Елбасының мақаласы жайлы
"Егемен Қазақстан" газетінде Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" деп аталған мақаласы жарияланып, зиялы қауым өкілдері пікірлерін білдіруде. Әсіресе жағымпаз шенеуніктер мен парламент пен сенат депутаттары оза шауып: Ұлы даладан "атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы бүкіл дүниежүзіне таралғаны, онда ежелгі металлургия кеніштері болғаны жайлы жарыса жазуда. Президент мақаласын зейін сала оқып шығып, онда алып бара жатқан жаңалық жоқ екеніне көзім жетті. Оқырмандардың назарын ұсынылған жеті қырдың бәрі бұрыннан белгілі, талай айтылған және жазылған. Бірінші қырдың не себепті "ат міну мәдениеті" деп аталғанын түсінбедім, мақала орысша жазылып, мағынасы дұрыс аударылмады ма? дегендей ойға келдім. Журналист Әділбек Қаба Ұлы далада өркениет басталуы жайлы былай деп жазған екен: "Жаяу еді, дамуы баяу еді. Атты үйретіп мінді , құстай ұшты. Жылқы дала халқының жан серігі, мінсе көлігі, қарны ашса- ас, шөлдесе - сусын , тоңса киімі болды. Атың барда ел таны , Ұлы дала ұрпағы Аттила Греция мен Европаға дейін атпен барыпты. Жылқыны алғаш Қамбар ата бағыпты".
Жылқы жайлы бір естелікке тоқтала кеткенді жөн көрдім. Алматы облысы Кеген ауданының тумасымын. Мұхтар Әуезовтың "Қилы заман" романындаға 1916 жылы Албан көтерілісі өткен "Қарқара" жайлауын жақсы білемін. Кұнбатысына қарай " Мыңжылқы" Қырғыздың Түп ауданымен шектесіп жатыр. Қазақ жер атын бекер қоймаған, кезінде Теріскей Алатаудың баурайындағы шөбі шүйгін белуардан келетін Қаркара мен Мыңжылқы жайлаулары жаз айларында жүздеген отар қойлар мен үйір үйір жылқыларға жайылым болды. Ұлы Отан Соғысы жылдары атты әскерді қамтамасыз ету мақсатында құрылған 40-конезауыт деп аталатын кеңшардың мыңға жуық үйір үйір жылқылары осы жайлауларда жайылушы еді. Әр үйір реңіне қарай сұрыпталған 20-25 биеден тұрады, ақбоз, күрең, торы, жирен, шымқай қара, және т.с.с. Оларды айғырлар шашау шығармайтын, кісінеп, бөтен жылқыны маңына жолатпайтын. Жылқы зауытынан неше түрлі сәйгүліктер шыққан, "Шалқұйрық" деп аталған айғыр жарыста ылғи бірінші орын алатын. Нағашым көп жылдар бойы "Түйеторы" деген ат мінді. Шоқтығы биік, тұрқы ұзын, жалы қалың, шашақталған құйрығы жерге түсетін. Жазда салт мініп, қыста көбінесе екі-үш адам отыратын жеңіл шанаға шегетін. Жануардың сар желісіне жай аттар шауып әрең ілесетін. 50-жылдардың соңына қарай КСРО мемлекетінің басшысы Н.С. Хрущев малды арнайы қоршауларда ұстаймыз немесе техникамен бағамыз, жылқының енді қажеті жоқ деп айтқан болу керек. Жергілікті жандайшаптар қыркүйектің басында "Конезауыт" жылқыларын үйір-үйірімен қамап, мәшинеге тиеп Алматыдағы ет комбинатына өткізді. "Шаш ал десе бас алуға" дайын тұратын пысықайлардың кесірінен қаншама малдың асыл тұқымы жоғалды. Осындай жағдай 90- жылдары жаппай жекешелендіру кезінде қайталанды,Таулы жерге бейімделген архар -меринос қойы мен ірі қарамалдың "Головей" тұқымын құрттық.
Ауылшаруашылық саласының маманы болғандықтан Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны екені жайлы жазылған жетінші қырға біраз тоқтала кеткенді жөн көрдім. Бұл жайлы да талай айтылып, жазылып келеді. Мәселен, Ақсу- Жабағлы табиғи қорығында қызғалдақтың 30-дан аса түрі кездеседі екен. Солар Голландия (Нидерланды) ғалымдары шығарған мәдени қызғалдақтың ата тегі болғаны да рас шығар және пайдаланылып келе жатқан болу керек. Осыдан бес-алты жылдай бұрын шығарылған жаңа сорт Елбасы атымен аталған. Біз болсақ отырғызуға арналған қызғалдақ пиязшықтарын шетелден тасымалдаудамыз.70-80 жылдары Алматы маңында ондаған гектар жерде неше түрлі гүлдер өсіріп, ішінде қызғалдақта бар, орлардың тұқым шаруашылығымен айналысатын, жылдық табысы бірнеше миллион сомға жететін "Гүлдер" деп аталған шаруашылық болған. Жекешелендірудің бастапқы жылдары ақ оның түбіне жеттік .
Алмаға келсек Іле мен Теріскей Алатауының бөктерлерінде жабайы алма және басқа да жеміс ағаштары мен жидек бұталаларының неше түрі өседі. Кезінде Ресейдің Томбов губерниясынан қоныс аударған бағбан әкелген тікпе көшеттерін жабайы «Сиверс» алмасына теліп, бүкіл әлемге әйгілі Алматы апортын шығарған. Бұл сортқа Іле Алатауының тау бөктерінде орналасқан ауа райы қоңыржай, топырағы құнарлы жер қолайлы. Егемендік алғаннан кейін не болды? Жеміс беріп тұрған бақтарды қопарып биік дуалдармен қоршалған екі- үш қабатты үйлер мен қамалдар салдық. Сонымен астананы былай қойғанда, алманы Алматыға Иран мен Қытайдан, Польшадан тасыдық 2013 жылы .импорт көлемі 129 мың тонна болса, экспорт 89 мың тонна болыпты. Әрине, Алматы апорты түп тамырымен жоғалып кеткен жоқ,: сатып отырғандардан сұрасаң осыдан 40-50 жылдай бұрын отырғызылған бақтардан жиналғанын айтады. Өкінішке орай Апорт алмасын өсіруге қолайлы шығыста Есіктен бастап, батыста Ұзынағашқа дейінгі Іле Алатауының бөктеріндегі жер бос емес, үй салынған. Жонғар Алатауында Сарқанд пен Талдықорған айналасында әлде де қолайлы жерлер 2лде де болу керек. Алма және басқа жеміс дақылдарын өсіруге маманданған, олардың тікпе көшеттерін дайындаумен айналысатын Жандосов атындағы және т.б. шаруашылықтарды жекешелендіріп, құрдымға жібергенбіз. Соңғы жылдары көп күттірмей өнім беретін ( 3-4 жылда) , түсімділігі жоғары жаңа алма бақтары отырғызылуда, бірақ та көшеттер көбінесе шетелдерден әкелінуде. Олармен бірге жеміс ағаштарының бактериялы күйігі деп аталатын карантинді нысан саналатын аса қатерлі ауруды тараттық.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жайлы «Қазақ үн»і мен «Абай КЗ» порталдарында жарияланған материалдарды оқи отырып, Еуразия шығармашылық гильдасының мүшесі Оралбек Ботбайдың пікіріне назар аудардым. Профессор көбінесе кәсіпкерлікпен айналысатынына тоқтала келе ойын: «Ең бастысы біз кім екенімізді білдік» деп түйіндепті. Ғылыми атағы бар зиялы адам осылай десе, Президент мақаласында көтерілген мәселелер жайлы қарапайым халық, әсіресе біздің болашағымыз жастар не біледі деген ойға келіп осы мақаланы жазуға бел байладым.
Қазақ хандығының тарихы тереңнен - онбесінші ғасырдың екінші жартысынан Жәнібек пен Керейден басталады, демек бес жүз жылдан асады. Оналтыншы және онжетінші ғасырларда оның шекарасы ұлғая түскен, Қасым ханның кезінде орталығы Ұлытау болып Жетісу,Талас, Шу, Қаратал, Іле өлкелерін қамтыған. Ресеймен қатар, Орта Азия елдерімен қарам қатынас жасаған. Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін қазақ хандығы үш жүзге оқшаулана бастайды. Осыны пайдаланған ойрат жасақтары онжетінші ғасырдың ортасына қарай ел аумағына басып кіреді. Орбұлақ шайқасында қазақ жасақтары сарбаздарымен Самарқандтан көмекке келген Жалаңтөс бахадур әскерінің көмегімен он мыңнан аса жау әскерін жеңгенмен, ойраттарға толықтай тойтарыс бере алмайды. Жоңғарлардың жойқын шабуылынан жүз мыңнан астам қазақ сарбаздары қаза табады, бейбіт халықтың әр онының төртеуі қырылады,тірі қалғандары туған жерін тастап, жан сауғалап тоз-тоз болады. Тарихта бұл - «Алқакөл Ақтабан шұбырынды» деген атпен белгілі.1710 жылы жоңғарлар қазақ жеріне қайтадан басып кіріп, біраз уақыт үстемдік жүргізеді. 1728 жылы Әбілқайыр хан бастаған кішіжүз жасақтары оларға жақсы соққы береді. 1730 жылы Абылай ханның басшылығымен Аңырақайда (Балқаш көлінің маңы) Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Қарасай, Малайсары және т.б. батырлар бастаған жасақтар қалмақтарды ойсырата жеңіп, жұртымызды азат етті. Бұл жеңіске Төлеби, Қазбекби, Айтекеби даналарымыз үш жүзге бөлінген жұртымызды бірлікке шақырып өз үлестерін қосқан.
Елін жаудан азат еткен батырларымен қатар, Ұлы даладан қазақ халқының даңқын бүкіл әлемге паш еткен өнерпаздар да шыққан. Мәселен, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәтімбет және т.б. қос ішектің кең даламызды тербетіп дүбірлеткен, Қорқыт ата мен Ыхластың қобызды орындалатын зарлы күйлері. Біржан мен Сара, Жаяу Мұса, Балуан Шолақтың ұрпақтан ұрпаққа ұмытылмас әндері қалды. 30 жасында қайтыс болған Шоқан Уалиханов үлкен ғалым ретінде танылып, Қашғария сапарынан кейін орыс географиялық қоғамының мүшесіне сайланды.Ол халық аузынан «Баянсұлу мен Қозыкөрпеш» , қырғыздың Манас эпосын жинап жазба нұсқаларын қалдырды. Ыбырай Алтынсарин ағартушылықпен айналысып, мектептер ашты, қараңғы халқымыздың сауатын ашуға, білім беруге тырысты, этнограф, жазушы және үлкен қоғам қайраткері ретінде тарихта қалды. Оның: «Кел балалар оқылық, оқығанды көңілге ықласпен тоқылық» деген өлең жолдары екі ғасырға жуық қайталануда. 28 жасында дүниеден озған Сұлтанмахмұт Торайғыров ағартушылықпен айналыса жүріп, «Қамар сұлу», «Кім жазықты романдарымен қатар, «Адасқан өмір» поэмасы және көптеген өлеңдер жазды. Әміре Қашаубаев халық әндерін нақышына келтіре құйқылжыта орындап 1925 жылы Францияда өткен дүниежүзілік сән өнері жарысында екінші, 1927 Германияда бірінші орынды иеленді.
Әдебиетіміз бен өнеріміз, мәдениетіміздің дамуына орыс зиялылары әсер еткенін жоққа шығаруға болмайды. Шоқан Уалихановтың дүниетанымының кеңейіп ғалым ретінде қалыптасуына Семенов -Тяншанский, И.И. Бердин, Г.Н. Потанин, Ф. И. Достоевский, ал Абай Құнанбаевқа - Е.П. Михаэлис, Н.И. Долгополов және т.б. тәлім -тәрбие алды. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары мың қазақ әндері мен күйлерін жиып, нотаға түсірген Александр Затеевич болды. Ұлы Отан Соғысы жылдары Ленинград пен Мәскеу театрларының Алматыға көшірілуі өнер салаларының дамуына біраз әсерін тигізді. Евгений Брусиловский Мұқан Төлебаевпен бірлесе «Қыз жібек» операсын жазып, сахналады, кейінірек «Ертарғын» мен «Жалбыр» опералары қойылды. Балет өнері қолға алынып, Шара Жиенқұлова, Н. Тапалова және басқалар өнерін шыңдады, «Қалқаман Мамыр» балеті қойылды. Қазақ бұлбұлы атанған Күләш Байсейтова КСРО халық әртісі атағын және екі дүркін мемлекеттік сыйлық алды. Жазушыларымыз Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсрепов , Ғабиден Мұстафин, Жамбыл Жабаев және т.б. шығармалары ана тілімізбен қатар орыс тілінде жарық көрді, Шәкен Айманов «Біздің сүйікті дәрігер» «Алдаркөсе», «Атаманның ақыры» сияқты тарихи киноленталарын түсіріп көрермендердің алғысына бөленді. Композитор Ахмет Жұбанов қазақ халқының кәсіби музыкасының негізін қалады. Л. Хамидимен бірлесе ол Абай опрерасының музыкасын жазды. Мәкәлім Қойшыбаев ұлт аспаптары оркестерімен орындалатын симфониялар мен поэмапар жазды.
50-жылдардан бастап әдебиет пен өнеріміз, мәдениетіміз, ғылым салалары қарыштап дамығанын қалай ұмытуға болады. 1946 жылы Қазақстан республикасының Ұлттық академиясы ұйымдастырылып, оның бірінші президенті Қаныш Сәтбаев болды, кейінірек ғалым КСРО академиясының толық мүшесіне сайланды, еліміздің жер астындағы табиғи байлықтарын терең зерттеп, ірі өндіріс орталығына айналуына үлесін қосты. Қазақстан магниткасы, Балхаш пен Жезқазғанның мысы, Қарағандының көмірі республикамыздың мақтанышына айналды. 50- жылдар тың жерлер игеріліп, ен далада қаншама кеңшар орталықтары бой көтерді, бригадаларға дейін асфальт жолдар салынды. Шортандыда Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ашылды, Еділ жағалауы мен Оңтүстік Орал, Батыс Сібір мен Алтай аймақтары үшін егін шаруашылығының, әсіресе топырақты жел эрозиясынынан қорғаудың ғылыми негізі қаланды. Бірнеше рет Отан қоймасына Қазақстан миллиарды құйылды, сапасы жоғары бидай өнімдерімен Орта Азия және Балтық жағалауындағы елдер қамтамасыз етілді. Егін шаруашылығының игілігін егемен еліміз бүгін де көріп отыр, негізгі астықты өлке солтүстік өңірден жыл сайын жеті-он млн тонна астық экспортқа шығарылуда, бұл көрсеткішті екі еселеуге толық мүмкіндік бар. Соңғы жылдар егін шаруашылығы әр тараптандырылып майлы дақылдардың егіс көлемі артуда, дихандар күнбағыс, рапс пен зығыр майларын жақын және алыс шетелдергеэкспорттауда.
60-80 жылдары Д. А. Қонаевтың басқаруымен Қазақстан өндірісі мен ауылшаруашылығы дамыған республикаға айналды. Павлодар трактор және алюминий зауыттары, Екібастұз көмір бассейні, Алматыда мыңдаған жұмысшылар, әсіресе қазақ қыздары істейтін мақта-мата комбинаты және т.б. іске қосылды. Өндіріс нысандары шоғырланған ірі қалаларды ет пен сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін қарамал кешендері мен құс фабрикалары салынды. Қой санын 35-40 миллионға жеткіздік, маманданған шаруашылықтарда 500-600 адам жұмыс істеді, тек жүннен түскен пайда олардың барлық шығынын жабатын. Жастарға орта мектеп бітіру міндетті, жоғарғы білім алу, дәрігерлік көмек пен тұрғын үй алу тегін болды. Еңбекке жарайтын барлық адамдар жұмысқа тартылды, ертең жұмыссыз қалам, қалай күн көрем деп сары уайымға салыну болған жоқ. Әдебиетіміз бен мәдениетіміз дамыды. Өз өнерлерімен Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов бүкіл елімізге танымал болды, КСРО халық әртісі атақтарын алды. Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Хамза Есенжанов, Бауыржан Момышұлы, Роллан Сейсенбаев, Қабдош Жұмаділов, Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртаза тарихи романдарын, Олжас Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Кенен Әзербаев, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Кәкімбек Салықов және т.б. өлеңдері мен дастандарын жазды. Жазушыларымыздың шығармалары ондаған мың тиражбен баспадан шығып, кітап дүкендерінде сіресіп тұратын. Шәкен Аймановтың: «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдаркөсе», «Атаманның ақыры», Сұлтанахмет Қожықовтың - «Қызжібек», Абдолла Қарсақбаевтың - «Менің атым Қожа» және т.б. кинофильмдер көпшілік көрермендердің көңілінен шығып, жоғары бағаланды. Олардың біразының музыкасын, үлкен дарын иесі белгілі композитор Нұрқиса Тілендиев жазды. Шамшы Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Әбілахат Еспаев және т.б. композиторларымыз әндерін шығарды Жазықсыз қудаланған Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайберді және т.б. әдебиет тарландарының шығармаларымен халқымыз қайта қауышты.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихымызды, ұлттық болмысымызды жанжақты зерттеу үшін кешенді бағдарлама жасауға түрткі болып отырғаны, туризмді дамытатыны және т.б шараларды іске асыруға көмектесетіне күмән келтірмеймін. Өкінішке орай, екі-үш жылда бір ауысып тұратын Білім және ғылым министрі білім беру жүйесін реформалаудан көз ашпады. Орта білім беру бағдарламасының жиі өзгеруі, білім дәрежесін ҰБТ арқылы сараптау оқушылардың терең және жанжақты білім алуына кедергі жасап отыр, ойлану қабілетін өрістетпей, жаттандылыққа үйретеді. Соңғы жылдары қолға алынып отырған үштілділік саясат: бірінші сыныптан, тіптен бала бақшасына бастап ана тілмен қатар, ағылшын және орыс тілдерін қоса үйрету, жоғарғы сыныптарда информатика және табиғат тану пәндерін ағылшын тілінде жүргізу салдарынан келешек ұрпақ бай әдебиетіміз бен тарихымызда оқып білуге уақыты болмай, мәңгүрт болып өсеме деген қауіп қатер бар.
Қазақстан шекарасы тек егемендік алғаннан кейін ғана белгіленді, бұрын болмаған деген жаңсақ пікірден аулақ болуымыз керек. Ол осыдан 100 жылдай бұрын, Қазақ автономиялы республикасының жер аумағы белгіленген кезде анықталған Өкінішке орай, батыс пен теріскейдегі біраз мекеніміз Ресей территориясына, оңтүстіктегі Өзбекстанға кірген. Сондықтан да ұлы күйшіміз Құрманғазының кесенесі Астрахан облысында, Есімхан кезінде қабылданған тұңғыш заң - жеті жарғы авторының бірі - сөз зергері, Төлебидікі Ташкенттің ортасында қалып отыр. Н.С. Хрущев билік құрып тұрған кезде Бостандық, Киров, Мақтаарал, Жетісай аудандарының біраз аумағы көршімізге берілген, кейін ол толықтай қайтарылмады. Ендігі басты мақсат егемендік алғаннан кейін заңдастырылған жер аумағымызды келесі ұрпаққа сақтап қалу. Жер Астындағы байлығы талан-тараж ға түсіп сарқылғанмен, үстіндегі байлық әлде де бірнеше ұрпақтың кәдесіне жарар деп ойлаймын. Билікте отырған бір адамды дәріптей бермей, ақпарат көздері арқылы бай тарихымыз бен әдебиетімізді және өнерімізді кеңінен насихаттау керек. Бірақ та көпшілікке Баян Есентаеваның (Алагөзова) асылымызды, жібек дүниемізді жүн-жұрқа еткен «Күләш» және «Баян Сұлу» сияқты көркемдік дәрежесі төмен, тарихи шындықпен үйлеспейтін үстіртін түсірілген фильмдердің қажеті шамалы.
Мұрат Қойшыбаев
ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz