Елімізде алғаш рет «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасы қолға алынды
Қазақстан Жазушылар одағының тағы бір ауқымды жобаларының бірі – «Əдеби өлкетану».
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Президенті Əкімшілігінің қолдауымен жүзеге асқан жоба негізінде әр өңірден арнайы шығармашылық топтар құрылып, белгіленген кесте-жоспар бойынша облыс-аудандарға әдеби экспедициялар ұйымдастырып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көркем шығарма жазуды қолға алды.
Жоба барысында қаламгерлер төменде көрсетілген мақсат-міндеттер бойынша жұмыс атқарды:
1, Қазақстанда әр жылдары жазылған шығармалардың әдеби картасын жасау;
2, Ел аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізген қаламгерлердің материалдары негізінде жаңа кітаптар, көркем шығармаларды жазу;
3, Аймақтарда жалпыхалықтық деңгейге шықпаған әдеби-рухани жәдігерлерді зерттеу
4, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өңірлерде болып жатқан мәдени-рухани оң өзгерістер туралы және классикалық шығармаларда кездескен тарихи орындардың бүгінгі жай-күйі негізінде жаңа материалдар дайындау және т.б.
«Әдеби өлкетану» Ақмола облысынан бастау алып, Тараз және Қызылорда, Алматы, Түркістан және Маңғыстау, Павлодар, Атырау облыстары мен елордасы – Астана қаласында жалғасын тапты.
Қаламгерлер қауымынан қолдау тапқан жоба аясында қалалар мен облыстарды іс-сапармен аралаған ақын-жазушыларға тоқтала кетсек.
Филология ғылымдарының докторы, жазушы Нұрдәулет Ақыш, ақын, журналист Жұмаш Кенебай және сыншы, журналист Айгүл Кемелбаева Көкшетаудағы іс-сапар барысында облыстағы зиялы қауым өкілдерімен, оқырманмен жүздесіп, өлкенің тарихымен танысу, зерттеу мақсатында мұражай, мұрағаттарды аралады.
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Мырзан Кенжебайдың «Әдеби өлкетану|Сыр ғажайыптары» жобасы аясында Қызылорда қаласындағы сапары барысында Мырзан Кенжебай облыс әкімі
Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен Республикада алғаш рет ашылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығымен танысты. Аталмыш жоба аясында ақын, драматург Иран-Ғайып Қармақшы ауданына барса, белгілі ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Динара Мәлік іс-сапардан алған әсері мен жинаған деректерінің негізінде шығармасын жазуда.
Тараз қаласының тарихи-мәдени және әдеби өмірімен танысу және Жамбыл облысының өткені және бүгінгі бет-бейнесін көркем шығарма арқылы көрсету мақсатында әйгілі Әулиеата жеріне әдебиет сыншысы, ғалым Құлбек Ергөбек, ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының директоры Ерлан Жүніс, белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының «Әдебиетшілер үйінің» директоры Бейбіт Сарыбай барып қайтты.
Іс-сапар барысында қаламгерлер «Жамбыл» журналының Бас редакторы, жазушы Несіпбек Дәутайұлымен, Жамбыл облыстық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Берік Уәлимен, Мәдениет басқармасының басшысы Дүйсен Бықыбаевпен кездесіп, «Қазақстанның қасиетті жерлері» картасына енген қала ішіндегі және қала маңындағы «Көне Тараз» ашық аспан астындағы мұражайы, Көне замандағы мешіт, «Қарахан баба» кесенесі, «Айша бибі» кесенесі, «Шамансұр» кесенесі секілді тарихи маңызы зор орындарды аралады. Тараз қаласындағы «Қазақ хандығының 550 жылдығы» тұсында салынған мәдени орындар мен ескерткіштерді және күрделі жөндеуден өткен саябақтар мен мәдени демалыс орындарын аралап, қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар, облыстық кітапханада оқырмандармен шығармашылық жүздесуге қатысып, облыстық театрда «Әйелдер бір іс бастады» қойылымын тамашалады.
Аталған жоба барысында Алматы қаласын, шаһардағы мәдени-тарихи мекендерді аралаған қаламгерлер Қойшығұл Жылқышиев пен Гүлзада Ниетқалиева А.П.Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада оқырмандармен кездесу өткізді.
Кездесу кешінің шымылдығын ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан ашып берді. Қ.Жылқышиев пен Г.Ниетқалиева «Әдеби өлкетану» аясындағы сапарлары туралы әңгімелеп, өңірдің рухани шежіресіне қатысты зерттеулерімен бөлісті. Мәдениеттің ошағы, әдебиеттің киелі мекені саналатын Алматының мыңжылдықтан астам тарихы, өткені мен бүгіні жайлы өз көркем шығармаларында арқау ететін қаламгерлер, арнау жырлары мен болашақта жазылар шығармалары жөнінде сөз қозғап, жиналған оқырманға керекті деректерді көптеп келтірді.
Республика көлемінде зор қызығушылықпен қолдау тапқан жоба аясында Атырау облысына Нұрлан Қами, Маралтай Райымбекұлы, Мағиза Құнапияқызы барса, Түркістан облысына Айсұлу Қадырбаева мен Мақсат Мәлік барып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, Маңғыстау облысына Алмас Темірбай, Павлодар облысына Жарас Сәрсек, Дархан Бейсенбекұлы мен Мерей Қарт барып, облыстың тыныс-тіршілігі мен рухани-мәдени саласындағы өзгерістер мен жаңалықтарды біліп қайтты.
Елордасы – Астана қаласына барған Қанат Әбілқайыр, Алмаз Мырзахмет пен Любовь Шашкова шығармаға қажетті материалдарды жинады.
Республикамыздың әр аймағындағы әдебиетті, мәдениетті тереңінен танып, өлкеміздің тарихын зерттеп-зерделеп, оны көркем тілмен жеткізу ұлттық әдебиетімізге қосылатын мол үлес, өркендеуіне жол ашу екенін ескерсек, «Әдеби өлкетану» жобасы – әдебиетіміздің алтын қазынасына қосылған айтулы еңбек.
Гүлзия Бағдатқызы
Abai.kz