Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Жаңалықтар 3973 0 пікір 21 Сәуір, 2011 сағат 04:27

Мұхан Исахан, Ақмарал Сатыбалды. Мазхабтар қалай пайда болған?

Мазхап дегеніміз араб тілінде «баратын жол» мағынасын береді. Мазхап сөзінің белгілі бір бағытқа жүру мағынасын беру себебі, мұсылмандық үкімдер ақыреттік мекенге жету жолындағы қатынастарды реттеуді қолға алады. Сондай-ақ, мазхап сөзі «лайықты көзқарас» деген ұғымды да білдіреді. Терминологияда мазхап деп Ислам дінінің үкімдерінің жүзеге асырылуы мен түсіндірілу барысында, яғни, саяси, сенімдік, құқықтық негіздер бойынша белгілі бір ғұлама (мазхаптың негізін қалаушы) тарапынан берілген үкімдердің жиынтығы айтылады.

Ислам тарихында алғаш саяси және сенімдік мәселелерге байланысты  пайда болған мазхаптар «фырка», «нихла» және «мақала» сөздерімен белгілі болды. Бұл сөздер ерекше амалдарды жасаған топ немесе топтар мағынасын білдіреді. Негізінен мұсылман қоғамында алғаш рет өзгеше түсінік пен жорамал айтқан топтарды «мақала» деп атады. Себебі, алғашқыда жазылып тартыс тудырған және долбарланған мәселелер тек бір ғана мәселе хақында болды. Мысалы, мұслмандардың алғашқы пікірталастары үлкен күнә жасаған адам мұсылман санала ма, саналмай ма? мәселесінде пайда болды. Осы тақырыпта бір ғұлама өзінің өзгеше ойын білдірсе,  ол ғалым «сахибул мақала» (өзгеше ойдың иесі) деп аталатын. Имам Әл-Әшаридің «Китабу мақалатил-муслимин уә хилафил мусаллин», Әл-Күммидің «Китабул-мақалат» атты шығармалары осы салада жазылған түрлі «мақалалар» жөнінде кеңінен мәлімет береді.

Мазхап дегеніміз араб тілінде «баратын жол» мағынасын береді. Мазхап сөзінің белгілі бір бағытқа жүру мағынасын беру себебі, мұсылмандық үкімдер ақыреттік мекенге жету жолындағы қатынастарды реттеуді қолға алады. Сондай-ақ, мазхап сөзі «лайықты көзқарас» деген ұғымды да білдіреді. Терминологияда мазхап деп Ислам дінінің үкімдерінің жүзеге асырылуы мен түсіндірілу барысында, яғни, саяси, сенімдік, құқықтық негіздер бойынша белгілі бір ғұлама (мазхаптың негізін қалаушы) тарапынан берілген үкімдердің жиынтығы айтылады.

Ислам тарихында алғаш саяси және сенімдік мәселелерге байланысты  пайда болған мазхаптар «фырка», «нихла» және «мақала» сөздерімен белгілі болды. Бұл сөздер ерекше амалдарды жасаған топ немесе топтар мағынасын білдіреді. Негізінен мұсылман қоғамында алғаш рет өзгеше түсінік пен жорамал айтқан топтарды «мақала» деп атады. Себебі, алғашқыда жазылып тартыс тудырған және долбарланған мәселелер тек бір ғана мәселе хақында болды. Мысалы, мұслмандардың алғашқы пікірталастары үлкен күнә жасаған адам мұсылман санала ма, саналмай ма? мәселесінде пайда болды. Осы тақырыпта бір ғұлама өзінің өзгеше ойын білдірсе,  ол ғалым «сахибул мақала» (өзгеше ойдың иесі) деп аталатын. Имам Әл-Әшаридің «Китабу мақалатил-муслимин уә хилафил мусаллин», Әл-Күммидің «Китабул-мақалат» атты шығармалары осы салада жазылған түрлі «мақалалар» жөнінде кеңінен мәлімет береді.

«Мақалат» сөзінің орнына кейін «нихла» сөзі қолданыла бастады. Шахристани «Китабул-милел уән-нихал» (діндер мен мазхаптар тарихы) деген танымал шығармасында түрлі саяси және сенімдік көзқарастағы топтарға жан-жақты тоқталған болатын.

Бүгінгі күні «мазхаппен» бірге «фырка» термині де қолданылады. Бөлінген топ мағынасын беретін бұл сөз көбіне саяси, сенімдік мазхаптарға байланысты айтылады. Мәшһүр ғалым Абдулқадыр әл-Бағдадидің «әл-Фарқ бәйнәл-фирақ» (мазхаптар арасындағы өзгешеліктер) атты шығармасы саяси және сенімдік мазхаптарға жан-жақты тоқталып өткен. Ал, осы саланың білгірі Етһем Рухи Фығлалы «мақала», «нихла», «фырка» терминдері көбіне саяси, сенімдік ағымдарға байланысты айтылғандығын, ал «мазхап» термині көбіне құқықтық мектептерге қатысты қолданылатынын айтады.

Енді, мазхапқа бөлінушілікке ықпал еткен факторларға тоқталар болсақ:

Әсіре ұлтшылдық - Мұсылмандардың ағымдарға бөлінуіне әсіре ұлтшылдық түсінігі қатты ықпал етті. Әсілі, Ислам ұлтшылдық пен нәсілшілдікке қарсы. Алла Елшісі (с.а.у): «Нәсілшілдікті қоздырған бізден емес... Басқа бір хадис-шарифте: «Бір арабтың араб еместен үстемдігі жоқ. Үстемдік тахуалықта» деп бұйырады.

Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның дәуірінде ұлт пен нәсілге бөлінушілікке жол берілген жоқ. Бұл жағдай хз. Осман кезеңіне дейін жалғасын тапты. Ол өлгеннен кейін мұсылмандар арасында ұлт пен нәсілге бөлінушілік  пайда болды. Ұлт пен нәсілшілдікке бөлінушілікке Хашимиттер мен Омаяттардың өзара бәсекелестігі және Харижидтер мен басқа топтар арасындағы ымырасыздық елеулі ықпал етті. Харижитік ағым Рабия тайпалары арасында кең қолдауға ие болды. Керісінше Мудар тайпалары арасында ұлтшылдық ұғымы болған жоқ. Жаһилиет дәурінде аталмыш екі тайпа арасында өзара бақталастық бар болатын. Исламды қабылдаумен бақталастық пышақ кесті тиылған еді. Өкінішке орай Харижиттік ағымның пайда болуымен екі тайпа арасындағы бақталастық қайтадан басталды. Ирандағы Шииттік ағымдардың пайда болуынан да парсы ұлтшылдығының элементтерін көруге болады. Халифатқа қарсы бас көтерген Бабек мен Муканна қозғалыстарына ескі зороастаризм сенімі мен парсы ұлтшылдығы әсер етті.

Халифалыққа байланысты бөлінушілік - Мұсылмандардың бірлігіне түрлі саяси топтардың билікке талас-тартысы да жарықшақ түсірді. Алғаш рет саяси билікке деген мұсылмандар арасында пікір қайшылығы Пайғамбарымыз (с.а.у) қайтыс болғаннан кейін, халиф кім болады? деген мәселеде туындады. Ансарлар (мәдиналықтар) «Ислам біздің қолдауымызбен ұшпаққа шықты, сондықтан, халиф бізден сайлануы керек» деген ұстанымда болды. Ал, мұхажирлер (меккеліктер) болса, біз алғаш болып мұсылмандықты қабылдадық, сондықтан, «халиф бізден сайланады» деген нық сенімде еді. Алла Елшісі (с.а.у) қайтыс болар алдын сырқаттанып жатқанда мұсылмандарға имам болуға хз. Әбу Бәкірді тағайындады. Осы тұспалдың негізінде ансарлар мен мұхажирлер мәселені ушықтырмай хз. Әбу Бәкірді халиф етіп сайлады. Алғашқы халиф сайлау мәселесі ың-шыңсыз біткенмен, хз. Осман халиф қайтыс болғаннан кейін, халиф болуға кім лайықты? Кез-келген Құрайыштық мұсылман халиф бола ала ма? Халифтің Хақ Елшісі (с.а.у)-нің нәсілінен (аһли-байттан) ғана болуы шарт па? Жоқ әлде, кез-келген тахуа болған мұсылман болуы тиіс пе еді? деген мәселеде мұсылмандар арасында үлкен дау-жанжал пайда болды. Осы бұлғақтың нәтижесінде Шийттер, Харижиттер секілді топтар тарих сахнасына шықты. Саяси бұл ағымдар өздерін өміршең ету үшін Құран мен Сүннетті өздеріне тірек және қорғаныш етіп алды. Яғни, саяси мақсаттарына жету үшін дінді құрал ретінде қолданып, дінді саясатқа араластырды. Осылайша ислам тарихында діннің саясатқа айналу кезеңі басталды. Бұл топтар Құран аяттары мен хадистерді өздерінің саяси ұстанымына пайдаланып, мемлекетті басқару құқығы тек өздеріне ғана тән деп пайымдады.

Ескі мәдениеттердің исламға ықпалы - Исламды дүниенің түкпір-түкпірне тарату саясаты төрт халифа дәуірінде ерекше қарқын алды. Ирак, Иран, Сирия, Палестина, Солтүстік Африка, Европаға  фатх жорықтары жасалды. Фатхтардың мақсаты Ислам дінін барлық адамзатқа жариялау, құлағдар ету, халықтарды исламға шақыру, сүйіспеншілік пен бейбітшілікке жеткізу болатын. Ислам діні жылдам таралып, адамдар жаңа дінге топтасқан  түрде өз еріктерімен кіріп жатты. Бірақ, жаңа дінге кіргендер бұрынғы сенімдерінен, әдет-ғұрыптары мен мәдениеттерінің көптеген элементтерін мұсылмандар арасына алып келді.

Ықпалдасудың нәтижесінде жаңа өзгерістер пайда болды. Ал, бұл өзгерістер жаңа мазхаптардың пайда  болуына әкеп соқтырды. Жабарие, Кадирие, Мутазалие, Мушаббихе, Шииттік және сол секілді мазхаптар осындай ықпалдастықтың нәтижесінде тарих сахнасына шықты. Ибн Хазм «ал-Фасл» атты еңбегінде ескі мәдениеттердің ықпалымен пайда болған ағымдар туралы былай дейді: «Бұл топтардың көбінің ислам дінінен шығуының себебі, парсылар ұлан-ғайыр аймақта өмір сүретін. Өздерін жоғары санып, өзге ұлттарға үстемдік ететін. Өздерін азат санап, өзгелерді құл-құтанға балайтын. Парсыларға өздері шекеден қарайтын арабтардың Сасаниттер патшалығын құлатуы оларға өте ауыр тиді. Осы себептен олар ұдайы Исламға түрлі  айла-шарғымен қарсы шығуын тоқтатпады. Алайда, барлық соғыстарда Алла-Тағала хақ жолын ұстанғандардың мерейін үстем етті. Олардың кейбіреулері тек сыртқы пішінмен ғана Исламды қабылдады. Парсылар Хз. Алиге жасалған зұлымдықтан кейін Шииттік ағымды қатты қолдады. Бірақ, олар Исламнан шыққан еді...»

Философияның ықпалы - Исламның атын жамылған кейбір бұзылған мазхаптардың пайда болуына көне Грек, Үнді, Месопатамия философиясының ықпалы болды. Өйткені, ескі философиялық теориялар Исламдық сенімдегі болмыс пен табиғат ұғымымен үйлесе бермейтін. Мұсылман ғалымдарының кейбірі ескі философиялық түсініктердің ығынан шыға алмады. Ислам тарихында алғашғы расатхана (обсервотория) Омаяттар халифасы Абдулмәліктің кезінде 707 жылы Шамда салынды. Ибн Кәсир Ислам сенімдеріне қайшы келетін Антика философиясының Исламның алғашқы жүз жылында мұсылмандарға танымал болғандығын айтады. Садреддин Ширази (Молла Садра) Сухравердиенің еңбектеріне сүйене отырып, Омаяттар дәуіріндегі ислам ғалымдарының ескі Грек философиясынан хабардар болғандығын айтып өтеді. Мысалы, Мутазалие ағымының өкілдері сенімдік мәселелердегі қолданған логикалық әдіс-тәсілдерді философтардан алды. Ал, Мутазалие мазхабы Омаяттар дәуірінде пайда болып, Аббаситтер дәуірінде өзінің шарықтау шегіне жетті. Антика философиясының шығармаларын жүйелі түрде араб тіліне аудару Аббаситтер халифы Мамун, Мутасым кезінде қолға алынды. Алғашқы мұсылман философы әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн-Синалардың дүниетанымына көне грек философиясының әсері мол болды. Бұлай исламнан бұрынғы дүниені танып білу турасындағы философтардың көзқарастарының  мұсылмандарға әсер етуі өз кезегінде ойшылдар арасында талас-тартыс тудырды. Әл-Фарабилер мен Имам Ғазалилердің арасындағы талас-тартыстар осыған дәлел бола алады.

Тылсымды танудағы талас-тартыстар  - Ислам сеніміне дәлел келтірудегі рационалистік түсінік мұсылман ғалымдарын әртүрлі ойларға жетелеп, соның нәтижесінде түрлі ағымдар пайда болды. Алла-Тағаланың сыпаттарына дәлел келтіру мен құдыретін танып-білу және басқа да мәселелер жөнінде ғалымдар түрлі әдіс-тәсілдер қолданды. Бұндай мұсылмандық сенімге қатысты түрлі көзқарастардың болуы, мұсылмандардың жіктелуінен әкеп соқтырды.

Құран-Кәрімнің аяттарына қатысты тартыстар - Құран-Кәрімнің кейбір аяттар қысқа, кейбіреулері ұзын, көптеген аяттар өте анық және түсінікті, ал кейбір аяттар күрделі және көп мағыналы болы келеді. Бір ғана әріп пен сөзден тұратын аяттармен қатар жарты беттен тұратын аяттар да бар. Аяттардың көп бөлігін оңай түсінуге болады, бірақ кейбір аяттар түрлі мағыналар береді. Бұндай аяттарды түсіну аса қиын. Бұл жағдай мұсылмандардың аяттарды түсініп, білуде әртүрлі түсінікке итермеледі.

Осыған орай Құран аяттары құрылымы мен мағыналарына қарай екіге бөлінеді:

1. Мүхкам аяттар; нақты және анық мағыналы, түсіндірілген кезде мағынасы айқын болған аяттар. Мұндай аяттарды оқып, тыңдаған кезде мағыналарын оңай түсінуге болады. Бұл анық мағынадан басқа түсінікке бару мүмкін емес. Құрандағы иман, ғибадат, ахлаққа қатысты аяттар мүхкам аяттар болып табылады.

2. Мүташабих аяттар; мағыналары анық емес және әртүрлі түсінуге болатын аяттар. Бұл аяттарды «тәуил» (гипотеза) арқылы түсінуге болады. Аллаһтың сыпаттарына (қол, бет, ғарыш) байланысты аяттар мен жұмақ, тозақ, мизан, есепке тартылу, махшар және мухатта (бір немесе екі үш әріптерден тұратын аяттар) әріптерінен тұратын аяттар осы түрге жатады. Бұл аяттардың шын мағынасын Алла ғана біледі. Ғалымдар болжам жасап, оларды түсініп, анықтауға тырысады.

Алғашқыда, мүташабих аяттарға болжам жасаушылық адасқандық саналды. Салафие деп аталған алғашқы мұсылмандар мен мұсылмандық сенімнен ауытқымаған кейінгі ғалымдар мүташабих аяттарға болжам жасауға тырыспаған. Бұл мәселеде әлсіз екендіктерін мойындап, олардың мағыналарын Алла ғана біледі деп тұжырымдаған. Әйтседе, кейбір мұсылман ғалымдары өздерінің мүташабих аяттарды түсіне алатынын айтып, оларға тәуил жасап, анықтау жолына түскен. Халафие деп аталған бұл топ Құранның дінді түсіндіру үшін келгенін, сондықтан да оның барлық аяттарын білу керек екенін айтып, мүхкам аяттармен бірге ақыл арқылы мүташабих аяттарды анықтауға тырысқан. Бұндай болжамдар мұсылман қоғамында түрлі діни түсініктер мен мазхаптардың пайда болуына себеп болды. Мүжессиме, Мүшеббихе, Муаттыла, Хуруфие секілді діни ағымдар мүтешабих аяттарға тәуил жасау нәтижесінде пайда болды. Құран аяттарының захири және батыни мағыналарын зерттеп, осының нәтижесінде Захирилік және Батынилік секілді ағымдар да ортаға шықты.

Ескі діни қиссалардың тигізген әсері  - Мұсылмандардыің ішінде ескі діни қиссаларды (жөйттерге келген пайғамбарлардың өмірі) айту хз. Османның дәуірінде пайда болды. Хз. Али өз дәуірінде ескі діни қисса айтушыларды қысымға алып, оларды мешіттен қуды. Өйткені, қисса айтушылардың кейбіреулері бұзылған ескі діндерден алынған оқиғаларды айту арқылы мұсылмандардың сеніміне селкеу түсіретін. Бұл бөлінушілікке түрткі болды. Алайда, ескі діни қиссаларды айтушылардың саны Омаяттар дәурінде арта түсті. Бұлардың барлығы салихалы мұсылмандар емес болатын. Құран-Кәрімдегі «исрайлат» түсінігі мен ескі діни қиссалардің кейбірі үндесетін. Себебі, Құран-Кәрімде аты аталатын жиырма бес Пайғамбардың көпшілігі жөйттерге келген болатын. Құран-Кәрімде олардың өміріне тоқталған аяттар бар. Ал, ескі қиссаларды айтушылар көбіне осы Құран-Кәрімдегі пайғамбарлар өмірін жырлайтын. Әйткенмен, ескі діни-қиссалардың сенімі Исламмен сабақтаса бермейтін. Қисса айтушылар белгілі бір мазхап өкілі немесе билеушілерге арқа сүйей отырып, ескі діни қиссаларды айтатын. Осылайша ескі діни-қиссалар мұсылмандардың өзара талас-тартысқа түсуіне себеп болды.

Хурафа мен бидғаттың (жаңа пікірлер мен ережелер) әсері - Адамзат тарихына қарайтын болсақ, тура сенім мен көркем мінез және қате сенімдер мен зиянды әрекеттер қатар өмір сүріп келгенін көреміз. Ақиқат дінді ұмытып адасушы адамдар тәухид сеніміне қайшы келетін бірқатар нанымдарды қабылдаған. Тіпті, жабайылық пен азғындық шырқау шегіне жеткен кезде жаратылған болмыстарды Тәңір етіп, кейбір киесі бар нәрселерді Тәңірмен арасында байланыс құралы деп түсінген. Мазар пен зиярат орындарын және кесенелерді ғибадатханаға айналдырып, әулиелер мен шейхтардан және көсем санаған адамдарынан жәрдем сұраған. Бұндай жеке басқа немесе өлген адамдардың әруағына сиыну әсіресе бұзылған діни ағымдарда көптеп кездеседі. Мысалы, Сабайе ағымы хз. Алиді иллаһ деуге дейін барса, Ниматуллаһшылар хз. Алиді Пайғамбарымыз (с.а.у)-мен қатар қойған.

Кейбір табиғат құбылыстарын, таулар мен төбелерді киелі деп санап, құстардың шырылын, иттердің үргенін, күннің күркіреуін және найзағай жарқылына сиынып, түрлі сенімдер пайда болған. Міне, осындай түсініктер мен сенімдер уақыт өте келе әлеуметтік қолдау тауып, түрлі мазхаптардың пайда болуына өз әсерін тигізді. Исламға кірген қауымдар мен ұлттар ұлттық ерекшеліктерін, әдет-ғұрыптарын түрлі жолдармен дінге таңып бақты. Бұрынғы ескі мәдениетерінің сарқыншақтарын Исламға телуге тырысты. Парсы және Византия империясындағы қауымдар мен Орта Азия, Орта Шығыс және Африка территорияларында өмір сүрген халықтар мұсылмандықты қабылдаған кезде ескі сенімдерін, мәдениеттерін және салт-дәстүрлерін толығымен тәрк ете алмады. Керісінше ескіні жаңа дінмен ымыраластырып, соның нәтижесінде түрлі дүбәра діни ағымдар пайда болды. Мысалы, кейбір діни ағымдардағы шейхтық, махди, масих, хулул (имамдықтың келесі имамға берілуі) және танасух (ренкорнация) элементтері осыған дәлел бола алады. Бұндай хурафаларға сенетіндер мен сенбейтіндер арасында қайшылықтар мұсылман жұрағатын қаншама дүрбелеңге душар етті.

Құқықтық үкім берудегі өзгешеліктер  - Мұсылман құқығының негізгі қайнар-көзі Алла-Тағаланың кітабы Құран-Кәрім мен Адамзаттың ардақтысы (с.а.у)-ның сұлу Сүннеті болып табылады. Алайда, Құран мен Сүннеттің құқықтық үкім беруде белгілі-бір шектеулігі бар. Ал құқықтық мәселелерді шектей алмайсың. Қоғамның дамуымен бірге құқықтық мәселелерде арта түседі. Ал, Мұсылман құқығы жаңадан пайда болған жағдайға құқықтық үкім беруі қажет. Мұсылман құқығының қайнар-көздері негізгі құқықтық мәселелердің қағидаларын бекіткенмен, күнделікті өмірде кездестін ұсақ мәселелерге дейін қағидалар көрсетпеген болатын. Мұндай мәселелер туындаған шақта, мұсылман заңгерлері мұсылман құқығының негізгі қайнар-көздеріне қарап шығып, нақты құқықтық үкім тапппаған жағдайда, Құран мен Сүннеттің құқықтық өлшемдеріне қайшы келмейтін белгілі тәртіп негізінде заңгерлер өз парасатымымен құқықтық  шешім шығарады.

Мұсылман заңгерлері құқықтық үкім беруде, әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданған. Әрбір факих (заңгер) өзінің шығарған шешімінің Құран мен Сүннетке қайшы еместігін дәлелдеген. Осының нәтижесінде мұсылман жұрағатында түрлі құқықтық бағыттар пайда болды. Көптеген зерттеушілер фыкһтық мәселелер байланысты бөлінушілік хижраның екінші ғасырының соңына таман, яғни, Сахабалар мен Табииндер (сахабалардан кейінгі толқын) дәуірінен кейін пайда болғандығын айтады. Дегенмен, Пайғамбарымыз (с.а.у) көз жұмғаннан кейін сахабалар туындаған мәселеге құқықтық үкім беруде екі құқықтық әдісті қалыптастырды. Осы әдістердің негізінде «Хадис» және «Рай» құқықтық мектебі пайда болды.  Кейінгі фыкһтық мазхаптардың пайда болуына осы «Хадис» және «Рай» құқықтық мектептері ықпал етті. «Хадис» әдісі бойынша туындаған мәселеге құқықтық үкім бергенде негізінен Құран мен Сүннетке сүйенді. Ал, «Рай» әдісінде Құран мен Сүннетке қайшы емес негізде ақылмен шешім шығарды.

Исламға жасалған шабуылдың әсері - Исламның жан-жақты таралуына қарсы шыққан және бұған соғысып қарсы тұра алмаған кейбір топтар дінде болмаған нәрселерді еврей, христиан, зороастаризм және мәжүсилерге қатысты кебір сенімдерді мұсылман дініне қосып, мұсылмандықты бөлшектеуді көздеді. Өз жерлерінің мұсылмандардың қолына өтуін қаламайтын осындай топтар мұсылмандардың сенім және ахлақтарын өзгертіп, ішкі қақтығыс пен бүлік шығарып, мұсылман қоғамын жоюды жоспарлады. Олар әр жердегі мұсылмандар арасында осы мақсаттарын жүзеге асырып, түрлі мазхаптардың пайда болуына ықпалын тигізді. Парсылардың іс-әрекеттері осыған айқын мысал бола алады. Сондай-ақ, тақау арадағы Ислам әлемінде пайда болған кейбір діни ағымдардың пайда болуына ағылшын отаршылдарының ықпалы болды. Отаршылдар ислам қауымын ішіне іріткі салу арқылы «бөліп алда билей бер» саясатын жүргізді. Исламды бөлшектеудің ең төте жолы, олардың біртұтас сеніміне селкеу түсіру болатын. Олар мұсылман қауымын ұлтшылдықты қоздырумен бір-біріне қарсы қойды. Отаршылдардың саяси ойының құрбанына айналған мазхаптар күні бүгінге дейін өмір сүруде.

Батыс отаршылдары мұсылмандарды бір-біріне айдап салып, іштен ірітуі саясатын әлі тоқтатқан жоқ. Отаршылдар әлем халықтарына жалаң «Ислам терроризмі» деген  үрей туғызып, Исламды қаралауда. Бұның астарында исламның қанат жаюына қарсы батыс алпауыттарының жымысқы саясатының жатқандығы анық.

Әлеуметтік және экономикалық жағдайдың ықпалы - Ислам тарихының алғашқы екі ғасырында мұсылмандар әлемнің үш құрылығына тарап, ислам халифатын қалыптастырды. Осыншама ұлан-ғайыр аймақта ұлты, діні мен мәдениеті әртүрлі қауымдармен қатар өмір сүрген мұсылмандардың тек сенімі мен мәдениеті ғана өзгеріске ұшырап қойған жоқ, сонымен бірге, әлеуметтік және экономикалық жағдайы да өзгеріске ұшырады. Византия мен Сасаниттер өркениетін танып, олардың мәдениеттерін қабылдаған мұсылман жауынгерлерінің дін мен дүниге деген көзқарасында ауытқушылықтар болды. Византиялықтар мен Парсылар секілді аста-төк ішіп-жеуге, алқызыл әлем-жәлем киінуге мән бере бастады. Сәулетті зәулім үйлер салып, тұрмысқа түрлі-түсті маталарды пайдаланды. Араб түбегінде жұпыны, жадағай өмір сүрген бәдәуилер енді мәдениетті өмір сүре бастады. Міне, осы жағдай көптеген мәселелерді тудырды. Мұндай өмір сүруді дұрыс деп қолдағандар мен ысырапшылдыққа қарсы топтар пайда болды. Атақты сахаба Әбу Зар әл-Ғифари жаңа әлеуметтік және экономикалық өмірге қарсы шығып, бұлай өмір сүру Исламға сай емес деп білді.

Мұсылмандардың өзге елдеге Исламды таратуы олардың әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартып, мемлекеттің қазынасын толтырды. Қолдарына көп ақша түскен мұсылмандар молынан жаратып, экономикалық өмірлеріне жаңалық енгізді. Сонымен бірге, мемлекет құрлымы жаңара бастады; жоғарғы кеңестер құрылып, өркениет жолында маңызды жұмыстар атқарылды. Бұл оқиғалардың барлығы мұсылман қоғамында тынышсыздық пен ішкі қақтығыстарға, қайта құруға және саяси бөлінулерге әкеп соқты. Хз. Осман халифтің кезіндегі бүліктердің шығуына осы жағдайлар әсер етті.

Еліктеушілік пен әдет-ғұрыптың ықпалы  - Мазхаптардың пайда болуында еліктеушілік пен әдет-ғұрыптар факторы да әсер етті. Мұсылмандардың көп бөлігі еліктеушілерден тұрады және діни түсініктері әдет-ғұрыптың ықпалы арқылы қалыптасқан. Осыған байланысты ғұламалар еліктеушілік пен әдет-ғұрып факторына қарсы күресті. Әйтседе, еліктеушілер дінге сай келмейтін көптеген сенімдерді дін деп қабылдады. Жалпы, еліктеушілер мен исламға сай емес әдет-ғұрыпты діни қағидаға айналдырушылар діни білімі саяз адамдар. Ислам тарихына қарайтын болсақ, алғашқыда діни ағымдар көбіне еліктеуші топтан қолдау тауып, содан барып мазхап ретінде қалыптасты. Еліктешілер тез алданып, сенеді және лезде айнып, бөлінуге  құмбыл тұрады.

Әдет-ғұрыпқа келетін болсақ, бұл діни түсініктің қалыптасу негізін және мінез-құлықтың қалыптасуының факторы. Қандай бір ұлт болмасын қандай дінге кірсе де әдет-ғұрпын толығымен жоя алмайды. Керісінше дінмен бірге әдет-ғұрпын сабақтастырып, қатар ұстанады. Әлемдегі түрлі мұсылмандықтың қалыптасуының негізгі себептерінің бірі осыдан туындады. Фыкһ ғылымы әдет-ғұрып Ислам негіздеріне қайшы келмесе, оны дәлел деп санады. Бірақ, дінге сай әдет-ғұрыптың жағымды жақтары болғаны секілді, дінге сай емес әдет-ғұрыптың да кері ықпалы бар. Яғни, дін мен әдет-ғұрып бір-бірімен тәуелсіздік үшін күрес жүргізді. Әдет-ғұрып діннен басым болған қоғамдарда діни түсінік пен қоғамдық құрылым өзгешелеу болса, діннің әдет-ғұрыптан басым болған қоғамның өзіндік ерекшелігі болды. Осы жағдай түрлі мазхаптардың шығуына әсер етті.

Әсілі, Пайғамбарымыз (с.а.у) Исламға қайшы емес әдет-ғұрыптарды кері қағып, түгелімен жойған емес. Олардың ішінде Исламның шарттарына қайшы келмейтін пайдалы және қажетті әдет-ғұрыптар өзгеріссіз қабылданды. Керісінше дін қағидаларына қайшы зиянды әдет-ғұрыптар мен ырымдар жойылды.

Мұсылман құқығында белгілі-бір қауымның қоғамдық қатынасты Исламға қайшы емес негізде реттеуші әдет-ғұрыптары құқықтық үкім берудің негізі бола алады. Бұлай әдет-ғұрыпты құқықтық үкім берудің түпдерегі ретінде алғаш қалыптастырған атақты мұсылман заңгері Имам Ағзам Әбу Ханифа болатын.

Керітартпалық пен асыра сілтеушілік - Ислам діні кертартпалық пен асыра сілтеушілікке қарсы. Фанатизм мен нигилизмді мүлде қолдамайды. Өйткені, Ислам «орта жолды» (дину-уасат) ұстануды үндейді. Құран-Кәрім мен сүннетте асыра сілтеушлік пен кертартпалық қатты сыналған. Аллаһ-Тағала дінде асыра сілтеушілік пен кертартпалыққа ашық тиым салды. Бұрынғы діндерде асыра сілтеушілер мен кертартпалар болғаны секілді Исламда да бұндай тоғышар топтар болып отырды. Бұл адамдар фанатизм мен терістеу жолымен мұсылман қоғамына жаңылыс пікірлер таратып, бөлінушілікті тудырды. Ибахие мен осы секілді ағымдардың күнәдан арылуға шамамыз жетпейді деген ұстанымдары, әрине кертартпалық болатын.

Надандықтың тигізген әсері - Ислам тарихында саяси және сенімдік мазхаптардың пайда болуында надандықтың алатын орны ерекше. Білімсіз адамдар өзгелерді айыптап, оларға түрлі атаулар беріп, ал өздері басқалардың тарапынан әсерленіп, олардың қолжаулығына айналып отырды. Дінді бірнеше символдар мен ғибадаттардан тұрады деп санаған діни білімі төмен осындай адамдар жаңылыс пікірлерге көп ұрынды. Осындай надан адамдар арқылы көптеген қате сенімдер мен ғибадаттар дінге кіргізілді. Харижилер мен Уаххабилердің көпшілігі осындай надан адамдар болып табылады. Сондай-ақ, Құран мен Сүннетті жоққа шығарып, ақиқатты философтардың көзқарастары мен ақындардың өлеңдерінен табуға болады дейтін Илхамие секілді діни ағымдардың шығуына да, сөз жоқ,  олардың надан болуы әсер етті.

Діннің ұғынылуы және түсіндірілуі мәселесі - Адамзат баласының мына сынақ әлемде Жаратушысын танып, тура жолда жүруі үшін дін түсірілді. Алла Елішісі (с.а.у) өз дәуірінде мұсылмандарға дінді ең көркем түрде түсіндіріп, дінді жүзеге асыруда оларға керемет үлгі көрсетті. Пайғамбарымыз (с.а.у) туындаған барлық сұрақтарға қанағаттанарлық деңгейде жауап берді. Ол (с.а.у) тұрғанда ешкім одан асып пәтуа бере алмайтын. Сондықтан, Хақ Елшісі (с.а.у)-ның көзі тірісінде мұсылмандар бір ғана тұлғаға мойынсұнып, олардың арасында бөлінушілік болған жоқ. Алайда, Пайғамбармыздан (с.а.у) сахабалар мен табиндер (сахабаларды көруші мұсылмандар) дәуірінен бастап саяси және сенімдік мәселелерге қатысты мұсылмандардың әртүрлі көзқарасы болды. Жалпы, адамның табиғаты әртүрлі жаратылған, бір нәрсеге бейімделуі, қалаулары, ақылы, ерік-жігері, қабылеті әрқилы. Кейбір адамдар өз қабылеттерін жақсы нәрселерге жұмсаса, кейбір адамдар қабылетін жаман жәйттерге арнайды. Жаман жолға түскендер шайтанның арбауына еріп, нәпсісінің құлы болып, Алла Елшісініңі (с.а.у) емес, осы жолды дұрыс деп ақыл берген адамдарды пір тұтып, тура жолдан адасады немесе дінді, шынайы ақыл тұрғысынан емес, дінді дұрыс танымаған дүмшелердің  айтуымен қабылдайды. Бірақ, бұндай адамдар өздері ғана адасып қоймай, өздерінің ұстанған жолын ақиқат деп танып, өзгелердің ұстанған жолын қате деп уағыздап арандатып бағады. Міне, осындай түсініктер адамдардың дінді әрқалай түсінуіне әкеп соғып, нәтижесінде әртүрлі мазхапқа бөлінушілік пайда болды.

Түйін

Жалпы, дін - мазхап ұғымынан жоғары тұрады. Өйткені, ислам дінінде бөлінушілікке жол берілмеген. Алла-Тағала Құран-Кәрімде: ««Түп түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер...» (Әли-ғымран, 3/103). Сондай-ақ, «Күдіксіз діндерінде бөлініп, топтарға айырылғандармен ешбір байланысың жоқ...» (Әнғам, 6/159) деп бұйырған. Хақ Елшісі (с.а.у) өз хадис-шарифінде: «Исрайл ұрпақтарының басына келген жағдай, үмбетімнің басына да келеді. Исрайл ұрпақтары жетпіс екі ағымға бөлінді; үмбетім олардан бір ағым артық болып, жетпіс үш ағымға бөлінеді және біреуінен басқаларының бәрі тозаққа барады. Сахабалар сұрады: Уа, Алланың Елшісі! Оттан аман қалатын ағым қайсысы? дегенде, Хақ мақтаулысы (с.а.у): «Ол менің және сахабаларымның жолын ұстанғандар» деп жауап берген.

Дей-тұрғанмен, мұсылман қоғамында жоғарыда аталып өткен негіздерге байланысты түрлі мазхаптарға бөлінушілік орын алды.  Бұлай бытыраушылық күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Исламның алғашқы дәуірлерінде исламның орталықтарындағы емес, адасушылық көбіне рабат (шекара өңірі) аймақтарында болған еді. Өйткені, Исламның қайнаған ортасы мен әлі Хақ  шуағы мол төгіле қоймаған шеткі өңірлерде дін туралы түсінік әрқилы болатын. Алайда, бүгінгі күні Ислам алғаш бүр жарып, ту тіккен Хақ діннің орталықтарынан да уаһапшылдық секілді адасушы топтар шығып отыр. Әрине, өкініш өзекті өртейді...

«Абай-ақпарат»

0 пікір