Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3639 0 пікір 23 Сәуір, 2011 сағат 06:34

Серікзат Дүйсенғазин. Ұлттық рухпен жасақтанған МұзАРТ

Еліміз тәуелсіздік алған тұста қазақ музыка өнері он шақты жыл өтпелі кезеңді басынан өткерді. Бұл жағдай, әсіресе, жас ұрпақтың есін алған эстрада жанрында қатты білінді. Өткен ғасырдың 1970-1980 жылдары сахна төрінде салтанат құрған «Дос-Мұқасанның» екпіні басылып, ел таныған көптеген эстрадалық топтар «балапан басына, тұрымтай тұсына» деген күйге түсуге мәжбүр болды.

Еліміз тәуелсіздік алған тұста қазақ музыка өнері он шақты жыл өтпелі кезеңді басынан өткерді. Бұл жағдай, әсіресе, жас ұрпақтың есін алған эстрада жанрында қатты білінді. Өткен ғасырдың 1970-1980 жылдары сахна төрінде салтанат құрған «Дос-Мұқасанның» екпіні басылып, ел таныған көптеген эстрадалық топтар «балапан басына, тұрымтай тұсына» деген күйге түсуге мәжбүр болды.

Осы кезеңде ресейлік әріптестерінің ізін қазақ жерінде сәтті жалғастыра білген орыстілді эстрада әншілері шоу-бизнеске тез бейімделіп, жұлдыздары оңынан туды. Қайда барсаң, Парвиз Назаров, Кирилл Ли, дуэт «Л», «Яшлык», «Мюзикола», т.б. сияқты топтар мен әншілердің әндері әуелеп, атақтары аспандап тұратын. Олардың әндері сол кездегі эстрадаға еліткен жас қауымның жүрегін жаулағаны анық еді. Ал қазақтілді эстрададан тек «АБК» тобы ғана бұлт арасындағы найзағайдай анда-санда жарқ ете қалатын. Бірақ бір ғана топтың әрекеті тәй-тәй басқан қазақ эстрадасының қанаты қатайып, басқалармен лайықты бәсекеге түсе алуына жеткіліксіз болғаны айтпаса да түсінікті еді. Осылайша нарық дейтін асау теңізде қайықтай қалтылдаған қазақ эстрадасы өз арнасын жиырма бірінші ғасырдың табалдырығын аттаған соң барып тапты. Сол көштің басында «МузАРТ» тобы тұрғанын ешкім жоққа шығара алмас. Есімі бала күнінен елге етене таныс Мейрамбектің жүректі шымырлатар мұңлы қоңыр дауысы мен домбыра тарту шеберлігі, Сәкеннің сәні келіскен тұлғасы мен ашық тенор дауысы, Мақсаттың мамыр айында соққан майда желдей биязы үні бір-бірімен үйлесіп, тыңдарманды бірден баурап алды. Топқа кейіннен қосылған Кенжебек те өз ерекшелігін ала келді. Оның сыңғырлаған тұнық дауысы, сылдырлаған сылдырмағы топтың ажарын одан сайын аша түсті. Қысқасы, «МузАРТ» нарықтың мұзына тайғанаған ұлттық эстрадамызды аяғынан тік тұрғызып, даңғыл жолға салып берді. Тұла-бойы ұлттық рухпен жасақтанған «МузАРТ»-тың жігіттері әнге деген ептілігімен қатар, талғамға деген тектілігін де көрсете білді. Әннің әуені мен сөзінің салмағына, елге беретін тәлімі мен тәрбиесіне баса назар аударды. Ешкімге ұқсамайтын өзіндік стиль қалыптастырды. Олар қазақтілді, орыстілді болып екіге жарылған қазақстандық тыңдарманды бір аудиторияға жинай білді. «МузАРТ» өнер айдынына шыққаннан кейін дуэт, трио, квартет деген топтар сахнада саңырауқұлақтай қаптады. Солардың сұранысқа ие болғандары сұрыпталып, сұранысқа ие болмағандары жаһандану дәуіріндегі шоу-бизнес дейтін сұрапыл тажалдың көмейіне жұтылып кете барды.

«МузАРТ»-тың жігіттері қашан көрсең, талмай ізденістің жолында жүреді. Олар сахнада өздеріне еліктеген топтар көбейген тұста тағы да тапқырлық пен табандылық танытты. Үлкен ұжымды жасақтау мен сақтаудың қиыншылығына қарамастан, тәуекелге бел буып, вокалды-инструменталды ансамбль құрды. Олар топтың арт-директоры Ерлан Жүнісбаймен, музыкалық продюсері Арман Бексұлтанмен ақылдаса отырып, Алматыдағы ең қабілетті оншақты музыканттың басын біріктірді. Жұрттың көбі компьютердің қуатына сүйеніп, фонограммаға ден қойып жатқанда бұлар вокалды-инструменталды ансамбльдің сүйемелдеуімен тірі дауыста ән салды. Ол аздай әрқайсысы жеке орындауда әндер жаздырды. Бір кездері оны естіген көпшіліктің арасында ««МузАРТ» ансамблі тарайды екен» деген сыпсың сөздің де жүргені де сол жеке ән салғандарының салдары еді. Олардың бұл әрекеті керісінше, топтың одан әрі нығаюына қызмет етті. Тіпті Алматы мен Астана қалаларында ұстазы Алтынбек Қоразбаевпен бірге қойған Мейрамбектің концерті бірнеше күн қатарынан қалай аншлагпен өткенін көзіміз көрді.

Өз басым бозбала күнімнен бір кездегі өнердегі таныстан сыралғы достарыма айналған Мейрамбек пен Сәкеннің ізденімпаздығын өте жоғары бағалаймын. Сәкен әнге аса талғампаз интеллектуал болса, Мейрамбек музыканың майын ішкен майталманның дәл өзі дер едім. Олар өз қатарына қосылған Кенжебекті де осы бағытта тәрбиелей білді. Өздерінің соңынан ерген жас әншілерге ақылдарын айтып, бағыт беруді де өздеріне азаматтық парыз санады.

Қазақ өнерінің бағы үшін туған азаматтардың арманы әлі де асқақ. Олар «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, «Мәдениет қайраткері» атағы, «Алтын Самұрық» байқауының жеңімпазы деген сияқты талай мәртебелі сыйлықтарды да жеңіп алды. Бірақ шыққан биігіне масайраған жоқ, керісінше, одан да биікке шығуға ұмтылу үстінде. Олар танымалдылығына мақтанған жоқ, керісінше, көптің көңілінен шығатын талғамды әндерді көбейтуге талпынды. Бүгінгі қоғамның басты талабы - бәсекеге қабілеттілік деген осы болса керек. «МузАРТ» ансамблі тәуелсіз қазақ елінің музыка өнеріндегі тамаша табысы деп ауыз толтырып айтуға болады. Сөз соңында биыл құрылғанына он жыл толған «МузАРТ» тобын осы азғана уақыт ішінде жеткен толағай табысымен құттықтаймыз.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН,

ақын, филология ғылымдарының кандидаты

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420