Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2017 0 пікір 14 Шілде, 2011 сағат 09:08

Азамат Қасым. Хельсинки қолдамаса, Ертіспен қош айтысамыз

Еліміз судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендерден алады екен. Оның 19 пайызы - Қытайдан, 17 пайызы - Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан және 7 пайызы Ресейден келетін көрінеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су комитетінің деректері осылай сөйлейді. Басқа елдерді қайдам, елімізге келетін тіршілік көзінің 19 пайызына иелік етіп отырған аспан асты елінің соңғы жылдардағы әрекеттері көңілге қорқыныш ұялатады. Су саласының майын ішіп, жілігін шаққан мамандар «тез арада мемлекеттік деңгейде шешім қабылданбаса, Ертістен айырылып қалуымыз мүмкін» деген пікір айтады. «Ертістен ғана емес, ерке өзеннің бойын ен жайлаған елден де береке кетуі бек мүмкін» дейді олар.

Еліміз судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендерден алады екен. Оның 19 пайызы - Қытайдан, 17 пайызы - Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан және 7 пайызы Ресейден келетін көрінеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су комитетінің деректері осылай сөйлейді. Басқа елдерді қайдам, елімізге келетін тіршілік көзінің 19 пайызына иелік етіп отырған аспан асты елінің соңғы жылдардағы әрекеттері көңілге қорқыныш ұялатады. Су саласының майын ішіп, жілігін шаққан мамандар «тез арада мемлекеттік деңгейде шешім қабылданбаса, Ертістен айырылып қалуымыз мүмкін» деген пікір айтады. «Ертістен ғана емес, ерке өзеннің бойын ен жайлаған елден де береке кетуі бек мүмкін» дейді олар.

Қара Ертістегі құрылыстар

«Ертістің бас жағынан бұрылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Шыңжаңның мұнай өндірісті Қа­ра­май облысы суға зәру аудандардың бірі боп есеп­теледі. Осы мәселені шешу мақсатында қы­руар қаржы бөлген Қытай үкіметі Алтайдан бастау алатын Ертіс өзенін әдейі қолдан бұрып отыр. Әзір­ге оның плотинасы мен каналдық құрылысы біт­кенімен, суды толық бұра қойған жоқ. Ертең бұр­ған күні не болатынын көз алдыңызға елес­те­ті­ңіз».

Бұл - Қытайға арнайы сапарлап барып, анау-мы­нау техника бара алмайтын 130 шақырымдай жер­ді мотоциклмен аралап, Ертіс пен Іленің жағ­дайын көзімен көрген Мұстафа Ерденеұлы есім­ді азаматтың еліміздің басылымдарына берген сұхбатынан үзінді.

Әлгі кісінің сөзін оқып отырсаңыз, төбе құй­қа­ңыз шымырлайды.

Қытай арқылы елімізге келетін Іле өзені Қас, Те­кес, Күнес деп аталатын үш өзеннен бастау ала­ды екен. Бұлар Хан тәңірі тауларынан шығып, Қы­тай жерімен 300 шақырымдай жүріп, Іле өзеніне айналып, Қазақстан жерімен Балқашқа құяды.

«Қас өзенінің бойына салынған Жырынтой ГЭС-ін өз көзімізбен көрдік. Құрылысы 2005 жылы аяқ­талған бөгеттің ұзындығы 30 шақырымнан асады. Бө­геттің биіктігі 2000 метрден асатын екі тау­дың ор­тасында салынғанын ескеріп, мұнда қан­­ша мил­лиард текше метр су жиналатынын есеп­­тей беріңіз. Енді осы суды пайдаға асыру мақ­са­­тында қытайлар та­рапынан басқа да әрекеттер қол­ға алынуда. Соның бірі сусыз аудан болып есеп­­телетін Жаң ау­даны үшін басын қар басқан Ерен­­қабырға тауын тесіп, тоннель жасап жатыр. Бі­летіндердің ай­туын­ша, тоннельдің құрылысы 2011 жылы аяқталып, пай­далануға берілуі ке­рек.

Дәл осындай бір емес, екі ГЭС-ті Текес­тің бойына қонжитқан көрінеді. Мынадай тау­ды тесіп жатқан қытайлар Текестің суын сорғымен сорып алуы да ғажап емес. Ал­ма­тының түбіндегі ауылдарда су мәселесін ше­ше алмай отырғанда Іле тартылса, ұлар­дай шулап қалмас па екенбіз? Бұл ГЭС-тер салынған жерлер тектоникалық қыр­ты­с­тар­дан тұратын сейсмикалық аудандар еке­нін әсте естен шығармауымыз керек. Құ­­дай сақтасын, ертең 8 баллдық жер сіл­кі­не қалса, бәрімізді жинап апарып Бал­қаш­қа бір-ақ құяды. Осы бөгет суының жүзден бір бөлігін құрайтын Қызылағаштың не болғанын жақсы білеміз. Ондай апат орын алып жатса, «мынауыңа жауап бер!» деп Қытайдың жағасынан алатын пәрмен бар ма бізде? Сондықтан қауіпсіздік ша­ра­ла­рын жасап, әрқашан сақ отыруымыз ке­рек», - дейді Мұстафа Ерденеұлы.

Бұл - жағдайды біршама көзімен көр­ген адамның пікірі. Алайда әлі көрмегеніміз, білмейтініміз қаншама...

Әлгі азамат шығыстағы алып көрші­міз­дің келешекте бір ғана Қас өзенінің Ілеге қо­сылатын жеріне дейін 17 жерден кен орын­дарын ашпақ ойы бар екенін де ай­тады.

Мамандар не дейді?

Ертісте орын алған жағдайға, әсіресе, су саласының жілігін шағып, майын ішкен ма­мандар қатты алаңдаулы. Өзіміздің ғана емес, ресейлік мамандар да кейінгі кездері жиі дабыл қағатын болды. Жақында қос ел­дің білікті ғалымдары Ертістің тағдырына бай­ланысты алаңдаушылықтарын біл­дір­ді.

«Егер осы қалпымен кете беретін болса, енді бір 15-20 жылдан кейін Ертіс кеме жү­зе алмайтын өзенге айналуы мүмкін» дейді мамандар. Ал тағы бір 20 жылдан кейін өзен суының қазіргімен салыстырғанда үш­тен бірі азаяды.

Равиль Вагапов, «Казгипроводхоз» өн­ді­рістік кооперативінің бас инженері:

- 1980 жылы Қытай өз қажеті үшін екі текше шақырымдай су алған бо­ла­тын. Қазір оның мөлшері біршама ұл­ғай­ған. Мұның себебі де жоқ емес. Ең әуелі саны күннен-күнге қарқындап өсіп жатқан миллиардтан астам ха­лық­тың сұранысын еске алыңыз. Сол қап­та­ған қалың жұртты асырау үшін жыл сайын жыртылатын жаңа жерлер қан­ша­ма... Ақыр аяғы Қарамай кен ор­ны­нан мұнай мен газды белсеніп тұрып қазуға да су керек. Газды сорып ал­ған­нан кейін бос қалатын жерлерді тол­ты­ру­ға да су қажет. Өз қажеттіліктері үшін Ертістен енді қаншалықты мөлшерде су алуды жоспарлап отырғандарын қы­тай­лықтар айтқысы келмейді.

Әрине, айтқысы келмейді. Май­шел­пек­тен кімнің айырылғысы келсін? Шы­ғыс­тағы көршінің Ертісті қалай игеріп жат­қа­ны­на көз жеткізуді мұрат тұтқан біздің ға­лым­дарымыз тыңшылық қызметті (әрине, жақсы мағынасында) де қоса атқарған се­кілді. Әуелі спутниктен бірнеше мәрте су­ретке түсірген. Сосын қарапайым жо­лау­шы кейпіне еніп, Қытайдағы салынып қойыл­ған һәм қолданысқа әзір тұрған субұрғыш ар­­на­ларды да кәртішкеге тартқан көрінеді. Со­дан барлығын тәптіштеп отырып есеп­теп, талдаған. Ақыр соңында төбе шаштары тік тұрған.

Тағы да Равиль Вагаповтың сөзіне құлақ тү­релік: «Ертіс-Қарамай, Ертіс-Үрімжі ар­на­лары толыққанды жұмыс істеген жағ­дай­да секундына 120 текше метр су өткізе алады. Үрімжі ауданында аумағы 2 мил­лион гектар жер суарылуға дайындалған. Бұл - қазіргі 67 мың гектарды қоспағандағы жағ­дай. Бұл дегеніңіз - қытайлықтар Қара Ертісті толықтай пайдаланады деген сөз».

Әрине, бетін аулақ қылсын. Әгәрәки, Ертіс суы азаятын болса, еліміздің эко­ло­гия­сына ғана емес, экономикасына да оңай соқпайтыны анық. Равиль Вагаповтың ай­туынша, Ертіс бассейніндегі ағыстың аза­юынан 2030 жылға қарай еліміздегі электр энергиясын өндіру - 25 пайызға, 2050 жылы 40 пайызға төмендейді. Оны ай­тасыз, ғалым тіпті 2030 жылдан кейін елі­мізде кеме жүзу тоқтайды деген қор­қынышын да жасырмайды.

Оңдасын Жиенқұлов, ҚР Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Су ресурстары коми­теті төрағасының орын­ба­са­ры:

- Ертіс өзені бойынша қазір тиісті жұ­мыстар жүргізіліп жатыр. 31 шілдеде Семей қаласында үш елге ортақ суқой­ма мәселесі жөнінде Ресей және Қы­тай тарабымен кездесулер өткізіледі. Кез­десу барысында өзен суы жөнінде бір-бірімізге берілетін мәліметтер жайын талқыға саламыз.

Әрине, соңғы кездері Қытай тара­пы­нан Ертіс суын пайдалану тұрғысында шектен шыққан жағдайлар жиілеп ба­рады деген пікірлердің айтылып жүргені де рас. Алайда біздің елдің аумағына келіп жатқан су көлемі бұрынғы қал­пын­да. Сонымен қатар біз қазір Қытай­дан келетін суларға зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жайымыз бар.

Владимир Ушаков, Шығыс Қазақстан гидрометеорология ор­талығы гидрология бөлімінің меңге­ру­шісі:

- Орташа есеппен алғанда, Қытай Қара Ертіс суының 25 пайызын пай­да­ла­нып отыр. Ондағы Шыңжаң өлкесінің экономикасы күннен-күнге қарыштап да­мып келеді. Білуімізше, Қытай хал­қы­ның үштен бірі осы жақта тұрады. Яғни Ертіс суының көп бөлігі осы аймақ тұрғындарының қажеттілігіне жұм­са­лу­да. Бұл бір қарағанда қауіпті көрін­бе­ге­німен, бізге суды үнемдеп ұстауға ту­ра келеді.

90-жылдардың ортасында қы­тай­лықтар Ертіс суының 5 пайызын ғана алатын. Қазір көрсеткіш 25 пайыз дей­ді. Мұның өзі нақты көрсеткіш емес. Өндіріс дамып, халық саны өскен сайын суға деген сұраныс та артып келеді. Құ­дай сақтасын деп айтайық, егер қы­тай­лықтар Ертіс суының 40 пайызына иелік ететін болса, сұмдықтың көкесі сонда болады. Сондықтан «темірді қызған кез­де соғып», жағдай ушықпай тұр­ған­да мемлекеттік, мемлекетаралық дең­гей­д­е тиісті шешімдер қабылдағанымыз жөн.

Елена Куликова, Қазақ балық ша­руа­шы­лығы ғылыми-зерт­теу институ­ты­ның «Ал­тай» филиа­лы­ның аға ғылыми қыз­­мет­кері:

- Зайсанда балық түрлері өте көп. Қы­тайдың жыл өткен сайын Ертіс өзе­нінен су алу мөлшерінің ұлғаюы жердің құрғауына, шабындықты аймақтардың азаюына әкеліп соғуы мүмкін. Егер іргедегі көршіміз суды қазіргіден көп алатын болса, судың көлемі азайып, жан-жануарларға қауіп төнеді. Балық өндірісі төмендейді. Өкініштісі сол - ас­па­насты елі үш елге ортақ өзеннен қан­ша көлемде су алып жатқанын айт­пай­ды. Жұмған аузын ашпайды. Конвен­цияға қол қоюдан да үзіл­ді-кесілді бас тартып отыр. Ертісті өздерінің ыңғайына қарай пайдалануда. Бізге белгілісі - өзен бойында «Ертіс-Қарамай» атты арна салынған. Өздері тех­никалық мақсатта дегенімен, біздің бі­луімізше, бұл нысан суқойма ретінде ауыл­ша­руа­шылық мақсатында жұмыс іс­теуде.

Ертісті құтқарудың жолы бар ма?

Сонда қайтпек керек? «Қытайлар осын­ша текше метр суды бұрып алды, осынша ар­насын салды» деп қол қусырып қарап оты­ра беруіміз керек пе? Ертіс бассейні инс­пекциясы бастығының орынбасары Мир­жан Иманжанов мынадай ұсыныс ай­тады:

- Түптеп келгенде, өзендер тек Қы­тай­дан Қазақстанға ғана емес, Қазақ­стан­нан Қытайға қарай да ағады. Егер Ертіс жағдайы бізге тиімсіз болып өзге­ре­тін болса, біздің үкімет те жауап ре­тін­де қарсы қадам жасайды. Бұған, әри­не, шығыстағы көршіміз қуана қой­мас.

«Кең болсаң, кем болмайсың» деген қазақ­тың «қоя жесең, қой қалады, тарта жесең, тай қалады» деген де тамаша сөзі бар. Әрине, далада жатқан су жоқ. Үнем­деп, ретімен пайдаланбаса, түптің түбінде кез келген дүниенің таусылары анық. Әсі­ре­се тіршілік көзіне келгенде сақтық та­ныт­паса болмайды. «Бұл ретте қысық көз ағайын­дардан үйренеріміз көп», - дейді М.Иманжанов.

«Қытайда болғанымда бір нәрсеге қай­ран қалдым. Қытайлықтар суға аса мұқият екен. Кез келген трансшекаралық өзенді алып қарасақ, Қытай жағында судың то­пы­раққа сіңіп кетуіне жол бермеу үшін жағасы бетонмен немесе таспен қапталған. Бізде жағалаулар  табиғи қалпында, қа­лай болса солай тұр. Су буланғанымен қой­май, жерге де сіңеді. Көктемде қар ери бастағанда қытайлықтар қар суын жинап алады. Еңістерге шағын бөгеттер жасап, суды жинайды, сосын сорғымен қайта со­рып, суқоймаларға қосады», - дейді М.Иманжанов.

Шынын айту керек, бізде мұндай ша­ра­лар­дың бірі де қолға алынбайды. Қар суын қойып, жай судың өзіне ие бола ал­май отыр­ғанымыз жасырын емес. Қан­ша судың жел­ге ұшқаны бір Аллаға ғана аян.

Сонымен, Ертісті құтқарудың жолдары қандай? «Казгипроводхоз» суды қорғау және су шаруашылығы институтының жа­са­ған есептеулеріне сүйенсек, Ертіс өзенін сақ­тау мен қорғау шараларына 111,6 миллиард теңге көлемінде қаржы қажет.

Мамандар үш мемлекетке ортақ су ар­насын құтқарудың тағы бір жолын ұсынып отыр. Ол - өзен саласына басқа өзеннің ар­насын бұру. Мұндай ұсыныс Кеңес өкіметі кезінде айтылған көрінеді. Алайда айтылған күйі қалған. Аяқастынан құлаған алып империямен бірге әлгі идея да құр­дым­ға кеткен. Дегенмен соңғы кездері ғ­а­лымдар өміршеңдігін жоймайтын мәселені қай­та көтере бастады.

Юрий Винокуров, Ресей Ғылым ака­де­миясы Сібір бөлім­шесі­нің Су және экология мәселелері инсти­ту­ты­ның дирек­торы:

- Ертіс өзеніне Катунь өзенінің бас­сейніне жататын Тихий өзенін, Ақ Қаба мен Қара Қаба бұрылыстарын, Бұқ­тыр­ма өзеніне Катунь өзенінің суын қосу керек. Бұдан бөлек, Омск ауданына су­қойма салып, өзен суының ағысын баяу­латып, су деңгейін көтеру үшін су асты жасанды шоңғалдарын жасауымыз керек.

Ғалымдар мен мамандар байламы  осындай. Оларға енді керегі - тек қолдау. Үкіметтік, мемлекеттік деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде. Халықаралық деңгейде деп бекерге айтып отырған жоқпыз. Өйткені Ертіс мәселесінің мем­ле­кет­тік деңгейде шешілмейтіне талай мәрте көз жетті. Енді Ертісті бір құтқарса, халық­ара­лық Хельсинки конвенциясы құт­қа­рады. Аталған құжатта әр мемлекет өз ау­мағы арқылы өтетін өзеннен өзіне қажетті көлемде ылғал алуға құқылы, бірақ оған экологиялық зиян келтірмеуі, шекараның ар жағындағы мемлекетке зардабын тигіз­беуі тиістігі тайға таңба басқандай көр­се­тіл­ген. Өкінішке қарай, қытайлар әзірге бұл құ­жат­қа қол қоймай отыр. Олар ғана емес, төскейде малы, төсекте басы тоғыс­қан құдай қосқан көршілеріміз Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан мемлекеттері де бармақ басуға келгенде құлықсыз. Егер Ертіс мә­се­лесін ретке келтіреміз десек, осы құжатқа қол қойылуы керек.

Хельсинки конвенциясы ғана емес, Ер­тістің еңсесін көтеретін бірден-бір құжат - өзен бойын жайлаған үш мемлекеттің өза­ра ортақ келісімдері. Бұл келісім туралы бұған дейін талай мәрте айтылып, талай мәрте сөз қозғалса да, қысық көз ағайын­ның қозғалар түрі көрінбейді. Атал­ған елмен бұған дейін арада әртүрлі салада түрлі келісімшарттарға қол қойылса да, Ертіске келгенде енжарлық танытып отыр.

Деректер мен дәйектер

• Бүгінде Қытай Ертіс өзенінен 1 млрд текше метр көлемінде су алып жатыр. Бұл көрсеткіш бірер жылда 4,6 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.

• Қара Ертіс Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы (ШҰАА) мұнай-газ өндірісінің орталығы Қарамай қаласын ылғалмен қамтамасыз етеді. 400 млн долларға бағаланған жоба Ертіс суын едәуір азайтуы ықтимал. Жуырда Қарамай маңында болашақта осы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс ірі мұнай қоймасының құрылысы басталды. Қазір осындағы суқоймаға секундына 68 текше метр су құйылуда.

• Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужковтың айтуынша, тез арада жағдайды өзгертпесе, Қазақстан ғана емес, Ресейдің де көптеген аумағы тақырға айналады. Лужков Қара Ертістен Қытайдың жылына 9 текше шақырым су алатынын алға тартады. Ал ресми құжаттарда 6 текше шақырым деп көрсетілген.

P.S.

Мәскеуден маза кетіп, Астана алаңдаулы болса да, Бейжің бейжай. Тым-тырыс. Түк болмағандай Ертіс суын ен жайлап жатыр. Мұның қашанға дейін созылары бір Аллаға ғана аян. Жақын арада мемлекеттік һәм халықаралық деңгейде іс-шара қолға алынбаса, Ертіспен қош айтысуымыз әбден мүмкін.

 

Өскемен

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5539