Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 9549 4 пікір 24 Сәуір, 2019 сағат 09:38

Насыр Фазыловтың естеліктері

Өзбекстандағы Қазақстан

жылына орай

 

Достар

1962 жылғы, мамырдың 15-і. Тамылжыған көктем. Таңғы он бірдің шамасы. Аэропорт ығы-жығы. Алматы аспаны шайдай ашық. Жазушылар, ақындар, артистер бәрі көшіп шыққандай. ИЛ-18 самолетінен түскен өзбек әдебиеті мен мәдениеті өкілдері Қазақстандық достарының мейірбан құшағында.

– Оо, Ғафур, бауырым...

– Яшин... Халимахан, айналайын...

– Миртемир, жиен!

– Зульфия...

– Аман-сау... Қош келдіңіздер!

Аэропорт төрі у-шу: біреу-біреуді құшақтаған, біреу өзінің сағынған досын тік көтеріп жерге қойып жатқан, сүйіп жатқан... Әріректе ұлттық киіммен гүл құшақтап тұрған қаракөз қыздар өздерін нысанаға алды: гүлзар орынынан қозғалғандай. Гүлдер!.. Гүлдер!.. Әлі жапырақтарынан үзілмеген десте-десте алуан гүлдер. Бір кезде Авнер Бараевтың жағына тіл бітті. Ғафур аға ешкімнің ілтипатынсыз иығын қиқаңдатып, ортада билей жөнелді. Айғай, күлкі...

Аэропортта қысқа ғана митинг болып, Сәбит аға сыпайы ғана: «қош келдіңіздер!» деген соң, бәріміз жеңіл көліктерге отырып, делегацияға арнайы бөлінген орынға Министрлер үйінің таудағы бағына қарай бет алдық.

Министрлер үйінің бағы қысы-жазы жайнап тұрады екен. Бақтағы ғимараттар жап-жасыл ағаштарға көміліп кетіпті. Елгезек фотографтар ғимарат алдында суретке түсірмекші болып, онкүндікке қатысушыларды бір жерге жинағандарында Айбек жазушыны көріп қалдым. Кейін білсем, ол кісіге самолетпен ұшу саулығына кері әсер ететіндіктен, пойызбен бізден сәл бұрын келіпті. Суретке түсіп болғаннан соң, басшыларымыздың бірі Айбек жазушыға қарайлап жүруімді дайындады. Ол кісі қиналып сөйлесетін, сөйлескенінде де, дүниенің сөзін бір ауыз сөзбен түйіндеп, сол бір ауыз сөзді де ішкі бір тебіреніспен тұтығып зорға айтатын. Мен бастығымыздың әлгі сөзін өзімше: «Айбек жазушы қазақ туғандарының сөзін өте жақсы түсінеді. Мен қазақтардың сөзін Айбек жазушыға емес, Айбектің қиналып айтқан бір сөзін – көкейіндегі жеткізе алмаған пікірлерін қазақ ағайындарымызға аударып беруім керек деген сыңайда түсіндім.

Белгіленген бағыт бойынша ертеңіне Алматының күншығыс жағындағы Есік көліне баруымыз керек. Ол жерден қайтарда сол маңайдағы ауылдарда кездесу өткізуіміз керек еді. Сүйріктей жеңіл машиналар тегіс асфальт жолдан Есік көліне қарай зымырап барады. Кеше ғана жуылған айнадай жарқырап тұрған аспанды сұр бұлттар торлап алыпты. Біз жақындай бере, сұрғылт бұлттар үдере көшіп, ақырын-ақырын суық тамшыларын төге берді. Жол бойы Есікке барғанша жап-жасыл... Құдды жұмақтың өзіндей.

– Есікке дейін қанша шақырым? – деп сұрадым жанымда отырған бейтаныстан.

– Жетпіс бес.

– Бұл көлді неге Есік дейді?

– Көл таудың үстінде. Сол таудың үстінде қалаға жел келіп тұратын бір кетік бар. Сол кетікті есік дейміз...

– Е, салқын кіріп тұратын есік деген мағынада екен ғой.

– Иә. Кейбір орыс ағайындарымыздың есікке тілі келмей, «иссик» дейді. Ол «Иссиккуль» қырғызда ғой...

– Ее...

– Солай...

Қанша жүргенімізден кейін, бұралаң-бұралаң асфальт жолдан жоғарыға өрлей бастадық. Енді жасыл желектен гөрі жартас тастар, қия таудың етегі, жотада қылтия өскен көкпеңбек шыршалар көзге түсе бастады. Біз машиналар шеруінің соңында келе жатқандықтан, алдымыздағы машиналардың жотаға шығып, айналып тоқтап жатқанын көріп келеміз. Біз отырған машина да сол машиналар жанына барып тоқтады. Тоқтаған жеріміз биікте болғасын ба, көл сонадайдан көрініп тұрды. Кішкентай ғана екен. Айналасы тау. Суы сондай тұнық, әрі жап-жасыл. Тау баурайлары құдды ертегілердегі жап-жасыл шыршалар. Бір ұнамағаны – салқынырақ... Көлде үш-төрт моторлы қайық дырылдап, о шетінен бұ шетіне балықтай еркін жүзіп жүр. Біреулер машинадан түсе салысымен әсерін жасыра алмай: «О-о!» – десіп жатыр.

Сондай ғана көл бойына айналасы биік тақтайдан пана бастырма қылып қойған. Ол әжептеуір кең екен. Бәріміз сол жерде көлді тамашаладық. Айбек жазушымен бірге жүруім ойымнан тарс шығып кетіпті. Дереу оның алдына бардым. Жазушының сол кездегі жағдайын тілмен айтып жеткізу қиын еді. Ол бүтіндей көл көрінісіне берілген, әсерленгеннен болу керек, көздері шамадан тыс үлкейіп, төбетейі бір жағына қарай қисайыңқырап кетіпті.

Бір кезде қайықшылар біз тұрған бастырмаға жақындап келді де, қайықшы жігіт тұрғандарға тіл қатты:

– Мархабат...

Бастырмада ала құйын басталып кетті. Кенеттен Айбек жазушы жеңімнен тартып қалды:

– Жүріңіз!..

Қарасам, ол абайлап қана қайыққа аяғын қойып жатыр. Мен дереу жазушыны сүйеп, шайқалып тұрған қайыққа мінуіне жәрдем бердім да, өзім де сол кісінің жанына отырып алдым. Қайық дарылдап, шайқатыла-шайқатыла орнынан жылжыды. Жазушы мәз болып, әлденеге қарқ-қарқ күлді, артта қалғандарға жеңіл ғана қол бұлғады.

Қайық көл ортасына  қарай беттеді. Айнала жап-жасыл, сұр бұлттар жөңкіле көшіп, тау шыңдарын жалай жылжып жатыр. Негізі сұлулықты жоғары бағалайтын Айбек жазушыға аспанның қабақ түюі әсер етпегендей, төңіректен көз алмай, нұқыл бір сөзді қайта-қайта айтып келеді:

– Әдемі!

Осы қалыпта иығымда фотоаппарат барлығы еске түсе қалды. «мынадай ауада шығар ма екен? Тәуекел!» аппаратты алып, жанымда отырған жазушыға тураладым. Ол мұны сезген де жоқ. Сезсе де қазір көңіл бөлмейтін жағдайда еді. Мен аппаратымды сайлап, жазушының тағы бір мәрте: «Әдемі!» – деуін күтіп отырмын. Міне... міне, міне... Шырқ...

Қайық ақырын жағалауға келді. Біз түстік, басқалар мінді. Басқалар да бір ауық сейілдегесін, қонақ күтушілер көлдің арғы бетінде киіз үй тігілгенін, ол жерде қонақтарды күтіп отырғанын, қымыз барлығын айтысты. Тағы қайыққа мініп, арғы жағалауға өттік. Жағалауда майда шағыл тастар. Үстінде зорға адымдап бара жатып, менде тағы бір суретке түсіру жайлы ой пайда болды. Бұл кезде Айбек жазушы Ғабит аға Мүсіреповпен ақырын әңгімелесіп келе жатқан.

Сәлден соң әлгі киіз үй тігілген жерге келдік. Отау үстіне аппақ киіз жабылған, жап-жаңа уықтар, ала арқандар мен о жағынан, бұ жағынан байлап тастапты. Отаудың іші одан да әсем. Әдетте отау дегенді ағаштан жасайтын. Бұл отаудың керегелері де, уықтары да шаңырағы да темірден жасалынған еді. Астына гүлді киіздер, жұмсақ көрпешелер төселген. Төрде Ғафур әкә, Сәбит аға, Айбек жазушы, Яшин әкә, Халима апа, Әбілда аға, Міртемір әкә, Хамит әкә, Ғабиден аға.... Қойыңызшы, әдебиетіміздің барлық майталман ақсақалдары ұзақ жолдан шаршап келгендей, қазақшасына жамбастасып, әзіл-қалжыңды қыздыра бастады. Жап-жас,  көздері жәудіреген қазақ қыздары өзбектің ұлттық киімімен қонақтарға қымыз үлестіруде. Қымыздың қызуынан болса керек, әуелі ақындық, кейін бір жақта қазақша өлең, бір жақта өзбекше ән басталып кетті. Халима апа ескі өзбек жырларының бірін шырқады:

«Алмадай, анарына табындым,

Топ-топ райханына табындым...»

Әнді демеген шапалақ, ысқырық... Жүздерінде қуаныш: бір-біріне жақын адамдар ғана достарына сондай риясыз, сондай пәк қалыпта күлісе алады.

Әлдекім қонақ күтушілерден ертеңгі бағытты сұрап қалды.

–  Ертең облыстарға кетеміз, –  деді Ғабит аға. Ол кездері ол Қазақстан Жазушылар одағының  бірінші хатшысы еді.

– Самолетпен бе, пойызбен бе? – деп сұрады Ғафур ака.

– Пойызда Қазақстан жерін бір айда да аралап шыға алмайсың. Немене сен апталыққа келдің бе, жоқ, бір ай жүруге ме? – деп күлді Сәбит аға. – Әрине самолетте...

– Қымызды самолетте отырып ішкеннен, пойызда жатып ішкен жақсы емес па ? – деп күлді Ғафур аға.

– Мынаның сөзін қарашы...

Отау іші әзіл-қалжың, шат күлкіге толып кетті. Ғафур әкә сәл Сәбит аға жаққа еңкейіп, құлағына сыбырлады:

– Айбек әкәміз самолетта қиналады ғой...

Сәбит аға бұл әңгімеден секем алып қалды. Бұлардың әңгімесін біреу есітті, біреу есітпеді.

– Ондай болса, Мұсаны өзім алып қалам... – деді Сәбит аға Ғафур әкәнің құлағына сыбырлап, қаланы көрсетем. Даланы көрсетем. Тауға алып шығам.

Бұл әңгімеге Ғафур  аканың көңілі толды ма, басқа сөйлемеді. Мен сәтін тауып, Сәбит ағаның  жанына бардым да ақырын:

– Мен де қалайын ба, Сәбит аға? – дедім. Ағамыз әңгіменің не туралы екенін дереу түсінді.

– Жоқ, Сарыбала, сен кете бер. Мұса екеуміз бір-бірімізді аудармай-ақ түсінеміз, – деді ол. – Бара бер, қалқам.

Екінші күні делегация көмірге кен Қарағанды, астықты Ақмола, мысқа бай Жезқазған облыстарын, Бурабай деп аталатын жұмақ жерлерді, бауырына сексен көл орналасқан Көкшетау келбетін, балығы мол Балқаш теңізін көргелі, жайсаң адамдармен дидарласуға самолетпен ұшып кетті де, Айбек жазушы Сәбит ағаның қарамағында қалды...

 

Тас

Делегация сапарға аттанған күні Сәбит аға Айбек жазушыны үйіне шақырды. Дастарқан үстінде отырып та, қонақ кешегі әсерінен айықпаған еді. Кеше Сәбит аға Айбек жазушыны өзінің қара «Зим» автомашинасымен қаланы аралатқан, түстен кейін оларды қала шетіндегі бір совхозға алып барып, жаңадан салынып жатқан құрылыстармен таныстырған-ды. Ол жерден қайтып келе жатып, досына енді іргетасы қаланып жатқан жаңа елді-мекен «Новая Алматинканы» көрсеткен еді. Дәл қазір Айбек жазушы Мәриям апаның сүт қатқан шайын ішіп отырып та, кеше тамашалаған нысандарын көз алдына елестетіп, көздерін бақырайтып, өзінше: «Иә-ә!» – деп қояр, бұл жайларды Сәбит ағамен бөлісейін десе, тіліндегі сөздерді ойында сайрап тұрған жайларды тілінен шығара алмай қиналар еді. Бұл сәтте Сәбит аға ағайынының тамағына кептелген ниетін айтпаса да түсініп тұрар, бір шетінен көңілінде досына дегенде жаратылыстың тарлық жасағанына қапа да еді.

– Мұса, бүгін тауға шығамыз, – деді Сәбит аға жазушыға иіліп. Сәбит аға жазушыны «Мұса» деп атайтын. Егер оның есімін толық айтқысы келсе, «Мұса Айбек» дейтін.

Айбек жазушы әуелі мақұл дегендей, басын бір-екі изеді де, ризалығын бірауыз сөзбен жеткізді.

– Жақсы!

Таңғы астан соң, Мәриям апа екі ағайындыны шығарып салды. Олар машинаға отырып, тауға қарай беттеді. Баратын жерлері Алматының жоғарысында, он алты шақырым биіктікте еді. Машина тегіс асфальт жолмен төбешікке қарай зымырап барады. Жолдың екі қапталы ағаштармен көмкерілген. Жап-жасыл. Ағаштардың тасасында түрлі мекемелердің бақтары, оқушылардың лагерлері, пансионаттар, санаторилер, туристер демалатын ғимараттар орналасқан. Олардың шегі жоқтай көрінетін. Сәбит аға жол-жөнекей: «Міне, бұл жерде – мынау, міне бұл жерде – анау...» деп Айбек жазушыға мәлімет беріп барар, ол болса ішкі қуанышын ірке алмай, жолдасының әңгімесін бас изеп құптар, әрі қайран қалып, басын шайқап-шайқап қояр. Көлік тауға жақындаған кезде Сәбит аға бұл жердің «Медеу» деп аталатынын, ілгеріде бұл жер Медеу деген бір қазақ байының меншігіне қарағанын айтты.

– Медеу дегені қуат дегені ғой, – деді ол «Медеу» сөзіне түсінік беріп.

– Иә, медет, мадор, – деді Айбек Сәбиттің сөзін қорытып. – Бар, бар, бізде...

– Енді оны газеттер «Медео» деп жазып жатыр, – деп ықыласпен жымиды Сәбит аға. Оның бітік көздері одан бетер жұмылып кетті.

– ФР... Французша, – деп Айбек жас балаша рахаттанып күлді.

– Сорлы Медеу... – деді Сәбит аға күлкісін әрең тежеп. – Малының есебі болмаған. Мыңғырған бай болған...

Сол кезде Айбек күтпеген жерден:

– Әне, қой... – деп қалды машина айнасынан сайды нұсқап. Сәбит аға да ықылассыз сайға қарады. Сай іші шынымен де отар-отар қойлармен толып кеткендей... Құдды қойларға ұқсап, үлкенді-кішілі аппақ-аппақ жартастар шашылып жатыр. Бұл өрістеп, жайылып жүрген қойлардың дәл өзі еді. Бұл ұқсастықтан Сәбит аға да құр қалмады.

– Медеудің қойлары! – деді ол қуанып.

Машина жотаға көтерілгенше, айнала төңірекке сұқтана қарап, өзбек жазушысы өзімен-өзі болып, жанында Сәбит ағаның келе жатқанын да ұмытқан. Сай түбінде тастан-тасқа ұрылып, асау аққан көкпеңбек суға бір сәт қадалып, тоқтап қалды.

Бір кезде ол суды көрсетіп:

– Оо-о, салқын... салқын... – деді.

Мұны Сәбит аға өзінше түсінді. «Жылырақ киім алып шықпағанымды қара!»

Сәбит ағаның үстінде тоқ көк кәстөм, басынан күнде тастамайтын қара мақпал тақия. Айбек жазушының үстінде майда жолақ көк кәстөм, ішінен сұр лавсан көйлек киіп алған. Басында қыры сынбаған ала тақиясы.

Иә, бұл жердің ауасы қала ауасынан көп ерекшеленеді. Сәбит ағаның әуреленетініндей бар. Үсті-басы қалың ғой, солай болса да, Мұсаны тезірек алып кетпесем болмайды,» – деп ойлады Сәбит аға.

– Мұса, жүр кеттік.

Айбек оған ерді. Төменге түсіп бара жатып, Сәбит аға бұл жерлердің табиғаты жайлы, көктем кездері Алатаудың басындағы қар еріп, мына сай толып ағатыны, сай толып аққанда қала тұрғындары жүректері ұшып жүретін... Көп уақыттан бері қала тұрғындарын сел қаупінен құтқару үшін, қанша-қанша мамандар бас қатырып жатқандығын әңгімелеп берді. Мамандардың пікірінше, сол маңайға алып тоған құрып, су арнасы бөгелу үшін, төменнен тағы бақуат бөгеттер қойылу керек екен. Айбек жазушы бұл әңгімелерді ынта-ықыласпен есітіп келе жатып, кенет тоқтай қалды. Досына сай жақты нұсқап:

– Оо-о... тас... – деді.

Расында да, құдды қолмен құйып, сылағандай жұп-жұмыр, үлкендігі кіші отаудай келетін бір тас сайдың ортасында жатыр. Сарқырап аққан су тастың екі жанынан бөлініп өтер еді. Мынаны қараңыз, Сәбит аға бұл арадан бірнеше рет өтіп, мына тасты байқамапты. Су екпіндеп құлағанмен, өте саяз, тағы ап-анық көрініп тұрған жартастар адым аттаған сайын кездесіп, тастан-тасқа секіріп, өзеннің о шетінен бұ шетіне беймарал өтуге болады. Келісіп алғандай, қос ағайынды сайға түсіп, жаңағы жұмыр тастың алдына барысты. Айбек жазушы тасқа жақындап: «Аа-а... аа-а,» – деп оны алақанымен сипалап, жаратылыстың шеберлігіне таңырқап тұрды. Мұны ішінен түсініп тұрған Сәбит аға да әзілдескісі келіп, әрі өжеттігі ұстап:

– Әй, Мұса! Сол тасты мен саған сыйладым, ал! – деді.

Айбек жазушы бұл сөздің астарынан үлкен жомарттықты таныды ма, қуанғаннан ба, көздері шоқтай жайнап кетті.

Сәбит ағаға қарап:

– Жақ-жақсы!.. Күшті!.. – деп қойды да, аттың жалын сипағандай, сыйға берілген тасты тағы бір сипап, шапаттап қойды.

– Аа-а...

Досы қатты қуанған еді.

 

Егор Самойлович

(Сәбит ағадан есітіп…)

Қазақстан Жазушылар одағының дәлізі. Үш-төрт жас жазушы жақында ғана қойылған көк мәрмәр тақтаға тығылысып, өзара сөйлесіп, мәрмәр тақтаға екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, бақилық болған жазушылардың аты-жөндерін алтын түсті әріптермен қашап жазған еді.

Ол баспалдақтан төменге түскесін, топтанып тұрған жастардың алдына келді. Олар ақсақалға сәлемдесіп, жол берісті. Сәбит аға оң қолын маңдайына көлегейлеп, қабырғадағы мәрмәр тақтаға тігілді. Ондағы жазуларды ішінен оқыды. Негізі мұндай топтың ішінде әзілдеп, күлдіріп жүретін ағамыз ана дүниедегі қаламдастарының рухын сыйлағандықтан болса керек, үндемей артқа қайрылып кете барды. Есік алдына келіп қалғанында, санасында өзгеше ой қылаңытты. Күні бойы үйіне барғанда да, сол ой көлбеңдеп тұрып алды. Ақыры диванның жанындағы кішкентай тумбочка үстіне қойылған телефонға кенеттен қолын созды.

– Алло, әй, Әбілдә бар ма? Жалғай қойшы, қалқам... Сәбит ағаның Әбілдә деп жатқаны ақын Әбілдә Тәжібаев еді. Ол сол кездегі Жазушылар одағындағы хатшылардың бірі болып істейтін.

– Әй, Әбілдә, мен ғой, анау...

Сәбит аға телефонда қанша сөйлесті. Одақ фойэсінде мәрмәр тастың қойылғаны өте сауапты іс болғанын айтып, оны қайсы мекеме бұйырғанын, марқұмдардың аты-жөндерін тасқа кім, қайсы ұста ойып жазғанын... және сол ұстаның өзіне керек болып қалғанын, оны қайдан табуға болатынын сұрады. Әбілдә аға бір қызық айтты-ау деймін, Сәбит аға жатқан жерінде бүкіл кеудесін селкілдетіп, жадырап күлді.

– Қоя бер, кейін өзіңе айтам, – деді ол күлкісін әрең тыйып. О жақтан Әбілдә аға және бірдеңе деген сияқты, бір пәс үнсіз тұрды да, сөзін жалғады: – Болады. Әйтпесе, сол айтқан балаңды ертең жібер. Демалыс қой, ұста үйінде болар... Мені алып барсын!

Ертеңіне қара «ЗИМ» «көк базар» маңындағы көне фин  үйінің алдына келіп тоқтады. Әбілдә аға жіберген бала елгезек екен. Көліктен лып етіп түсіп, дарбазаны тықылдатпастан-ақ аулаға кіріп кетті. Сәбит аға да машинадан түсіп, айналаны тамашалады. Көңлінде орталықтағы жаңа салынған  және салынып жатқан құрылыс нысандарымен қатар, мына бір көне ағаштан қиюластырып жасаған, үстін-үстін бояй бергеннен ескіріп, ауырлап, жерге шөге бастаған фин үйлерінің келешектегі күнін ойлап тұрды. «Жақында ғана Қазақстан Мемлекеттік баспасы да осы маңайда еді, ә! Сол жерлерде де істеген едік, ә...» – деп ой елегінен өткізді.

Әлгі бала іштен бір орыс кісіні ертіп шықты. Ол сәл еңкіш тартқан, бет-аузы тарам-тарам әжім, үсті-басы да жұпыны, папиросты көп шеккеннен болса керек, бармақтарының ұшы, тырнақтары сарғайып кеткен. Сәбит аға оны көрісімен шаруасына көшті. «Пошымы мынау шіркіннің, ісі қандай?» деген ой лып етіп санасынан өтіп, сүлесоқ сәлем берді.

– Издірәсти...

– Здравствуйте!

– Как велишать вас?

– Егор Самойлович...

– Ізнәшит, по-казахский Жагор Самойлович... – деп күлді.

– Солай, аксакал, – деді қазақшалап Егор Самойлович.

– Ойбой, қазақша білгенің жақсы болды-ау. Құлақ сал, Егор...

Сәбит аға ұстаға тауға барып, бір үлкен тасқа үш-төрт сөзді қашап жазу керектігін айтты. Ұстаға бәрібір сыңайлы, қолындағы «Беломорды» бұрқыратып, ағаның сөздеріне құлақ аспағандай тұр. Аға бар әңгімесін айтып болып, ұстадан сұрады:

– Бола ма?

– Бол-ады... – деді ұста неге екенін қайдам «болады» сөзінің соңын созбақтап. – Жүз сом...

– Төрт ауыз сөзге ме? – деді Сәбит аға оның тас төбеден ұрғандай ақысын айтқанына ренжіп. – Жетпіс бес алсайшы...

Ұста үндемей үйіне кіріп кетті. «Бұнысы несі? Ақысына көңілі толмаған шығар. Неге бірауыз сөз айтпай кіріп кетті?» Сәбит аға сол оймен тұрғанда, қолына түсі оңған брезент қалтасын көтеріп, үйінен ұста шығып келе жатыр.

Бүгін жексенбі болғандықтан, ағаның үлкен ұлы Арыстан рөлде еді. Оның жанында Сәбит аға аса таяғына таянып отыр. Ұста – артқы орындықта отыр. Қаланың кедір-бұдыр көшелерінен тауға алып шығатын тегіс жолға түсіп алғандарынан кейін, Сәбит аға ұстаны сөзге айналдырды. Оның әңгімелерінен мәлім болғаны, ұста жергілікті орыс екен. Соғыстан бұрын политехникалық техникумда оқыпты. Кейін соғыс. Москва түбінде шайқасыпты. Панфиловшылардың құрамында болған. Қазір қала коммунал қожалығының мекемесінде істейді екен. Ғимараттарға карниз жасап, тас жонар, түрлі естеліктерге өрнек салып, қашап жазады екен. Декоратив жұмыстардың хас шебері көрінеді.

Көлі сұлу Медеудің жотасына көтеріліп, сарқырап ағып жатқан су бойына тоқтады. Ағамыз машинадан түскесін, ұстаға ортада жатқан жұмыр тасты көрсетті. Табиғаттың шеберлігіне ұстаның да әуесі келді. Ол тастың айналасын тамашалап, сүйсінгеннен: «Да-а!...» – деп жіберді.

– Мына жеріне... – деді Сәбит аға күнгей жақта жалтырап тұрған шетін таяғымен көрсетіп. Ұста Сәбит аға көрсеткен жерді бір-екі шамалағасын:

– Үзеңгі керек, ақсақал, – деді.

Арыстан «қазір» деді де, машинасына отырып, төмен қарай  заулап кетті. Біраздан соң ол жиналмалы саты әкелді. Ұста сатыны тасқа сүйеп қойды. Оның асты суда тұр. Су асты саяз, тұнықтығынан астындағы ақ, көк, қызғыш түсті тастар ап-анық көрініп тұрған еді. Ұста берік орнатып болғасын, берірекке келіп, тасқа тағы қадалды. Қолындағы папиросын басып-басып ішіне тартты да, қалдығын тастады.

– Текст қайда, ақсақал?

Сәбит аға қалта дәптерінен үйінде, машинкада жазып дайындаған мәтінді оған созды:

«Бұл жұмыр тасты бауырым Мұса Айбекке сыйға тартам.

                                            Сәбит Мұқанұлы

                                             3.06.1962 жыл».

Егор Самойловичтің әжімді жүзінде әлдене жарқ еткендей болды. Қолдары білінер-білінбес қалтырады. Жаңа ғана шеккеніне қарамай, қалтасынан папирос алып тұтатты. Бір мәтінге, бір тасқа қарай-қарай темекіні терең-терең ішіне жұтты.

Сосын:

– Жара-айды! – деді де қолына бір жуан қалам алып, басқышқа көтерілді.

Ұста ағаға бір жымиып қарап қойды да, тасқа ойылып жазылатын әріптердің орнын қаламда сыза бастады. Ол нобайын бір пәсте жасап қойды. Сосын сатыдан түсіп, өзі сызған жазуларға ұзақтан қарады. Оның әрекетінде бағанағы селқостықтан гөрі, серпінді ықылас пайда болған еді. Ішкі толғаныстан болу керек, ол тағы папирос тұтатты. Оның бұл әдеті Сәбит ағаның шамына тие бастаған болса да, аптап ыстықта тастың үстіне маржандай тізіле бастаған әріптерді көріп, қуанышты еді. Ұста папиросты өкпесін толтыра тартып, қалдығын атып жіберді де:

– Бұл кім? – деп сұрады тасты нұсқап.

– Бұл – тас...

– Жоо-о... – деді Егор Самойлович күліп. – Айбекті айтам...

– Бауырым, досым... Жазушы. Сәбит аға Айбек жазушының сипаттамасын бере кетті. Оның жақында онкүндікке байланысты Алматыға келгенін, тауға шыққанында осы тасқа көзі түсіп, оны досына сыйлағаны, оның жазған туындылары... қойыңызшы, «Науайы» романы үшін, Мемлекеттік сыйлық иеленгеніне дейін әңгімелеп берді. Егор Самойлович әдеттегідей Сәбит ағаның әңгімесіне ешқандай пікір білдірмей, үнсіз тыңдады. Москва түбінде жараланып, кейін госпитальға барғанын, кейін сауыға бастағанында бір бақ қонып, қолына осы жазушының «Құтты қан» романы түсіп қалғанын, сол-сол екен осы авторға ерекше бір мейір оянғанын ойынан өткізді. Қазір болса, сол сүйікті жазушысының есімін тасқа қашап жазуды тағдыр бұйырып тұр... Ол осы оймен қашауын қолына алып болғасын, сатыға көтерілді.

Сәбит аға жазушылар бағында маңызды ісі барлығын айтып, Егор Самойловичтан рұқсат сұрап, көлігіне отыра бастады. Ол машина айнасынан басын шығарып, ұстаға сөйледі:

– Әй, Егор, түскі тамақты осында алып келсін бе?

– Осында... – деді ұста артына қарамай.

Сәбит аға жазушылар бағына қарай кетті. Сағат бірлерде Арыстан ұстаға тамақ алып келді.

... Сәбит аға бұл жерге кешкі сағат төрттер шамасында келді. Ұста енді ғана жұмысын аяқтап, халатының етегімен терін сүртіп, өзі жазған жазуларды ұзақтан тамашалап тұрған екен. Ол Сәбит ағаны көріп, бергі шеттегі тасқа отыра қалды да, «мейлі, жеке өзі тамашаласын» дегендей папиросын тұтата бастады. Аға машинадан түсіп, тура тастың алдына келді. Арыстан тағы ас әкелген-ау, жайпақтау жерге көк кәстрөлканы қойды. Сосын әкесінің жанына барып, ол да тастағы жазуларды тамашалай бастады. Сәбит аға жазуларға қадалып қалған. Бет-әлпетінен оған ұстаның жұмысы өте ұнағаны байқалды.

Арыстан ыңғайлы жерге газет жайып жіберіп, кәстрөлкадағы тағамдарды қоя бастады. Жанында бір шөлмек «Московское» бар... Сәбит аға жақындап келіп, жартастардың біріне отырды.

– Ал, Арыстан, құй! – деді ұлына ишара жасап. Қос сырлы стакан да сөмкеден шыға келді. Екеуіне де жарты-жартыдан арақ құйылды. Сәбит аға бұл кездері арақ ішпейтін, әлдеқашан қымыз бен «құрғақ» шарапқа өтіп алған еді. Солай болса да, ол ұстаның еңбегіне қуанғаны сонша, стаканды қолына алып, оған ізет жасады:

– Қане, Егор, ал!

Әуелі ұста, кейін Сәбит аға стакандағы арақты сарқып ішті. Бөтелкені тауысқанда, жан қалтасынан төрт қағаз жиырма бес сомдық алып, Егор Самойловичтің алдына қойды.

«Жетпіс бес сомға келіскен едік қой, мейлі, көңілімдегідей істепті, сұрағанын берейін!» – деді ішінен. Ұста Сәбит ағаға бір қарап, газет үстінде жатқан ақшаларды алдынан әрірек ысырып қойды.

– Алма-аймын!

– Ее, неге алмайсың?! – деді Сәбит аға қайран болып.

– Ол кісіге мен де қызметімді сыйладым... Жазушы екен.

Сәбит аға ыңғайсыз жағдайда қалды.

– Менікінен де, сенің жындылығың өтіп кетті-ау, бауырым...

Егор Самойлович ағамыздың айтқанын тура мағынасымен қабылдады. Бұл сөз  «шапағатың, мейір-ықыласың» деген мағынада айтылған еді. Олар тағы бір-бір стаканнан ұрттап алып, ақшам тұсында көлікке отырысты. Ағамыз манағыдай алдыңғы орындыққа емес, артқа, Егор Самойловичтің жанына отырып алған. Ойлаған ісінің нәтижелі аяқталғанына ма, я ұстаның досы Айбекке құрмет қылғанына ма, я ішкіліктің қызуынан ба, жүзі қып-қызыл бөртіп, сығырайған көздері одан бетер сығырайып кеткен. Оң қолында таяғы, сол қолымен ұстаның иығынан құшақтап, өте көңілді, екеуі ән шырқап келеді...

Олар қас қарайғанда қалаға жетті.

 

Өзбек болсаң, кел бері!

1965 жылы Алматыда бір кітабым басылатын болып, сол себептен тағы барып қалдым. Алматыға барып, Сәбит ағаны көріп, оған сәлем бермей кетуді күнә санап, үйіне телефон шалсам, үйдегілер оны тауда, жазушылар бағында деп айтысты. Әдеби басқарманың машинасында тауға әп-сәтте жетіп бардым.

Бұл баққа екінші рет келуім еді. Алғаш келгенімде күз мезгілі болатын. Ағаштар жапырақтарын төгіп, бақтың көркі қашып қалған. Жазушылар да салқын түсіп қалғаннан болар, сиректеу еді. Қазір маусым айы. Бақтың жайнаған тұсы. Ортада негізгі корпус көзге ұрып тұр: Әдемі, аппақ, алды гүлзар. Басқа коттедждер ағаштар ортасында көміліп қалған. Ортада ағаштан салынған үйдің хош иісі аңқып тұр. Оған қоса, арықтан сарқырап су ағып жатыр. Сол жерде демалушы жазушылардан сұрастырып, Сәбит ағаның коттеджін таптым. Жақындап қалғанымда, коттедж жақтан біреу айғай салды:

– Әй, қазақ, кет әрі!

Мен табалдырықта қобалжып қалдым. Дереу ойымды жинақтап:

– Мен – қазақ емес, өзбекпін!

– Өзбек болсаң, кел бері!

Тура Сәбит аға отырған жерге кіріп бардым. Екеуіміз шұрқырасып қалдық. Ташкенттегі достарының хал-ахуалын сұрап болғасын, манағы сөзі үшін кешірім сұрады және не үшін солай дегенін түсіндіріп берді. Ағамыздың сөзіне қарағанда, ол қазір қазақтың тұңғыш ғалымы, этнографы Шоқан Уәлиханов туралы трилогиясының екінші кітабын дайындап жатқан кезі екен. Баққа келген кейбір еріккендер: «Жүр, Сәбит ағаның алдына барып, біраз әңгімелесейік деп, жапырылып келіп, ол кісіні жұмыстан қалдырады екен. Содан кейін ағамыз апамызға: «Күндізгі сағат екіге дейін алдыма ешкімді кіргізбе! Келетін адам түстен кейін келсін,» – деп дайындап қойған екен. Біраз ананы-мынаны сөз қылып отырдым да, жағдайын түсініп, кетуге оқталдым.

– Енді Сәбит аға, маған рұқсат берсеңіз...

– Жоқ, сен кетпе, – деді ол сағатына қарап. – Сен Мәриям апаңмен сөйлесіп отыра тұр. Сағат екіде тамақтанып, кейін тауға шығамыз.

– Мақұл.

Тамақтанып болып, тауға шығып кеттік. Сәбит аға жұмысынан біраз шаршаған-ау, бірақ қашанғыдай алдыңғы орындықта таяғына сүйеніп, қырағы отыр. Ол анда-санда үнсіздікті шарт та үзіп:

– Мұса аман ба, Ғафур жүр ме? – деп алып тағы да жөн сұрауын жалғастырар еді.

Машина екі жағынан заңғар таулармен көмкерілген жылан ізіндей ирелеңдеп жатқан өзен бойына келіп тоқтады.

– Енді сен қайта бер, балам.

– Машина келген ізімен кері қайтты. Енді қайттік деп, таңырқап тұрмын. Сәбит аға менің уайымымды түсінген сияқты, қысық көздерін маған қадап жымиды. Артынша әр күні сағат екіден кейін машинамен осы жерге келіп, баласын кері қайтарады екен. Өзі жаяу жүруге төселгенін айтты. «Иә, дұрыс. Бұл жер қанша биік? Төменге жаяу жүру – төбеге көтерілуге қарағанда оңайлау ғой,» – деп ойладым.

– Енді, Сарыбала, былай жүр... – ол бір-бір басып, тастан-тасқа соғылып, асау аққан сай бойына қарай жүре бастады. Мен соңынан ілестім. Ол сай бойына жеткесін, таяғымен ишара қылды:

– Мынау анадағы айтқаным...

Былай қарасам, көз алдымда сай ортасында тура әдейі тұрғызғандай, жұп-жұмыр, үлкендігі кішігірім отау үйдей ақшыл тас тұр.

Достыққа себеп көп. Әдетте, барлық нәрсе адамдардың жеке достығынан басталады. Бұл ақсақалдардың адам әуестенсе, арзитындай достықтары әлдеқашан терең мағынадағы достыққа – әдебиетіміз бен халқымыздың арасындағы ұлы достыққа ұласып кеткен еді. Менің ойыма кенеттен осы ой келді. Бір жағынан осы пікірлерден марқаятын адамның бейнесі дереу көз алдыма келді.

Жан-жағы үйлермен қоршалған шағындау аула. Төрдегі үйдің босағасында жазушы немересін ойнатып отыр. Үстінде сұр түсті лавсан көйлек. Етегін сымына салмай, бос жібере салған. Басына көнетоз тақиясын бастыра киіп алыпты. Қалжырағаны байқалады. Жазушының алдында құйтақандай баласы еркелеп отыр.

Оның үйіне соңғы барғанымда жазушыны осы қалпында көргем.

... Жайлап жолға түстік. Үндемесем де, тастағы жазуды көріп, шын жүректен қуанғанымды, қуаныштан рақмет айтуға да шамам келмегенін біліп, жанымдағы туғаным үндемей келе жатқан еді.

– Мұсаға барып айт, жақпар тасын алып кетсін, – деді Сәбит аға жылы жымиып. Оның бұл сөзінде: «Қалай, Сарыбала, шаршамай келе жатырсың ба?» – деген қарас бар еді. Мен:

– Әлбетте, барып айтамын, – дедім.

 

Өкініш

Алматыдан қайтып келгесін, қанша уақыт өтсе де, Айбек жазушыны кездестіре алмадым. Әрі жазушы қала маңындағы дачасына көшіп кетіп, қалаға кем де кем келетін. Сол кездерде Өзбекстан Жазушылар одағының Хадиша Сулайманова көшесінде орналасқан ескі ғимараты залында жас жазушылардың семинары өтіп жатты. Семинарға Айбек ұстазымыз, Ғафур әкә, Абдулла әкә жастармен кездесуі керек еді. Сол себепті Айбек ұстазды дачасынан алып келу маған жүктелді.

Машинамен баққа бардым. Машина даусын есітіп пе, я бір шаруасымен бе, жазушының өзі алдымнан шыға келді. Үстінде ақ көйлек, жол-жол көкшіл пижама шалбар, аяғында сылпылдақ тәпішке, беріліп жұмыс істегенінен болса керек, шаштары үрпиген, бірақ көздерінде ойнақы сергектік бар.

Әдеттегі сәлемдесуден соң, Жазушылар одағы жетекшілерінің тапсырмасын айттым. Ол қауғалақтап разы болды. Содан реті келгенде Алматыға барғанымды айттым. Достарының сәлемдерін жеткіздім. Жазушының көздері шырадай жанып, бетіне нұр жүгірді.

– Аа-а, бардыңыз ба?

– Барып едім, ұстаз, – дедім мен оның қош көңіл-күйін пайдаланып.

– Сізге Сәбит ағам сәлем айтты... Анау... ағамыз сыйлаған жақпар тасты тез алып кетсін дейді...

Сол жұмыр тас есіне түсті ме, жазушы қарқылдап күлгенде, бетіне шейін қызарып кетті.

– Иә-ә, тас, тас...

Ол нұқыл осылай бар болмысымен күлетін еді. Назарымда ұстаздың аузынан вулкандай атылып шыққан бірауыз сөзде оның өз досына деген мейір-махаббаты мен мұндалап көрініп тұратын. Осыдан үш жыл бұрын көрген сол ғажайып тасты да, сұлу Медеудің баурайындағы оны сүйсіндірген сиқырлы табиғат көріністерін де, көз алдына келтіріп, досының: «Тасты алып кетсін!» деген сөзіндегі жеңіл әзіл мен нәзік юморды да түсінуге болады.

 

***

... Мынаны қараңызшы... Кейіндеу Алматыға сел келу қаупі туындап, су жолын бөгеу мақсатында Медеудегі сайдың екі қапталындағы мұзды жарған кезде Айбек жазушыны сүйсіндірген жақпар тас көміліп қалғанын естіп, сондай қапа болдым. Қайда барсам да, үнемі фотоаппаратпен жүретін адам, со жолы фотоаппаратсыз барғаныма, бастапқыда әзіл түрінде басталып, кейіндеу екі ұлы тұлғаның, екі әдебиет алыбының, қос ағайындының тамаша достықтарының символына айналып қалған сол ғажайып тасты суретке түсірмегенім үшін, әлі күнге қатты өкінем...

 

Асфальтта киіз үй

Ауа қапырық. Қуыршақ театрының артындағы саябақ ығы-жығы. Ағаштар астында, көлеңке-салқында үлкен қазандар орнатылған. Лағман мен манты көшеде, палау мен мастава (дәннен жасалатын сұйық ас) көшеде. Адамдар да көшеде, палаткаларда… Түбімізде мотор даусы гүрілдейді, күшенеді, шиқылдайды… Түстеніп болған адамдардың көпшілігі  сол жерде – Ленинград көшесі мен Ленин көшесі қиылысқан жерде. Бір дөңайбат танк ана қабырғадан мына қабырғаға итереді: үстінде сап-сары топырақ, сынық тас пен шіріген қада, қамыстарды ілестіріп, арғы қабырғаға ұрылады.  Қабырға «гүп» етіп құлайды. Астында қалған танкі тура ішінен шыққан тасбақа сияқты алдыңда өрмелейді. Үсті-басы шаң солдаттарда тыным жоқ, ана шеттен мына шетке жүгіріседі. Танк алдына көлденең тұрып қалған бөгеттерді көтеріп, бір шетке алып шығысады...

Бұзылып жатқан бұл ғимарат «Искра» кинотеатры еді. Бұл жерге кіріп, үнді фильмдерін тамашаламаған адам кем де кем болса керек, бұ Ташкентте. Эх-хе, небір жігіт-қыздарымыз қол ұстасып, талай келген жер ғой! Міне, сол енді ожар табиғаттың бір қаталдығы себепті ойран болды...

Адамдардың қабағы салыңқы. Біреулердің жүзінде ашыну, ал біреулердің жүзінде бұрынғымен салыстырғанда он есе артық, одан көркем, одан зәулім, заманауи кинотеатр салынатындығына байланысты ашынудан гөрі нық сенім бар. Араларында құлшына істеп жатқандар көп...

Кенеттен артқа бұрылып, бірнәрсеге көзім түсті-дағы, жүрегім шым етті. Ленинград көшесінің қақ ортасында, асфальтта төрт қанатты киіз үй тұрған еді. Ғаж-жап!

Бір пәсте қиялымды туысқандар мейірімі жаулап алды.

***

Біз түскен самолет Ташкент аспанын бір айналып, тұп-тура ұшып кетті. Ғафур әкәмен Қазақстан жазушылары құрылтайына кетіп барамыз. Оның жанында қос қарлығаштай екі қыз отыр. Бірі – қыздары Ташхан; екіншісі – жиендері Надирахан. Зіл-зала қатері мен ұйқысыздықтан болса керек, Ғафур әкә біраз шаршаңқы, көздері жұмулы, ой құшағында. Не туралы ойланып отыр екен? Ат мінгізген құда-құдағиларымен кездесуі туралы ма, я артта қалған қаланың тыныс-тіршілігі жайлы ма? Әрқалай мен ойлап жатқан ой да бұдан алшақ емес еді. Бір досым біздерді шығарып салып тұрып: «Аспанға шыққасын, жердегі тіршілік естеріңнен шығып кетеді» деген еді. Бұл жұбату сапар  барысында бізді алдарқата алмады.

Жолаушыларға қараймын: анауы үлкен портфельін мекем ұстап, терлеп-тепшіп отырған семіз адам. Мансапқор болса керек. Анауы оймақ көз, қазаққа ұқсайды. Ташкенттегі туыс-туғанынан хабар алуға келген шығар... Сырт қарағанда қамкөңіл көрінеді. Сол жағымда отырған орыс әйелі қалжыраңқы. Жүзінде қайғының табы бар.

Подноста тәтті таратып жүрген стюардессаның әдемі түйілген шашына көзім түскенде, еріксіз жымиып қойдым. Ақыры, зіл-зала себептерін кейбір діндарлар сияқты түйілген шашпен байланыстыруға бола ма деп ойладым.

Ел не демеді дейсіз?

– Жерді көтеріп тұрған өгіздің белі үзіліп кеткен-міс...

– Ыстық суды ала бергенге, қаланың түбі босап қалған-мыс...

– Жастар бұзылып кеткен-міш, ар-ұят қалмаған-міш...

Қандай-қандай әңгімелер айтылмады!

«Правда востока» газетасында бір ақпарат басылған. Айдары: «Он балл үшін, он бес күн!» Он балл қимылдайды деп, уайымдағаны үшін, он бес тәулік жаза! Былай қарағанда кісіге біраз күлкілі түйілгенмен, өте дұрыс!

Ой қуалап отырып, қанша уақыт өтіп кетіпті.

Алматыға қондық. Қазақ жазушылары Әбілдә Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Мұхтар Жанғалин, Жәрдем Тілековтар қарсы алды. Олар өз көздеріне өздері сенбегендей, құшақтап, сүйіп қауышқандары жетпегендей, қолдарымен о жер, бұ жерімізді ұстап көріп, хал-жағдай сұрасып жатыр.

– Ғафур, бауырым, амансыз ба? Бала-шағаң аман ба, анау бәледен?

– Аман, аман...

– Есітіп зәреміз кетті! Сарыбала, сен тәуірмісің?!

– Рахмет...

– Өй, айналайын, бауырларым! Қане, машинаға отырайық! Қалғанын кейін сөйлесеміз...

– Мына қыздардың әдемісін қарашы, – деді Надира мен Ташханға қарап Асқар аға. – өзіміздің қазақтың қыздары сияқты тіпті... Қабағына қарасайшы, айналайы-ын...

– Қой, әй, сөзді көбейтпе, – дейді Әбілдә аға, – Өздері шаршап келген...

Ғафур әкәні екі қызымен Әбілдә аға әкетті. Біздер Асқар ағаның машинасына отырдық та, қалаға қарай бет алдық. Бірінші машина бізге қарасын көрсетпей кетті.

– Ташкент жермен жексен болды деп есіттік. Рас па, сол? – деп сұрады жол-жөнекей Асқар аға.

– Оншалық емес.

– Науайы театрына ешнәрсе қылмады ма?

– Шамалы өрнектері түсіп қалды.

– Ташкент қонақүйі ше?

– Құлаған жерлері бар.

– Чиланзор ше?

– Аздап бүлінді.

– Адамдар қызық, – дейді Асқар аға өзінше сөйлеп, – Көрмесе де, көргендей, төндіріп айта береді. Әлгі ғимараттар күлтөбеге айналды деп есітіп, зәреміз ұшқан еді. Бұны қара да!

– Қирағандары да болды. Қам қышпен соғылған үйлер көп емес екен.

– Дауыл да тұрды деп есіттік...

– Иә, сілкіп өтті.

– Зіл-зала Ташкентке емтихан болыпты, – деді Асқар аға ой құшағында.

– Зіл-заласы емтихан болса, бораны зачеті екен да!

– Дұрыс айтасың, Сарыбала, айтқан әңгімеңе қарағанда, Ташкент екеуінен де аман-сау өтіпті.

Күнге қарата салынған жап-жаңа «Қазақстан» қонақүйіне жетіп келдік.

– Ал, енді, Сарыбала, жер сілкінісінен шаршаған шығарсың. Жақсылап дем ал, – деді Асқар аға қоштасып жатып.

– Әлі сенімен көп сөйлесеміз.

Қонақүйге орналасып, Ғафур әкәнің қайсы бөлмеге орналасқанын білмекке төмен түстім.

– Ақсақалымыз нешінші бөлмеге орналасыпты, айтып бере аласыз ба? – деп сұрадым кезекші әйелден.

– Фамилиясы?..

– Ғуламов. Ташкенттен. Қазір келдік...

– Ә, солай демейсіз бе? Ақсақалыңызды тауға, Министрлер мекемесінің бағына алып кетісті.

Бөлмеге кіріп, жуынып, демалуға кірістім.

Кешқұрым бізді Серік Қирабаев деген жігіт үйіне шақырды. Филология ғылымдарының докторы. Өте келісті, қарапайым...

Жазушылар одағының жақында салынған жаңа ғимаратында тұрады екен. Маған ұнағаны үйінің бөлмелері кең, төбесі биік, едендері жалтырап жатыр. Жазушының бөлмесі мен кітапханасы жеке-жеке бөлме. Екеуінің бір бөлмеде болуы мүмкін емес, білем. Дәрігерлердің айтысы. Неге десеңіз, кітаптардың шаңы болады дейді. Бөлмелердегі реттілік, бұйымдардың талғаммен орналастырылуы мені өте қанағаттандырды. «Ақыры өмір сүргеніңнен кейін, міне осындай үйлерде тұрып, шығармашылықпен айналыссаң да» деген оймен тұрғанымда, Серік арғы бөлмедегі дастарханға шақырды.

Ішкі бөлмеден шамасы алпыстардағы, әлі бетінің әрі таймаған кемпір шыға келді.

– Анам болады, – деп таныстырды Серік.

Кемпір барлығымызбен амандасып жатыр:

– Балаларым, аманбысыздар? Ташкент аман ба? Талай-талай қазақтарға пана болған қала еді. Құт-берекелі қала еді. Жер сілкінгенін естіп, сондай алаң болдық, балам...

Серіктердікіндегі кеш өте мазмұнды өтті.

***

Ертеңіне Қазақстан Үкімет Үйінің мәжілістер залында құрылтайға жиналғандар арасында Сәбит ағаны кездестіріп қалдым. Оның да уайымы мен сұрақтары Ташкенттегі зіл-зала төңірегінде еді:

– Мұса тыныш па?

– Тыныш.

– Міртемір жиен қалай?

– Шапқылап жүр.

– Абдулла қалай? Иззат ше? Рахматулла аман ба?

– Абдулла Қахар да, Иззат Сұлтан да, Ұйғұн да аман... Әдебиетшілердің бәрі аман-сау.

Міне, осындай үзіп-жұлып қысқа жауаптасудан соң, сөзден сөз шығып, кеше Серіктің анасы айтқандарды Сәбит ағаға әңгімелеп бердім.

– Ташкент талай-талай қазақтарға пана болған еді, – дейді апамыз. – Сәбит ағамның жүзіне қарадым.

– Кемпір солай деген болса, жөн айтыпты. 1928 – 1930 жылдары далада мал бағып жүрген көшпенді қазақтардың малдарын тартып алып, өздерін отырықшыландырмақшы болды. Қазақстан тарихында мұны «асыра сілтеу» (перегиб) дәуірі дейді. Сонда Алматы зиялыларының алпыс пайызы демей-ақ қояйын, елу пайызын Ташкент сақтап қалған. Кемпірдің айтқаны дұрыс. Сол жылдары Сәкен Сейфуллин Дорманда шығармашылықпен айналысқан. Ташкенттегі халық ағарту институтында сабақ берген. Ілияс Жансүгіров болса, Ташкенттен шығатын «Ақ жол» газетінде корректорлық қылған. Өзіңнің Өтебай ағаң Тұрманжанов өзбек профессоры Абдолла Аулонимен бірге САГУ-да сабақ беретін. Мұхтар Әуезов САГУ аспирантурасында оқыған. Туысқан халықтар әдебиетінен сабақ берген. Оһ-һо... Айта берсем, шегі жоқ. Ташкентте қазақ тілінде шыққан «Ақ жол», «Таң», «Жасқайрат» газеттерінің өзінде жүзден артық қазақ зиялысы істейтін. Бұл ғой, тарих. Қазір ше? Бүгінде Ташкенттегі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер, оның дәм-тұзын татып, адам болған қазақ балалары аз емес. Кейуананың есіне міне сол жәйттер түсіп, көз-жасын сүрткен болса, таңқалмаңыз. Иә, Ташкенттің басына қиындық түсіпті, оның жақсылығын білмеу – надандық болады!

Киіз үй нұсқасында салынған Үкімет үйінің мәжіліс залына делегаттар жапырылып кіре бастады. Сәбит аға: «Кейін асықпай сөйлесеміз,» – деді де орнынан тұрды.

Қазақ әдебиетшілері құрылтайда әр екі сағатта жиырма минуттан үзіліс қылып тұрды. Сол үзілістердің бірінде қаламдастармен бір шетте күбірлесіп тұрған едік, әріректен қыран-топан күлкі естілді. Күлкі шыққан жақтың «эпицентрі» Ғафур әкә мен Әбілдә Тәжібаевтың айналасы. Біздер де сол жаққа жылжыдық. Барсақ, ортада Ғафур әкә, айналасында Берді Кербабаев, Сәбит Мұқанов, Леонид Собольев, әзербайжандық сыншы Маноф Сулайманов, татарстандық әдебиеттанушы Хасан Хайрий, қалмақтардың алып ақыны Давид Кугильтинов, башқұр ақыны Назар Нажмий... Байқауымша, оларды Ғафур әкә қандай да бір қызық әңгіме айтып күлдірген болса керек-ті. Біреу сұхбатқа өзгеше рең бергісі келген сыңаймен сұрады:

– Ғафур әкә, сол жер қимылдаған күні өздеріңізді қалай сезіндіңіздер?

– Өте қолайлы сезіндік, – деді Ғафур әкә. – Сол күні ешнәрсе болмағандай, одағымыздың шытынаған ғимаратына кіріп, белорусь ағайындармен әдебиетіміз туралы пікірлестік. Естеріңізде болса, сол күні белорусь әдебиеті мен мәдениеті декадасының соңғы қорытынды күні еді...

– Қош, Ташкент қалай? – деп сұрады Леонид Сергеевич.

– Потрясающий... – деді Ғафур әкә.

Бәрі қарқылдап күліп жіберді.

– Әлі қимылдап тұр ма, жер? – деп сұрады Сәбит аға зорға күлкісін тыйып.

– Қимылдап тұр.

– Неге бұлай болды? – Желкесін қасып, қайран болды Назир Нажмий.

– Бізде, Ашхабадта көп уақыт қимылдап тұрады, – деді Берді аға.

– Ағайындар аман болсын! – деді Маноф Сулайманов.

Сұхбат бара-бара қызып кетті. Ғафур әкә оларға Ташкенттің ахуалын әңгімелеп берді. Ол әңгімесінің соңында бір қолын Сәбит ағаның, екінші қолын Леонид Сергеевичтің иығына салып:

– Рақмет, достар, қатарымызда сіздерге ұқсаған мықты жігіттер бар. Жүгіміз жерде қалмайды, – деді мақтанышпен.

Сәбит аға Қазақстанның Ташкент қаласында бір квартал үй-жай тұрғызып беруден басқа, жер сілкінісінен жапа шеккен ташкенттіктер үшін, Алматының бір шетінен бір жарым мың пәтер дайындап қойғанын, ташкенттік балалар үшін көрікті Алатау баурайында лагерь ашылғанын, шымкенттік достарымыз Ташкентке жүз елу киіз үй дайындап қойғанын айтты.

Құрылтай қатынасушыларын Ғафур әкә да құттықтады. Ол мәдениетіміздің тарихи жұлдыздары, олардың азалы тағдырлары бір екендігі жайында айта келіп, былай деді:

– Айналайын Ташкентіміздің басына қиындық түсіп тұрған уақытта біз өзімізді ешқашан жалғызбыз демейміз. Біздермен бірге иықтасып жүрген қазақтар, қырғыздар, түркімендер, тәжіктер, орыстар, украиндар, белорустар тұр. Біз әдемі Ташкентімізді қайта саламыз. Оның ең әдемі жерлерінің бірінен, қазақ достарымыз бір квартал салып бермекші. Бұл кварталды я Қазақстан, я Алматы деп атаймыз!

Ду қол шапалақтаудан зал жаңғырығып кетті. Әне, сол достардың ықыласы жүрегімізді жағымды әсерге толтырып жіберді. Мен де Қазақстан перзентімін. Қазақ ағаларым мені «жиен» деп те атайды. Нағашыларымның бұл жанашырлығынан төбем көкке жеткендей болды. Төбем қаншалық аспанда болса да, сіздің атымтайлығыңыздың алдында қолымды көкірегіме қойып, басымды ием, мейірі асқан ағалар!

Үзіліс кезінде Ғафур әкәмен тағы кездестік. Ол қарт ақын Кенен Әзірбаевпен әңгімелесіп тұрған екен.

– Қалай? – деді. Бұл Ғафур әкәнің «артық сөйледім бе?» дегені еді.

– Бес балл, Ғафур әкә, – деп бес саусағымды көрсеттім. Ақын атамыз басқаша түсініп қалды ма, қарсы сөйледі:

– Иә, ақсақал, бүгін-кеше тағы бес балл болыпты, – деді қулана күлген Ғафур әкә.

– Солай ақсақал, сәл қимылдамай қалса, зерігіп қаламыз.

Шал басын шайқап-шайқап қойды.

Шынымен де сол кездерде құдайдың құтты күні төрт балл, бес балл қуатында жер қимылдап тұрған кездер еді.

Ташкентке қайтарымда тағы бір игі хабар есітіп қалдым. Қазақстан үкіметі өз мүмкіндіктерін қарастыра келіп, Ташкентке және бір квартал үй-жай салып бермекші болды.

Марқайып қалдым. Ташкентке келісіммен, жақын бір жолдасым әзілдесті ме, әлде көңіліндегіні айтты ма, әңгіме арасында:

– Мақұл... Алматыға барып не бітіріп келдің? – деп сұрады.

Мен тосылмай:

– Тағы бір квартал салып беретін болдым! – дедім қуанышымды жасыра алмай.

 

***

Келген күнімнің ертеңіне көше айналдым. «Искра» кинотеатрының ортасында асфальтта, төрт қанатты киіз үй тұрды... Ғаж-жап!..

(Жалғасы бар)

Өзбек тілінен аударған Гүлдәрия Әшірбаева

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371