Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Билік 6481 0 пікір 17 Ақпан, 2019 сағат 13:09

«Қазақстанның қасиетті географиясы» - тарихи тамырға қан жүгіртеді

Ғасырлар бойы халқымыздың қасиетті қорғаны болған байтақ қазақ даласы киелі әрі кереметке толы өңір саналады. Батыр бабаларымыз қабырғандан қан кеше жүріп қорғап қалған осы кең-байтақ територия тәуелсіз Қазақстанның баға жетпес байлығы екені сөзсіз. Егемен ел болып етек-жеңімізді жинаған соң тарихи құндылықтарға назар аударып, өткен-кеткенімізді түгендеу біздің басты борыш.

Ұрпақтар сабақтастығын сақтау, тарихпен байланыс орнату – болашақ үшін маңызды дүниелер. Біз болашаққа нық қадам басып келе жатқан дамушы мемлекетпіз. Осы кезеңде біздің бірлігіміз бен тұтастығымыз нығая түспек керек. Елбасы аталған маңызды кезеңде бірізді жұмыс жасау мақсатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлт тарихындағы ұлы белеске айналды. Оның жеке бағыттарының аясында еліміздің руханиятын, білім деңгейін, бәсекеге қабілеттілік дәрежесін көтеру мақсатында көптеген ізгі шаралар жүзеге асып жатыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» атты бағыты біз сөз етіп отырған байтақ қазақ даласын бағалауға, қадірлеуге шақырады.

Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» тақырыбында кітаптар, «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының бірінші томын дайындады. Жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандар бойынша нысандардың әрқайсысының толық сипаттамасы мен 3D турлары көрсетілген интерактивті және виртуалды карта, Қазақстанның қасиетті нысандары туралы әлеуметтік желілерге арналған ұялы форматтағы 30 бейнеролик, ҚР Ұлттық мұражайында «Рухани жаңғыру» залы ашылды.

Ұлт тарихында ойып тұрып орын аларлық тарихи орындар мен табиғаттан берілген ерекше белгілері бар орындардың насихатын арттырып, келер ұрпаққа аманаттау мақсатын көздейтін бағыттың маңызы зор.

Қазақ даласы қасиеті орынға кенде емес. «Қазақстанның қасиетті географиясы», ең алдымен, ұлттың ұйытқысы болып, елдің қорғанына айналған көне шаһарлардың насихатын арттыруды көздеді. Аталған тарихи қалаларға мектеп оқушылары мен студенттерді саяхат есебінде алып барып, көмбе тарихтың сырына қанық қылды. Мұндағы мақсат – елдің, ұлттың болашақ тұтқасын ұстайтын азаматтарының ұлттық болмысын нығайтып, рухын көтеру, патриоттық сезімін ұлғайту еді. Құлағына күмбірлеп енетін күй мен шаттыққа бөлейтін ән, көңіл пернесін дөп басатын қобыз үнімен анықталатын ұлттық ерекшелігім секілді бұл орындар да ұлтымыздың көмбе мұрасы. Ұрпаққа аманат жасау үшін оған жас күнінен тарихи мұраларымыздың маңызын ұқтырып, санасына ұлттық құндылықтарды көз қарашығындай қорғап, оларға жан-тәніңмен қамқор болуды үйрету қажет.

«Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты аясында еліміздің әрбір аймақтарында арнайы карта жасалып, сол карта бойынша түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайларының құрылысы аяқталды.

Қазақстанның жалпыұлттық деңгейдегі қасиетті орындары мен кешендерінің толық тізіміне кірген нысандар, яғни республикалық мәнге ие 23 тарихи және мәдени ескерткіштерге ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары өткізілді. Атап айтқанда, Шақпақ ата, Қараман ата қорымдары, Қ.А.Ясауи, Арыстан баб кесенелері, Ақыртас, Аппақ ишан күмбездері, Ескі Түркістан, Сауран, Сығанақ, Ескі Тараз, Талғар және т.б. қалашықтар жөнделді.

Бүгінгі таңда 15 нысанды қалпына келтіру жұмыстары өз мәресіне жетті.

Алдағы уақытта мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайлардың «Ұлытау», «Отырар» және «Таңбалы» атты 3 қабылдау орталықтарының құрылысы жоспарланған.

Сонымен қатар, еліміздің өткен тарихи және рухани өмірінің толық көрінісін көрсету, туризм саласын дамыту мақсатында BBC World News телеарнасының қатысуымен дайындалған «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы», «Алтын батыр», «Ахмет Қожа Ясауи және Айша бибі кесенелері» фильмдер жинағы, «Күлтегін. Жаңа көзқарас» атты деректі тарихи фильм, «Castlefilm» американдық компаниясы мен танымал актер Марк Дакаскостың қатысуымен «Номадтар жері» фильмі жарық көрді.

Қазіргі таңда «BBC World News», «Хабар», «Kazakh TV», «Ел арна» телеарналары бойынша «Алтын батыр» және «Ахмет Қожа Ясауи және Айша бибі кесенелері» деректі фильмдерінің көрсетілімі жүргізілуде.

Ал «Euronews» телеарнасында «Алтын батыр» және «Ахмет Қожа Ясауи және Айша бибі кесенелері» фильмдерінің жарнамалық роликтері көрсетіледі.

Өңірлер арасындағы саяхат түріндегі жастар байланысын нығайту ісі жолға қойылып келеді. Өзге өңірлерге саяхат жасаған жас буын елінің тарихы мен даму бағытын салыстырып, өзінің көзқарасында бағам жасайды. Сонымен қатар, ел мен жер көрген жастардың ортаға бейімделуі, бәсекеге қабілеттілігі, көңіл көкжиегінің деңгейі артады. Демек, бұл жобалардың жүктеп отырған жауапкершілігі мол және оны абыроймен атқаруда.
Тарихпен танысу арқылы адамның білімділік деңгейі де арта түседі. Қазір еліміздің бірқатар өңірлерінде тарих, география секілді пәндер негізінде сол аймақтағы ерекше орындарға барып, оқушыларға сабақ өту үрдісі кең етек алып келеді. Оқушылардың барлығы осындай ерекше сабақтар кезінде өзгеше ынтамен сабақ оқып, даланың бөлек көңіл-күй сыйлайтынын, барлығын көзбен көріп, қолмен ұстаудың өзі қызық екенін тілге тиек етеді.

Осы бағытта, Түркістан облысының барлық қалалары мен аудандары бойынша 1, 2 және 3 күндік туристік бағыттар әзірленді. Осы бағыттарға Қазақстанның қасиетті нысандары картасына енген 84 тарихи-мәдени нысандар енгізілген. Түркістан облысының Ордабасы ауданында қазақ халқының 3 биінің ескерткішін әзірлеу және орнатуға 350 млн. теңге бөлініп отыр. Отырар ауданында «Арыстанбаб» кесенесіне жақын орналасқан аумақты жайғастыру үшін 32,1 млн. теңге қарастырылуда. Және де «Отырар төбе» тарихи кешенінің аумағын жайғастыру үшін аудандық бюджеттен 28,8 млн. теңге жоспарланды. Аталмыш қаржыға көлік тұрағы салынып, жарық орнатылды  және кешеннің аумағы көгалдандырылды.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында жалпы сомасы 8 млн. теңге көлемінде Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенін қалпына келтіру жұмыстары басталып, әзірге шатыры ауыстырылды және қасбеті жөнделді.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Қазақстан жұлдызы» алтары орналасқан Озерное ауылына 531,6 млн. теңге көлемінде 22,3 шақырым жол, Долматово ауылына жалпы сомасы 437,108 млн. теңгені құрайтын 13 шақырым жол, Мағжан Жұмабаевқа қатысты нысандар кешені орналасқан Сартомар ауылына 232,200 млн. теңгеге 7 шақырым жол бағыттарын жөндеу жоспарлануда.

Қазіргі таңда облыстың 3 қасиетті нысанының жанында туристерді орналастыруға және қондыруға арналған арнайы орындар, қонақ үйлер жұмыс істейді.

Ал Қызылорда облысында ресейлік және өзбекстандық ғалымдардың қолдауымен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы ұйымдастырылды.  Сығанақ, Жанкент, Бәбіш молда, Сортөбе, Қышқала аудандарындағы қасиетті орындарды археологиялық зерттеуге 43,5 млн. теңге бөлінген. Осы ретте ағымдағы жылғы ақпан айында Облыстық тарих және өлкетану мұражайында «Қасиетті Қазақстан және археология» залы ашылды.

Тағы бір ауыз толтырып айтарлық жұмыс, Жамбыл облысында «Ақыртас» тарихи кешеніне ұзындығы 7 шақырым жол салынды.

Бұдан бөлек, Маңғыстау облысында жалпыұлттық және жергілікті маңызы бар бірқатар қасиетті нысандар орналасқан Қарақия ауданына жол құрылысы басталды. Осы мақсаттарға облыс бюджетінен 5 млрд. теңге бөлініп отыр.

Ал «Шығыс Қазақстан інжу-маржаны» жобасын жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстан облысында Қасиетті орындардың картасы әзірленді. Осы ретте облыстың туроператорларымен бірлесіп 23 жаңа туристік бағыттар дайындалды.

«Қазақстанның қасиетті географиясы» әлеуметтік жобасын тиімді жүзеге асыру аясында Мәдениет және спорт министрлігі тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және қолдану саласына қатысты негізгі және жетекші заң жобаларын әзірледі. Осының арқасында «Қазақстанның қасиетті географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру аясында барлық аудандарда бірқатар елеулі жұмыстар жүргізілуде. «Қазақстанның киелі 100 нысаны» тізіміне Ақмола облысынан 10 нысан  республикалық картаға және 33 нысан өңірлік мәнге ие картаға енгізілді.

Сонымен қатар, экологиялық, бұқаралық туризмді дамыту мақсатында Қорғалжын, Бурабай, Зеренді, Ерейментау, Атбасар, Целиноград, Жақсы, Жарқайың, Есіл, Сандықтау аудандары мен Біржан сал ауданының қасиетті нысандары базасында 8 туристік бағдар әзірленді. Шығыс Қазақстан облысы Үріл ауылына дейін 150 шақырым асфальтталған жол, ал Үріл ауылынан Берел қорғанына дейін 12 шақырым құм-шағал жол салынды. Ырғызбай (Әулие) кесенесінің жан-жағы мен Қоңыр әулие үңгірі  жайғастырылды. Бастапқы жоба 50 млн. теңгені құраса, Қоңыр әулие үңгіріне 25 млн. теңге жұмсалды. Қазіргі таңда Семей қаласынан Қарауыл ауылына дейін, әрі қарай Қарауылдан Қоңыр әулие үңгіріне дейін 100 шақырым жол жөндеуден өткізілуде.

Руханиятты жаңғырту, жаңарту үшін, өсіп келе жатқан жаңа ұрпақтың санасындағы ұлттық рухын, ұлттық болмысын нығайта түспесек, жаңа дәуірдің арынды ағыны тым-тырақай етіп шашыратып жіберуі мүмкін. Сондықтан, Мемлекет басшысы жаңа дәуірге аяқ басып келе жатқан уақытта жастарға өте үлкен көңіл бөліп отыр. Олардың сапалы білім алуына және тарихи-мәдени білімді болуына барынша жоғары мүмкіндіктер туғызуға тырысып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» атты бағыты бірінші кезекте көне орындардың жағдайын жақсартып, насихатын арттыруды көздесе, екіншіден, жас буынның терең тарихи-мәдени білім алып, ұлттық рухын нығайтуды көздейді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1560
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3358
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6315