"Сүйікті менің ағатайым" қандай қойылым?
Өткен аптаның 24, 25, 26 - қаңтарында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Әбіш Кекілбаев аударған А.П.Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» драмасының премьерасы өтті. Бұл шығарма алғаш рет 1982 жылы Ә.Молдабеков, Ф.Шәріпова, Х.Бөкеева, Ы.Ноғайбаев, С.Майқанова, Қ.Тастанбеков сынды қазақ өнеріне еңбегі сіңген майталмандардың қатысуымен сахналанған болатын.
Арада 37 жыл өткенде Асхат Маемиров бұл туындыны театр сахнасына жаңаша сипатта алып шықты.
Біз премьерадан кейін М.Әуезов театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, белгілі сыншы Әлия Бөпежановаға қойылым туралы бірер сауал қойған едік...
- Қойылым көңіліңізден шықты ма (актерлік құрам, режиссерлік жұмыс, киім, декорация, т.б)?
- Қара шаңырақ М.Әуезов театрының классикалық шығармаларды қоюда терең дәстүрі, мол тәжірибесі бар. Дей тұрғанмен, әр кезең өзіндік сахналық көркем тілді талап етеді. Және Чехов әрі нәзік, әрі терең, сондай бір зиялы драматург. Оны заманға сай етемін деп әйтеуір эксперимент жасау немесе кейіпкерлерін қазаққа айналдырып жіберу өзін онша ақтай бермейді. Ең бастысы шығарманың рухын жоғалтпау керек.
Театрдың жаңа қойылымы «Сүйікті менің ағатайым» заманауи сахналық тілі табылған, сахналық мәдениеті жоғары көркем спектакль. Көркемдік ізденістерінің аясы кең белгілі режиссер А.Маемировтің бұл қойылымы классикалық эстетика аясында жасалған жаңаша, сәтті интерпретациясымен ерекшеленеді (түркменстандық жас режиссер М.Жұмабаевтің ассистент болғанын айта өтелік). Шығармашылық географиясы, демек, аясы кең спектакль ойлы, интеллектуалды режиссура, актерлік қуатты ойын, бейнелі сценография (Т.Охикян, Грузия), жарық шешімі (А.Мезентцев, Украина), музыка – бәрінің көркем үйлесім-үндестігінің жемісі.
Жоғарыдан жасыл желек көмкерген сахна әрі үлкен кеңістік, әрі шектеулі төртбұрыш. Сол кеңістікте өмірден орнын таба алмай, беті сахнаға көлденең есіктермен жабылатын, көлбеу қара төртбұрыш тақтада шарқ ұрып жүрген кейіпкерлер. Негізінен Войницкий мен Астров көтеріп жүретін ол есіктер кейіпкерлерді - Астров/Соня, Елена/Войницкий, Елена/Серебряков - бір-біріне жат етіп, арасын бөліп тұратын өтпес қамалға, бірер тұста символдық табытқа айналады. Кейіпкерлер сүйретіп жүретін, тіпті Соня мен Елена таласып қалатын жансыз дене - олардың жүзеге аспаған арман-аңсарларындай...
М.Әуезов театрының актерлік мектебі қашанда мықты, мығым. Осының жарқын бір көрінісі жаңа қойылымдағы бірінен бірі өтетін актерлік ойындар. Айталық, алғашқы екі премьерада өнер көрсеткен сахнагерлерден Войницкий, Ваня ағай рөліндегі А.Сатыбалды мен Е.Дайыров, Серебряков - Т.Аралбай, Б.Қожа, Е.Андреевна – З.Карменова, Ж.Мақажанова, М.Войницкая – М.Омарбекова, Ш.Асқарова, Астров – Б.Айтжанов, А.Қырқабақов, Соня – С.Бақаева, Ж.Ибраева, Марина – Ғ.Әбдінәбиева, Г.Тутова, Телегин – Е.Бектасов.
Иван Войницкий А. Сатыбалды мен Е.Дайыровтың сомдауында болмысы бір болғанымен, шебер ойыннан өз алдына жеке дара кейіпкерлер болып шыққан. Өзге кейіпкерлер де сондай.
- Жалпы, бұл қойылымның маңызы неде?
- Жалпы А.П.Чехов орыс драматургиясына үлкен жаңалық әкелген, мазмұн мен форманың үйлесімін жаңаша қарастырған суреткер екені белгілі. Оның ғасырлар тоғысындағы қоғам идеал-мұраттарындағы өзгерістер терең суреткерлік зердеден өтіп, жекелік те, жалпылық та сипат алатын драмалары көпмағыналы болып келеді. Бұл сипат «Сүйікті менің ағатайымда» да молынан көрінеді.
Пьеса, демек, қойылым кейіпкерлері, негізінен қарапайым адамдардың жан дүниесі өзара қақтығыстар немесе әлдебір тартыстарда емес, күнделікті өмір, тұрмыс-тіршіліктері аясында біртіндеп ашылады. Табиғи түрде дамитын оқиғалар кейіпкерлерінің ішкі әлемін ашуға қызмет етеді де, мұның өзі көрермендерді олардың тыныс-тіршілігіне ортақтастыра отырып, өмірдің мәні мен мақсаты, махаббат, сенім, адами құндылықтар туралы сан алуан ойға қалдырады.
Қойылымның маңызы – көркемдігінде, ортаға тастайтын идеясында. Оның бір парасы - мүмкін бүкіл мәселе адамның, кеңірек аядан алғанда, ең алдымен, ұлттың өзіне келіп тіреледі; әр адам өзі үшін, әрбір халық өз өмір-кезеңі үшін жауапкершілікте дегенге саяды.
- Бізде де күні өткен идеалдардың соңында жүрген Войницкийлер бар ма? Олар кімдер?
- Қоғам болғаннан кейін, әрине, әртүрлі адамдар, әртүрлі топтар болады. Олардың біреріне назар аударар болсақ, заман талаптарын жатсынып, өткенді аңсаудан жалықпай, өз-өзінен қажитын топ бар. Олар шығармашылық адамдар арасында да кездеседі. Содан кейінгі үлкен бір топ - бүгінгі технологиялар туындатқан Серебряков-Серебряковалар, Войницкий-Войницкаялар...
- Бізде бұл қойылым М.Әуезов театрында алғаш 1982 жылы қойылған екен. Екі қойылымның арасында қандай айырмашылықтар бар?
- Чехов «Сүйікті менің ағатайым» драмасына «деревня өмірінен көріністер» деп анықтама берген. Көрнекті режиссер Ә.Мәмбетовтің қойылымы дәстүрлі реалистік стильде деревня өмірін бейнелеген терең психологиялық драма болды. Мәскеу гастролінде, Чехов мәнері мен стилистикасына нұқсан келтірмей, деревня өмірінің жанды картинасын шынайы бейнелеген спектакль ретінде өте жоғары бағаланды. Кезінде көркемдік құбылыс болған ол қойылым бүгіндері ұлттық сахнаның өнерінің алтын қазынасына қосылды.
Жаңа қойылымның айырмашылығы - жоғарыда айтқанымдай, классикалық эстетика аясында отырып, заманауи интерпретация жасауында. Спектакльде Чеховтың көпмағыналылығы ашылған – бірнеше идеяның қабаттаса, бір-біріне үйлесе-жымдаса шығуы, жеке тағдырлар жинақтала келе, бір есептен, қоғам келбетін жасайтыны, демек, әрбір адамның өмірі қайталанбас құндылық екені «оқылады». «Сүйікті менің ағатайымның» жаңа қойылымы – академиялық театр деңгейін танытатын, ұлттық режиссура мен актерлік мектептің бүгінін танытатын көркем спектакль.
Түйін.
Күні өткен идеалдардың соңында жүрген Иван Войницкийлер біздің қоғамда әлі де бар. Демек, бұл қойылым - қазақ көрерменіне өткен қоғамның озығы мен тозығын зерделеуге үндейтіндей.
Қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов театрының осындай өзекті де, терең мағыналы туындымен толыққаны қуантады. Көрерменнің көңілінен орын алар осындай қойылымдарыңыз көп болсын!
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz