«Өмірден өлеңді таптым»
Мерей Қарт - ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Семей өңірі филиалының директоры, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Абай театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
– Елбасымыз биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы талай жастың арманына қанат бітіргендей болды. Ашылу салтанатына өзіңіз қатысып, қайттыңыз. Алған әсеріңіз қандай?
– Мемлекеттің ең құнды ресурсы, байлығы, қазынасы ол – халық. Халықтың басым бөлігін құрап, үнемі үдеріс үстінде дамып, ең бірінші болып жаңалықты санасына сіңіретін ол – жастар.
Бүгінгі жастар жаңа өмірге икемді. Батыстан келген еуропалық дәстүрдің қажеттілігін алып, өз ұлттық көзқарасымыздың аясында рухани дамып-жетілу бүгінгі жастардың басты миссиясы деп білемін. Сондай мақсатта - Қазақстан жазушылар одағының ыстық сәлемін арқалап, Елбасының алдына барып, бірер ауыз ұсыныс айттым. Қазақстанда әдебиет академиясын ашып, әдебиеттегі ардың жолында жүрген бір топ жастардың жанына жылу ұялатып, қолдау беріп, қазіргі қоғамға пайдамызды тигізсек деген үмітіміз бар.
Мәселен, қазірдің өзінде Семей қаласында от ауызды, орақ тілді қаншама елеусіз жүрген ақындар бар. Қай заманда болмасын ақынның орны қазақ қоғамы үшін жоғары болған. Сол тектіліктің жұпарын аңқытып, қара шаңырақтың күмбезін құлатпай сақтап қалу біздей жастарға берілген аманат. Әрбір жас қолынан келгенше елге пайдасын тигізуі қажет. Сонда ғана өркениетті елдердің алдында еңсемізді тік ұстап, тұра аламыз.
– Ақын Мерей өлеңнен өмірді тапты ма, әлде өмірден өлеңді тапты ма?
– Өмір мен өлең егіз ұғым. Мен өзім өмірден өлеңді таптым десем болады. Өйткені мен үшін өмірдің әрбір күні мен әрбір сәті өлең. Өмірдегі кейбір жарқын сәт өлеңге айналуға тиіс деп білемін. Кейбір оқырмандар өлеңнен өз өмірін тауып жатады. Ал жыр жолдарынан өзінің тағдырына ұқсас жерін тауып жатса, өлеңнің де өмір сүргені. Абайша айтқанда: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» дегендей. Адам өмірі артындағы ұрпағымен, жазылған хаттармен мәңгі жасауға құштар. Өмір бар жерде өлеңнің бар болуы заңдылық және екеуі бір-бірінен ажырамайды.
– Қазір кино түсіру өнері мен кітап жазу екінің бірінің ермегіне айналып отыр. Осындай баяны жоқ «баяндамаға» деген көзқарасыңыз қандай?
– Әркім өз ой-өресінің дәрежесінде кино немесе кітап қылып туынды жасайды. Бұл құбылыс бір жағынан қоғамдағы технологияның жетілгендігінен деп білемін. Бірақ оқырман мен көрермен өзіне керегін екшелеп-талдап, соның ішіндегі ең керегін сүзгіден өткізіп алады. Оған бүгінгі оқырманның талғамы да жеткілікті. Қазір саны бар, сапасы жоқ кітаптар, идеясы жоқ ойлар көптеп кездеседі.
Кешегі «Қыз-Жібек», «Тақиялы періште» сынды фильмдердің жоқтығы қынжылтады. Бірақ түбегейлі жоқ деп айтуға хақымыз жоқ. Жастардың сұранысын қанағаттандыратын заманауи туындылар баршылық. Дегенмен ондай дүниелер әлі де аздау. Ғұмыры келте кітаптар да көп. Бұндай құбылыстар бізге дейін де болған, бізден кейін де болады. Ондай кітаптар жабулы қазан күйінде қалады. Оған уайымдап, шашты ағартудың қажеті шамалы.
– Шәкәрім философиясында «Үш анық» деген түсінік бар. Сіз өз өміріңіздегі үш анықты айтып бере аласыз ба?
– Ең әуелі адамның мақсат-мүддесі мен арман - ойы анық болуы тиіс. Өзім үш анықты ту етемін. Адамдық, ілім-білім, ғылым, ар соның ішіне кірер. Мақсатым анық. Еліміздің өркендеуіне Абайша айтқанда: «Бір кірпіш болып» қалануыма деген құштарлығым бар. Әр қазақтың бойында алға қойған мақсат-мүдделері анық, ұлттық рухы мықты болса, Шәкәрім атамыз айтқан Үш анық пұшпағына шығуы хақ.
– Шетел және әлем әдебиетінің классиктерін оқырман жоғары деңгейде қабылдап жатады. Ал қазақ ақындары өз арамызда ғана ұлықталады. Бірінші кезекте кімдерді оқыған жөн?
– Шетел әдебиетін оқымас бұрын әр қазақ өз әдебиетінен бастауы тиіс. Себебі өз ұлты жайлы бүге-шүгесіне дейін білмей бөтен елдің бұқпасына бұрылудың арты адасуға апаруы мүмкін. Шетел әдебиетімен салыстырғанда төл әдебиетіміз рухани иммунтетке өте бай. Және де әлем әдебиеті классиктерін қазақ классиктерімен салыстыра оқыған дұрыс. Ең әуелі төл әдебиетімізді меңгерейік, содан кейін шетелдің әдебиетіне, мәдениетіне бет бұрайық.
Қазақ әдебиетінің әлемдік әдебиет аренасынан өзіндік орнын ала-алмай жатуының басты себебінің бірі біздегі аударма саласының кенже қалуы. Болашақта мемлекет тарапынан аудармалар мен кітаптардың көптеп шығуына қолдау көрсетіледі деген үмітіміз бар.
Сұхбаттасқан: Елдар Ермеков,
Шәкәрім университетінің студенті.
Abai.kz