Түркістан облысы Ордабасы ауданында салынып жатқан қызметтік үйлердің құрылысы аяқталуға жақын
Елбасы Н.Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында халықты баспанамен қамту мәселесіне арнайы тоқталған болатын. Осы бағытта арнайы “7-20-25” атты мемлекеттік бағдарлама да қабылданған еді.
Осы бағытта, Түркістан облысы, Ордабасы ауданында салынып жатқан қызметтік үйлердің құрылысы аяқталуға жақын. 12 пәтерлік 2 көпқабатты үй баспанасыз жүрген медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге, ішкі істер органдарында қызмет ететіндерге берілмек. 1 тамыз күні іргетасы қаланған ғимараттың кілті 2019 жылдың көктемінде тапсырылады деп күтілуде. Дәл осындай 1 қызметтік үй Бадам елді мекенінде де салынып жатыр. Қызметтік үйлерді «Строй-Жол Сервис» ЖШС өз қаражаты есебінен тұрғызуда. Жұмысты аяқтап, кілтін тапсырар уақытта мемлекет өз меншігіне сатып алмақ. Бұл мақсатқа 222 000 000 теңге қарастырылыпты.
Бұдан бөлек Темірлан елді мекенінен 600 орынды екі мектептің, 300 орынды бір білім ордасының құрылысы басталған. Жеңімпаз деп танылған мердігер компаниялар «Авторемстрой ЛТД», «МТС-Төлеген» мен «А.Р.Т. Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің ұжымы жұмысты дер кезінде аяқтауға бел шеше кіріскен. Сондай-ақ, жеке тұрғын үйлерді инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз ету жұмыстары да қолға алынған. Атап айтқанда, Темірлан елді мекеніндегі «Самал» шағынауданында ауызсу құбыры тартылып, жол салынып, электр желісі жүргізілуде. Аталған нысан құрылысына облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Келісімшартқа сай бұл жұмыстар 2020 жылға дейін жалғаспақ. Бүгінгі таңда мердігер компания деп танылған «РСУ-1» ЖШС Темірлан елді мекеніндегі шағынауданның бас жоспарына сай көшелерді белгілеп, жолдарды тегістеп жатыр.
Сондай-ақ, аймақта балабақша салып беруге ниетті жандардың қатары көбейіп келеді. Соның бірі – Қажымұқан ауыл округіне қарасты Көктөбе ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жуырда ғана ашылған 100 орынды «Ілес апа» балабақшасы. Кәсіпкер Дина Жұмабаева балабақша ашу арқылы ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтыған. Бүгінде мұнда 22 адам жұмыс істейді. Көктөбе ауылындағы жаңа балабақшаның пайдалануға берілуі көптеген ата-ананы қуанышқа бөлеген. Балалар да мәз-мейрам. Мұнда балақайлардың дұрыс тәлім-тәрбие алуына барлық жағдай жасалыпты. Бұдан алдын бірқатар балабақшада жұмыс істеп, осы салада терең тәжірибе жинаған Замира Абжанова осында меңгеруші қызметін атқаруда.
Сонымен қатар, жас мамандарды үйретуден жалықпайды. Мұнда үш тілде білім беру жүйесі қолдау тауыпты. Ағылшын, орыс тілі және би, музыка пәндері де өтеді. Ата-аналар балақайларды 1,5 жастан бастап әкеле алады екен. Сондай-ақ, бөбектерді тасымалдау жүйесі де енгізілген. «Балабақшаның жанында тұрса да ата-аналар балаларын көлікке мінгізу үшін күтіп тұрады. Ауыл бүлдіршіндері үшін бұл да бір қызық болып тұр» деп күліп алды балабақша меңгерушісі.
Иә, мұндай игі істің шалғай ауылдарда жүзеге асып жатқаны қуантады. Бала – өмірдің гүлі, еліміздің болашағы. Олардың келешегінің жарқын болуы үшін мемлекет те аянып қалмайды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған балабақшалар, мектептер ашылып, пайдалануға берілуде.
Abai.kz