Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаш арысы 7618 0 пікір 9 Желтоқсан, 2018 сағат 19:11

Қазақ мемлекетінің қамын ойлаған адам Назарбаевтай-ақ болсын...

Өткен ғасырдың басында өмір сүрген қазақ арыстары "Қазағым қалай ел болады?"  деп бар білімін, күш-жігерін, қажыр-қайратын сарп етті. Кейіннен араларына сұрқия саясат арқылы жік түскеннен соң ауызбірліктен айрылды. Соның салдарынан талай оғландарымыз нақақтан құрбан болды, ақырында арманда кетті. "Қазақтың басына түскен сол зобалаң енді қайталанбаса екен" деген ниетпен осы осы мақаланы жазуға бел байладым.

Қазіргі жағдайды байыптап қарасаң, бұрқыраған ақпарат ағынына байланысты қоғамдағы қайшылықтарға, мемлекет басшысына деген көзқарастар өзгерген . Бұрын президент саясатын даттап отыратындар, қазір кері көзқарасқа ауысқан, не керісінше, бұрын президентті, оның саясатын қолдаған, ал қазір даттап жүргендер де арамызда баршылық. Әрине, әркімнің өз көзқарасы бар, біреуді одан тайдыру қиынның қиыны.

Күншілдердің немесе басты іріткі салғыштардың қазақ мемлекетіндегі қазіргі жағдайды нашар етіп көрсетуі қаншалықты шындық?

Сол қазақтың болашағын ойлағышсымақ күншілдердің (Аблязов және не жердің астынан шыққаны, не көктен түскені, немесе бар-жоғы белгісіз саяси қуыршақ Ержан Тургумбай секілділер) өздерінің істері таза ма, байлыққа таза жүріп жетті ме, қазаққа жақсылық жасады ма, Ринат Зайытовтың сөзімен айтсақ «Қазақстанда бір қора салып па?», жеті дүниеге жар салып айтып жатқандары шындыққа қаншалықты жанасады деген сияқты заңды сұрақтар туындайды.

Аблязовты 2-ші Ленин деседі, солай да шығар. Ленин шетелде отырып соғыстан қансыраған империалист-агрессор Ресей патшалығының күлін көкке ұшырды. Ал Аблязов үзіліп кете жаздап барып егемендікке қол жеткізген, сосын мемлекет ретінде енді гүлдене бастаған қазақ мемлекетін құлатпақ. Қазір үйдің сыртында үріп жүр. Біз патшалық Ресей сияқты қансыраған мемлекет емеспіз, гүлденіп жатқан мемлекетпіз, халықаралық қауымдастық та бұрынғыдай емес, ең бастысы ата-бабамыз армандаған, халық ретінде жойылып кете жаздап барып қолымыз жеткен егемендіктен айрылғымыз келмейтін елміз. Әрине, қазақтың ішінде әркімнің айтқанына еріп, істің байыбына бармай шатасып жүргендер де жеткілікті. Бірақ заман басқа, халық та баяғыдай қараңғы емес. Айтқанды солай екен деп қабылдай салмайтын, ізденіп, тексеріп, тарихқа, қоғам дамуына көз жүгіртіп, саралап, ақыл таразысына салып, өз көзқарасын анықтайтындар олардан да көп деп есептеймін. Бастысы, кеңес заманында тіршілік еткен аға буын өкілдері сияқты емес, жастардың арасында әлеуметтік желілерден түсетін қауесеттер соншалықты таратылмайды және оларға аса мән берілмейді.

Әрине, күншілдер неше түрлі алып-қашпа әңгімелерді таратады, ал қазіргі ақпараттың таралуы әп сәтте болғандықтан гу-гу әңгіме толастаған емес... Н. Назарбаевты да, оның айналасын да, облыс, аудан, ауыл әкімін де, қолында бардың бәрін күндейміз, көре алмаймыз.

Күншілдік туралы ғылыми негіздегі толық мағлұматты білгіңіз келсе, көрнекті түрколог-ғалым Немат Келімбетовтың «Күншілдік» атты хикаят-диалогын толық оқып шығыңыз.

Коррупцияны Назарбаев жасап шығарған жоқ, ол кеңес заманынан, тіпті одан да ерте қазаққа жабысқан ауру деп есептеймін. Мысалы, ұлы Абай да қазақ ортасындағы осындай келеңсіздіктермен алысып өткен. Жалпы алғанда бәріміз пендеміз, «адамның күні адаммен» деген қағиданы да жоққа шығаруға болмайды, бұл коррупцияның негізі емес пе? Батыстың дамыған елдеріндегідей заңға толық бағынатын елге айналу біз үшін өте қиын болып тұр. Себебі бізде «адамның күні адаммен». Әкім бола қалсам, өз жақындарымды жұмысқа тартам, баланың оқуында проблема болып қалса, таныс іздеймін, жұмысқа тұру үшін де, ауырып қалсам да таныс іздеймін, бірдемеге қол жеткізу үшін пара беремін... Коррупцияны үлкенді-кішілі қолында бірдеме барлардан бастап барлығымыз жасап жатырмыз, қаншама мемлекеттік қызметкерлер істі болып, сотталып жатыр, бірақ ұрпақ ауыспай заңға толық бағынушылыққа жете алмайтындаймыз...

Бізде батыстың дамыған мемлекеттеріндегідей неге болмайды дейміз, олардың осы жетістікке қаншама ғасырлар бойындағы даму арқылы жеткен көне мемлекеттер екенін ескермейміз. Айтар болсам, мен барған шетелдердің ішінде мемлекет билігін жерден алып-жерге салу ТМД елдерінде ғана бар сияқты, алыс шетелдегілердің әрқайсысы өз шаруасымен ғана айналысады, президент, парламент сияқты мемлекет билігінде шаруасы тұрмақ шатағы да жоқ...

Араб мемлекеттеріндегідей неге болмайды дейміз, олардың да көне халықтар екенін, өркениетті еуропалық колонизаторлар ол елдерде тұрғылықты тұрғын болмағанын (оған араб елдерінің табиғи-климаттық жағдайы да себеп болған шығар), белгілі бір уақытқа жұмысқа (мұнай өндіруге) келіп-кетіп қана отырғандарын, арабтар егемендік алғанда олардың жерін бірден босатқанын, халқының түгелдей дерлік арабтар болғанын, өзара жанжал туындай бастаса бірін-бірі сабырға шақыратын иманды ұлт екенін ескермейміз.

Тіпті, араб мемлекеттерінде олар мүлде жұмыс істемейді екен, бес уақыт намазын оқитындары да, оқымайтындары да төбеге түкіріп жатады екен, ақша қалтасына өздігінен құйылып жатады екен деседі. Қай уақытта да, қай мемлекетте де болсын тірлік істемегеннің аш қалатынын жақсы білетін арабтар бекер жатпаған болар, өз ісімен айналысып, бала-шағасын асырап жатқан болар. Біз «Ойпырмай, арабтардағы сияқты біздің қыруар байлығымыз (мемлекеттің байлығы) қалтамызға өзінен-өзі құйылып жатса керемет болатын еді, мемлекетіміз де қарыштап алға басар еді. Біз болсақ аш-жалаңаш жүрміз, мемлекет тұралап жатыр» - дегенге дейін барып жатыр. Сонда, онсыз да жұмысын қатырмайтын қазақ түк істемей жатпақ па? Ұлы Абай «Тамағы тоқтық, қайғысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген. Батыс елдеріндегі ондай азғындар туралы естіп-біліп жүрміз.

Ал біздегі жағдай қалай? Бізді орыс-агрессорлар қырды, қырып қана қоймай тірі қалғанымызды шұрайлы жерлерімізден ықтырып шығарды, өздері қоныстанды, ашаршылыққа ұшыратты, біздің санымыз мүлде азайды, олар қарқындап көбейді. Қалаларға әртүрлі желеулермен қазақтарды кіргізбеді, сондықтан ондағы қазақтар саны мүлде аз болды. Көпұлтты республикамыз егемендік алған тұста ана тіліміздің мемлекеттік тіл дәрежесін алуының өзі оңайға соқпады!

Естеріңізде болса, Нұрсұлтан Назарбаев 70-ке жетпей тұрған кезде «Ей, шал – кет!» деп демонстрацияға шыққандар да болды. Мемлекет басшысы тұрмақ кезкелген жасы үлкен адамға олай сөйлеудің өзі тексіздік, себебі қазақ үлкенді сыйлаған. Осы жерде Ержан Тургумбай деген тексіздің ұрысқан қатындарша президенттің адресіне аузына келгенін оттағанын естеріңізге салғым келеді.

Ол тексіздің де, Қырғызстанның президенті болған, президенттіктен кетерінде өзінің бұдан ары дәрменсіз болатынын сезгендіктен, ұпай жинау үшін және күншілдіктен Қазақстан, қазақ, Назарбаев аттарына жамандықты жабыстырмақ болған Атамбаевтың да оттағандарын естіп «Әй қандай керемет батыр, шындықты айтып салды» деп айызы қанғандарды көрдік. Өресі төмендер, басқаша айтсақ тексіздер ғана солай сөйлейтінін ескермейміз!?

«Ел аш-жалаңаш» дейтіндер, тірлік істемей «Алма піс, аузыма түс» - деп жатқандарға расында жаны ашыса көмектессін, ұдайы көмектесіп тұрсын, кім «Қой!» дейді?!

Шындығына келсек, қарапайым халық, қай-қайсымыз болсын өз құлқынымыздың қамымен, күнкөріспен жүрміз, мемлекет дамуына байланысты мәселелерді шешіп жатқан жоқпыз, сөйтіп отырып сынаймыз. Сынайтындар қатарында үш-төрт адамнан тұратын отбасын дұрыс басқара алмай отырғандар да жеткілікті.

Қазақтың, қазақ мемлекетінің қамын ойлаған адам Н. Назарбаевтай-ақ болсын. Бұған дейін еліміздің заманауи мемлекет болып қалыптасуына, халықаралық аренада сіңірген ұшан-теңіз еңбегін тізіп айтпасақ та, бүкілодақтық съезде қасқайып тұрып (Солженицинның жазғанына байланысты), «Казахстан никогда не будет чьим-то подбрюшьем» дегені естеріңізде болар?! Сол кезде бұл бүкіл қазақтың айызын қандырған, достары сүйінген, жаулары күйінген нағыз ерлік еді. Н. Назарбаев мемлекеттік туралы, М. Шаханов Желтоқсан көтерілісі туралы әр қазақтың көкейіндегіні бүкіл одаққа жария етті, сөйтіп олар қазақ деген халықтың бар екенін, қазақтың кім екенін дүние жүзіне танытты!

Елімнің жастары замана талабына сай білімнің иелері болсын, Қазақстанның болашағына еңбектерін сіңірсін деп «Болашақ» бағдарламасын жасағаны көрегендік емес пе?!

Мемлекеттіктің басты нышаны - мығым шекарасы болуы тиіс екенін ескеріп, ТМД елдері арасында осы мәселені шешуді алғашқы болып қолына алғаны қазақтың қамын ойлағаны емес пе?

Астананы көшіру туралы шешімге басқалар тұрмақ жанындағы мемлекеттік қызметтегілердің өзі күмәнмен қарағаны, ел аш-жалаңаш болып тұрғанда қай қаржысына қала салайын деп жатыр деп кекесінге толы материалды бұрқыратқандар да болды. Кейін жоспарлардың іске асқанына жалпы қазақ қана емес, солардың өзі ризашылық білдіріп жатқаны көз алдымызда өтіп жатыр.

Дарынды тележурналист Дана Нұржігіттің «Дара жол» телебағдарламасында екі қоғамдық формацияда өмір сүріп көрген, қазіргі қазақтың дарынды ақындарының бірі Несіпбек Айтұлы жаңа астана салынатыны туралы шешімді естігенде қатты қуанғаны, жалпы бұл идея Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Қаныш Сәтпаевтардың да ойларында болғаны, соны Н. Назарбаевтың іргемізді бекітуде кеткен есені қайтаруды көрегендікпен әрі көмеңгерлікпен жүзеге асырғаны туралы айтқан еді.

Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласын оқып па едіңіз? Көз жүгіртіп қарап шықпаңыз, зейін қойып, әрі толық оқыңыз. Тұнып тұрған халқының қамын ойлаған толғаулар...

Кайсымызға сондай ауқымды ойлар келді, халқымыз үшін қандай еңбек сіңірдік? Халықтың қамын ойлап, жоғын жоқтап, замана көшінен қалып қалмауын қарастыратын адамдар тарихта күнде тумайды. Ол кісіні осындай аумалы-төкпелі кезеңде, бәрін жалмап жатқан жаһандану заманында, қазақтың бағына дүниеге келген көшбасшы деп есептеймін.

Спортшылар елдің атын дүниеге паш ететіндерін ескеріп, көптеген спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырып (президент кубоктары), оларға қолдау көрсетіп, өнер және білім дарындарына да бар мүмкіндіктерді жасап, беретін білімі дүниежүзілік деңгейдегі Назарбаев университетін ашып жатқанын, яғни қаржыландырып жатқанын, т.б. қазақтың болашағына бағытталған келелі істерін соқыр-керең болмасақ көруге, бағалауға тиіспіз.

Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков сынды мемлекет қайраткерлерінің таным-білімі де, ақыл-парасаты да сіз бен біз сияқты қарапайым қазақтан әлдеқайда жоғары екені дау тудырмайтын шығар. Сол қазақтың біртуар азаматтары Н. Назарбаевқа жағымпаздану үшін емес, жанында жүріп қиыннан жол тауып отыратын ақылына, парасаттылығына, көрегендігіне тәнті болғандықтан дәріптеді деп есептеймін. Осы жерде әйгілі спортшымыз Әмин Тұяқовтың Әбіш Кекілбаев президенттің қолын сүйгенде болған халық арасындағы шуға байланысты айтқанын келтіргім келеді: «Ол кісінің президенттің қолын сүюі ешқандай жағымпаздық емес, ол батыс қазақстандықтардың өте жақсы көрген адамға қошемет көрсету, ризашылдығын білдіру ғұрпының көрінісі».

Тақта ұзақ отыр дейміз. Гүлденіп тұрған араб елдерінің ұзақ отырған басшыларын, мысалы С. Хуссейнді осы желеумен империалист-агрессорлар құртты, Сирия халқын тентіретіп жіберді. Оларға сол елдердің байлығы керек болды, халқының қамы, демократия дегендері бос сөз ғана. Алпауыттардың ақшасымен бүлік ұйымдастырған іштен шыққан жаулар елін тонаттырды, мемлекеттің күлін көкке ұшыруға көмектесті, байып алды. Зардап шеккен, қырылған, қалғандары босып кеткен қарапайым халық!

Қазақстан деген мемлекет бар екенін дүниежүзілік қауымдастыққа паш ету жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан, халқының қамын ойлаған, бүкіл болмысы тұнып тұрған идея, қай мәселе болсын асығыстық жасамай байыбына барып қана, мемлекет мүддесіне сай етіп қана шешім қабылдайтын кемеңгер, керек десең айлакер, денсаулығы жарамды басшы кімнің тақиясына тар болып тұр екен?!

Н. Назарбаев сонау нарықтық экономикаға енді көшкен кезде-ақ былай деді: «Біз өз байларымызды жасауымыз керек, ол байлар халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді, олардың ақшасы мемлекетке жұмыс істейді, сол арқылы экономикамыз көтеріледі. Қай мемлекеттің болсын тірегі сол елдің байлары».

Мемлекет басшысы болғанымен, ол кісі де пенде, айналасының баюына мүмкіндік жасады. Құранда да солай жазылған деседі: «Адам жақсылықты бірінші өзіне жасауы керек, сосын бала-шағасына, жақындарына, тамыр-таныстарына...».

"Қыздары барлық жоғары оқу орындарын сатып алып жатыр, туған-туыстары да бәрін басып, тартып алып жатыр" деген әңгімелер ел арасында жиі айтылады... Жоғары оқу орындарын алған болса, ақша да салып, сол мекеменің дамуына үлес қосып жатқан да болар, сонда жұмыс істейтіндер еңбекақысын алып отырған болар. Назарбаевтың қыздары жай байлыққа малшынып қана отырған жоқ, мемлекеттік, қоғамдық жұмыстармен айналысып, бизнесі арқылы елді жұмыспен қамтамасыз етіп жүр. Талайлардың байлыққа мастанып, басына қонған бақты көтере алмай, болдым-толдым деп, ойына келгенін істеп, қылмыскерге айналып кеткені де белгілі...

Олар болмаса олардың орнында бәрібір сіз бен біз сияқты қарапайым адамдар емес, басқа байлар болар еді. Одан бізге келіп-кетіп жатқан не бар?!

Қазір тек Назарбаевтың айналасы ғана емес, қолында бар үлкенді-кішілі биліктегілер де солай істеп жатқанына куәміз (жер болсын, базар болсын, сауда орындары т.б. болсын). Бірақ ол жұмыстарды да жүргізе білгендер жүргізеді, нарықтық экономика іс жүргізе алмағандарды сыртқа теуіп шығаратыны бесенеден белгілі.

Қазақстан байларының тізімінде Н. Назарбаевтың күйеу баласы мен қызы 1-ші болып тұр екен. Тұрсын, одан сіз бен бізге келіп кетіп жатқан не бар?! Жоқ, әлде 2-3 орындардағы Ким не Шодиев солардың орнында болса сіздің көңіліңіз көншитін бе еді?! Мүмкін қазақтың 1-ші болып тұрғанына қуануымыз керек шығар? Маған салсаң, Қазақстан байларының тізімі тек қазақтардан тұруын қалар едім. Атам қазақ «Адамнан адам кем емес, нәсібі бірақ тең емес» - дейді.

Қай басшы болсын, өзінің ойға алған мақсатын орындау жолында көптеген келеңсіздіктерге тап толады, себебі бес саусақ бірдей емес. Мемлекетте тыныштықты сақтау үшін қаталдық та қажет болады.

Арандатуға ұшыраған Жаңаөзен мұнайшылары қай күні ереуілге шықты, есіңізде болар?! Қазақ мемлекетінің егемендігін тойлау күні! Арандатушылар сол мереке күніне туралады, ал солар аңқау қазақтың қамын ойлағандар ма? Әрине, жоқ!

Құлсарыға үш жыл қатарынан іссапармен барып жүрдім. Мен, жоғары оқу орнының оқытушысы, сол кезде (2009-2011 жылдары) 75 мың теңге айлық алатын едім. Кен орнында жай оператор болып істейтіндердің айына 10 күн істеп алатын айлығы 120 мың. Олар 120 мың теңгені 10 күн істеп тапса, мен 75 мың теңгені күндіз сабақ беріп, кешке үйде сабаққа дайындалып, бір ай істеген жұмыс нәтижесінде аламын. Менің сондай айлық алатыныма олар сенбеді, өздерінің айлықтарын өте аз деп есептеді. Неге? Арандатушылар сендер мұнайдың үстінде отырып бұдан әлдеқайда көп алуға тиіссіңдер. Бар ақшаны билік қалтасына салып жатыр деген және араб елдері туралы мысалдар келтіріп үгіттеді. Арандатушылардың арқасында көтерілген халықты жағдай ушығып кетпей тұрғанда басуға тура келді. Олай болмағанда өрт қаулайтын еді, ол қазаққа керек пе еді? Түсінгісі келмейтіндерді солай басқаннан басқа жол жоқ, ұшқындай бастағанда, жалындап, лапылдап жанбай түрғанда өшіру керек болды.

Жерді сату-сатпау туралы мәселе «ҚР Жер туралы заңы»(2002), «ҚР Жер кодексі» (2003) шықпастан бұрын көп талқыланған еді. Шешім қабылданды, жерді ешкім өзімен көтеріп алып кетпейді деген есеппен сатылатын болды. Сол, сатуға болатын жеке меншіктегі жер қоры 2%-ға да жетпейтінін біреу біледі, біреу білмейді. Шындығында, соншалықты проблема болған жоқ еді. Бар болғаны, бұрын жер шетелдіктерге 10 жылға жалға берілетін болса, енді, жалға жер беріңдерші деп кезекте тұрған шетелдіктер болмағандықтан және аз уақытқа жалға алғандар жерді бүлдіріп тастап кетпеуі үшін жалға беруді 20 жылға созуға шешім қабылданған еді. Осыған байланысты митингке барғандар жалданып шыққандар екені белгілі болды.

Қазір де кей саясаткерлер жер мүлде ешкімге сатылмасын деп жүр. Популизм үшін бе, әлде қайтадан заң қабылдату үшін бе? Жер сатылып жатқалы 15 жылдан асты. Жер сатылатын болғандықтан қаншама қазақ қаладан, қала маңынан жер алып, үй салды, қайта алып, қайта сатты, яғни қажетті тірлігін істеді. Оны да естен шығармауымыз керек шығар.

Назарбаевтың аты аэропортқа, көшеге беріліп жатқаны т.б. туралы да әңгіме көп. Бұрын мен де мұны дұрыс емес деп есептейтінмін. Қазір ой өзгерді: Кеңес өкіметі кезінде қайтыс болған атақты адамдардың «атын мәңгілікке қалдыру үшін» деп көшенің, қаланың, мектептің атын беріп жататын, кейін оларды қаралап, атын өшіру басталды. Неге сіңірген еңбегі бар адамға тірі кезінде қошемет көрсетпеске, сол арқылы оны марқайтпасқа. Көзі тірісінде еңбегі ескерілгенін көру ғанибет емес пе! Өлгеннен кейін мақтадың не, даттадың не?!

Бастысы, Елбасы өз ұлтының, өз мемлекетінің болашағын ойлайтын ер екенін күншілдер қанша даттап жатқанына карамастан дәлелдеп қойған. Ал, күншіл адам мұңшыл, азап шеккің келмесе күншіл болма.

Кемшіліктер де, ұрлықтар да болып жатқанымен, қазіргі Қазақстандағы кез келген ауқымды істі жеке адам да емес, құры айқайдың адамдары да емес, мамандар командасы дүниежүзілік тәжірибелерді жан-жақты зерттеп, бұрынғы жіберілген қателіктерді ескере отырып жүзеге асырып жатыр.

Біз озық мемлекеттер қатарына қосылу үшін, «Қазақ - ұлы халық» деген дәрежеге жету үшін, мемлекетіміз гүлдене түсіп, қоғамымызда оң өзгерістер болып тұруы үшін, яғни егемендігіміздің баянды болуы үшін не істеуіміз керек?!

Бар қазақ қазіргі таңдағы бос байбаламшылдар мен заржақтардың қауесеттерін елең қылмай, сөзге ергіштікті қойып, қашан да болсын әр мәселеге байыппен қарап, парасатты шешімдер қабылдауы тиіс. Әрине, билік кейде шектен шығып кетуі мүмкін, оған елдің бар екенін, халықтың қамын ойлау керек екенін мезгіл-мезгіл еске түсіріп отыру да қажет болар. Жұмыс істемеген ғана қателеспейді, ал жұмыс барысында шаруаның кей тұстары ескерілмей қалатыны, қателіктер болатыны белгілі.

Орыс халқымен қатар өмір сүріп келеміз, олардың жақсы да жаман да қасиеттерін өзімізге сіңіргенбіз. Ендігі орыстан алуға тиісті қасиеттер - отаншылдық пен ұлттық намыс. Отаншылдық пен ұлттық намысты жоғары дәрежеге жеткізу жеке басымыздың еншісінде.

Ата-бабамыз келешек ұрпақтың рухани азық етуіне, тіршіліктің қай қырының болсын шешімін табуға септігі тиетін мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді, ой-толғауларды асыл мұра етіп қалдырған. Оларға ұлы Абайдың «Қара сөздерін» қосайық. Міне, біз осындай байлықтың мұрагеріміз. Сол байлықтан нәр алуға тиіспіз.

Қалай болғанда да сананы өзгертуге, тілді, ұлттық намысты, патриотизмді дамытуға қазіргі қазақ қоғамының білімі мен танымы жеткілікті. Егемендік заманында дүниеге келіп, қаулап өсіп келе жатқан дарынды ұл-қыздарымыз бар, мемлекеттік құрылым бекіген, халықаралық қауымдастықта алып отырған орнымыз бар. Кемшіліктеріміз болғанымен, жақсы жақтарымыз да жеткілікті. Қазақ сияқты дархан, бауырмал әрі «Алланың бергеніне тәуба» дейтін халықты, өзінің пейіліне қарай, Алла да қолдайды. Сондықтан мен өз елімді болашағы зор, мұратқа жетуге әлеуеті бар халық деп есептеймін.

Қапар Үсен

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394