Сәрсенбі, 2 Қазан 2024
46 - сөз 4227 7 пікір 14 Мамыр, 2019 сағат 12:57

Соғысты баланың санасына керемет мейрам ретінде сіңіру жақсы емес

Сәбилерге әскери форма кигізу неліктен нашар идея?
Жеңіс күні ресейліктер үшін шектен тыс қасиетті мереке болса, соғысқұмарлықты насихаттайтын әртүрлі тауарлар, киім-кешектер сататын саудагерлер үшін де мереке. Дүрмекке ілескен тобырға тауарларын өткізіп, ақшаға қарық болатын мереке. Қызыл жалаулар, алабажақ георгий шүберектері, пилотка, гимнастерка, солдат белдіктері, қысқасы мелитаристік бағыттағы түрлі пәле сатылады. Ең сорақысы - осының бәрі кішкентай сәбилерге арналған өлшемдер.

Неге екенін итім білсін, ата-аналар соңғы жылдары балаларына сексен жыл бұрынғы әскери киімдер кигізуді дәреже санайтын болыпты. Неге екенін де түсінетін де сияқтымын. Әскери киім киген әп-әдемі сәбидің суретін инстаграмға салады. Әріптестеріне көрсетіп мақтанады. Оны көрген жұмыстағы бастығы «Ойпырмай, керемет патриот екен!» деп қызмет бабында өсіруі де мүмкін. Мұның бәрі сұрапыл соғыста қырылған ата-бабасының рухына көк тиын пайдасы жоқ. Әшейін пендешілік пен бейшара маскарад қана.

Бір жаманы, ұрпақ санасын мелитаризация жасаумен мемлекет айналысуда. Мысалы, бірнеше күн бұрын Пятигорск қаласында «Мектепке дейінге балалардың парады» өтті. Жо-жоқ, күлмеңіз, мүлде қалжың емес. «Қала балабақшаларының бес жүзден астам бүлдіршіндері жаяу әскер, танкистер, ұшқыштар, теңізшілер мен медбикелер киімін киіп, мәңгілік алау жанынан сап түзеп өтті. Шеруді қала әкімі Андрей Скрипник қабылдады».

Мұның бәрі кіп-кішкентай «жауынгердің» санасына қалай әсер етеді, онымен ешкімнің шатағы жоқ. Қажет деп тапсаңыз, психолог Елена Кузнецованың зерттеуіне мән берсеңіз болады. «Бала психикасын зерттеп жүрген маман ретінде айтайын, бұлай жасауға болмайды. Соғыс - адам өміріндегі ең жексұрын, ең қорқынышты нәрсе болуы керек. Бала санасында оны керемет романтика, шаттық сезіммен көмкерілген мейрам ретінде сіңіру жақсы емес.

Үлкендердің осындай «тәрбиелік шаралары» бала үшін «Соғыс - жақсы нәрсе екен. Бәрібір соңында жеңіске жетіп, бүкіл халық тойлайды ғой» деген ұғым қалыптастырады. Бұл дұрыс емес. Соғыс - қыршынынан қиылған ғұмырлар. Мың-миллиондаған қабірлер. Туысқандар зираты. Әр жерде қалған төмпешіктер. Екі жақтан да. Соңында мүлде іздеушісі жоқ, көмусіз қалған мүрделер. Пенделер бейбіт өмір сүре алмайтын болса, жазасын соғыс береді. Соғыста мейірім жоқ. Тұтас әулетті де қырып салады. Соғыс дос-дұшпан деп таңдамайды. Шыбын жаныңды шырқыратып қия береді. Міне, балаларға осыны түсіндіру керек.

Балалар әскери киімді кимеу керек. Соғыста болған аталарымыз үшін әскери киім әрі кебенек, әрі кебін еді.

Әскери киім - өлім себушінің киімі. Көктей солдыратын, өзі де көктей солушы киетін киім. Басқан ізінде қайғы-мұң мен зар қалдыратын киім.
Балалардың санасына өмірге құштарлық пен жасампаздық идеясын сіңірген дұрыс».

Илья Варламов, журналист, ресейлік қоғам қайраткері. 
Аударма жасаған Айшуақ Дәрменұлы 

Abai.kz

7 пікір