Жанұзақ Әкiм: «Боламыз ба, жоқ әлде бордай тозамыз ба?»
ҚЫТАЙЛЫҚТАР БIЗДIҢ ШЕНЕУНIКТЕРIМIЗДIҢ САТҚЫН ҺӘМ ПАРАҚОР ЕКЕНIН ЖАҚСЫ БIЛЕДI
- «Бiзге Қытайдан, Қытай тарапынан ешқандай қауiп жоқ» деп сендiредi билiк. Сiз осыған сенесiз бе?
- Сенбеймiн.
Соңғы кездерi әлемдiк баспасөз "Қытай Германияның өнеркәсiбiнiң 40 пайызға жуығын алып алды", "Қытай Польшаның, Канаданың экономикалық қауiпсiздiгiне қатер төндiре бастады" дап жазып жүр. Мұны жазып отырғандар - қатардағы журналистер емес, арнайы мамандар: саясаттанушылар, сарапшылар, экономистер. Бұлар қазiргi күнi қарызға белшесiнен батып отырған Грекия, Испания, Португалия емес, бұл мемлекеттер - өзiнiң саяси және экономикалық қауiпсiздiгiне айрықша назар аударатын мемлекеттер. Мамандардың айтуы бойынша, Қытай қазiр Канаданың, Польшаның, Германияның экономикалық қауiпсiздiгiне белгiлi бiр дәрежеде қатер төндiре бастаса, "Қытай Қазақстанға ешқандай қауiп төндiрiп отырған жоқ" деп тек сатқындар ғана айтады.
ҚЫТАЙЛЫҚТАР БIЗДIҢ ШЕНЕУНIКТЕРIМIЗДIҢ САТҚЫН ҺӘМ ПАРАҚОР ЕКЕНIН ЖАҚСЫ БIЛЕДI
- «Бiзге Қытайдан, Қытай тарапынан ешқандай қауiп жоқ» деп сендiредi билiк. Сiз осыған сенесiз бе?
- Сенбеймiн.
Соңғы кездерi әлемдiк баспасөз "Қытай Германияның өнеркәсiбiнiң 40 пайызға жуығын алып алды", "Қытай Польшаның, Канаданың экономикалық қауiпсiздiгiне қатер төндiре бастады" дап жазып жүр. Мұны жазып отырғандар - қатардағы журналистер емес, арнайы мамандар: саясаттанушылар, сарапшылар, экономистер. Бұлар қазiргi күнi қарызға белшесiнен батып отырған Грекия, Испания, Португалия емес, бұл мемлекеттер - өзiнiң саяси және экономикалық қауiпсiздiгiне айрықша назар аударатын мемлекеттер. Мамандардың айтуы бойынша, Қытай қазiр Канаданың, Польшаның, Германияның экономикалық қауiпсiздiгiне белгiлi бiр дәрежеде қатер төндiре бастаса, "Қытай Қазақстанға ешқандай қауiп төндiрiп отырған жоқ" деп тек сатқындар ғана айтады.
Әрiге бармай-ақ, берiден қайырайықшы. Қытай 1947 жылы Шығыс Түркiстанды, 1949 жылы Тибеттi жаулап алды. Содан кейiн көршiлес мемлекеттерге, Тайланд, Филиппин, Лаос, Вьетнам, Малайзия, Индонезияға ауыз салды. Қазiргi күнi бұл елдердiң экономикасындағы Қытайдың үлесi қанша дейсiз ғой? 50 мен 86 пайыздың аралығында. Бұл не деген сөз? Бұл - осы елдердi Қытай билеп отыр деген сөз. Экономикаңның 50-86 пайызын жаулап алса, сен де тырп ете алмайсың.
Қытайдың ендiгi көздеп отырғаны - Моңғолия мен Орталық Азия (Қазақстан). Кейбiр деректерге қарағанда, Моңғолия экономикасындағы Қытайдың үлесi 50 пайызға жақындап қалған. Бұл қатер ме, қатер емес пе? Әрине, қатер.
Қытай Қазақстанның экономикасын мысықтабандап, ақырындап, асқан бiр айлакер ептiлiкпен жаулап алып жатыр. Қытай бiздi түпкiрлей зерттеп, сырымызды да, iшi-сыртымызды да түгел бiлiп алған. Бұлар бiздiң шенеунiктерiмiздiң ақша үшiн тiлiн де, дiлiн де, ар-иманын да, Отанын да сатып жiберетiнiн әбден бiлiп алған. Қажет жерiнде орайын келтiрiп пара ұсына қояды. Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың асқына түскенi Қытайға өте қолайлы болып тұр. Қазақстанда Қытайдың мүддесiн көздейтiн сарапшылар, журналистер, саясаттанушылар (орыс, қазақ, кәрiс, еврей және т.т.) жетiп артылады. Бұларды "жалдамалы сарапшылар", не болмаса "сатқын сарапшылар" десе де болады. Қытай бұларға және шенеунiктерге төлейдi. Сондықтан да олар "Қытай бiзге серiктес. Ешқандай қауiп төндiрiп отырған жоқ" деп, Қытайды жақсы жағынан көрсетiп, жағымды қоғамдық пiкiр туғызу үшiн жанталасып бағуда.
- Бұлардың халықтан жасырып отырғандары да көп шығар?
- Көп. Көп болғанда қандай! Мәселен, қазiр 7-8 облысымыздың орталығындағы мұнай базаларын Қытай алып алды. Құмкөлдiң 67 пайызын, Маңғыстаумұнайгаздың - 50 пайызын, Ақтөбемұнайгазды түгел, яки 100 пайыз қытайлықтар алды. Шымкенттегi мұнай өңдеу зауытының 50 пайызы да - Қытайдiкi. Ендi бұлар әр жыл сайын Қазақстаннан 300-ге жуық май құятын бекет сатып аламыз деп құлшынып отыр. Осы инвестицияны және мемлекеттiң тiкелей алған қарыздарының барлығын қосқанда, Қазақстанның Қытайға қарызы 40 миллиард долларға жуықтайды.
Мұнай зауыттарын жабдықтау үшiн Қытай Қазақстанға несие бередi. Несие бередi де, осы несиенiң 80 пайызын өздерiне байлаулы, тәуелдi етiп қояды. Қайтiп? Қазақстан несиенiң 80 пайызына Қытайдан мұнай зауытына қажеттi керек-жарақтар мен жабдықтар сатып алады. Яғни, бұл несие Қазақстанның экономикасына, импортты алмастыруға жұмыс iстемейдi.
19 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР ҚАЙДА, КIМГЕ КЕТТI?
- Жақында Қазақстан Қытайдан 20 миллиард доллар қарыз алды деп естiдiк...
- Бұған нақты жауап берейiн. Тек соңғы екi жылда Қазақстан Қытайдан 19 миллиард қарыз алды. Ал ендi бұл қарызды қайда жұмсап отыр? Ерiксiз iшiңдi тартасың. Осы 19 миллиард доллардың 3 миллиард долларын Машкевич бастаған Еуразиялық топқа бердi. Оның үстiне, осы 3 миллиард долларды қайтаруға Қазақстан үкiметi кепiлдiк берiп отыр. Бiрiншiден, Еуразиялық топ - жекеменшiк компания. Олар Қытайдан өздерi қарыз сұрап алып, өздерi қайтаруы керек. Бұған Қазақстан үкiметiнiң араласуының ешқандай жөнi де, жосығы да, заңдық қисыны да жоқ. Үкiмет кепiлдiк бердi екен, ендi бұл 3 миллиард доллар үкiметтiң мойнында қалып қояды.
Дәл осы жолмен 1,7 миллиард доллар "Қазақмысқа" берiлдi. "Қазақмыс" та - жекеменшiк компания. Бұған неге, не үшiн берiлiп отыр?
Осы "Қазақмыс" компаниясының 29 пайызы "Самұрық-Қазынаға" берiлдi. Мiне, үкiмет осы 29 пайызға ғана кепiлдiк беруге тиiс едi. Қалғандарын кепiлдiкпен жарылқағанын еш түсiне алмадық.
Жалдамалы сарапшылар 19 миллиард доллар қарызды жасырып, оны 4 миллиард етiп көрсетiп жүр. Ресми ақпарат та "4 миллиард" деп отыр.
Жалпы, бiздiң Қазақстандағы мұнай-газ саласындағы үлесiмiз - 18 пайыз ғана. Мұндай үлеспен ұзаққа бармайтынымыз да белгiлi. Бiзде мемлекеттiк мүдде әлi қалыптасқан, орныққан жоқ. Мемлекеттiк мүдденi қорғайтын, оны көздiң қарашығындай сақтайтын орта да жоқ. Мемлекеттiк шенеунiктерде мемлекеттiк көзқарас жоқ.
- Бiздiң сыртқы қарызымыз қаншаға жеттi қазiр?
- Қазақстанның сыртқы қарызы қазiр 121 миллиард доллар. Салыстыру үшiн айта кетейiн, Өзбекстанның сыртқы қарызы - 5 миллиард доллар.
121 миллиард доллар! Бұл көп пе, аз ба? Өте көп. Көп болғанда да шектен шығып кеткен. Академик Аганбегиянның дерегiне сенсек, Қазақстан 2010 жылы бюджеттен 9 миллиард доллар алып, несиенi төлеуге мәжбүр болған. Мұндай сыртқы қарызы бар елдерге әлемдiк банктер әдетте қарыз бермейдi.
- Неге?
- "Қарызды қайтаруға қабiлетсiз, дағдарысқа ұшырау алдындағы, дефолт жағдайындағы ел" деп есептейдi.
- Ендеше, Қытай неге қарыз берiп жатыр?
- Өйткенi бұл Қытай үшiн пайдалы. Есесiмен қайтады. Есесiмен қайтаратынына Қытай сенiмдi. Мұның бәрiн Қытай есепшотқа салып, баяғыда есептеп қойған. Мысалы, сол қарыздар Атырау, Павлодар мұнай зауыттары мен Еуразиялық топ, "Қазақмыс" компанияларындағы мемлекеттiң үлесi есебiнен қайтатынын болжау қиын емес.
ӘКIМҚАРАЛАР ЕЛМЕН, КӨПШIЛIКПЕН ЖҰМЫС IСТЕУГЕ ӨТЕ ЕБЕДЕЙСIЗ
- Ауылдың әкiмi, мен бұл жерде Қытайдың ауыл әкiмiн мысалға келтiрiп отырмын, өзiнiң қарамағындағы отбасына 200-300 тауықтың балапанын әкеп бередi екен. Несиеге. Егер әлгi отбасы орта есеппен 10 балапанның 8-iн аман-есен өсiрiп, тауық қатарына қосса, әлгi несиенi түгел жойып, бүкiл тауықты отбасыға тегiн бередi екен. "Еңбекке ынталандыру" дегенiмiз де осы ғой.
Ауылдың әкiмi әрбiр отбасымен жеке-жеке жұмыс жасауы керек. Балабақшаның тәрбиешiсi сияқты. Ауылда қанша жұмыссыз бар? Уақытша жұмыспен қамтылғандары қанша? Әр отбасы немен айналысып жатыр? Егiн ектi ме? Бау-шарбағы қалай? Күнкөрiсi нешiк? Осының бәрiн ауыл әкiмi бес саусағындай бiлуi қажет. Ал бiзде ауыл әкiмдерi қарамағындағы отбасылардың қамымен емес, саясатпен айналысады: жарты жыл сайлаумен жүгiредi, одан қалса үлкендi-кiшiлi әртүрлi саяси науқанның сойылын соғып, ұрандатып, уақыттарын босқа рәсуа етедi. Мемлекетке пайдалы, ұлтқа керектi зәру шаруамен айналысып жүрген әкiмдердi кездестiрмейсiң. Осындайда тағы да ерiксiз дерекке жүгiнесiң.
- Тарихи дерекке ме?
- Иә, тарихи дерекке. Кезiнде генерал Колпаковский Жетiсудың генерал-губернаторы болды. Бүгiнгi тiлмен айтсақ, бiр облыстың әкiмi. Мiне, сол Колпаковский қандай iстер тындырған десеңiзшi?! Қазақстанды жаулап алу үшiн ең алдымен не iстеу керек? Iшкi Ресейден қазақ даласына орыстарды неғұрлым көбiрек алып келу керек. Колпаковский 17 жыл Жетiсудың генерал-губернаторы болды. Осы 17 жылдың iшiнде ол iшкi Ресей мен Украинадан (ол кезде Украина да Ресейдiң боданы ғой) 1 миллионнан астам орыс шаруаларын алып келген. "Танымайтын жердiң ой-шұқыры көп", оның үстiне ол кезде бүгiнгiдей техника да жоқ, не керек, Колпаковский 1 миллионнан астам орыс шаруаларын Жетiсуға ат-арбамен-ақ көшiрiп алған ғой.
Ендi мынаған қараңыз. Ақ патшаның қатардағы бiр әкiмi 17 жылда Жетiсуға 1 миллионнан астам орыс шаруаларын көшiрiп алып келсе, бiздiң мемлекетiмiз 20 жылда шетелден 800 мың ғана қазақты алып келе алды. Бүгiнгiдей жүйрiк, даңғыл, ұшқыр заманда. Айтпақшы, осы 800 мың адамның тең жартысы "өлi жандар" деп естiдiм.
- "Өлi жандары" несi?
- Тек тiзiмде бар. Бiрақ, шын мәнiнде, Қазақстанға көшiп келмеген.
Бiздiң шенеунiктер осы оралмандарға үй саламыз деп бөлiнген ақшаға ауыз салып, талай қаржыны талан-таражға ұшыратты. Облыс, аудан, ауыл әкiмдерi көшiп келген ағайындарға жағдай жасай алмай отыр. Жалпы, бiздiң әкiмдер мен шенеунiктерде қан жоқ, ұлттық бауырмалдық жоқ, патриотизм жоқ. Бұл жөнiнен бiздiң әкiмдерiмiз бен шенеунiктерiмiз Колпаковскийдiң поручиктерi мен есаулдарының жанында жiп есе алмайды.
- Колпаковский ақ патшаға Қазақстанды жаулап алу үшiн, отарлап-бұтарлау үшiн айрықша еңбек сiңiрдi. Колпаковскийдiң кезiндегi "қайраткерлiгiнiң" зардабын, азабын, машақатын, қорлығын бiз әлi күнге дейiн тартып келемiз. Бiзден кейiнгi ұрпақтың қанша тартарын бiр Құдай ғана бiледi. Ал ендi қазақты сорға, қорлыққа, азапқа белшесiнен батырып, олардың өзiн, жерiн ғана емес, санасын да жаулап алып, бiржолата мәңгүртке, құлақкестi құлға айналдыруға бүкiл бiлiмiн, тәжiрибесiн, айла-амалы мен күш-қайратын сарқа жұмсаған осы Колпаковскийге бiз 2007 жылы зәулiм ескерткiш орнаттық. Ұзынағашта. Осыған...
- Бұл ендi... Бұны түсiндiруге тiлiм жетпейдi. Бұл - бiздiң мемлекетiмiз кiмнiң қас, кiмнiң дос, ненiң жақсы, ненiң жаман екенiн ажыратудан қалған деген сөз. Бұл - өте қорқынышты. Бұл - барып тұрған бассыздық. Бас иесiздiк.
Жарайды, әкiмдерге қайта оралайықшы. Ауыл әкiмдерiмен де, аудан әкiмдерiмен де, жалпы, лауазымды шенеунiктермен әңгiмелесiп жүремiн ғой. Араларында бiлiмдi, тереңнен, әрiден ойлай алатындары өте аз. Жергiлiктi зиялылар бастама көтерiп, өз ақшаларына Қыз Жiбек пен Төлегенге ескерткiш орнатпақ болған ғой. "Қыз Жiбек те, Төлеген де бiздiң өңiрден шықпаған ғой. Оның не керегi бар..." деп облыс әкiмi әлгi ескерткiштi орнатқызбай тастапты.
Ең жаманы, бiздiң әкiмдер көзбояушылыққа үйренiп алды. Дүрiлдетiп жиын жасап, елбасыны шақырып, жаңа зауыттың лентасын қияды. Ол зауыт ашылмайды, не болмаса ашылған күнде де артынша-ақ тоқтап қалады. Осындай жолмен лентасы қиылған, не капсула салған республикамыздағы 1000-нан астам зауыттар мен фабрикалардың 50-i iстей ме, iстемей ме, ол да белгiсiз...
- Жақсы iс жерде қалмайды. Егер әкiмдер жақсы тiрлiк iстесе, халықтың оны да айта жүретiнi рас емес пе?
- Әрине. Бiр ғана мысал. Батыс Қазақстан облысының әкiмi Бақтықожа Iзмұхамбетов осы облыстағы ауылдарды көгiлдiр отынмен тегiс, 100 пайыз қамтамасыз еттi. Қазiр облыстағы барлық ауылда газ бар. Мұны үлкен де, кiшi де айтып, облыс әкiмiне алғысын жаудырып жатыр. Ал ендi дәл осыны Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының әкiмдерi неге iстемейдi? Кезiнде бұл өңiрде 6 миллиард шаршы метр газ далада текке өртенiп жатты ғой...
Өз басым Павлодар облысының әкiмi Бақытжан Сағынтаевтың әлеуметтiк, экономикалық белсендiлiгiн ұнатамын. Бұл тұрғыда ол едәуiр жұмыстар атқарды. Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметов елмен етене жұмыс iстей бiледi. Ол облыс қаржысынан 14 миллиард теңге үнемдеп, Түркiстанға ғажайып тарихи-өлкетану мұражайын (3500 шаршы метр) салғызды. Қазiр Оңтүстiк Қазақстан ақын-жазушыларының 300 томдық әдеби мұрасын (ауызшасы бар, жазбашасы бар) жарыққа шығарып жатыр.
БIЗДIҢ АНА ТIЛIМIЗДIҢ КЕЧУА ТIЛIНIҢ КЕБIН ҚҰШУЫ МҮМКIН БЕ?
- Қазақстандағы тiл саясаты туралы не айтасыз?
- Мынадай бiр дерек келтiрейiн. Қытай халқының 3-5 пайызы ғана ағылшын тiлiн бiледi. Ал ендi халқының саны жөнiнен Қытайға жетеғабыл Үндiстан халқы ағылшын тiлiн 100 пайызға жуық бiледi. Ал ендi салыстырыңызшы, қай елдiң экономикасы, күш-қуаты мықты? Әрине, Қытайдың экономикалық күш-қуаты мен даму қарқыны Үндiстанды әлденеше есе орап алатыны да түсiнiктi.
"Ағылшын, орыс тiлiн 100 пайыз бiлсек, дамып кетемiз, ұшпаққа шығамыз, ұшар биiкке өрлеймiз!" дегеннiң бәрi - бос сөз. Былшылбай тiрлiк.
Үндi елiнiң болашағы - үндi тiлiнде. Ағылшын тiлi - үндi халқы үшiн отарлаушы елдiң тiлi. Отарлаушы елдiң тiлiмен ұшпаққа шыққан бiр елдi атап берiңiзшi? Атап бере алмайсыз. Өйткенi ана тiлiнен айырылған халық бәрiнен айырылады. Соның iшiнде, ең алдымен рухынан айырылады. Рухынан айырылған елден ештеңе күтуге болмайды. Оларды тiрi халықтың қатарына жатқызудың өзi...
Әлемде әр адамға шаққанда тауар өнiмi бойынша қай ел бiрiншi орында? Жапония! Дүниежүзi бойынша ең ұзақ жасайтын ел қай ел? Жапония! Әлемдегi ең үздiк техника мен электрониканың 30 пайызы осы елде, яғни Жапонияда жасалынады. Ал ендi осы ел қай тiлде сөйлейдi? Өз тiлiнде, жапон тiлiнде. Баяғы самурайлар сөйлеген тiлде. Әлiпбилерiн де өзгерткен жоқ. Рас, ағылшын тiлiн оқытады. Бiрақ жапондар өз балаларын ағылшын тiлiне қай уақытта үйрете бастайды? Жапон тiлiн жетiк меңгерiп болғаннан кейiн. Негiзiнен, колледждер мен университеттерде. Бiздегi сияқты балабақшадан бастамайды. Бiздiң елiмiздегi сияқты ағылшын тiлiн қазақ тiлiнiң есебiнен үйренбейдi. Төрт тiл бiлетiн (орыс, ағылшын, немiс, француз), бiрақ өз ана тiлiнде ең болмаса "ойбай!" дей алмайтын қазақ жiгiтi қайдан өсiп-өнiп жүр? Бiздiң елiмiздегi тiл саясатының құрдымға кеткенiнен!
ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ ЖАҒДАЙЫ ТУРА ПЕРУДЕГI ЖАҒДАЙҒА ҚАТТЫ ҰҚСАП БАРАДЫ.
- Перуде не болып едi?
- Перу тәуелсiздiк алғаннан кейiн мемлекет iшiнде қатты талас болды. "Мемлекеттiк тiл испан тiлi бола ма, жоқ әлде кечуа тiлi бола ма?" деп. Тақты иеленгендер "кечуа тiлiн дамытамыз" деген уәденi үйiп-төгiп берумен болды, бiрақ бұл уәденiң үдесiне жеткен жоқ. Билiк басына испантiлдi перулiктер молырақ шоғырланғандықтан испан тiлi мемлекеттiк тiл қызметiн атқарды да, кечуа тiлi бiрте-бiрте ысырыла бердi, ығыса бердi. Қазiр кечуа тiлi Перуде тұрмыстық деңгейде ғана қолданылады. Ең қорқыныштысы, бұрынғыдай "кечуа тiлi мемлекеттiк болсын!" дейтiн де ешкiм қалмады.
- Сонымен, Перу отарлаушы елдiң тiлiн қабылдап алды да, өзiнiң тiлiн жойып жiбердi дейсiз ғой...
- Өз тiлiн жойып, отарлаушы елдiң тiлiн қабылдап алған халықтың оңғанын көрген емеспiн. Мұның өзiндiк заңдылығы бар. Тарихқа көз жiберсеңiз, халық екi жағдайда қатты азғындайды. Бiрi - тiлiнен айырылғанда, екiншiсi - топырақтан ажырағанда. Өз топырағынан ажырап, басқа жаққа ауып, не болмаса босқындап барған халықтың ұсақтап кететiнiн, ұсақтағанда да рухани тұрғыдан ұсақтайтынын (бұлардың арасында өтiрiкшi, жағымпаз, намыссыз, алаяқ, тоғышарлардың күрт көбейiп кететiнiн) ғалымдар талай рет жазып та қалдырған.
Қазақтың болашағы, қазақтың рухы - қазақ тiлiнде! Сондықтан да бiзге қайткен күнде де қазақ тiлiнен ажырап, айырылып қалмауға күш салуымыз керек. Қазiр бiздi билiк дәл Перудiң билiгiндей алдап келедi. Жаңылмай, жазбай, шаршамай алдап келе жатқанына дәл 20 жыл болды: "Сәл күте тұрайық", "шыдай тұрайық...", "төзе тұрайық...". Бұлай жалғаса берсе, қазақ тiлiнiң де кечуа тiлiнiң кебiн құшатыны сөзсiз.
- Билiк бiздi, жарайды, 1 жыл алдасын, 2 жыл алдасын, мейлi 3 жыл алдасын. Бақандай 20 жыл алдау - бұл ендi сұмдық қой?!
- Егер жаңылысып қалмасам, Асқар Сүлейменовтiң кейiпкерi болуы керек, "Менi неге жұмсай бередi?" деген адамға "Өйткенi, сен жұмсалғышсың!" деп жауап бередi. Сол сияқты, бiз де алданғышпыз. Әсiресе, қазақтiлдi зиялылар аңғал. Баладай сенгiш. Қазақстанның билiгi ешуақытта қазақ ұлтының мүддесiн көздеген емес. Ең болмаса, ендi осыны бiлетiн, сезiнетiн мезгiл жеттi ғой.
Қазақ тiлiнiң алдында да, қазақтың алдында да "Боламыз ба, жоқ әлде бордай тозамыз ба?" деген шекспирлiк сауал тұр. Ендi кешiксек, құрдымға құлаймыз. Басы алтын, құйымшағы күмiс болса да, бұдан былай мемлекеттiк жауапты қызметтерге қазақ тiлiн бiлмейтiн кадрларды жолатпауымыз керек.
Сағат Әшiмбаев өзiнiң күнделiгiне былай деп жазыпты: "Тiл - тiршiлiктiң тiрегi. Сондықтан да тiлге қатысты сөз бүкiл тiршiлiгiмiзге қатысты болуы керек". Бұдан былай бiздiң тiлiмiз бен тiршiлiгiмiз ешуақытта бөлiнбеуi керек. Себебi, тiлдi бiлмейтiндер - елге де, ұлтқа да жатбауыр. Ел мүддесiн сататындар өз ана тiлiн бiлмейтiндердiң арасында өте көп кездеседi. Сондықтан "қазақ тiлiн бiлмесе де, экономиканы бiледi, iскер..." дегендi доғару керек.
Бiз осыған дейiн қазақ тiлiн ойыншық етiп келдiк, ендi мұны доғармасақ, күллi қазақтiлдi қауымның тағдыры, тiрлiгi, мақсаты, мүддесi ойыншыққа айналады. "Қазақтiлдi қауым ойыншыққа айналды" деген не сөз? "Мемлекет ойыншыққа айналды" деген сөз.
"АДАМ КАПИТАЛЫ". БҰЛ НЕ?
- Сiз қазiр немен айналысып жүрсiз?
- Халықаралық Адам институтын ашумен шұғылданып жатырмын. Бұған шетелдiк компаниялар, түрлi ғылыми-зерттеу орталықтар көмектесiп жатыр. Қазақ үкiметiне де ұсыныспен шығамыз деген ойымыз бар. Адам капиталымен айналысып жатқан орталықты үкiметiмiз неге қаржыландырмауға тиiс?
- Күмәнiм бар... Десек те, "адам капиталы" деп қалдыңыз. Осы адам капиталының ахуалы Қазақстанда қалай?
- Капиталдың үш түрi бар. Бiрiншiсi - жерасты байлығы. Екiншiсi - жылжитын және жылжымайтын мүлiктер (зауыт, фабрикалар, ғимараттар және т.т.). Үшiншiсi - адам капиталы. Мiне, бiз осы адам капиталын өсiруiмiз керек. Бiздiң Қазақстанда адам капиталының деңгейi - 10 пайыздың ар жақ, бер жағында ғана.
Көпшiлiк оқырманға түсiнiктiрек болу үшiн мұны тарата кетейiн. Бiреу машина ойлап табады, ендi бiреу сүңгуiр қайыққа керектi детальдi ойлап табады, ал ендi бiреу қолсағаттың жаңа түрiн ойлап табады. Ендi бiр адам кiрпiштiң ерекше түрiн ойлап табады. Мұның бәрiн жалпылама бiз "өңделген тауар" (машина, сүңгуiр қайыққа қажеттi деталь, қолсағат, кiрпiш) деп атаймыз. Осы өңделген тауарға жұмсалған адамның ақыл-ойын, бiлiмiн, тәжiрибесiн "адам капиталы" деп атаймыз. Өнеркәсiпке, өндiрiске, жалпы тауар өндiретiн салаларға адам капиталы неғұрлым көбiрек қатысқан сайын мемлекет те соғұрлым байи түседi.
Бiз шетелдерге қазiр не сатамыз? Тек шикiзат сатамыз. Шетке сататын дүниемiздiң 98 пайызы - шикiзат. Шикiзатты өңдеп, өңделген тауар сатуға шорқақпыз. Сондықтан да Қазақстанда адам капиталының деңгейi өте төмен. 10 пайыз мөлшерiнде ғана.
- Ал дамыған, өркениеттi елдерде адам капиталы қаншаға тең?
- 70 пайыздан асады.
- Ойбай-ау, қаттырақ айтсақ, олармен салыстырғанда бiз мүлде жабайы ел екенбiз-ау...
- Қайтесiң?! Жағдай солай. Шындық осындай.
- Әңгiмеңiзге рақмет.
Әңгiмелескен
Әмiрхан МЕҢДЕКЕ
«Жас Алаш» газеті