Шеттілдік атауларды қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеудегі ұстанымдар
Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – дей келіп, ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту қажеттігін баса айтқан еді. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз – осы», – деп тұжырымдады. Яғни, Президентіміз Қазақстанның келешектегі дамуын сөз еткенде, өткен тарихын да әрдайым есте ұстап, тарихтан тағылым алу керектігін ескертеді.
Бүгінде латын графикасына көшуге байланысты терминдерді таңбалау, халықаралық атауларды дұрыс жазу мәселесі өзекті болып отыр. Бұл орайда өткен ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ зиялыларының еңбектерінің маңызы зор.
1922 жылы Қазақстанда жат сөздерді, пән атауларын қазақшаландыратын комиссия құрылады да оны А.Байтұрсынұлы басқарады. Комиссия жат (өзге тілдік) сөздерді қабылдауда мына принциптерді басшылыққа алған:
а) жат атаулардың мағынасын түсіндіргендей қазақ сөзін алу;
ә) оған қолайлы қазақ сөзі болмаса, түркі сөзін алу;
б) түркі сөзі де тура келмесе, қазақ тілінің заңына үйлестіріп, Еуропа сөзін алу (Жолдыбаев М. Қазақ тілін байытамыз // Еңбекші қазақ. 12.VІІІ.1926).
Бүгінгі таңда осы дереккөздердің қатарына Қытай қазақтарының тілін де алуға болады. Қытай қазақтарының тіліндегі көптеген атаулар қазіргі әдеби тілімізге берік орнығып келеді. Мәселен, компьютердегі «mouse» сөзінің баламасы («мышка») ретінде бастапқыда «тышқан» сөзі қолданылып келсе, кейін қандас бауырларымыздың тіліндегі «тінтуір» сөзі орнықты. Сондай-ақ «балкон» сөзінің баламасы ретінде көпшілік күлкіге айналдырып жүрген «қылтима» атауының орнына (дұрысында, бұл атау ғылыми, үлкен сөздіктерде тіркелмеген) Қытай қазақтары «самалдық» сөзін пайдаланады.
Қазақстанда жекелеген аудармашылардың немқұрайдылығынан жаңсақ аударылып кеткен атаулар бар. Мәселен, «удостоверение личности» тіркесінің баламасы «жеке куәлік» түрінде алынып жүр. Дұрысында, «жеке куәлік» дегенді қазақ тіліне аударсақ, личное удостоверение болады. Дұрысында, жеке куәлік көп. Кез келген куәлік (жүргізуші куәлігі т.б.) – иесіне ғана тиесілі, жеке құжаты, себебі онда аты-жөні жазылған, басқа адам пайдалана алмайды. Ал «удостоверение личности» дегеніміз – Қазақстан Республикасының азаматы екенін танытатын, 16 жасқа толғаннан кейін ғана берілетін, адамның жеке басын куәландыратын құжат, паспорттың бір түрі. Паспорт екіге бөлінеді: ел ішінде қолданылатын және шет мемлекеттерге шыққанда қолданылатын құжат. Шетелге шыққанда қолданылатын құжат кез келген жаста беріле береді. Ал ел ішінде қолданылатын құжат Қазақстан Республикасының азаматы 16 жасқа толғанда ғана беріледі. Осы орайда Қытай қазақтары «удостоверение личности» тіркесінің баламасы ретінде «азаматтық куәлік» деп қолданып жүр. Бұл балама құжаттың сипаттамасына дәлірек келеді. Алайда «азаматтық» сөзінің орнына «азамат» деп қана алуға болады. Себебі қазақ тілінің табиғатына сәйкес зат есім басқа зат есімнің алдынан келгенде ешқандай қосымша жалғанбай-ақ анықтауыштық қызмет атқарады (алтын сағат, ағаш қасық т.с.с.). Оның үстіне «азамат» сөзін ер адамдарға ғана қатысты қолданып, әйел адамдарды «азаматша» деп атау да қазақ тілінің табиғатына жат. Қазақ тілінде -ша/-ше жұрнағы кішірейту мәнді қосымшаға жатады (сандықша, көрпеше, қобдиша т.с.с.). Тілімізде ана, әйел, бәйбіше, қарындас, сіңлі т.с.с. әйел адамдарға ғана қатысты қолданыстар болғанмен, ол жалпылық сипат ала бермейді. Сол себепті мәжіліс төрағасы, аға ғылыми қызметкер т.с.с. тіркестер қалыптасқан. Осы тұрғыдан алғанда, «удостоверение личности» тіркесінің баламасы ретінде «азамат куәлігі» деп алсақ, тіліміздің табиғатына да сәйкес келер еді әрі құжатты дәл сипаттар еді. 16 жасқа толған жеткіншек бұл құжат қолына тиетін күнді асыға күтіп, бойын қуаныш кернеп, патриоттық сезімге бөленер еді. Латын әліпбиіне көшкен соң тіліміздегі қате қолданыстарды реттестіріп, жүйелеп алу қажеттігі даусыз. Елдігімізді танытатын, Қазақстан Республикасының азаматы екенімізді білдіретін құжаттағы қателіктерді жойып, терминдерімізді, жаңсақ түсініктерді реттестірудің орайы келді.
ХХ ғасырдың басында қазақ оқығандары арасында жат (шет) сөздерді қабылдауда екі түрлі ұстаным болған. Н.Төреқұлов, М.Қайыпназарұлы жат сөздерді «өзге жұрт тілдерінде айтылуынша ешбір бұзбастан, айнытпастан алу керек. Кәзір Қырым, Әзербайжан сықылды өзге ұлт респөбликелері де солай алып жүр. Біз неге сүйтпейміз?» – десе, Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Қ.Кемеңгерұлы сынды ғалымдар бұл ұстанымға үзілді-кесілді қарсы шығады. Х.Досмұхамедұлы «Жат сөздерді қолданғанда, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады… Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді», – десе, А.Байтұрсынұлы «Сәбитке жауап» деген мақаласында: «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар», – дейді (Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы. – Астана, 2017. – 740 б.).
ХХ ғасырдың 20-жылдарда орыс тілінен енген сөздерді (жат сөздерді) қабылдап, тұрақтандыруда төмендегі ұстанымдар негізге алынған:
- орыс тілінен енген сөздерді жазуда сол уақытқа дейін тілімізде араб-парсы және бұрынырақта орыс тілінен енген сөздерді үлгіге алынған.
- сөздердің өн бойында сингармонизм заңдылықтары сақталған. Сол себепті комиссариат – кемесерет, тема – теме, курсант – күрсент, губерния – гүбірне, конференция – кәнперенсе, лекция – лексійе түріне ауысқан.
- бастапқы буындары езулік, соңғы буыны езулік болып келген сөздерде (екпін түспесе) еріндік бастапқы буындарға ауысқан не мүлде жойылып, езулікке айналдырылған: автор – аптыр, директор – деректір, корректор – кәректір т.б.
- орыс тіліндегі ф орнына п; г орнына ж; һ, х орнына жуан сөздерде қ; жіңішке сөздерде к, ц орнына с, в орнына у; щ орнына ш қолданылған. Мыс: физика – пійзійке, география – жағырапа, химия – кіймійе, техник – текнійк, станция – станса, Москва – Мәскеу т.б.
- сөздің соңындағы а дыбысы түсіп қалған: аптека – аптек, фабрика – пабірік, награда – награт. Жер атауларындағы соңғы а дыбысы үндесіміне қарай ы, і болып өзгерген: Европа – Жаурыпы, Африка – Әпрікі, Азия – Әзійе т.б.
- орысшада тр-ға біткен сөздерде т мен р арасына ы, і дыбыстары кіргізілген: тыйатыр, метір т.б.
- орыс тіліндегі -тор-ға біткен сөздерде ол -тыр/-тір, -тұр/-түр болып өзгерген: тырактыр, доқтұр, кәректір т.б.
- ка-ға біткен орыс сөздерінің соңы көбінесе -ке түріне ауысқан: справка – ыспырабке, музыка – мүузійке, техника – текнійке т.с.с.
- орыс тіліндегі -ок қосымшасы қазақ тілінде ке-ге өзгерген: участок – ұушаске, список – іспеске т.б.
- орысшада аяғы -ция-мен тынған сөздерде оның орнына -са/-се жазылған: милиция – мелетсе, станция – станса т.б.
1924 жылы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының І съезінде термин мәселесін арнайы сөз еткен Елдес Омаров қазақ тілінде сөздің соңында б, г, ғ, д дыбыстары келмейтінін ескерте келіп, осы заңдылықты шет тілінен енген сөздер үшін де ұстану керектігін айтады (Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезі. – Алматы, 2005. – 144 б.).
Қазан, Орынбор қалаларына барып, халықаралық конференцияларда баяндама жасағанымызда орыс ғалымдары шет тілден енген сөздерді жүйелеу үшін осындай заңдылықтарды іздестіріп жүргендерін айтып, қазақ тілінде ХХ ғасырдың басында жасалған ұстанымдарға қайран қалып, қызығып еді. «Тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани код» ретінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбектерін, тілтанымдық мұрасын әрдайым назарда ұстауымыз керек. Әсіресе шеттен енген термин сөздерді қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеуде А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы сынды терминолог ғалымдардың ұстанымдарын басшылыққа алу қажет.
«Еңбекші қазақ» газетінің 1929 жылғы 27 наурыздағы санында жарық көрген «Емле туралы» атты мақаласында А.Байтұрсынұлы сөз басына ереже жасауға болмайтынын, ондай емле қолайлы, оңай емле болмайтынын ескерткен болатын. Сондықтан шеттілдік термин сөздерді қазақ тіліне бейімдеген кезде А.Байтұрсынұлы бастаған зиялылардың еңбектерінің негізінде қазақ тіліндегі нормаларды нақтылап алып, сол принциптерге бағындыру қажет. ХХ ғасырдың басында сөздердің өн бойында сингармонизм заңдылықтары сақталып, комиссариат – кемесерет, тема – теме, курсант – күрсент, губерния – гүбірне, конференция – кәнперенсе, лекция – лексійе түрінде жазылған. Қазақ тіліне кірген жат сөздерді де мүмкіндігінше сол заңға келтіріп жазу керек, сөздің ішіндегі дыбыстарының бәрін бірыңғай жіңішке не жуан түрінде алу керек.
Қазақ тілінде дыбыстардың тіркесуінде заңдылық бар:
- Екі дауысты дыбыс қатар келмейді.
- Сөз басында екі дауыссыз қатар келмейді.
- Сөз соңында үнді мен қатаң дыбыстардың тіркесі ғана (қарт, ант, салт, сарт, шарт, қаңқ, саңқ, кент, серт және т.с.с.) келеді. Мұндай дыбыстық тіркестерді Қ.Кемеңгерұлы «дауыссыз дифтонг» деп атаған еді (Стенографический отчет научно-орфографической конференции‚ созванной 2-4 июля 1929г. Научно-методическим Советом НКП и ЦКНТА. - Алматы‚ 1930. –58с.). Басқа дыбыс тіркесі (қатаң мен қатаң, үнді мен үнді, қатаң мен үнді, ұяң мен ұяң т.с.с.) қазақ тіліне жат. Сондықтан шеттілден енген сөздердегі жат қолданыстарды қазақ тілінің заңдылығына бейімдеу керек. Яғни съезд, подъезд, разъезд, т.с.с. сөздердегі д әрпін түсіріп жазу керек. Қазіргі кезде поезд сөзі пойыз түрінде жазылып жүр (ХХ ғасырдың басында да солай жазылған). Сол сияқты сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк, вт, фт дыбыстарына біткен есім сөздердің соңғы әріптері түсіріліп жазылуы керек: турист емес, турис, фантаст емес, фантас, грамм емес, грам т.с.с. А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров т.с.с. ғалымдардың еңбектерінде термин сөздердің тұлғасын қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес дұрыс жазуда қосымша жалғап тексеру әдісі қолданылған. Ол әдісті қазіргі кезде де пайдалануға болады. сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк, вт, фт дыбыстарына біткен есім сөздерге қосымша жалғанғанда да соңғы әріптері түсіп қалады: кросс – кросқа, кросы, класс – класқа, кластар, класы, металл – металды, металы, грамм – грамға, грамдық, грамы, киловатт – киловатта, грипп – грипі, съезд – съезге, съезі, ведомость – ведомосқа, фармацевт – фармацевке, шрифт – шрифпен; сондай-ақ трест – треске, тресі; турист – туриске, турисі; утопист – утописке, утописі; фантаст – фантасқа, фантасы; фонетист – фонетиске, фонетисі; форпост – форпосқа, форпосы; футурист – футуриске, футурисі; чекист – чекиске, чекисі; экономист – экономиске, экономисі; юрист – юриске, юрисі т.с.с.
- Екі қатаң дауыссызға біткен (ск, ст, кс, кт, пт, фт) сөздердің соңына ы, і дәнекер дыбыстарын қосып жазу керек. Себебі ол сөздерге қосымша ы, і дәнекер дыбыстары (әріптері) арқылы жалғанады: объект+і+ге, объект+і+сі, киоск+і+ге, киоск+і+сі, киоск+і+лер, Омск+і+ден, Омск+і+ге, лифт+і+мен, факт+і+сі, факт+і+лер, рецепт+і+нің, рецепт+ті+ге, манускрипт+і+ге, моллюскіге, пактіні, тактіні, трактіге, фактісі, перфектіні, интеллектіге, инстинктіні, рецептіге, эвкалиптінің т.с.с.
- Үнді және қатаң дауыссыздар тіркесіне (нк, лк, мп, лт, льт, нс, рс, рт, рш, нт, рм, фр т.б.) біткен сөздерге қосымша ы, і дәнекерінсіз, буын үндестігі бойынша жалғанады: финанс+қа, финанс+ы, аванс+ы (авансысы емес), цемент+ке, цемент+ті, фермент+тік, цифр+ға, цифр+ы (цифрысы емес); хлороформ+ға, хлороформ+нан, хлороформ+ы, фунт+қа, фунт+ы, формант+тар, формант+ы, банк+ке, автопарк+тен, пульт+ке т.с.с. Себебі сөз соңындағы үнді мен қатаң дыбыстардың тіркесі қазақ тіліне жат емес.
- Қазақ тілінде сөз б, г, ғ, д дыбыстарына бітпейді. Сондықтан шеттен енген, осы дыбыстарға біткен сөздер қазақ тілінің заңдылығына бағындыру керек. Ол туралы Қазақ білімпаздарының І съезінде Елдес Омаров та айтқан болатын (Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезі. – Алматы, 2005. – 144 б.). Қазақ тілінің жиілік сөздігіне сүйенер болсақ, шет тілден енген мұндай сөздер өте көп (Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігі. - Алматы: Дəуір, 2016. - 1472 б.).
Соған сәйкес
- аб дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (араб, архесиллаб, мазһаб, масштаб, штаб, хиджаб);
- об дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (гардероб, гидрофоб, микроб);
- уб дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (автоклуб, аэроклуб, бизнес-клуб, интернет-клуб, клуб, куб, мотоклуб, спорт-клуб, фитнесклуб);
- аг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (аншлаг, архипелаг, бактериофаг, детритофаг, рейхстаг, рычаг);
- орг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (комсорг);
- ург дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (драматург, жазушы-драматург, кардиохирург, кинодраматург, металлург, нейрохирург, хирург);
- фаг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (ксилофаг, макрофаг, олигофаг, сапрофаг, саркофаг, энтомофаг);
- яг дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (варяг);
- ог дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (ағартушы-педагог, акушер-гинеколог, аналог, антрополог, археолог, астролог, бактериолог, барлаушы-геолог, биолог, бульдог, геолог, герцог, гидролог, гинеколог, гляциолог, косметолог, маркетолог, метеоролог, минеролог, мифолог т.с.с.);
- ад дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (бал-маскарад, жад, жиһад, лимонад, мармелад, рафинад, шоколад т.с.с.);
- айд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (слайд);
- ард дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (авангард, гепард, электркард);
- ед дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (швед);
- ейд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (рейд);
- еид дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (нуклеопротеид, протеид, хромопротеид);
- фуд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (фаст-фуд);
- юд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (фотоэтюд);
- ярд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (бильярд);
- ард дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (стюард);
- яд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (наряд);
- ряд дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (авиаотряд, отряд, разряд, снаряд);
- ид дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (альдегид, антимонид, геноцид, гербицид, гибрид, диоксид, оксид, пластид, полигибрид, силицид, суицид т.с.с.);
- од дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (анод, бутерброд, взвод, диод, йод, катод, метод, электрод, эпизод т.с.с.);
- оид дыбыс тіркесіміне біткен сөздер (астероид, гаплоид, дифтонгоид, коллоид, органоид т.с.с.);
- орд дыбыс тіркесіміне біткен сөздердегі (аккорд, билборд, рекорд, сканворд, скейтборд, сноуборд)
б, г, д дыбыстарының орнына п, к, т әріптерін жазу керек. Себебі бұл сөздер ұяң дауыссыздарға біткенмен, оларға қосымша ұяң дыбыстан бастап жалғана алмайды, қатаң дыбыстан басталады: арабқа, архесиллабты, мазһабта, масштабпен, штабтан, хиджабты т.с.с. Сөз тұлғасын қосымша жалғау арқылы тексеру әдісі – А.Байтұрсынұлы бастаған ғалымдардың негізгі ұстанымдарының бірі. Бұл әдіс осы уақытқа дейін көп еленбегенмен, орфографиялық сөздіктерде, анықтағыштарда (Р.Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышы». – Астана, 2000) ұяң дыбыстарға біткен сөздерге жалғанатын қосымшалардың қатаң дыбыспен басталатыны туралы айтылған. Күнделікті қолданысымызда да қатаң дыбыстан ғана бастаймыз. Соңғы ұяң дыбыстарды қазақ қатаң түрде ғана дыбыстай алады. Араб тілінен енген кітап сөзі б әрпіне біткен. Алайда қазақ тілінде ол сөздің соңында қатаң дыбыс (п) таңбаланып жүр. Одан қазақ тілінің заңдылығы бұзылып тұрған жоқ. Қажым Басымұлы еңбектерінде араб сөзі арап түрінде таңбаланған. Қазір араб түрінде жазылып жүр. Бұл – қазақ тілінің заңдылықтарына қайшы. Сол себепті тіліміздің заңдылықтарына сәйкес б, г, д дыбыстарына біткен сөздерде сөздің соңына п, к, т әріптерін жазу керек. Осыған байланысты енд (бренд, дивиденд, стенд, тренд, фотостенд), онд (алюкобонд, генофонд, евробонд), унд (карборунд) дыбыс тіркесімдеріне біткен сөздерді де нт түрінде жазу керек.
- Шет тілден енген, енг, инг, онг дыбыс тіркесімдеріне біткен сөздердің соңындағы нг дыбысының орнына қазақ тіліндегі ң дыбысын таңбалауға болады: автопаркинг, агрохолдинг, аутбридинг, аутсорсинг, банкинг, бизнес-рейтинг, бизнес-тренинг, боулинг, брифинг, викинг, демпинг, допинг, импритинг, инбридинг, инжиниринг, карлинг, картинг, кастинг, кикбоксинг, кинг, клиринг, консалтинг, контроллинг, лизинг, маркетинг, митинг, мониторинг, пейджинг, порцинг, рейтинг, роуминг, ринг, семинар-тренинг, серфинг, скрининг, смокинг, спарринг, стайлинг, стерлинг, тренинг, фандрайзинг, франчайзинг, холдинг, хостинг, лозунг, бумеранг, ранг, фланг, сленг, гонг, дифтонг, полидифтонг т.с.с. Себебі түпнұсқада нг дыбыс тіркесі емес, ң дыбысы. Ол транскрипциядан да анық көрінеді: сленг – slæŋ, дифтонг – ˈdɪf.θɒŋ, паркинг – ˈpɑː.kɪŋ, холдинг – ˈhəʊl.dɪŋ, банкинг – ˈbæŋ.kɪŋ, рейтинг – ˈreɪ.tɪŋ, тренинг – ˈtreɪnɪŋ, боулинг – ˈbəʊ.lɪŋ, брифинг – ˈbriː.fɪŋ, маркетинг – ˈmɑːkɪtɪŋ т.с.с. Алайда орыс тілінде ң дыбысы болмағандықтан, нг тіркесімен берілген. Бұл сөздерді делдал тілдегі өзгеріске түскен қалпында емес, түпнұсқадағы қалпына жақын етіп алуға болады.
- Қазақ тілінде үнді мен қатаң тіркескенмен, керісінше, қатаң мен үнді қатар келе алмайды. Сондықтан шеттен енген сөздердегі тр-ға біткен сөздерде т мен р арасына ы, і дыбыстарын кіргізу керек: тыйатыр, метір т.б.
- Шет тілден енген сөздердің бастапқы буындары езулік, соңғы буыны еріндік болып келген сөздерде (екпін түспесе) еріндікті бастапқы буындарға ауыстырып не мүлде жойып, езулікке айналдырып жазу керек: автор – аптыр, директор – деректір, корректор – кәректір т.б.
- Шеттен енген сөздердің соңындағы а дыбысы түсіріліп жазылуы керек: аптека – аптек, фабрика – пабірік, награда – награт, морфема – морфем, фонема – фонем т.б.
Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде термин (пән сөзі) мәселесі турасында баяндама Е.Омаров: «Қазақ тіліне жат сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын бұзбай кіргізуге болмайды; жат дыбысқа жалпы бұқараның тілі келмейді де ішінде жат дыбыс бар жат сөз жалпыға жат болып қала береді; сөйте келе қазақша әдебиет тілі бұқараның тілінен мүлде басқаланып, қат танитұн бұқара біздің жазған сөзімізге түсінбейтін болады. Ол болмай, ойда жоқ бір керемет себептер болып, бұқара оқығандардан қалыспай, жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатұн болып кетсе, қазақтың тілі бұзылады. Мұның қайсысы болғанда да жақсы болмайды», – деген еді (Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезі. – Алматы, 2005. – 144 б.).
Тіл тазалығына мән бермейтін немқұрайдылықтан, тілін білмегеніне арланбайтын намыссыздықтан сақтанудың, олардың алдын алудың бірден-бір жолы – ұлттық рухты ояу, ұлттық кодты сақтау. Латын графикасына көшуде өткенімізді таразылай отырып, ХХ ғасырдың басында қай дыбыс қалай игерілгені, қосар дыбыстарды таңбалаудағы ерекшеліктер, шет тілдік терминдердің жазылуы, таңбалауда қандай ұстанымдар басшылыққа алынғанын ескере отырып, тіліміздің заңдылықтарын бұзбауға тырысуымыз қажет.
Жұбаева О. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы
Айдарбек Қ. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы
Abai.kz