Министр ақиқатты айтып отыр
ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаев ҚР парламентінің мәжілісінде өткен үкімет сағатында жас мамандардың шетелге кетіп жатқанына қатты алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтты. Бұл әлемдік тенденция екенін еске салған министр «жастардың сорпа бетіне шығары түгел шетел асып кетті» деп қара аспанды төндіру жаңсақ түсінік дейді.
«Елден кетіп жатқандардың 70%-ы өзге этнос өкілдері. Бұл — қалыпты жағдай. Адамдар өзінің тілдік ортасын, шығу тегін іздеп кетіп жатыр. Бұдан трагизм іздеу қажет емес», - деді Калетаев парламент мәжілісінде өткен үкімет сағатында.
Министрдің бұл айтқаны тайға басылған таңбадай анық ақиқат екенін екінің бірі біледі. Елдегі славян текті халықтар өздерінің тарихи отанына кетпесе, 1989 жылы Қазақстан халқының 39,69%-ын ғана құраған қазақтар қазір 70%-ға жетпес еді. Сәйкесінше Кеңес одағының соңғы жылдары Қазақстан халқының тең жарымына жуығын құраған орыстар бүгінде 20%-ға дейін азаймас еді. Статистика комитеті өткен жылы елден 40 мың адам ауа көшкенін растап отыр. Олардың өте көп бөлігі Ресейге кеткен. Демек, елден кетушілердің басым бөлігі «жерұйық» іздеп емес, атажұртына аттанғандар.
Елдің бәрі білетін осы шындықты үлкен мінберде айтқаны үшін Калетаевті қаралағысы келетіндер де табылды. Ел өмірінде орын алып жатқан үлкен істер кезінде аузын буған өгіздей үнсіз қалатын кей депутат министрдің мінсіз пікірін мінеп-сынап әуреге түсті. Осыған қарап сол депутаттар мәжілісте халықтың қамы үшін емес, мысық тілеу көңілмен сөз аңдып отыр ма деген ойға қаласыз. Мемлекеттік мәселелерді шешер кезде бас шұлғып, қол көтере беретін біздің депутаттарға осындай кезде аяқ астынан тіл шығып, қызыл дауға араласып кетеді.
Калетаевтің қисынды пікіріне қанжар ала жүгіргендердің бірі Мәжілістің вице-спикері Гүлмира Исимбаева болды. Мәскеулік идеямен миы уланған Гүлмира ханым саясаттың «көпұлтты ел» деген көне шоқпарымен министрді қорқытқысы келеді. Аты қазақша, тегі мүлде өзгеше болуымен-ақ Гүлмира Исимбаева өзі аузынан тастамайтын «халықтар достығы» ұранын іс-жүзінде дәлелдеп жүргендей көрінеді.
«Еліміздің ерекшелігі — көпұлтты, көпконфессиялы ел. Сондықтан оны сақтап қалуымыз керек», - депті мәжіліс спикерінің орынбасары. Өзінің қайдан келіп, қайда тұрғанын анық білмейтін Исимбаева секілділерге Қазақстанның ешқандай да «ерекше» ел емес екенін түсіндіру мүмкін емес шығар. Олар үшін елдің ертеңі, ұлттың болашағы деген ұғымдар мүлде жат болса керек.
Мәжілістің вице-спикерінен асып түскісі келген Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутаты Ахмет Мурадов Қазақстан азаматтарының өзге елге кетуі табиғи процесс дегенге келіспейтінін айтыпты. Тіпті қыза келе «барлық этникалық топтар мемлекетіміздің стратегиялық ресурсы саналады» деп тәлімсіпті. Ел өмірінде бар-жоғы білінбейтін, саяси-әлеуметтік салада еш пайдасы жоқ «Қазақстан халқы Ассамблеясының» мүшесі өздерін мемлекеттің маңызды ресурсы санайды екен. Тіпті министрдің жұмысын сынап, буынсыз жерден пышақ ұрғысы келеді.
Біздің елде «ұлттар достығы», «ұлттар теңдігі» деген ұрандар ұлықталып келеді. Адамдар «ұлтшыл» деген сөзден Кеңес одағы кезіндегідей қорқады. Оны айтасыз, ұлт жанашыры болып жүрген азаматтардың өзі «мен ұлтшыл емеспін, ұлтжандымын» деп маймөңкелеуге мәжбүр. «Ынтымағы жарасқан көпұлтты» деген бір ауыз сөз үшін өзге ұлттардан мемлекеттік тілде сөйлеуді, баласын қазақша мектепке беруді талап етпек түгілі өз еліміз, өз жерімізде тұрып елді-мекендер мен көшелерге қазақша атау беруден қорқамыз. Сөйтіп халқымыздың мүддесін құрбан ете отырып, сатып алған береке-бірлігімізбен мақтанып жүрміз тағы. Бұл аздай «Көпұлтты Қазақстан» деген ұран енді министрлердің қалыпты қызмет істеуіне кедергі келтіре бастағандай...
Қуаныш Қаппас
Abai.kz