Маңғыттар дегеніміз кімдер?
«Маңғыт» этнонимі XIV ғасырдан белгілі бола бастағанын білеміз. Деректерде түркі тілдес маңғыт жұрты Қазақстан территориясының батыс аймағында, Орал аумағы, Еділ-Жайық, Астраханмен шектесетін аумақтарда мекен еткен. Этникалық-саяси құрылымы ноғай тайпалық тарихи бірлестігімен қатар аталады. Тарих сахнасында көріну кезеңі XIV-XV ғасырлар шамасы. Кейбір құжаттарда маңғыт жұртын шығыс аймақтан (монғол жерінен) келген, генелогиялық жағынан монғолдардан таратады. «Маңғыт» этнонимін қарастырған ғалымдар атауды монғолдық тілдік бірлікке жатқызып жатады. Алайда, бұған біздің келтірер лингвистикалық дәлел-дәйектеріміз бар.
Б.Кәрібаев «Ноғай» мен «Маңғыт» сөздерінің мәні мен мағынасы туралы былайша түсіндіріп өткен. Автор екі этноним сөзді термин деп алып қарастырған. Сырттай қарағанда екі термин сөз синоним болып көрінетіндігін айтады. Бірақ, «Ноғай» мен «Маңғыт» сөздерінің екі түрлі мәні бар екенін байқауға болады.
«Ноғай» термині – бірден этноним немесе халықтың атауы ретіндегі мәнге ие болған жоқ. Кісі есімінен халықтың атауына дейін «Ноғай» сөзі бірнеше мәнде қолданылған. Біріншіден, Ноғай, ол – кісі есімі, тарихи тұлға. XIII ғасырдың 70-90-шы жылдарында сол есіммен ұлыс және ұлыс адамдары атала бастаған. Ал XIV ғасырдың соңында бұл атау – қайтадан Еділ мен Жайық аралығындағы жаңа құрылымдағы ру-тайпалардың жалпы жиынтық атауы ретінде қолданылып, этникалық мәнге ие бола бастаған. Сөйтіп, Ноғай деген этноним дүниеге келеді[63. 14-15б].
«Маңғыт» атауы да басында, антропонимдік сөз. Кейіннен, Ноғай тілдік, этникалық ареалында кеңінен қолданылатын этнонимдік атауға айналады. Бұны ғалым Зардыхан Қинаятұлы «Маңғыт» атауы ең әуелі Ноғайдың мыңдықтарын сипаттаған минг – мың сөзі деп түсіндіреді[64]. Ғалым минг – мың атауын «Маңғыт» сөзінің формасына бүтіндей жалпылай көрсеткен сыңайлы. Негізі, «Маңғыт» (маң-ғыт) сөзі екі буыннан құралғаны байқалып тұр. Этнонимнің сырын ашу үшін осы екі буынның нендей ұғым, мағына беретінін анықтауымыз керек. Бірақ, ғалым көрсеткен минг – мың формасы шындықтан алшақ кетпейді, «Маңғыт» сөзінің түбір өзегі осы болуы керек. Қазақ ғалымы ұсынған «минг-мың» сөзін атаған шетелдік ғалымдар да болды.
«Маңғыт» сөзі XIV-XVII ғасырларда Шығыста ноғай сөзінің синонимі ретінде жиі қолданылады, өйткені Ноғай Ордасындағы билеуші әулет маңғыт тайпасынан шыққан болатын» – деп жазады орыс тарихшысы В.В.Трепавлов. Маңғыт – түркіленген монғол тайпасы, XII ғасырда Монғолияда боржігендер мен Амур өзенінің орта ағысы бойындағы Тунгус тайпаларының аралығында мекендеген. В.В. Трепавлов маңғыттардың маңғыттардың Монғолия жерінен Еділ мен Жем аралығына келу мүмкіндігін көрсетеді. Маңғыт тайпаларының бір бөлігі Монғолия, Маньчжурия мен Забайкальеден батысқа, Мауереннахрға келіп қоныстанған[63.15б].
Осы орайда, XV ғасырдағы Дешті Қыпшақтағы өмір сүрген («көшпелі өзбек» немесе «тоқсан баулы өзбек» деп топтастырылып жүрген) тайпалар арасында «минг» деген тайпаның атауы бар, осы атау ноғайларда да болған екен: В. Трепавлов ноғайлар арасында минг, алан-минг, алшын-минг, казаяклы-минг, ябы-минг, телеу-минг, тоғай-минг сияқты басқа да 12 (жалпы саны 19) минг руының атын атайды, соған қарағанда XIV-XV ғасырларда «мың» деп аталған үлкен рудың болғанын, XV-XVI ғасырларда олардың жеке топтарының басқа ру топтарымен қауымдасып қосарланған есімді жаңа руларды қалыптастырғанын топшылауға болады[50.50б].
Этнонимдік тіркестердің екінші компонентіндегі «минг» формасы негізінен төл түркілік «мың» сөзінің орыс-еуропалық айтылу үлгісі. «Мың» сөзі көне түркілерден келе жатқан ең белсенді форма. Оны сан ғасырлық әдеби тілімізден жиі кездестіреміз. Ең басында орта азия түркі тілінің ежелден келе жатқан «мың» сөзі әскери термин сөз ретінде қолданылса, кейін бұл сөздің лексикалық шеңбері ауқымдалып «ел, халық, жұрт» деген мағыналарды беріп келген. Оған дәлел түркілердің атақты жылнамашысы Қадырғали Жалайыридің XVI ғасырда жазылған «Жами ат-тауарих» атты еңбегінде «Алач Мыңы» деген этнонимдік тіркес кездеседі. Сонымен бірге, еңбектегі «мың ағасы, мың бегі» тіркестері әскери басшы лауазым мағынасын білдіреді. Ал, АЛАЧ МЫҢЫ – қазақ халқы. Қазақ тайпа одағының жалпы алғашқы атауы. Майсара ақум қаум алач мыңы ерүр... Әммә алач мыңы арасында ұлұғы тарақ тамғалы Жалайыр болғай[1.325б].
Алаш мыңы – қазақ тайпаларының жиынтық атауы, Шоқан Уәлихановтың түсіндіруі бойынша, XIII ғасырда қазақ тайпалары алты сан алаш (мұндағы сан сөзі – «он мың» деген мағынада), ал XIV-XVI ғасырларда алты алаш, алаш мыңы, алаш қауымы, алаш ұлысы деп аталған. Қадырғали Жалайыридың «Тауарихында» қазақ, қазақ қауымы, қазақ хандығы деген атаулар жоқ, бұл ұғымды шежіреші алаш мыңы деп береді[2.119б]. Бұл жердегі мың сөзі «одақ, қауым» деген ұғымды білдіреді, сонда алаш мыңы – «алаш одағы» деген сөз. Сірә, о баста мың көне дәуірлерден белгілі түркі монғол қауымдарының ондықтарға (ондық, жүздік, мыңдық) бөлінетін әскери әкімшілік жүйесінің бір буынын атайтын сөз болған да «кейін келе номинативтік (тура) мағынасынан айырылып, «одақ, бірлестік, қоғам» деген ұғымды білдіретін болған[8.65-68б].
«Ел, жұрт, қауым, халық» сөздерінің ұғымы да «одақ, бірлестік, қоғам» мағыналарымен бір лексикалық қатардағы тізбектер болып табылады. Бір-бірін толықтырып тұратын синонимдес сөздер. Ғалым С. Қондыбай «Маңғыстау» («Бинкишалх ˃ Мыңқышлақ ˃ Маңқышлақ») топоним сөзін зерттей келе «Ман» сөзінің «мың» (минг), «бың» (бинг) түріндегі айтылу нұсқаларының бар екендігін ғылыми тұрғыда дәлелдейді[50. 45,46б]. Яғни, түркі-қазақтық «мың» сөзі көне «ман» түп-өзек антропонимдік сөзінің бір формасы. Осы негізде біз «Маңғыт» этноним сөзінің тібірі «ман» немесе «мың», «ман+ғыт, мың+ғыт» болу мүмкін деп ойлаймыз. «Маңғыт» сөзінің түбір – бірінші буынының бастапқы формасы «ман» не «мың» болсын түпкі ұғымдары бір негізден бастау алады. «Маңғыт» этнонимін тілдік тұрғыдан қарастырған ғалым Г.А.Гейбуллаев көне түркілік және монғолдық этноним сөздерінде жиі кездестін «манг» компонентін қарастырады. Осы формамен келетін бірнеше түркілік этнонимдерді мысалға алады.
Мангут (маңғұт) (Шығыс азиядағы моңғолдардың бір тайпасының атауы. Батыстағы түркі халықтарының арасында да бұл тайпаның аты белгілі) – манги (маңғы) (Забайкалье – Приамурьені мекендейтін тұңғұс-маньчжурлық тайпа атауы); монғол (манхол); мангас, менке, мине және т.б. «Монғол» этноним сөзі сонымен қатар, «моғол» формасында да жазылу үлгісі тарихи жазбалардан белгілі (нг~г). Ал «қанғлық» (кангар, канглык) этнонимінің «қаңлы» формасында келуін көреміз (нг~н). Ерте кездегі этнонимдер де осындай фонетикалық ерекшеліктер бар. Ежелгі этноним сөз «манга» формасы «мангуш» айталуы (мангыш және мангаш) қырғыздарда; мюнгет (мангаттан) хакастарда; мангуш тувиндиктерде[65.140б]. Ғалым Ман сөзінің түркілік этноним сөздерде кездесуіндегі формасының сөз арты «нг~н» фонемдік үлгілерінің болу мүмкіндігін жан-жақты көрсеткен. Маңғыт этноним сөзінің түбір формасын осы негізде де алып қарауға болады. Өйткені жоғарда атап өткен түркілік «мың» сөзінің еуропалық «минг» аталу формасын да байқадық. Осы негізде Маңғыт этнонимінің түбір формасын анықтай аламыз. Егер ғалым көрсеткен «нг» фонемдік формасын алсақ, «манғыт ˃ манғ-ыт» (бұл жерде нг ˃ ңғ) сөздегі екінші компонент «-ыт» фомасының мағынасын ашу қиынға соғады, әрі бұл бүтіндей сөзді бөліп қарастыруда формалық тұрғыдан қисынға келмейтін сияқты. Алайда, бұл турасында да тілдік талдауымыз бар.
Т.И.Гаджиев (Азярбайъанын палеоономастикасындан. «Азярбайъан ономастикасы проблемляри, Бакы, 1988, с. 131) мана этнониміндегі (Мана – әзірбайжан тарихындағы ежелгі түркі тілдес тайпа атауы) «н» фонемасы алтай тіл семьясына тән тіларты айтылатын валярлы «нг» дыбысы болуы мүмкін деген қызықты гипотезасын ұсынды. Бірақ, аталмыш дыбыс біртіндеп «г» дыбысына айналып, нәтижесінде «манг» этнонимі «маг» (ертедегі тарихи құжаттарда) формасы болып өзгерген. Ғалым мана этнонимінің тарихи лексикалық кезеңдердегі әр түрлі формасын анықтай келе, «нг» дыбысының бірде «н», екінші бір жағдайда «г» дыбысына айналуы түркі тілдеріне тән қасиет» деген тұжырымын айтады[65.139б]. Келтірген теорияға орай, Манғыт этноним сөзінің түбірін «манг» формасында да алып көрсек болады. Манг-ут (манғ-ыт) манг түбіріне жалғанған қосымша –ут (-от, -үт, -ыт, -ұт) формасы көптеген түркілік сөздерде қолданылған. –ут аффиксі көнетүркілік жетекші форма. Көне түркі кезеңінде этноним сөз жасауда белсенді орын алған. Оны алпоут, мангут (манғыт), ойрот (ойрат) тиркут (түркіт), онгут (онғұт) т.б этноним сөздерден көруге болады. Г.И.Рамстедт t, ut актив аффикстерін алтай тілдерінде ең алдымен түбір сөз қызметі барын, кейін көпше мағына беретін қосымшалы қызметіне ауысқанын айтады[65.173б].
Бұған қоса біз –ут (-от, -үт, -ыт, -ұт) қосымшалы қызметімен келетін түркілік «таңғұт, меркіт, шүршіт, тұрмауыт, оймауыт» этнонимдерін атар едік. Маңғыт этнонимінің дыбыстық ерекшелігіне сәйкес «Маңғұт» айтылу үлгісі де бар. Екінші компоненттегі ы дыбысының ұ –ға айналуы, бұны толық фонетикалық құбылыс деп айта алмаймыз. Дыбыстардың сөз ішіндегі мұндай өзгерісін тек фондық сәйкестіктерге орай фонетикалық тұрақты табиғи заңдылыққа жатқызамыз. Акустикалық еркіндік барысында сөз ішіндегі (н-қ ˃˃ ң-ғ) дауыссыз дыбыстар өзара ассимиляцияланған. Мысалы, ғалымдар «Маңғыстау» топонимін қарастыру кезінде сөз түбірін «ман» формасы деп таныған. Сол сияқты біз қазірдің өзінде «маңғыт» деп айтылып, жазылып жүрген этноним сөздің бастапқы түбір компонентін «ман» сөзі деп алғанымыз әбден дұрыс. Оған жалғанған екінші компонент толық лексикалық мағынасы бар «құт» сөзі.
Маңғыт (Маңғұт) этноним сөзінің түбірі сырттай қарағанда ман сөзі екені анық көрінеді. Этноним сөз «ман» және «құт» лексемаларының бірігуінен жасалған. Ман сөзі «Маңғыт» этноним сөзінің жасалуына ұйытқы болған уәж форма. Ең әрідегі ұғым-мәні антропонимдік мағынаны қамтыған жеке бірлік. Бұл сөздің этноним сөз сипатына көтерілуі коммуникативтік кеңістікте өте актив қолданылуынан. Яғни, бірбүтін ұғымды бірлік жасауда «ман» сөзінің монолексикалды – көпсалалы мүмкіншілігінің болуынан. «Маңғыт» ˃ «Манқұт» формасындағы екінші компонентті біріктіріп этноним сөз жасау тұрғысынан «ман» сөзінің де «құт» лексемасымен деңгейлес екенін анқытай түседі. Екі сөз де көне түркілік тілдік қайнардан шыққандығын аңғартады. Оны екінші компоненттің ұғым, мағынасын тану арқылы көз жеткіземіз.
Құт лексемасы төл түркі-қазақтық ұғым. «Сөздік қорымызда құтты, құтсыз, құтаю, құтпан, құтекей, құтты, құттылық, құтхана, құты қашты, құтты болсын, құтты жеріне (орнына) қондыру, құтты қонақ болу, құт-береке деген лексикалық бірліктер бар. Қазіргі түркі халықтары тілінде құт (qut) лексемасының жалпы семантикасы бір-бірінен алшақ кетпейді. Танымдық-тағылымдық терең мән-мағынаны бойына сіңірген тарихи құт сөзі – қазіргі қазақ тілінің түп-тамырын XII ғасырға алып баратын бір ғана тілдік бірлік» – дейді Б.Батырхан «Құтадғу білік» ескерткішін тілдік тұрғыдан зерделеу кезінде[66.8-9б]. «Құт» сөзінің семантикасына ғалымдарда көбіне философиялық көзқараспен түсіндірушілік белең алып келді. Бірақ, бұл лексеманы лингвистикалық тұрғыдан қарастыруымызға көмектеседі. Философияда «құт» сөзі – түркі онтологиясының негізгі ұғымы. Оның ішінде қазақтардың дәстүрлі дүниетанымының семантикалық діңгегі «құт» ұғымы болып саналады. Оны «өмірлік күш», «өркендеу басы», «өмір потенциясы», сонымен қатар «бақыт», «игілік», «үлес», «тағдыр» деген ұғымдармен сәйкестендіруге болады. Түркі-қазақтарда «құт» – рәміз. Бұл ұғым онтологияны антропологияны және әлеуметтік философияны біртұтас етіп біріктіреді[67. 406б].
«Құт» сөзі көне түркілер ұғымында жеке культ деңгейіне көтерілмегенмен сакральді сипатта қолданылатын ұғымның бірі. Соның дәлелі Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі «құт» сөзінің семантикасына назар салсақ: «Құт – өмірлік күш-қуат, рух»: tenri jarylqadun ushin, ozim qutym bar ushun qagan olurtym «Тәңірі жары қағаны үшін, өзімнің құтым бар болғаны үшін қаған (болып) отырдым»; On jasta Umaj teg ogim gatun gutyna, inim Kultegin er at bolty «Он жаста, шешем Умай тектес қатынның құтына інім Күлтегін ер атанды». Көптеген зерттеушілер Ұмай мен Құтты тығыз байланыста қарастырады. Қазіргі түркі халықтары тілінде qut лексемасының жалпы семантикасы бір-бірінен алшақ кетпейді: тува: kuwt «миф. Жан өмір беруші күш» (ТРС, 253); алтай: kuwt «өмірлік күш-қуат мағынасындағы жан; ұрпақ, бақыт сыйлаушы рух» (Верб. 103); хакас: xuwt «тірі адамның жаны». Егер ол адамды тастап кетсе адам ауыра бастайды, қайтып келмесе өмірден өтеді; өзбек: qut «I. ас, тамақ; II. бақыт, молшылық» quwtij ushqyj «қатты қорқу» (УзРС, 663); ұйғыр: quwt «бақыт» (УРС, 611); қырғыз: kuwt 1. «миф. түндіктен қоламтаға түсетін күрең қызыл түсті зат. Құтты ұстап алған адамға бақыт келеді»; 2. «адам мен малдың қорғаушысы»; 3. «кие (идол)»; 4. «өмірлік күш-қуат, рух, жан» (КРС I, 452), татар., қарақалпақ, құмық, башқұрт тілдерінде де gut лексемасы «отбасына жеке адамға береке-бақыт әкелетін кие» мәнінде жұмсалады, көне түркі тілінде qut моносиллабының «счастье», «благо», «удача», «успех», «счастливый удел» мағыналары тіркелген (ДТС, 471). Зерттеуші Л. Потапов «Ұмай» мен «құтты» сөздерін бірлікте қарастырып, синонимдес ұғымдар деп таниды. Сондай-ақ ғалымның пікірінше, түркілер танымында құт туралы халықтық түсінік билік басындағы аристократтық топ тарапынан, мемлекеттік құрылымды нығайту, өз үстемдіктерін орнықтыру мақсатында қатардағы көшпелілерге үгіт-насихат жүргізу үшін туындауы мүмкін[72. 288-289б]. Кейбір түркі тілдерінде «құт» лексемасы созылыңқылау айтылады. Жоғарыда байқағанымыздай «kuwt» (куут немесе құут). Құт сөзінің формасы әу бастағы ескі «құ//қу» мен Г.И.Рамстедт көрсеткендей «t, ut» түбіртектерінің бірігуінен «ku+ut// kuw+ut//quut ˃ kuwt, qut, quwt» жасалған болуы мүмкін. Оған толық негіз бар. «t, ut» форманты көне лексикалық түбір сияқты. Моносиллабтық варианттары тілімізде көп ұшырасады: ет (ағыл: meat) от, ит, ат, (өт, ұт етістіктері), бұлар ең көне «t, ut» түбір сөзінің лексикалық туындылары бола болады. «Құт» сөзінің жасалуына бірінші ең көне «qu, ku» ілкі түбірі. Дәлеліміз, орта ғасырлардағы қыпшақ-половецтердің «қуман» сөзінің жасалуына негіз болған көне «қу» түбірін зерттеген ақын О. Сүлейменов бұл сөздің ертедегі мағынасы «ақ» (белый) деген түс(цвет) түрін білдіреді екен[75.109б].
«Құт» сөзінің семантикасы да ертеден түркі-қазақтар ұғымында «ақ» деген бір сөзге сыятын – «айран, сүт, қымыз». Бұлар ұлттық құндылық ретінде дәріптеліп қазақтар танымында «құт» сөзінің өзі осыларға қаратыла «ақ» түспен бейнеленеді. «Ақ жол болу//құтты қадам басу» тіркестері қазақ танымында «құт» пен «ақ» сөздерінің семантикасы параллель ұғынылады. Сонымен, «құт» лексемасының түбіртегі көне «қу» (qu//quw) сөзі екеніне көз жеткіздік деп ойлаймыз. Алайда, «қу» түбіртегі жайлы толығырақ басқа тақырыбымызда қозғаймыз.
Қазақ тілінде «құт» сөзі «ырыс», «байлық» мағыналарымен синонимдес болып та келеді. Көне түркі жазба ескерткіштерінде, ертедегі сөздікте «құт» сөзінің екі мағынасы кездеседі. Бірі – «бақыт, игілік, ырыс, сәттілік», екіншісі – «адам жаны, рухы»[68]. Көне түркі тілінде кездесетін осындай екі мағынаны ғалым Р. Сыздықова да көрсете отырып, қазіргі кезде кең қолданылатын «құт(ы), құттықтау, құт, құты» формаларына тоқталады. Құт(ы) сөзі қазақ тілінде құтын алу, құты түсу деген тіркестер құрамында да келеді. Соңғы тіркестердегі құт сөзінің мағынасы басқашарақ: құтын алу – «қатты қорқыту, шошыту», құты түсу – «көңілі түсу, көңілі келу».
Құттықтау сөзінің де түп мағынасы – «бақыт, сәттілік», «табыс тілеу». Өзге кейбір түркі тілдерінде құттықтау сөзі құтлау («құт-бақытқа сый көрсету, яғни оның пайда болуын тілеу») тұлғасында келеді (Ахметьянов, 34). Қазақ тілінде есімнен етістік тудырушы –ла жұрнағы құт сөзіне тікелей жалғанбай, оның құтлығ/құтлық деген сын есім қалпына жалғанып жасалған: құттықта (құт+лық+та) – «бақытты болуды қалау, тілеу». Ал түсіндірме сөздіктің құт сөзіне берген анықтамасындағы «береке, байлық» мағыналары түп негізіндегі «бақыт» мағынасынан ауысқан: «береке мен байлық – бақытты құрайтын, бақыттылықты білдіретін нәтижелер.
Сөйтіп, бұл күнде құт/құты сөзінің ертедегі тура мағынасы көмескіленіп, одан туған ауыспалы мағынада қолданылатын тіркес компоненті және туында сөздің негізі ретінде ғана сақталған[1.132б]. Сөздіктерде де «құт сөзі – жан, өмірлік қуат, рух» деген мағыналарды беретіндігін көрсеткен. Жалпы құт сөзі көне түркі тілінен келе жатқан төл актив бірлік. Ежелгі түркілердің бар болмысы мен іс-әрекетін танытатын ерекше ұғым болған. Көне түркілердің қағандарының ең жоғарғы лауазымдық атауы да құт сөзімен анықталып отырған. Оны көне түркі тілдерінде көп кездесетін «Құтлық», «Тәңірқұт», «Идіқұт» антропоним сөздерінен байқаймыз. Бұл сөздер көне түркі ел басшыларының жоғары лауазымдық атақтарын көрсететін саяси-таптық терминдік ұғым. Көне түркілер «құт» ұғым-формасы тіркескен сөздер арқылы ғана өздерінің биік сатыдағы обьектілерін дәріптеп отырған. Мысалы «Тәңірқұт», «Идіқұт» антропоним сөздеріне қазіргі күнде мынадай лексикалық түсінік берілген: «Тәңірқұт» дегеніміз «мәңгі жан» деген мағына болуы керек. Ал, «иді» - «қасиетті, құдіретті жан» деген мағынаға келіңкірейді[69.28б]. XVII ғасырдағы түркі тарихшысы Әбілғазы баһадүрдің шежіресінде: «Идіқұт» мағынасы «халыққа өмір беруші» деп көрсетілген[70.37б].
Р. Сыздықова түсіндірген құтлығ/құтлық (құтты) деген қазіргідегі сын есім қызметіндегі сөз көне «құтлық» ұғымының бүгінгі тілдік аяға лексикалық шеңбері кішірейіп жеткен формасы. Көне түркілердің басшыларының барлық есімі «құтлық» («Құтлұғ қаған, Білге Құтлұғ қаған, Елтеріс Құтлұғ қаған»)сөзімен тіркесіп айтылатын болған. Оны VII-IX ғасырларға жататын Орхон-Енисей жазба ескертікіштерінен де, одан да көне жазбалардан кездестіруге болады. «Құтлық» сөзі бүгіндегі «құт» лексемасының қазір тілімізде көп қолданылатын «құтты» формасындағыдай сын есімдік қызметін емес, терминді қатпарлы лексикалық қабаттардан тұратын ұғымды қамтитын зат есім қызметінде жұмсалған. Көне түркілерде «Құтлық» пен оған түбір негіз болып тұрған «құт» лексемасын бөлек алып қолданылуда екі форманың жұмсалу нысанына байланысты болу керек. Екі сөздің жұмсалу нысанына байланысты екі форманың лексикалық категорияларын анықтап отырған. Көне түркілерде «құтлық» формасы негізі бүтіндей антропонимдік нысанға қолданылған болса, «құт» сөзі табиғаттағы таным-болмыстық обьектілердің деректі, дерексіз түрлерін атайтын жетекші бірлік болған. Ал, әр түрлі тарихи-әлеуметтік өзгерістер мен даму кезеңдерінде сөздердің өзіндік тілдік этаптары болды. Соның нәтижесінде «Құтлық», («құтлұғ») формасының тіл арты фондық «қ/ғ» дыбыстары жойылып, сөз «құтлы», «құтты» формасында сын есім қызметінде қазіргі тілдік кезеңге жетсе, одан гөрі активтенген «құт» лексемасы орта ғасырлардағы тілдік кезеңде ономастикалық қабаттарды көрсететін тұлғаға айналған. Ал, қазіргі күнде «құт» сөзі көркем мәтіндердің қолданысында ғана болмаса, қоғамдық ашық тілдік кеңістікте көп қолданылмайды. «Құт» лексемасының орта ғасырларда антропонимдік, этнонимдік қабаттарды атайтын дәрежеге көтерілу себебі көне түркілік «құтлық» («құтлұғ») сөзінің орнын сол замандарда басқа лексикалық бірліктердің ( «хакім – «хакім Ұлықбек мырза», «әз – «Әз Тәуке хан, Әз Жәнібек батыр» , «ұлы – «ұлы тұлға, ұлы Абай ақын» т.б.) актив қолданылу салдарынан. «Құт» лексемасы орта ғасырларда «Маңғұт» («Маңғыт»), «Таңғұт» этнонимдерін тілдік кеңістікте қалыптастыруына тірек болған. Екінші компонентті қосымшалы қызметі негізінен түбір лексемасымен тіркесімі көмескі не ең арғы этнонимнің түркілік екенін және сол тілдік орта түркі халықтарының этногенезисі екенін аңғартады. Бұны тек тағы да зерттеу қажет. «Құт» лексемасы қатысқан бұдан басқа орта азия кеңістігіндегі біз әлі көрмей, білмей жатқан көптеген түркілік этнонимдер мен антропоним сөздердің бары анық. Қазірге қарайтынымыз «Маңғұт» («маңғыт») этноним сөзі, оған қосымша «Таңғұт», дәйектер ретінде қосымша «монғол» этнонимі.
Ежелден Қазақстанның батыс аймағы тарихи ошағы болған Маңғұттардың шығу тегін көптеген деректемелерде шығыстан – Монғолия, маньчжурия жерінен келді деп жатады. Тіпті, генетикасын түркілік емес, монғол тектес деген пікірлер бар. Тіпті Б. Қалиев «Маңғұт» пен «Маңғыт» формаларын екі түрлі, екі тектес тайпалар деп түсіндірген: «Манғұт – маңғол тайпаларының бірі (Е. Тұрысов, Темірлан, 159). Маңғыт – Ноғай тайпаларының бұрынғы аты»[78. 407,409б]. Толық дәлелі жоқ бұндай айтушылар негізі орыс тарихшылары, еуропалықтар немесе соларға сүйеніп жазып келгендер. Олардың түркіліктен аластатып «монгол» («монғол») деп атап жүрген этнонимнің және сол этнонимді иеленушілердің XI-XII-XIII ғасырлардағы тілдік бірліктері мен антропонимдерін көне түркілік бірліктермен тым сәйкес, ұқсас келетіндігін ескермей келеді. «Монғол» этнонимі негізінен, «ман+қол ˃ мың қол» көне ман сөзінің варианты, жоғарыда келтіргеніміздей «ел, жұрт, халық» ұғымын беретін төл түркілік бірлік «мың» сөзі, А.Махмутов бойынша екінші «қол» сөзі де түркілік «әскер» мағынасын береді. Антропонимдік мағыналары да көне түркіліктен бері келе жатыр, мысалы, монғолдарда (мыңқолдарда) «Шыңғыс қаған», көне түркілерде «Құтлық Білге қаған», «Мөде қаған» немесе «Шыңғыс хан», түркі-қазақтық «Керей хан, Жәнібек хан» т.б. Бұл туралы толық талдайтын бөлек тақырыбымыз бар.
Маңғұттардың шығыс аймақтан келуі жөніндегі орыс-еуропалық жазбалар (В.В. Трепавлов және т.б.) шындыққа жанаспайды. Себебі, негізінен XII ғасырда Онон өзені бойында мекендеген моңғолдық Маңғұт тайпасының қыпшақ даласына қоныс аударғаны туралы деректер жоқ[64]. Бұны келесі тілдік талдауларымыз да дәлелдейді.
Ғалым С.Қондыбай Арал, Каспий кеңістігінде көмескі «Ман» атты халықтың өте ертеден мекен еткендігі жайында анық тілдік, тарихи деректерді дәлелдейді[50.46-47б]. Және де Каспий ареалынан батысқа қарай қазіргі түркі тілдес әзірбайжан ұлтының этногенездік этнонимі «Мана» сөзі екені бұрыннан мойындалған. Жалпы алғанда бүгінгі Арал-Каспий-Қара теңіз гео-аймағы тым ежелгі түркі тілдес «Ман» деп аталатын халықтың төл мекені (шығыс бөлігі Алтай ) болғаны көрініп тұр. Енді, «Маңғұт» этнонимінің түбірі көне «ман» сөзі екеніне көз жеткіздік. Этнонимнің тіл арты «нг» фонды «манг» деп аталу формасын ұсынған Г.А.Гейбуллаев өзінен бұрынғы орыс-еуропалық сөз танушы ғалымдардың көп жерде нұсқаған үлгілеріне сүйенгені анық. Өйткені көне түркілік сөз формасының табиғатын орыс-ағылшындар өздерінің орфоэпиялық нормасына сай бейімдеп оны тарихи зерттеу әдебиеттеріне көптеп қолданылған. Мысалға, «Минг» формасы ағылшын-саксондық тілдерде «Listening», «Reading» т.б сияқты «Ming» немесе «Meanig». Қытай тілінде «Минг» формасы тіларты фоны «ң» немесе «н» дыбысымен аяқталады: «Миң», «Мин». Екі тілдер тобындағы «Минг», «Миң», «Мин» формалары, төл түркілік «ман» сөзінің варианты «мың» формасының шет тілдердегі көрінісі. «Манғұт» этнонимі өзбек тілінде: «Mangʹit» («Манғит»), халха моңғол тілінде: «мянгат», қалмақтарда «мангид», «мангыд», түркі тілдерінің кейбір топтарында «Ман(г)құрт» (ұйғыр тілі болуы мүмкін) деген айтылу түрлері бар екен[«Маңғыттар», «Мангуты» Уикипедия парақшасынан]. Аталған әр тілдегі нұсқалар түбір сөздің «ман» формасы екенін дәл көрсетіп тұр. Ал, екінші буынын бөліп қарауда, лексикасын аңғару қиын. Мүмкін көне түркі тіліндегі «құт» лексемасының әр тілде айтылу орфоэпилық варианты болуы керек. Түркілік киелі ұғымдарды білдіретін «құт» сөзі ағылшын, неміс пен бірқатар еуропалық тілдердегі актив бірлік «гуд» («good»), «готт» сөзімен формалары сырттай қарағанда тым ұқсас. Лексикалық жағынан да жақындығы бар: «good» жақсы деген мағынаны білдіреді. Ендігі қарайтын мәселеміз, «ман» сөзіне тіркесіп бүрбүтін этноним сөз жасаудағы «құт» сөзінің мүмкіндігі болуын ойласақ: б.з.б екі мыңжылдықтар шамасында еуропа кеңістігінде бұл сөз дара бүтін тілдік «ГОТ» (көне герман тайпаларының атауы «Готтар», швед тілінде:Guta, Gutar) этнонимі болып тарих сахнасына шыққан. Немістердің тілдік бірліктерінде де «құт» сөзіне формалық жағынан өте жақын әртүрлі сөздер ұшырасады. Мысалға, «Готт» сөзі герман тілінде «құдай» (бог) дегенді білдіреді[43.16б]. Түркілік «Құдай» сөзінің түбірі де «құт» сөзінен («Құтты+ай, «Құт+ай – «т/д») жасалған. Сонда, немістік «готт» сөзі мен түркілік «құт» сөзінің түп ұғымдары бір. Еуропа-немістердің ежелгі осы «гот» тайпаларының арғы генезисі көне түркілік алтайдан шыққан болуы мүмкін. Түркі мен германдардың тілдік бірліктерінің ұқсастығы көптеп көрінеді. Оны алдағы тақырыптарымызда қозғаймыз. «Гот» этнонимі анық көне түркілік «құт» сөзінің варианты. Тек, Еуропа кеңістігінде этнонимдік сөз дәрежесіне көтерілген. Ал, «құт» сөзінің этноним сөз дәрежесіндегі көрінісін біз орта азия түркілік «Манғұт» және «Таңғұт», «Оңқұт» формаларынан ап-анық аңғарып тұрмыз.
«Таңғұт» этнонимі түркілік «таң» және «құт» деген екі сөздің бірігуінен жасалған. Алайда, XI ғасырдағы түркі лингвист ғалымы М. Қашқарида бұл этноним «TAҢUT» формасында келеді де, «таңғұт: шыңға жақын мекен тепкен, бір тайпа ел түріктердің аты. Олар араб нәсіліненбіз деп есептейді» деп жазылған[77. 487б]. Демек, тарихи логикаға сай түркі-таңғұттарға араб концепциясы таралу уақыты болу керек. Ол жөнінде бөлек әңгімеміз бар. Біздің мақсатымыз этнонимнің мәнін ұғу болмақ. Этнонимнің жасалуына негіз болған «Таң» лексемасы түркілердігі «Тәңір» («Таң+ыр») сөзінің түбірі болып та саналады. Ал, «Таң» сөзінің жасалуына негіз болған көне шумерлік «ан» түпкі түбірі. «Таң» немесе «танг» сөзінің өзі «ты» және «анг» деген түбірлердің бірігуінен шыққан. Мұндағы «т» – прототүркілік «өмір, тіршілік, қозғалыс» дегенді білдіретін праформа[37. 253б]. С. Қондыбайдың бұл дәйегін Б. Сағындықұлы дәлелдей түскендей: «тарихқа белгісіз көне заманда жекелеген дауыссыз фонемалардың лексикалық мағына берген» дейді. Ғалым, С. Қондыбай көрсеткен «т//ты» түбірін бір кезде көптік ұғымды берген *т (с/ш) – гипотезалық күрделі аффрикат қатарына жатқызып, дәлел ретінде орхон-енисей, орта ғасыр ескерткіштеріндегі тарқа+т, теги+т (жекешесі тарқа+и, теги+н) сөздерін бұған толық айғақтайды[76. 163б]. Ескі «ан» түбір сөзі ежелгі шумерлердің тілінде «құдай», «тәңір» (аспан құдайы) ұғымдарымен қоса «кеңістік» дегенді білдірген[18.12-13б]. Таң сөзінің көне түркі тілінен сақталып келе жатқан (қазіргі түркі-қазақ тілдерінде де осылай) «күн, жарық» мағыналары, әу бастағы ұғымы да ежелгі түркілердің күнге табыну ғұрпынан қалыптасқан. Қазіргі қытай тілінде күн сөзі: 天( оқылуы: Tiān), яғни «тянь» жарық, күн, (шұғыла, сәуле) мағыналарын береді. Осы күнгі «Тянь Шань» тауының атауын да қытай тілінің сөзі деп қарайды. Айтушылар бойынша қытай тілінде «Тянь Шань» топонимі «Тәңір тауы» деген мағынаны береді екен. Бұған айтар қарсы уәжіміз бар. Бірінші «Тянь» - таза көне түркілік «Таң» сөзі Батыс түрік қағанатымен тығыз тарихи қарым-қатынаста болған кездегі қытай тіліне түркі тілінен енген. Тіпті, этноним сөз дәрежесіне көтеріліп түркілер негізін қалаған «Таң патшалығы» тарих сахнасында қазіргі орталық-шығыс қытай жерінде VII-X ғасырлар аралығында өмір сүрген. Сол кезеңнің өзінде бүкіл шығыс пен батысты жалғап, тілдік аудиториясы кең, мүмкіндігі жоғары көне түркі тілі қытай тіліне өз ықпалын тигізді, яғни тілдік транзит процесі болған. «Таң» сөзінің түркілік лексикасы қалай қалыптасты қытай тіліне де солай формалық, лексикалық жағынан да солай кіріккен. Екінші компоненті «Шань» сөзін түсіндіре кетсек: шан формасы «таң» формасындағыдай ең көне шумер-түркілік «ан» ілкі түбірінен жасалған. «Таң» мен «шан» сөздері лексикалық жағынан да жуықтас. Шан//шам//шың, шан мен шам бір лексикалық қатардағы ұғымдар, тек айырмашылығы артқы н//м сәйкестіктері ғана. Парсы тілінде «күн» сөзін «шам» деп атаса, ағылшын тіліндегі көрінісі «sun». Шан//шам сонымен, шан бұл да күн, жарық ұғымдарын танытады. Пікірімізді әйгілі ғалым Б. Сағындықұлы да қолдайды: шан (күн жарығы) формасы тіл-тілде белсенділік көрсетіп, «күн» ұғымын беріп кеткен, ал бұл ежелде қалыптасқан ауыспалы мағына[76.161б]. Шан//шың сәйкестіктерін айтуға болады. Шың сөзі көне түркі тілінде биік, жоғары нәрселерге қаратыла айтылатын болған. Шың мен шан фономорфологиялық жағынан алғанда біртүбірдің фонетикалық варианттары а ≈ ы (н,м//ң) болып саналады. Сонымен, «шан» сөзінің «биіктікті» де білдіретін ұғымы бар. Қытай тілінің сәл ғана фондық орфоэпиялық нормасымен айтылатын түркілік «Тянь шань» сөзі «Таң шыңы ˃ Тәңір шыңы (Тәңір күн)˃ Тәңір тауы» деген мағыналарды білдіреді. Түркілік «таң» сөзі де, «ман» сөзі де ең ежелгі «ан» ілкі түбірінен жасалған.
Қазіргі қазақ ру-тайпалар құрамында да осы көне түркілік «таң» сөзімен келетін («таңат», «таңби») микроэтнонимдер де кездеседі. Жалпы алғанда, «таң» сөзі көне түркіде «тәңір», «құдай» ұғымдарын берсе, оған жалғанған «құт» сөзі де жоғарыда атап өткеніміздей осы мағыналарды көрсетеді. Тарихта аталатан Таңғұттар туралы қытай деректері бұл халықты моңғол, көне тибет тілдес деген деректерін осындай тілдік талдау дәлелдерімізбен жоққа шығаруымызға болады. «Құтлық» аталған көне түркілер кейін бүтін халық болып тарих сахнасында көрінген тамыры бір тайпа-руларын да осы сөзбен «құт» деп атап отырған. Соның нәтижесі, тарих беттеріне «маңғұт», «таңғұт», «оңғұт» дейтін этнонимдерін қалыптастырды. «Оңқұт» («Онқұт») этнонимі жайлы Әбілғазының еңбегінен кездестіреміз. «Оңқұт» этнонимінің мағынасы, қытай тілінде «онку» – қақпа дегенді білдіреді. Сөз аяғына жалғанған «т» семасының мағынасы түрік тіліндегі кәсіптік, қызметтік мағына жасаушы «шы» -мен деңгейлес. Сонда, «оңқұт» сөзі «қақпашы» дегенді білдіреді[70.41-42б]. Әбілғазыда аталған этнонимнің бұндай этимологиясы түркілік сөздің қытай тілінде аталу формасын автор өзіндік пікіріне арқау еткен болу керек. Біржағынан тарихшының халықтық этимологияға сүйенгені байқалады. «Оңқұт» этнонимі, біздіңше түркілік «оң», «он» және «құт» лексемаларынан құралған. Бастапқы, түбір сөздің ролін атқарып тұрған «оң», «он» формасы таза түркілік, әуел бастағы этноним сөз. «Он» сөзінің бір варианты «оң». Ерте түркіде «Он оқ бодун» тіркесі «он оқ халық» деген мағынаны берген. Немесе кейінгі тілдік кезеңінде «он сан ноғай», «он сан алаш» бұлардағы «он» сөзі түркідегі дәстүрлі тандем сипат. «Он» сөзі ертеден келе жатқан актив форма. Қазіргі Монғолия жеріндегі ежелден қалыптасқан «Онон» мен «Болдоң» топонимдері де көне түркілік «он» сөзінен жасалған. «Онон» топонимі екі рет қайталанудан. Бұл топонимдер туралы толық дерегіміз жоқ болғандықтан, осылай тоқтай тұруға мәжбүрміз. Жалпы, жаңа түркі тілдері дәуірінде түркі-қазақтық этнонимдер мен топонимдерді жасауға жетекші бірлік болып жұмсалған.
Жоғарыдағы келтірілген дәйектеріміз бен талдауларымызға нысан болған «ман» / «мың», «таң», «құт», «он» лексемалары, бүкіл түркі болмысын ашатын, түркі танымына терең кодталған ұғымдар. Осы бір түбірлі моносиллабтар ежелгі, орта, кейінгі, жаңа түркі тілі, түркі тілдері этаптарында агглютинативтік аспекті бойынша көптеген сөздердің жасалып шығуына себепші актив уәж формалар. Тілдегі әр түрлі көрінісін әлі де зерттей түсу қажет.
Қортындылай келгенде, әрқандай этноним мен топонимнің өзіндік шығу арнасы, уақыт межесі болады. Этноним сөз тегіннен тегін жасалып шықпайды. Атау сөз болғандықтан ол сол елдің, ру-тайпаның, халықтың тарихымен, болмысымен түпкілікті сабақтасып жатады. «Ман» сөзінің этноним болуын С. Қондыбай қазақ жерінің көптеген гео-аймақтарынан, тарихи дерек, тілдік фактілерден көп қарастырған. Жазба деректерде там-тұмдап кездесіп қалғаны болмаса, тұшымды нақты дүние тапқан жоқ. Ал, көбіне жергілікті жерде өте ертеден сақталған аңыз-әфсаналар мен жырлардан топоним сөздерді зерттеді. Тілдік фактілерден біршама дүниелерді көргендей болды. Бірақ, толық зерттеуді қажет етеді. «Маңғыт» этнонимінің тілдік факті ретінде тарихта танылуы әрі дегенде XII-XIII ғасыр, көптеген жазбаларда XIV ғасыр деп белгіленген. Бұл этноним Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде кездеспейді. Кездеспеуі қалыпты жағдай, өйткені маңғыттардың ежелден атамекені Орал, Еділ-Жайық, Астрахан кеңістігі. Одан бұрынғы ошағы қазіргі Шығыс Түркістан, Жетісу, Суяб, Оңтүстік Қазақстан аймақтары (Манкентке жақын) болса керек. Ғұндардың шығыстан батысқа ұлы көші барысында Батыс аймақтарға тұрақтап «Манқұт//Маңғыт» этнонимімен тарих сахнасына танылып шыққан. Олардың артта қалып қалған жұрағаттары Манқу, манғылар атауларымен қазіргі Батыс Монғолия, Оңтүстік Сібір аймақтарындағы кейін тарихта белгілі қалмақ, ойрат тайпаларамен сіңісіп кеткен. Манқұттардың тағы бір этникалық бөлшегі меркіт тайпалары болуы мүмкін. Манқұт этнонимінің қалыптасуына негіз болған ең арыдағы Ман тайпасы. «Ман» аталатын тайпанының болғаныдығын қазақ жеріндегі топонимдерден де байқаймыз. Оңтүстіктегі Манкент, Манқұр, Маңғыстау жеріндегі Манғыр/Манқыр («манның қыры»), өлкетанушы ғалым С. Қондыбай көптеген ман түбірлі топонимдерді зерттеген. Бұлардың барлығы ғұндардың ұлы қоныс аудару кезіндегі немесе көмескі тарих беттеріндегі үш-бес мың жыл бұрынғы прототүркілердің жүріп өткен жолындағы Ман жұртының іздері болуы керек деп болжаймыз.
Екінші компонент түркілік болмысты сипаттайтын «құт» сөзінің оған жалғанып «Манқұт ˃ Манғыт» аталуы оның, көне түркілер арасында ертеде билеуші орта, этникалық ықпалы күшті «Ман» тайпасының не руының болғандығы. Ерекше мәнге ие «құт» сөзі түркілерде кез-келген есімге, атауға тіркестірілмейді. Қоғамдық ортада бет-беделі зор, лауазымды тұлғаға немесе руға ғана «құт» сөзі қосылып айтылады. Демек, орта ғасырларда арабтардың бүтіндей концепциясы өршіген уақытта көнеден келе жатқан «Ман» жұрты туралы ақпарлар тасада, болмаса бізге мүлдем белгісіз саяси сүргінге ұшырап бізге тек беткі жарқыраған қалпы жеткен. Бұл айтқанымыз тек болжам ғана, оны зерттей түсуіміз керек. «Манқұттар» сонымен ежелден түркілердің билеуші не зиялы топтың ұрпақтары болу керек. Оны жоғарыда зерттеуші Л. Потаповтың құт сөзіне берген түсініктемесі де дәлелдейді. Тағы да зерттеп, зерделеп шындыққа қол жеткізу үшін біз алдымен Ман негізді этнонимдерді іздеп шықсақ, әлем тарихы мен геокеңістігінен Манчьжурия, «Манқол», әзірбайжандардың ата-бабалары Мана елін кезіктіреміз.
Ықылас Әділет
Abai.kz