Жексенбі, 24 Қараша 2024
2742 0 пікір 14 Қараша, 2018 сағат 13:25

Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ құрылған

Елбасы Н.Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында еліміздегі индустриалды жобалардың санын көбейтуге көптеп назар аударған болатын. Осыған орай, Түркістан облысында да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.

Мәселен, бүгінде Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ құрылған. Өңірлерде индустриалды аймақтарға бөлінген жердің жалпы ауданы 533 гектарды құрайды.

Соның ішінде жалпы ауданы 273 гектарды құрайтын 7 аймаққа инфрақұрылым тартылған. Олардың қатарында Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Шардара, Түлкібас, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарындағы индустриалды аймақтар бар.

Инфрақұрылым құрылысы бұдан басқа 260 гектарды құрайтын 2 аудан мен қалада жүріп жатыр.

Қазір Түркістан облысындағы индустриалды аймақтарда 78,778 млрд. теңгені құрайтын 61 жоба қолға алынуда. Онда 3 349 жұмыс орны ашылады. Бүгінде аталған 61 жобаның ішінде 20 млрд. теңгені құрайтын 23 жоба нақты қолға алынып, 1 215 адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылы 8,4 млрд. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асып, 222 жұмыс орны ашылған.

«Оңтүстік» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы» ЖШС басшылығының айтуынша, бүгінгі таңда Шымкент қаласы мен Түркістан облысында инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұнда жуырда Жапония, Пәкстан елдерінен делегациялар келген. Бұдан бөлек, Қазақстан Өзбекстан бизнес-форумы аясында индустриалды аймақ аумағында инвестициялық жобаны іске асыру туралы бірқатар меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ, индустриалды аймақтарға жаңа жобаларды тарту үшін 25 әлеуетті инвестормен кездесулер өткізілді. Компания тарапынан Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Украина, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің ірі кәсіпорындарына 320 шақыру хаты жіберілген.

Атап өтер болсақ, «КТИЗ БАДАМ» индустриалды аймағында «Gold Alumіnum» ЖШС-нің ПВХ профиль, ПВХ және алюминийден жасалатын жарық өткізгіш мөлдір конструкциялар шығаратын цехы, «Green Technology іndustrіes» ЖШС-нің полиэтилен қалдықтарынан жасанды талшықтарды өндіру зауыты іске қосылды. Ал, «Кентау» индустриалды аймағында «Ауезов» ЖК оттегі цехының құрылысын, «Қазығұрт» индустриалды аймағында «АСЫЛ-бастау.KZ» ЖШС құрғақ майсыз сүт және сары май өндіретін жобасын қолға ала бастады.

Өңірлік үйлестіру кеңесіне жыл басынан бері құны 20,6 млрд. теңге, 316 жұмыс орнын құрайтын 8 инвестициялық жоба бойынша өтініш түскен. Кеңес қорытындысымен «Мақтаарал», «Бәйдібек», «Қазығұрт», «Түркістан» және «КТИЗ Бадам» индустриалды аймақтарынан қара металл қалдықтарын, дәрі-дәрмек өндірісі үшін фармацевтикалық және темір-бетон өнімдерін шығаратын, тағы да басқа зауыттар салуға рұқсаттар берілген.

Жоғарыда айтылған инвестициялық жобалардың барлығы да Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынуда.

Айта кетейік, елімізде 2010 жылдан бері жүзеге аса бастаған индустрияландыру картасының алғашқы бесжылдығында (2010-2014 жж.) Түркістан облысында 7,7 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 115 жоба іске қосылды. Ал, екінші бесжылдық аясында (2015-2019 жж.) құны 1,2 трлн. теңге болатын 135 жоба (18,3 мыңнан астам адам жаңа жұмыс орны) жүзеге асырылмақ.

Назгүл Назарбекова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5655