Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жөн-ақ 6146 1 пікір 30 Наурыз, 2019 сағат 15:24

Cәуле Айтпаева. Болашақ ұрпақ үшін Жер күнін атап өту керек

28 наурыз күні Сенат отырысында депутат Сәуле Айтпаева Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ. Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінген:

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 63-сессиясында бекітілген халықаралық күндер күнтізбесінде екі Жер күні бар екені белгілі. Біріншісі - 20 наурыздағы көктемгі күн мен түннің теңелуі, екіншісі - 22 сәуір. Бірінші Жер күнінің бітімгершілік және гуманистік мәні бар әрі Қазақстан осы күні өзімізге тән даналықты, өзара құрмет пен Отанға сүйіспеншілікті бүкіл әлемге паш ете отырып, дамудың жаңа кезеңіне көшті.

Жер-Ана күні ретінде жария етілген 22 сәуір қазіргі және келешек ұрпақтың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық сұраныстарының әділ теңдігіне қол жеткізуді, әр адамның қоршаған ортаға ұқыпты қарауын, оны қорғауы мен көркейтуді мақсат етеді.

Орнықты даму мақсаттарын орындау жөніндегі міндеттерді өзімізге ала отырып, біз Жердегі өмірді экологиялық игі істерді сақтап қалуға әрі адамзатты экологиялық апаттардан құтқаруға қабілетті адамды қалыптастыру идеясын жария етіп отырмын.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша, дүниежүзілік мұхиттарда 270 мың тонна қоқыс, 5,25 трлн тонна пластик бұйымдар қалқып жүр, 1,8 млрд адам ластанған ауыз суды пайдалануда, теңіздер мен өзендерде өмір сүретін тіршілік иелері жаппай қырғынға ұшырауда. Біз қыс мезгілінен көктемге ауысқан кезеңде Қазақстанда осы жағдайдың қалай болғанын анық көріп отырмыз. Жер-Ана қоқыстан өте баяу арылады, қалпына келу мен жаңа күш жинау және тіршілік иелерін азықтандыру үрдісі қиын жүреді.

Жердің тоза бастауы, биологиялық алуандықты жоғалту үрдісін тоқтату, ауаның ластануы, осының бәрі, әсіресе балаларда, көбінесе тыныс алу органдарының, асқазан-ішек жолдарының ауруларына және жүрек-тамыр ауруларына әкеліп соғады.

2003 жылғы 8 қазандағы Орхус конвенциясына ластаушы заттар мен шығарындыларды тіркеу туралы хаттама күшіне енді, ол жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығына кепілдік беретін бірінші халықаралық келісім болды. Энергетика министрлігі Экологиялық кодекс пен Қазақстан Республикасының 2018-2020 жылдарға арналған халықаралық шарттар жасаудың перспективалық жоспарына өзгерістер енгізуді жоспарлаған болатын. Алайда, бүгінгі таңда бұл мәселе әлі күнге дейін ашық қалып отыр.

Құпиялардан басқа ластану туралы ақпараттың ашық түрде берілуі халықтың өмір сүру мен денсаулықты дамытудың ықтимал жолдары, өсімталдықтың сақталуы туралы хабардар болу деңгейін арттыра түседі.

Осыған байланысты менде бірқатар сұрақтар мен ұсыныстар бар:

- ауаны ластайтын заттардың тізіміне фенол, формальдегидтер, күкіртсутегі, хром және оның қосылыстары, қорғасын мен оның қосылыстары қосыла ма?

- біздің еліміздің барлық кеңістігін: даланы, су айдындарын, саяжай алқаптарын, автомобиль жолдары мен теміржол аумақтарын пластиктен жасалған заттардан, құрылыстар мен өзге де шаралардың қалдықтарынан тазарту шараларын жүзеге асыру;

- қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдау арқылы қалыңдығы 15 микроннан аз полиэтилен пакеттерін өндіруге, импорттауға және сатуға тыйым салу (60-тан астам елде полиэтилен пакеттерін шығарудан бас тартты);

- қоршаған ортаға әсерлерін, жергілікті шикізатты таңдау және оның шыққан жерлерін бақылауды және органикалық өнімдердің үлесін ұлғайтуды ескере отырып, жауапты мемлекеттік және бизнестегі қызмет көрсетулердің принциптерін дамыту;

- бизнестегі барлық қызмет түрлерін қоршаған ортаға зиянды әсерді қысқартуға және қоршаған ортаны қорғауға бағыттау;

- ғимараттарды, құрылыстарды, үйлердi пайдаланбағаны және санитарлық жағдайда күтiп ұстамағаны үшiн иелерге қатысты экологиялық бақылауды белгiлеу;

- барлық табиғи су көздерін: су қоймаларын, бұлақтарды, ашық құдықтарды тазалау;

- Қазақстанның талантты балалары ата-аналарымен бірге еліміздің әр өңірінде 22 сәуірде және жыл бойына көшет отырғызу үшін ағаш алеяларына арналған алқаптар бөлу мүмкіндіктерін қарастыру. Бүгінде қазақстандық балалар дарындар рейтингінде 100 ел арасында 12-ші орынға ие болып отыр.

- еліміздің әр аймағында малта тастардан сенсорлы жолдар жасау үшін орындар бөлу мүмкіндігін қарастыру. Әртүрлі тастарды және басқа материалдарды іріктеу және цементтеу арқылы жасалатын осындай жолда қарапайым жүру кезінде адам табанына оң әсер ететіні белгілі. Аумағы шағын Корея елінде пайда болған су-джок емі адам табаны мен саусақтардағы биологиялық белсенді нүктелерге әсер етуге негізделген. Ол нүктелерге ықпал ету үшін табанға әсер ету керек. Қарапайым әрі әркім қол жеткізе алатын осындай ем үшін парктер мен скверьлерде, балалар алаңқайлары мен спорт алаңдарында арнайы сенсорлы жолдар жасалуы керек. Оны барлық тұрғындар, әсіресе қозғалыс-тірек аппараты бұзылған, аутизммен ауыратын балалар тегін пайдалана алар еді. Сондықтан осы мақсатта ауқымды істерді жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға мына мәселелер бойынша тапсырма беруіңізді сұраймын:

- бұл мәселеге байланысты балаларға ерте жастан оң пікір қалыптастыру.

- балалар мен ата-аналардың ізгі істерді бірге жасауына маңыз бере отырып, түрлі жағдайлар мен оқиғаларға орайластырып жыл бойына ауқымды отбасылық-экологиялық фестивальдар, балалар мен жасөспірімдерге арналған тәрбиелік шаралар өткізу. Дұрыс экологиялық тәрбие бүкіл адамның толық тұлғасын қалыптастыруға ғана емес, сонымен қатар баланы қоғамнан сырт айналуға ықпал ететін көше әсерінен алшақтатуға мүмкіндік беретіні дәлелденді;

- мектептер мен оқушылар үйлерінде экологиялық үйірмелер құру, олардың осы сала құрылғыларымен ең аз деңгейде жабдықталуының өзі экологиялық тәрбиенің тиімділігін айтарлықтай арттырады. Балалардың жағалау мен саябақтарды, көшелерді көркейтуге, ағаштарды отырғызуға қатысуы ой-өрісінің кеңеюіне де, өз жұмысының нәтижелеріне қол жеткізу үшін тырысуға ықпал етеді;

- балалардың үлкендермен бірге табиғат аясындағы дағдылар ережесін еске түсіретін, тұрғын үй экологиясы туралы, үйдегі және қоршаған ортадағы адам өмірінің қауіпсіздігі, өсімдіктер мен жануарлардың пайдасы туралы айтатын экологиялық-биологиялық орталықтар ашу.

Колледждер мен мектептердегі оқу барысында жаһандық, аймақтық және жергілікті мәселелердегі экологияның өзара байланысын ашып,  оқушылардың сана-сезімдеріне, санасына әсер ету, ойлануға және әрекет етуге мәжбүрлеу.

Халықаралық Жер күнін осы шараның бастамасы ретінде белгіленіп, тұрақты түрде атап өтілуі тиіс.

«Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес, депутаттық сауал нәтижелерi туралы заңда белгіленген мерзiм iшiнде жазбаша жауап беруді өтінемін.

Сәуле Айтпаева, Парламент Сенатының депутаты

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965