Кертартпа санадан арылайық!
Біздің соңғы шығарған "Аспантау асқан үркін көш" кітабында негізінен керейлердің оқиғасы баяндалған.
Оны ағылшын тілінен орысшаға өзім аударсам, қазақшаға менің жетекшілігіммен тәржімеленді. Ешқандай да мемлекеттік тапсырыс емес, немесе біреу аударшы демеді. 1956 жылы шыққан ағылшын нұсқасымен кездейсоқ танысқан соң, қазаққа керек кітап екенін түсініп, өздігімше аударып шығаруды ұйғардым.
Кітаппен танысқан қандастарымнан жиі естіп жатқан сұрағымның қандай екенін білгілеріңіз келе ме? "Сен керейсің бе?" - дейді. "Жоқ", - деп жауап беремін. "Онда найман шығарсың?" - деп қайтпайды. "Қазақпын", - деймін мен. "Айтсаңшы енді, не болды?" "Қазақ дегенім жетпей ме?"
Сонда бұлар былай ойлайды ғой: "Керейдің тарихын ешкім өздігінен аударып шығарып, ерлігі мен рухын ұлықтап жатпас, яғни өзі де керей болды ғой". Бұл логикамен керейдің тарихын керей, жалайырдыкін - жалайыр, беріштікін - беріш жазуы керек. Ұзақ жылдар бойы солай істеп келген де шығар.
Жоқ, айналайындарым. Мен ондай емеспін. Жарасса он тоғызыншы ғасырға жарасар кертартпа ойлауды біржола қоялық. Мен үшін керейдің ерлігі - бүкіл қазақтың, ал өзім қазақ болғандықтан - менің ерлігім, найманның қайсарлығы - барша қазақтың, яғни менің қайсарлығым, арғынның шеберлігі - барлық қазақтың, яғни менің шеберлігім, адайдың рухы - қазақтың, яғни менің рухым және осылай кете береді.
Мен үшін кез келген нәрсе функционалды болса ғана оның маңызы жоғары. Руға келетін болсақ, қазіргі заманда оның функционалдылығы тек бір жағдайда - қалыңдықты таңдағанда ғана қажет деп санаймын. Қалғаны - архаизм.
Кертартпа санадан арылайық.
Бұл кітапты қазақ қазақ үшін қазақшаға аударды. Осыны біліп жүрсеңіздер сол жеткілікті.
Бақытжан Бұхарбайдың facebook парақшасынан
Abai.kz