Сәрсенбі, 2 Қазан 2024
46 - сөз 3449 6 пікір 21 Қаңтар, 2019 сағат 12:50

Өз елінде құжатсыз жүргендер санаққа іліне ме?

Биыл бүкілхалықтық санақ басталады. Бұрынғыдан өзгерек . Тұрғындар ғаламтор арқылы тіркеледі. .

Мені мазалайтын бір сұрақ бар.
Қаны қазақ ,құжаты өзге елдікі. Өзбекстан ,Түрікменстан ,Қарақалпақстан, Моңғолиядан елге оралып, 18-20 жыл бойы азаматтық алмаған, төлқұжатының мерзімі өтіп кеткен қандастарымыздың түйіткілі қалай шешіледі?
Олар бала-шағасын қазақ тілінде оқытып, өз елінде бақытты өмір сүреміз деген үмітпен оралған қанша ағайын екі елдің ортасында сенделіп жүр. Олардың балалары да, немерелері де қазақ. Құжатын ауыстыру машақаты шаш-етектен.
Олардың балалары 9 жыл білім алады. Әрі қарай құжатсыз шәкіртті оқытуға мектеп әкімшілігінің де құқығы жоқ. . 

Бұл шегі жоқ , мәңгі-бақи шешілмейтін проблема сияқты. Қазақтың проблемасы. Ата-жұртына оралып, жетімсіреген жандарға қалай көмектесеміз? Не істеу керек?
Санақ басталғанша олардың түйіткілі шешілмесе тағы да санаққа ілінбейтіні анық.
Шетелден оралған, құжаты жоқ қазақтар қазіргі таңда әлеуметтік көмек, зейнетақы алу, медициналық көмек, білім алу ,тұрақты жұмысқа орналасу ,мүгедектігі бойынша жәрдемақы алу секілді еліміздегі саналуан әлеуметттік жәрдем -көмектен қағылған.
Тіпті үйленгенімен неке туралы куәлігін алмайды.

Былтыр 23 ақпанда Түрікменстаннан келген отбасының мәселесін шешуге кірістім. Өкінішке қарай Сыртқы Істер министрлігі , Дүниежүзіқазақтары қауымдастығына жолдаған хаттарға жауап алмадым. Түрікменстан консульдығы съемка түсіру үшін СІҚ рұқсат алыңыз деді. 

Өкінішке қарай министрлікпен байланысқа шығу мүмкін емес. Телефон тұтқасын ешкім алмайды.
Амалым таусылған соң , Біріккен Ұлттар ұйымының өкіліне хабарласып, көмек сұрадым. Бастапқыда сең қозғалғанымен жергілікті көші-қон полициясына келгенде іс сиырқұйымшақтанып кетеді. Оның себебін ешкім түсіндірмейді.
Қазір Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Арал ауданында үш мүмкіндігі шектеулі жанды ауылдың зейнеткерлері бағып отыр. Қариялар ай сайын зейнетақысынан 200-100 теңгеден ақша жинап, үш мүгедекке азық-түлік сатып алып, асырап отыр. Ауыл әкімдігі көмірмен қамтамасыз етіпті.

Олар Қарақалпақстаннан қоныс аударған. Ата-анасы азаматтық алып, зейнетақысымен солардың құжатын жасау үшін шапқылап-шапқылап, қайтыс болып кеткен. Тұрғындар үш мүсәпірді мүгедектер үйіне орналастыруға да ұмтылған. Бірақ құжатсыз олар да қабылдамаған.
Егер тізбектей берсем, олардың машақаты көп.

Халық санағы қарсаңында өз жұртында жәутеңдеп жүрген қаракөздердің мәселесі елеусіз қалмаса екен.

Жазира Бегалының facebook парақшасынан

Abai.kz

6 пікір