Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Арылу 7054 28 пікір 28 Ақпан, 2019 сағат 13:28

Теледидар халықты, халық теледидаршыларды тәрбиелеуі тиіс

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» (Ы.Алтынсарин) аппараттан бүгінгі озық технологияларға дейінгі жетістік халықты да өркениет биігіне жетелеп келе жатқаны рас. Кешегі төбесінен тоқпақтап жүріп әзер сөйлететін телеқобдиша көрермендері мен ән-е-еу жерде шалқаңнан жатып-ақ түртпегін түртіп қалып сарнататын телеэкран тамашалаушылары арасындағы сана сапасының айырмашылығы жер мен көктей деуге болар.

Бұрын теледидардан нені естісе, соған «Апырым-ау, солай екен-ау!» деп, илана салатын халық қазір кез келген тақырыптағы хабар-ошар, әңгімелеріңізді өз түсінік, көзқарастарымен саралап, қабылдамаған көріністерге сын-ескертпелерін  жедел жол­дап жатады. Өйткені, теледидар мен радио – ақпарат ағынындағы көрермендері мен тыңдармандары аса көп арна. Дей тұрсақ та осы телеқұрал материалдары сапасының төмендігімен «құлақ түргіштер» мен «көз жүгірткіштерді» жалықтыра бастағандай?

Неге?

Жаңа жылдың алғашқы бір-екі күнінде отандық арналар үзіліссіз үш-төрт сағаттан концерт берді. Жұрт ән, күй тыңдап, дем алсын деген шығар. Рақмет оларына. Ал енді осы әндердің көркемдік сапасына назар аударайықшы. Итең-итең, тыртаң-тыртаң бір ырғақтар. Не вальс, не вальс екпінді, не марш, не марш екпінді бірде-бір ән құлағыңа шалынбайды. Екіден, үштен, төрт­тен бірігіп алған топтар көгеннен ағытылған қозыларша бір дауыста ал кеп «жа­мырайды». Кейде бір-бір шумақты  әрқайсысы кезектесе «шырқайды» да, қайыр­масында біріге «дүрлігеді». Екі дауыс­ты – дуэт, үш дауысты – трио, төрт дауысты – квартет дегеннен қазіргі ән саласы мақ­ұ­рым. Көпшілігінің музыкалық сауаттары бар шығар, дауыс игеруге таланттары жет­пейді. Негізінен екі қазақтың бірі әнші. Отбасында, жиын-тойларда әндеткенде кез келген малшы немесе  тракторшы сахнада әншімін деп жүргендердің көбін шаң қаптырып кетеді.

Кезіндегі ағайынды Абдуллиндердің  «...Арманы биік, қолы жетпестей, Сапары ұзақ, жолы жетпестей...» деп сай-сүйегіңді сыр­қырататын қайран дауыстары-ай десеңші! Ән тарихынан жұрдайлар оларға еліктеп не қылсын! Сон-а-ау жылдары радио-теле­ко­митеттің әндерді елеп-екшеп, ел талғамына лайықтыларын ғана эфирге жіберетін көркемдік кеңес деген болушы еді. Өзі саз­гер Ілия Жақанов, белгілі ақындар бар, комис­сия  мүшелері «шөп те өлең, шөңге де өлеңге» рұқсат бермейтін, ар-ұяттарына жүгінетін.

Көктегі «жұлдыз» әншілер байқауында қазылар алқасында отырып, көрнекті ком­позитор Кеңес Дүйсекеевтің: «Беті қызар­майтындардың, өзі ұялмайтындардың бәрі әнші», – дегені бар. Әбден күйінсе керек.

«Ұялмайтындар» демекші, әншілер сахнаға шығып келе жатып, көрермендерден қол соғуын «сұрайтынын» қайтерсің. Айт­қан әнім, орындаушылық шеберлігім тың­дармандарғы ұнай ма, ұнамай ма деп қо­балжу­ды білсеші, шіркіндер. Ха­бар­ла­ма­шылар да: «Пәленше түгенше деген ән айтады, қарсы алыңдар!», – деп, үкімет басшысы келе жатқандай дүрлік­тіреді.

«Композитор» – «сазгер» деген атақты Композиторлар одағы бекітуші еді. Қазір «белгілі сазгер» дегендер жыртылып-айы­рылады. Тас лақтырсаң соларға тиіп, «Мен сүндет тойға да арнап ән шығарып, сөзін де өзім жазған композитормын», – деп гитараны сабалағанда, әйтеуір кеуделері жарылып кетпей тұрғанына «қуанасың».

Теледидаршылар «тірі дауыс» дегенді қай­дан шығарып жүр, осы?.. Өлі дауыс бол­майды ғой, табиғи дауыс десек, ішіміз кебе ме!

Теледидарды қазір жарнама деген «жал­мауыз» еркін жаулап алды. Кез келген әң­гіме-дүкен, материалдарды, тіпті, телесе­риал­дарды  әр 20-30 минут сайын үзіп тас­тап, тықпалап, күніне қырық қайталап, апта бойы, ай бойы өзгеріссіз берілетін жарнамалары жұртты мезі қылды. Алғаш­қыда нан үшін керек болған шығар деп, кешіріммен қарайтынбыз. Расында жар­нама патшалығы телеарна басшыларын жарылқап тастаса керек, дәрі-дәрмектерден басқа қажетсіз бір нәрселерден көзің «қарығады». Өздері көріп отырып ләззат алатын сияқты, әйелдердің борбайқұрғат­қыш жұп-жұқа, ұлтарақтай «дүниесін» жалауша желбірететіндерін қайтесің? Осы дүниені айына бір-ақ рет берсе де әйел деген аса мұқият  халық қой, тауып алады, болмаса күйеулеріне таптырады.

Тіл, тіл, қазақ тілі дегендегі «оқыту­шы­лар­дың» бірі осы теледидар ғой. Қайсыбір тұстардағы сөздері мен сөйлемдерін қай­та­ласаң, өз тіліңе теріскен шығады. Қос­та­найдан беріліп жатқан кешкілік хабарда ар­ғы жағында әртүрлі ішіп-жемдерді тұ­тынушылардың сатып алып жатқанын көрсетіп, бергі жағына бадырайтып тұрып «Сапасыз тағамдар саны екі есеге артты» деп ұрандатып қойған. Шіркін-ай, жүректерін жарып бара жатқан неткен қуаныш! Са­пасыздықты  осыдан артық қолдау бола ма!

Атыраудан тауықтардың әдемі қыт-қытын жағалата жария жасайды да, «Құс фабрикасы 20 млн. дана жұмыртқа өндірді», – деп мәз болады. Сонда фабрикадағылар кен қопарып, жер қазып жатыр ма екен? «Жүз биеден жүз құлын алдым» деп  шірене шалқайған «герой» жылқышыға Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Айғыр шапты, бие тапты, ал сен не бітірдің?» дегеніндей, әтеш әрекет етті, тауық тапты,  құс өсірушілер сол тауық тапқан жұмыртқаларды жинады ғой.  Осылай тізе беріп, әзірше қағазды қор қылмай-ақ қояйық. Тағы да бір оралармыз.

Мақпал Жұмабай бастаған топ «Ба­лапан» бағдарламасын ұсынып, бүлдіршіндердің көңілін аулап жүр. Жоқтан бар жасап, таңғы жетіден кешкі сағат онға дейін әралуан тақырыптарды қамтуға тырысып жүрген­дерге ризамыз. Десе де, балдырғандар қабылдауына лайық жарнамаларды (шәй-пәй ғой) екшеңкіреп берсеңдер дегіміз келеді. Төсек үстінде  көңіл көтеретін көргенсіз кинолардың үзінділерін насихаттамай-ақ қойыңдар. Ағылшын тіліне есік ашқандарыңды жоғарғылардың тізе күші ғой дедік. Алты жастан кейінгілерге деп ұсынатын ұлтымыздың батырлары мен басқа да қайраткерлері туралы фильмдерін балғын милыларды ұлттық рухта тәрбиелесек деген ықыластарың болса керек. Соны жасқа бөлмей-ақ бере берген дұрыс-ау. Үлкен тұлғалардың тарихи тыныс-тіршілігі бүлдіршіндердің миына сыя қояр ма екен.

«Балапандықтарға» бір өтініш – қолдануға нұсқау берілмеген (Президентіміздің өзі 2027 жылға дейін деп қадап көрсетті ғой) латын әліпбиін тықпалап, балақайлардың миын ашытпай қоя тұрыңдаршы. Ағылшын қарібіне қарқ болып алсын, көрермендерің.

«...Данышпан қарға»  айдарының бағыт-бағдары дұрыс-ақ. Бірақ балғын түсінік иелерінің тәрбиешілері қара қарғаға данышпандық дарытуға неге  құштар болды екен?  Үйінде қарғаның баласын әспеттеп, аялап өсіріп отырған Қожанасырдан көр­шілері:

– Мынауыңыз не? Орнына қыран, қаршыға немесе басқа бір жағымды құс асырамадыңыз ба? – деп сұрайды ғой. Сонда Қожа-екең:

– Е-е-ей, мұны еріккеннен ұстап отыр дейсіңдер ме? Қарға үш жүз жыл жасайды дейді. Соның рас, өтірігіне көз жеткізейін деп жүрмін, – дейтін көрінеді. «Балапандықтар» да қарғаның түптің-түбінде данышпан болатынын сезгендіктен, оны қақ-соқтан аршып жүр ме екен?! Со-но-оу тарихтан жағымсыз «кейіпкерді» жаңа ұрпақтың қабылдауына тазартып сіңірмек пе?

«Сезім қаласы» айдарында балалардың ұлттық сезімін, ата-анаға, туған жерге деген сезімдерін қалыптастырғылары келген шығар. Жүргізуші еркек пен әйел қатар отырса да бір-біріне деген сағыныштарын баса алмай, көрерменге емес, бір-бірлеріне елжірей қарап, ішіп-жеп қойғалы отыр ғой. Мектеп оқушыларының ішінде не бір таланттылары бар. Жүргізушілерді солардың өз орталарынан тауып алған жөн-ау.

Қуыршақтары да қазақ ұғымына тым алшақ. Жаһандану үрдісінің жұтқыншағына әзірше итермелемей қоя тұрайық, ұлттық түсінікке лайық арыстан, аю, жолбарыс, қасқыр, түл­кі, қоян, тағы басқа аңдар мен төрт түліктің төлдері де жеткілікті ғой.

Біз бұл жерде «Балапанды» сынаудан аулақпыз, жағымды істеріне жақсылық үстемеленсе екен деген адал ниетпен айтып отырмыз.

«Төсек үстінде» демекші, ана бір арнада «Күлкі үшін...» дейтін айдар бар. Не түрлі қиямпұрыс әрекеттерді ойлап табады. Қайсыбір жылайтын қимылдарды көрсетсе де біздің тобыр сандарын шапалақтап, көзде­рінен жас сорғалағанша екі езулеріне ерік береді. Етіміз өліп кеткен. Менің жүрегімді сыздатқаны: жүргіншілері көп, орталық үлкен көшелер­дің автожолының жағасына жақын орындықта 9-10 жасар кішкентай қазақ қызы отыр. Қарны шеңбірек атады – екіқабат. Ішін сипап-сипап, толғақ қысып отырғандай қиналып, өткіншілерден көмек беруін сұрайды. Кейуаналар мен қариялар аяушылық танытып, бастарын шайқайды. Орта жастағы қаракөздеріміз «екіқабат» қызды қасындағыларға сұқ саусақтарын шошайта көрсетіп, шалқалай ха-ха-лап, мәз болып барады. Орыс  және өзге ұлт жүргіншілері жасына жетпей құрсақ көтерген қазақтың көргенсіз жеткіншегіне жиіркене қарайды. Сөйткенше  болған жоқ қыздың өзі тұрғылас ұл бала келді де, «келіншегін» аймалай мүсіркеп, көтеріп апарып қара  «Джип» машинасына отырғызып, перзентханаға әкетті. Теледидар­шылар: «Күлкі үшін...» деп мәз. Ал керек болса, кешегі сегіз бірдей  жас өскінді  тілсіз жау – өрт  құшағына бере салғанымыз аз болғандай, қайсыбіреуін тексіздіктің қылкеңірдегіне  еншілетіппіз. Жетіскен екенбіз! Қызын, немересін осындай көрініске түсуге рұқсат берген қандай ата-ана! Оны түсіруге дайындаған теле топ пен түсірген операторды, көрерменге ұсынғандарды намыс, ұлттық сезім жайы ойлантпағаны ғой.

Жалпы теледидаршылар іске тым салақ-ау! Шетелдік ойран-ботқа, қайдағы бір сериалдарды күніге екі-үш дүркін қайталап, эфирге ұсына береді. Сөйтіп көз жүгіртушілердің уақытын ұтады. Оның орнына бүгінгі күннің өзекжарды мәселелерін сөз етіп, ұлт танымын ұлғайтуға септігі тиетін материалдар тауып, түсіруге құлықсыз. «Дайын асқа – тік қасық» кинолар жатыпішерлікке үйретіп барады.

«Күлкі үшін..» дегеннен шығады, теледидарда күлкі қазаны қайнап тұр. Оның күштілер қаруына айналғаны соншалық, депутаттарымыздың біразы көрермендер қатарына сіңіп кетті. Солар қатарлы сәнді сарайларда отырып тамашалай алмасақ та үйдегі  теледидарға «сауат ашу» үшін үңілетініміз бар. «Тамаша» сынды әзіл-сықақ отауынан басталған күлкіміз әлемдік деңгейге («Әзіл әлемі») қалықтап кетті. Сондағы жетістіктері не дейсіз ғой, еркек кіндіктілердің әйел болып ойнауға құмарлықтары. Еріндерін иреңдетіп, тілдерін сүйреңдетіп өсекті өкіртеді-ай келіп. Әнеубір кемпір бейнесіндегі «талант иесі» қазақ кейуаналарының атына кір келтіріп жүр. Апаларымыз сондай танымсыз, тағылымсыз, өресіз емес. Осының бәрін былай қойғанда біз неге қарттарымызға күлуіміз керек? Халқымыздың «...кәріге күл» дейтіні бар, оның  мағынасы бүтіндей басқа. Біз неге оларды жаһаннамға жар салып, сахна мазағына айналдырамыз? Әйел бол­ғысы келіп жүргендер өзін-өзі қинағанша, медицинаға жүгінсін. Бір аптаның ішінде  тілегендерін орын-орындарына қойып береді. Әйтпесе, талантты әйел артистер жетпей жатқан жоқ қой. Әйтеуір залдағы көрермендерді күлдіріп, қол соқтырсақ болды деп, сахнада бірін-бірі тырағайлатып кеп қуады. Әрі­тесін ұрып-жыққанына мәз болып, жұртшылыққа қарап ыржаңдайтынын қайтерсің. Отырғандар оның  «мереке етер сөздеріне» емес, ақымақтық әрекеттеріне күледі. Әдетте сахналық сатира, скетч, интермедияларда 5-7 минутта айтарын айтып тынушы еді, бұлар жайлауда жүргендей, сахнада сағаттап жатып алады. Сол баяғы отбасы, ошақ қасындағы күлкіні қоздатады. Бұған тыңдармандардың біреуі күлсе, оның екі жағындағы екеу мен артқы, іргелес орындықтардағы үшеу «мынау неменеге күліп отыр, ей» деп, не болса соған күлгенге қарап күледі. Сахнагер жұртты қыран-топан күлкіге батырып кеткен талантына жарыла жаздайды.

Өткенде біреуі «Неге алдадың, жаным, неге алдадың, жаным» деп сахнаның ана шетінен мына шетіне дейін итеңдеді. Залдағы жастар мен жасамыстардың біразының көзінен  моншақ үзіліп жатыр. Неге? Күлкінің әні емес қой.

Жанатбек Бәйтековтің «Мафия мен тақиясындағы» «Бір адым жер», «Мұз қала», басқа да ұлт намысын қамшылар дүниелерін күлкі сүйерлер сағынып жүр.

Жоғарыда айтылғандардың бәрін редакция, редакция бойынша жүйеліп, мамандардан арнайы комиссия құрып, солардың талға­мына салып, олардан кеткен кемшіліктер болса, өздері қарап, жөнге салуға тиіс Радио-телекомитет дегендер ай бағып отыра ма екен? Ең бастысы теледидар халықты, халық теледидаршыларды тәрбиелеуі тиіс екенін мойындайық, ағайын!

«Үй артында кісі бар», жар-жарымызды да, зар-зарымызды да осымен тоқтатайық.

Сіз не дейсіз, оқырман?

Еркін Жаппасұлы

«Қазақ әдебиеті» газеті

№8, 22.02.2019 жыл

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963