар Сейсекүл апайымыз бен «Жасын» әдеби бірлестігінің мүшелері ақынды жырын сүйер қауымымен соңғы рет қауыштырып үлгеріп еді-ау...

Қайшылықты қараңыз, сол кездесуде аталмыш кештің  өтпеуіне мүдделі болған аталмыш проректор Оңғар Сәлімбаев сахнаға сұранып шығып, Серік ақынды сөздік қоры таусылғанша мақтағаны да көз алдымызда.

Жұмадағы кездесудің әсерінен арыла алмай жүрген Жамбыл жұрты араға апта салып ақынынан мәңгілікке айырылып қаламыз деп ойлаған жоқ еді.

Жол бойына жерлеңдер мен өлгенде,

Өлген соң да не жетсін еленгенге.

Бейітімді көргендер есіне алсын,

Бейім еді өзі де өлеңге де,-деп аманатын айтып кеткен ақын шын мәнінде де сол жолдың бойына жерленді. Өлгеннен кейіп елегеніміз де өтірік емес.

Өз эпатапиясын өзі жазып «Ақын өлсе өледі жүрегінен» деген Серік Томановқа Тектұрмастың зиратының топырағы бұйырған екен.

Қырық жеті жасқа қараған шағында қайтқан ақынның елу жылдығын атап өтпеу облыс басшыларына үлкен сын еді. Маралтай бастаған бір топ жас қаламгерлер сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексенбин мырзаға хат жазды. Абырой болғанда облыс әкімі жастардың бастамасына қолдау білдіріп Секеңнің елу жылдығын айтып жүретіндей етіп атап өтті. Ақынның тағы да бір жинағын жарыққа шығарды. Жыр-мүшайрасын өткізіп, жинағының тұсаукесерін жасады. Бұндай әкімге алғыс айтпағанда кімге алғыс айтасың.

Серіктің елу жылдығынан бері де бақандай бес жыл өтті. Бірақ сол бес жылда ауыз толтырып айтатын бір шаруа атқарылмады. Биыл  4 наурызда Серік ағамыз тірі болғанда елу беске келер еді. Тағы да Маралтай бастаған жастар облысымыздың әкімі Қанат Бозымбаев мырзаға Серік Томановты кеңінен насихаттау мақсатында кітабын бастырып, еске алу кеші мен жыр-мүшарасын өткізуге қолдау білдіріңіз деп хат жолдады. Масқарасы сол, үлкен үмітпен жолданған хаттың жауабы, облыс бюджетінің бүйірі тесік дегенге сайды.

Өлгенімізді тірілтіп бермесе де, қазақ руханиятына аз да болса үлес қосып, әдебиет жанашырларының алғысын алатын шығар деген үмітіміз су сепкендей басылды. Шөпті де, шөңгені де өлең етіп жүрген көп қырттың бірі емес, құйрықты жұлдыздай ағып өткен талантты ақынға қолдау білдіре алмаған облыс әкімі Бозымбаевқа деген өкпеміз қара қазандай болды.

Сонымен, биыл Серік Томановтың елу бес жылдығы үн-түнсіз өте шықты. Тағы да сол Сейсекүл әпкейіміз ақиық ақын Мұқағали Мақатаев пен Серік Томановтың шығармаларын үндестіре отырып өз білімгерлеріне әдемі бір кеш жасап берді. Сонымен құдамыз да, құдағиымыз да тынышталды.

Бір қызығы, өзі туған аудан жағы жұмған аузын ашқан да жоқ. Аудан басшысы Айтқазы Қарабалаев Серік ақынды білсе де білмегенсіп отыра берді. Талас ауданына Айтқазы әкім боп келгенде өзі өлең жазады, ауданда Серік Томанов атындағы көше пайда болатын болды ғой деп біздер қатты қуанған едік. Сол үміт ақталмады.  Аудан орталығында Серік ақынды еске алу кешінің өтпегені аудан басшысына үлкен сын болды. Әлде көше беру мен кеш өткізу аудан басшысының қолынан келмей ме?!

Бұл күнде Серік үшін құраннан басқаның түк те пайдасы жоқ. Көше беріп, кітап шығарсақ өзіміздің абыройымыз. Болашақтың алдындағы парызымыз. Қазақ руханиятына қосқан үлесіміз. Алла нәсіп етсе, түптің түбінде Серік Томанов атындағы көшенің пайда болатыны айдан анық қой. Өйткені, Серік қандай марапатқа болса да лайық ақын.  Соны әкімдеріміз қазір жасап, алғысын алып жатса нұр үстіне нұр болмас па еді.

Айтпақшы, әкімдер жайлы әңгіме болған соң Серіктің «Әкім мен әңгіме» деген өлеңі ойыма оралып отыр. Марқұм ағамыз бұл өлеңді қай әкімге жазды екен?

Ақкөз ақын мен болсам,

Қызыл көз әкім сен едің.

Қой бағып мен қор болсам,

Қор болдың-ау демедің.

 

Қабандай боп жондандың,

Халықты алдап жеп жүріп,

Қаламдай боп мен қалдым,

Қағазымды кеміріп.

 

Қарын кетті сені ертіп,

Қанағаттан аулаққа,

Дарын кетті мені ертіп,

Қала жаққа тау жаққа.

 

Сенің аузың салымды,

Тақтан таққа мінесің.

Менің аузымдағымды,

Тақпақ па деп күлесің.

 

Сен де билік, тақ болса,

Мен бір жүйрік қаламмын.

Алтынға сен аттансаң,

Халқыма мен қарармын.

 

Мен-жүрекпін

(Сол артық!),

Халқым үшін қайғы алдым.

Қос аяққа боқты артып,

Сен қарынға айналдың.

 

Мен-дарынмын,

Сен-қарын,

Айырмамыз сол біздің.

Халқым білер ол жағын,

Мен өлеңді өргіздім.

 

Ақкөз ақынның ары,

Атылса да өлмейді.

Қызыл көз әкімнің малы,

Сатылса қайтып келмейді.

Азамат Есалыұлы, Серік Томанов атындағы сыйлықтың иегері

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485