Жұма, 22 Қараша 2024
Жөн-ақ 7863 21 пікір 28 Маусым, 2019 сағат 12:24

Сейітқазы Матаев пен Берік Уәлиге уәж

ҚР Президент баспасөз хатшысы

Берік Уәли мен ҚР Журналистер

одағының басшысы Сейітқазы Матаевтің

назарына

28 маусым - журналистер қауымының кәсіби мерекесі. Осы атаулы күн қарсаңында билік қалам ұстаған тілшілер қауымын марапаттың астында қалдырады. Рас, әділ бағаланып елдің мұңың мұңдап, жоғын жоқтап жүрген журналистер ұлықталып жатса бүгін сөз шығындамас едік. Амал не, "сарай ақын", "сарай журналистердің" айы оңынан туып, бұқара үшін тер төккендер еленбей көлеңкеде қалып кетіп жүр...

Сөзіміз ұсақ шықпауы үшін әңгімені Президент грантынан төтелей бастайық. Осыдан екі күн бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат саласындағы сыйлықтар мен гранттарды тапсырды. Ол сыйлыққа кімдер ие болғанын мына сілтемеден өздеріңіз оқып аларсыздар.

Рас. Мемлекет басшысының қолынан сыйлық алған журналистердің бәрі де еліміздің ақпарат саласына үлкен үлес қосып отырған көне-кәсіби мамандар екенін жоққа шығармаймыз. Алайда, сыйланғандар тізіміне сәп салсақ, көбі мемлекеттік ірі басылымдардың бас редакторлары немесе басшылары... Басшының міндеті - ұйымдастырушылық. Олар қалың қазақтың арасында диктофонын көтеріп алып, жүгіріп жүргендер емес. Олар "кешегі сансыз митингілерден шынайы ақпарат таратамын" деп полицейлермен "арпалысатындар" да емес. Олардың дені жайлы креслода отырғандар. Олар Қазақстанның әр қиырында құрметті қонақ болып шалқып жүргендер. Сол құдайы-қонақ еткен жұрт пейіліне арнап, тым құрыса Әшірбек Сығай ағамызша бір ауыз жылы сөз жазып, "жеген тамақтарын да" ақтамайтындар. Бұл сөз өзіміз жақсы көретін ағаларымызға ауырлау тиер. Президент сыйлығын олардан қызғанып та отырған жоқпыз. Бірақ, осындай кішігірім ақиқаттар дәл бүгінгідей мерекеде айтылуы да, жазылуы да керек.

Біздің ойымызша, Президенттің сыйлығы алдымен "арқалағаны алтын, жегені жантақ" қара-тілшілерге берілгені жөн. Тапсырма берген емес, тапсырманы орындаймын деп маңдай терін төккен адам марапатталуы тиіс емес пе? Басқаша айтқанда, бұрыннан келе жатқан, елге белгілі мамандарды марапаттай бергеннен ештеңе өзгермейді. Егер ҚР Президентінің гранты әлдебір редакторға емес, сауатты мақалаларларды төпелетіп жазып жүрген Асхат Қасенғали, Ақниет Аманжолқызы, яки Манас Қайыртайға тосыннан берілді делік. Бұл біріншіден жаңадан билікке келіп жатқан Тоқаев командасына үлкен абырой әперер еді. Екіншіден, журналистерді билікшіл һәм оппозиция деп жіктеудің алдын алар еді. Үшіншіден, биліктің халыққа қарай нақты бір қадам жасағанының белгісі болар еді. Төртіншіден, мұндайды көрген халықтың да әділ бағалауға іші жылып қалары анық. Бесіншіден, Президент сыйлығын алған жаңа есім арқылы елімізде жаңа тұлғаларды танытуға жол ашылады.

Мемлекеттік наградаларды биік мінберге бір табан жақын тұлғаларға табыстай бергенде не өзгереді? Әлеуметтік желілерде құттықтау сөз қаптар. "Көп жылғы еңбегіңіз еленіпті" деген сынды пікірлер жазылар. Көп жылғы еңбектің еленуі анау жайлы креслоға жеткені емес пе? Біз бұл жерде директорлар мен редакторлар сыйлық алмасын деуден аулақпыз. Алсын, бірақ сол алған сыйлыққа лайық мақала жазсын! Осыдан он жыл бұрынғы Назарбаев дәуірінде жазған мақаласы үшін Тоқаев дәуірінде марапатталуы әділеттілік емес. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, журналистердің жұмысы тек жақсылықты жарнамалап, биліктің көзқарасымен жаңалық тарату емес. Олар елдегі ең өзекті мәселелерді көтеріп, кемшіліктерді көрсетіп, қателіктердің қанын сорғалатып тұрып айтуға міндетті. Керек болса, мемлекеттік басылымның өзі билікті сынап, жаза басқан жерлерін ескертіп отыруы тиіс. Осындай жалаңтөс батыр редакторлар болмаған соң билік елдің нені аңсап отырғанын аңғармай қалып жатыр. Соның себебінен де күнде митинг, күнде наразылық көбеюде... Жоғарыдағы сілтемедегі тізімді қайта қараңыз. Көбі бұрын батыр болған журналистер. Бірақ, аға-әпкелеріміз кешіріммен қарасын, қазір сол батырлықтың жұрнағы да қалған жоқ.

Қош! Тәуелсіз журналистер үшін жаңағыдай мемлекеттік наградаларға жол жабық екен делік. Сонда шындықты шырылдап айтып, елдегі кемшіліктерді ашық жазып жүрген журналистердің еңбегі ескерусіз қала беруі тиіс пе? Жоқ әлде, олар да он-жиырма жыл күтіп, бейнетінің зейнетін келесі президенттен күткені жөн бе?

Біздің ойымызша, жылына бір мәрте келетін журналистер күнін ойдағыдай өткізу үшін, нағыз лайық мамандар халықтық марапатқа ұсынылуы үшін тікелей осы мәселемен айналысатын тәуелсіз ұйым қажет. Ондай ұйым бар. Ол - Сейітқазы Матаев ағамыз басқаратын Қазақстан журналистер одағы. Осы одақ бір жүйеге түскен, Президент грантымен бәсекелесе алатын халықаралық деңгейдегі сыйлықты жылына бес мықты маманға тұрақты беріп отыруы керек. Журналистер одағында әлемдік адам құқықтары ұйымдары мен түрлі әлемдік журналистер бірлестіктерімен келісімге келіп, бұл сыйлықтың мәртебесін Орталық Азия, қала берді бүкіл әлемдік деңгейге дейін көтеруіне мүмкіндік бар. Бүгінгідей алмағайып заман өз батырларын туғызып жатыр. Қазақстандағы азаматтық журналистиканың дәуірі салтанат құрып келеді. Яғни, осы бір сыйлық арқылы бүкіл мемлекет жүйесіне журналистің "ақ-қарасы" болмайтынын түсіндіруге жол ашылады.

Қазір де Қазақстан Журналистер одағының атынан сыйлықтар тағайындалып келеді. Бірақ олардың салмағы мемлекет тарапынан берілетін Президент гранты және «Үркер» сынды наградалармен салыстыруға келмейді. Оны Сейітқазы Матаев ағамыз да мойындайтын болар. Биліктің марапатына пара-пар Пулитцер сыйлығындай сыйлық жасауға көп болып кіріссек, одан қазақ ұтылмайды.

Өркениетті елдерде тәуелсіз журналистика саласында берілетін танымал сыйлықтар аз емес. Соның бірі Reporters Without Borders («Шекарасыз тілшілер») ұйымы тағайындайтын Питер Маклер сыйлығы. Бұл жүлде сөз бостандығы шектеуге қарсы тұрып, баспасөз құқықтарын қорғаған журналистерге беріледі. Бұл жүлдені кезінде «Уральская неделья» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедьяров алған болатын. Ал Пулитцер сыйлығы тек журналистикада ғана емес әдебиет саласында да аса беделді сыйлықтардың бірі саналады. Осындай мысалдар мыңдап саналады.

Шынын айтқанда, қазіргі таңда Қазақстан баспасөзі қатаң бақылауда екені айтылып та, жазылып та жүр. Тәуелсіз баспасөз жоқтың қасы. Көптеген БАҚ мемлекеттің майлы жілігін мүжіп, солардың сөзін сөйлеп отыр. Аз санды жеке басылымдар өз бетінше жұмыс істегісі келгенімен, «қысқа жіп күрмеуге келмей», қайта айналып биліктің бақшасына байланады. Осыдан барып, елімізде әлеуметтік желілер ақпарат құралдарының қолынан келмеген ауыр міндетті арқалап отыр. Түрлі әлемжелідегі тәуелсіз авторлар мен азаматтық журналистер мемлекеттік бюджетке байланған баспасөзге қарағанда үлкен аңыс туғызуда.

Сондықтан да, Питер Маклер, Пулитцер секілді сыйлық қажет-ақ. Бәлкім, ол Шерхан Мұртаза атындағы сыйлық болар. Бұл жағын алдағы жылы Журналистер одағының басшысы Сейітқазы Матаев ойлана жатар. Одақ басшысы ойланғанша, бұл идеяны ҚР Президенті баспасөз қызметінің басшысы Берік Уәли жүзеге асырып тастаса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Түйін

Жүлдесіз де жұмыс істеуге болады. Сыйлық бермеді деп сүйікті кәсібінен бас тартқан кәсіби журналисті көрген жоқпыз. Десе де, елдегі ең өзекті оқиғалардың ортасында жүріп хабар таратып, биліктің ғана емес, халықтың сөзін сөйлеп жүрген ақпарат қызметкерлерінің еңбегін ескерусіз қалдырмаған жөн. Азаматтық позициясын ашық айтып, шынайы ақпарат беріп жүрген тәуелсіз басылымдардың әрбір тілшісі кез-келген сыйлыққа лайық. Біздің айтпағымыз осы.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

 

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329