Сенбі, 23 Қараша 2024
3657 0 пікір 19 Желтоқсан, 2018 сағат 16:58

Астанада әлемдік «Notre Dame de Paris» мюзиклінің премьерасы өтті

Орталық Азияда тұңғыш рет! Елорда төрінде «Бейбітшілік және келісім» сарайында Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемге әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклінің алғашқы қойылымы өтті. Атақты француздық-канадалық мюзиклдің премьерасы 2018 жылдың желтоқсанның 24-не дейін жалғасын табады.  

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен «Qazaqconcert» мемлекеттік концерттік ұйымы ұйымдастыруымен қазақ тілінде сахналанатын  «Notre Dame de Paris» қойылымы отандық театр өнері үшін жаңа жетістік, тың жаңалық болды.

Әлемдік мәдениеттің жауһарына айналған «Notre Dame de Paris» мюзиклі француздық шансон мен сыған мотивтеріндегі танымал әндер, хореография, акробаттар өнері және қайталанбас декорациялармен өрнектелген. Мюзикл желісінде қазақ тілінде орындалатын «Belle», «Danse mon esmeralda», «Le Temps des Cathedrales» секілді елуге жуық әннің әуені тыңдарманды бірден баурап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Уақыт сынынан өтіп, талғампаз көрерменнің ыстық ықыласына бөленген мюзикл ешкімді бейжай қалдырмағаны анық.

Дүниежүзін таңқалдырған «Notre Dame de Paris» мюзиклінің 20 жылдығы елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Алғаш рет 1998 жылы Париж қаласында қойылған мюзикл әлемнің 9 тіліне аударылған. Енді, Қазақстан атақты мюзиклді өзінің мемлекеттік тіліне аударған оныншы ел болып отыр. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асатын «Notre Dame de Paris» қойылымы заманауи Қазақстанның тарихындағы айтулы оқиға болары сөзсіз.

«Notre Dame de Paris» мюзиклінің түпнұсқасымен сәйкес келетін қазақ тіліндегі қойылым өзінің түпкі сарынын сақтап қалды. Қойылымның басты ерекшілігі мен жетістігі – қойылымда өнер көрсететін талантты вокалистер, актерлер, акробаттар мен бишілер еліміздің барлық аймағынан іріктеліп, 5 ай бойы қатаң кастингтен өткен отандық өнерпаздар болып табылады. Бұл қойылымға жетекшілік ететін мюзикл авторлары Р.Коччанте мен Л.Пламондон, сондай-ақ француздық продюсерлер мен режиссерлер қазақстандық әртістердің жұмысына жоғары баға беріп отыр. Ал либреттоны қазақ тіліне аударған белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366