Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2802 0 пікір 15 Шілде, 2011 сағат 05:18

Жанұзақ Аязбеков. Бальзак неге жылады? (жалғасы)

Әңгімеміздің сабағында, тілдің ұшында Бальзак тұрғанымен, шыны керек, көңіл  мен көкейдегіміз - төл  ұлттық әдебиет, қазақтың көркемсөзі! Ендеше, төтесінен айтайық -  бес биенің сабасындай балпаң-балпаң басқан Бальзак жазғанды біздің балпаңдар  жаза алды ма? Жаза алмаса неге жаза алмай жүр?  Бальзак әдебиетінде бетбұрыс жасап, түреннен жол салды,  біз сала алмадық, неге? Бальзак тудырған әдеби құбылысты біздің эпиктеріміз тудырды ма? Бальзактың біздің қазақтан, қазақ жазушысынан несі артық? -  дейсің кей сәтте, пенделікке салынып. Дарыны мен қарымы (қарыны десеңіз де)жағынан қай қазақ кем еді?! Ол көрген құқайды, ол көрген шығармашылық мехнатты қазақ көрмеді ме?!  Бальзак «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүрді дейсіз бе? Керісінше, Бальзак ысқырып тұрған әбжыландар заманында, дүрбелеңдер мен дүрдараздар дендеген, дүмпулер мен күңкілдер, жаңару мен жанығу кезеңінде өмір сүрген. 1789 жылы. Француз төңкерісі қара халықтың жігерін құм қылған алып Бурбондар әулетін, абсолюттік монархияны тақтан құлатты. 1792 жылы Францияның республика болып жарияланды. Бальзак шыр етіп дүниеге келген жылы Напалеон Бонопарт   Франция билігінің ұшар басына шыққан.(Бас консул) «Семсермен ойыңа келгеннің бәрін істеуге болады, тек оған отыруға болмайды» деген император төрткіл дүниені бағындырып, билеп төстегісі келді.

Әңгімеміздің сабағында, тілдің ұшында Бальзак тұрғанымен, шыны керек, көңіл  мен көкейдегіміз - төл  ұлттық әдебиет, қазақтың көркемсөзі! Ендеше, төтесінен айтайық -  бес биенің сабасындай балпаң-балпаң басқан Бальзак жазғанды біздің балпаңдар  жаза алды ма? Жаза алмаса неге жаза алмай жүр?  Бальзак әдебиетінде бетбұрыс жасап, түреннен жол салды,  біз сала алмадық, неге? Бальзак тудырған әдеби құбылысты біздің эпиктеріміз тудырды ма? Бальзактың біздің қазақтан, қазақ жазушысынан несі артық? -  дейсің кей сәтте, пенделікке салынып. Дарыны мен қарымы (қарыны десеңіз де)жағынан қай қазақ кем еді?! Ол көрген құқайды, ол көрген шығармашылық мехнатты қазақ көрмеді ме?!  Бальзак «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүрді дейсіз бе? Керісінше, Бальзак ысқырып тұрған әбжыландар заманында, дүрбелеңдер мен дүрдараздар дендеген, дүмпулер мен күңкілдер, жаңару мен жанығу кезеңінде өмір сүрген. 1789 жылы. Француз төңкерісі қара халықтың жігерін құм қылған алып Бурбондар әулетін, абсолюттік монархияны тақтан құлатты. 1792 жылы Францияның республика болып жарияланды. Бальзак шыр етіп дүниеге келген жылы Напалеон Бонопарт   Франция билігінің ұшар басына шыққан.(Бас консул) «Семсермен ойыңа келгеннің бәрін істеуге болады, тек оған отыруға болмайды» деген император төрткіл дүниені бағындырып, билеп төстегісі келді. Бірақ арманына  түбегейлі жете алмады.

Реставрация кезеңінде Бурбондар қайта билікке келді, сөз бен дін бостандығын мойындады, бірақ билік халыққа емес, буржуазияға сатылды, қызығын солар көрді. Қоғам ішкі  жігінен  бордай тозды. Ақыры Шілде төңкерісі бұрқ етті,  желді күнгі өрттей лаулай жөнелді. Қан төгілген қырғынның ақыр аяғы банкирлер мен қаржыгерлердің билік басына қонжиғанымен тәмамдалды. В.Гюго Шілде төңкерісі Франция әдебиетін бұрын-соңды болмаған жаңа сатыға көтергенін жазды. Жазушылар  өз шығармаларымен қоғамды жіліктеп талдады. Романдағы каторжник Вотреннің Воке ханымға: «Денесі қарайып, шірік кеулеген қоғамның мүшелері сіздердің пиғылдарыңызға түскен таңбадан  менің иығымдағы таңба онша сорақы емес» дейтінін сондықтан. Бізше айтсақ, ханын да, қарашасын да іреп, іріңін ашып берді. Көркем тіл қобызының қияғын аяусыз бебеулетті.  Бальзактың шығармашылығы шиыршық атты. Романдары бірінен соң бірі туып жатты. Ал бізге келейік.

«Мың өліп, мың тірілген» көнені, өткенімізді жаздық, жазып та жатырмыз. Түгендеп жатырмыз,   әл-әзір көнтақа тарихты қаузаудың сүрлеу соқпақтарының екі ортасында есеміз кеткен, есіміз кеткені соншалықты,  шаңын бұрқыраттық. Жазуымыз тыңнан емес, кешегі машық, кешегі қалып, кешегі сүрлеу. Жаңа заман, жаңа талап қаперде болғанымен, оған бас ауыртарға уақыт жоқ. (бұл өзі басқа бір мақаланың тақырыбы)

Ал кешегі сексен алтыдан басталған тарихи ұлы құбылыс ше? Бір ғасырдың жетпіс жылынан асып барып, алып динозавр  мемлекеттің беломыртқасы үзілді. Кеңестік жүйенің жүйкесі тозып -ақ  тұр екен, күйреп түсті. Оның бір пұшпағы  Қазақ елі аңырап қалды. Қан төгілді, қуғын -сүргінмен, есеңгіреп барып есін жиды. Қазақ топырағының кесепат дерті - Семей полигонынының үні өшті.  Тәуелсіздіктің  көк туын тікті. Қым- қуыт реформалар, санада сан - сапалақ өзгерістер, адамдардың тағдыр-талайы тәлкекке ұшырады, сана- сезіміне сан қырлы сәуле, тосын құбылыстар пайда болды. Мемлекет  ұстараның жүзіндей, мың сайтан, жүз пәлекет дағдарыстың қыспағында қалды. Осының бәрі де Бальзак заманындағы тарихи өзгерістерден түбірі, тұрпаты бөлек болғанымен, екі ғасырдың тоқайласқандағы  тарих керуенінің осы  бір кезеңінің бүтіндей ішкі-сыртқы драмасы, қоя-қатпары  кәсіпқой жазушыларымыздың жазбасқа амалын қалдырмайтындай-ақ құбылыс. Ендеше, қазақ қаламгерлері не тындырды?

Осы жерде мына бір тарихи  жағдаят үндестігіне қарайық. Бальзак  және оның замандастары өз дәуірін айрықша ден қойып, батыл жазды, батырып жазды. Қазып жазды, қатпар-қатпарын ақтара, жазып, жазды дедік. Сол кезде оған билік бәрекелді деп, алақанына салып, арқасынан қаққан жоқ. Француз жазушылары биліктің, ондағы шонжар-шоқпарлылардың қас-қабағына қарамады дей де алмайсыз. Басқасын айтпағанда осы «Горио атайының» таралуын сан қыспаққа, қылбұрауға салып та көрді. Сыншылары Горионың король Лирге ұқсайтыны, үлгісі шамалы шал деп түйреді. Көргенде қоғадай жапырылатын Александр Дюма, Эжен Сю, Леон Гозлан, Жюль Жанен және басқалар Бальзакқа қарсы шықты.    Баспагер Ф. Бюлоз және оның жақтастары  «Ревю де Пари»  жорналында  адам сенбес қоқысты Бальзакқа төгіп жатты. Дворян тегін заңсыз иеленді деді. Қарыздарын бүткіл елге жайды. Мінезін күлкі етті. Халық ақыны Беранжені де сотқа сүйреді,   прозашы Стендальді көзі тірісінде елемей діңкелетті. Мериме  мансаптың майлы жілігін ұстағанмен, үкіметі  бәрібір жазушылығына бас имеді. Еуропада атағы шулы шыққанмен, Бальзактың да биліктегі отанандастары жазушылық беделін биікке көтермеді.

Бізде де, Желтоқсан қантөгіс - дүрбелеңнен кейін жарасы сыздап, жаңғырығы басылмаған жылдардан-ақ, Бекежан Тілегенов марқұмның "Қа­ра жел",  Тұрысбек Сәукетайдың «Айқараңғы» "Желқайық", сиясы кепеген «Қилы тағдыры»,  Қуандық Түменбайдың «Бекеттегі бейкүнәлар»  «Сотталған домбыра», және басқа да авторлардың  туындылары жарық көрді. Бірақ,  бұлардың да кезінде бағы жанбады. Экономикалық-әлеуметтік дағдарыстан қалың бұқара нілдей  бұзылып, жетпіс жылдағы әдебінен амалсыз безініп, кітапқа қарауға шамасы келмей, жансақтауға түскен кезде жазылды. Оқушылар аз, оқығандар, әріптестері, әдебиетші зиялылар үндемеді, үргелектеді. Бергі жиырма бес жылдағы әлеуметтік-тарихи құбылыстардың тереңіне бойлауға жүрексінді. Қазақтың қара сөзін қайнатып қаймағын  сүзген ақ сақа, емен бел эпиктеріміздің үні шықпай омалып қалды. Тіпті кейін  кейбір таланттарымыздың  бейопа  қу дүниенің артына үңіліп, жанат ішік жаба ма деп «топтағы бай, таптағы бидің» қабағына,  арбаушы биліктің  кісесіне телміргенін, дарабоз деп жүргендеріміздің өңешінен атан жілік жылп етер обыр олигартардың алдында жәутеңдегенін ел көрді. Әдеби сын болса сол кезде-ақ   банкротқа ұшыраған. Соның салдарынан аты аталған туындыларға ешкім мән бермеді,  тарқата талданбады, жақсы- жаман деп  те байыппен айтылмады. Үнсіз үкімі кесіліп, жазаланған күй кешті. Туынды тұрмақ, тұтас ұлт әдебиетін қоғам қажетсінбеді, қазір де селқос. Бұл жерде екі ғасырдың пейіл-пиғылы, құлқы екі бөлек, қоғам дамуының ұшқырлығын айтып  әңгімені тым тереңдетіп жіберіп,  ақтап  алуға болар  еді. Бірақ айтпағымыз ол емес.

Ал енді одан бері де жиырма бес жыл өтті, алмағайып кезең хақында көркем шығарма неге тумайды ? -деген сауалды шаншудай қадалса да жыл сайын тәуелсіздік мерекесі тұсында БАҚ өнер адамдарына жалықпай қойып -ақ келеді. Тіпті «Азаттық» радиосының тілшісі (2009) төтесінен қойып мәнісін сұрағанда, оны: «Сол тұста алаңда болған, бәрін көзбен көрген азаматтар жазуы керек» - (Смағұл Елубай), «Желтоқсанның шындығын толық ашып суреттейтін көркем шығарма, жеке кітап жоқ. Желтоқсан оқиғасына қатысып, оны көзімен көргендердің орнына әлі күнге дейін сол тұста алаңда болмаған, есесіне, кейіннен мемлекеттік сыйлықтар алған жазушылар Желтоқсан туралы айтып жатады» (Аманғазы Кәріпжан). «Өнер мен әдебиетте Желтоқсан тақырыбының кең көлемде қаузалуына бүгінгі билік мүдделі емес» (Исраил Сапарбай), «Оны сараптауға мұрсат та, рұқсат та бермейді. Сондықтан да, жабулы қазан жабулы күйінде тұр. Өйткені, желтоқсанның жендеттері әлі күнге тірі жүр, әлі күнге биік орындарда отыр. Олар бұл тақырыптың шынайы түрде үлкен экранға, үлкен сахнаға шығуына, үлкен шығармаға айналуына өліп бара жатса да рұқсат етпейді. Кедергі жасайды», -(Болат Атабаев). Ә. Сығай болса «Желтоқсан , Тәуелсіздік туралы жазылатын шығармалар әлі алда. Бүгін туған дүниені, ертең жаза салу   қиындау.  Ол өзі жүректе жазылады, одан әбден пісіп жетіледі, суреткер өзінің даярлығына кіріседі, жан дүниесі арқылы өткізеді, сөйтіп барып көркем шығарма дүниеге келеді» десе, керісінше, қария тарлан прозашы Оразбек Сәрсенбаев әдебиет тарихында өз заманыңның шежіресін дер кезінде жасау құнды. «Маған ыңғайлы, керегірегі, маңыздырағы - осы заман тақырыбы» -дейді. Бақсақ, әрқайсыныкі өзінше жөн-жосықты. Мынаны қараңыз, заманы дүмпулер мер дүрлігулерден көз ашпай жатса да француз жазушылары қаламынан безбепті. Арада небәрі он-онбес жыл өтер- өтпестен француздардың аты аталған жазушылары өз елі ғана емес, бүткіл еуропаның әдеби сахнасына дүркіреп шықты! Француз романдары бүкіл еуропа әдебиетіне индикатор болды. Сол сияқты қазақтың өткен ғасырлардағы ақын -  жыраулары зар заманның сұмпайылығын,    « құдасы жоқ құл , қонысы жоқ бай сайран салған, « байдың тілін жарлы , ханның тілі қара алмаған» ұрлық, өсек, күншілдік, алауыздық, аярлық дендегенін аймандай етті емес пе?! Ашынды, тайсалмай ақиқатын айтты. Соның бәрі де қай дәуірде болсын, шырғалаң да шырғалаң, рухани дағдарыстың кезінде туған!   Дағдарыс - шығармашылықтың қайнар көзі. Төрткіл дүниедегі көркем ойдың көрігі осы дағдарыс. Экономикалық құлдырау - рухани құлбұрау. Хас шебердің ой- қиялы, сана -сезімі саяси, мемлекеттің құлқына тәуелді болғаны - шерменделігі, дәрменсіздігі. Сондықтан дағдарысты, тұрмыс тауқыметін көлденең тартып, ұлы әдебиет алдындағы тарихи миссияны орындай алмай жүргендігімізді ақтаудың жөні жоқ дер едік! Керек десеңіз, сексендегі қария жасына жеткен кеңес дәуірінің «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезеңдері бет- пердесіз  ақиқат болмыс -бітімі  көркем ой, көркем прозада көрініс тапқан жоқ. Енді жаңа ғасырда да жайбасарлығымызға салынып, уақыттан ұтылсақ, әдеби тоқыраудың көкесі сонда болуы ықтимал. Өткеннің жаңғырығы құлақтан  кетпей, соның әсерінен айыға алмай жүрген ұрпақтың өкілі деп теріс айналсаңыз да бәрібір.

Әбіш Кекілбаев бірде былай деген: «Мемлекеттік мәдениет саясаты нарық қыспағында қалып, бастарымен қайғы болып кете жаздаған қаламгерімізді жазу үстеліне қайта оралтудың экономикалық амалдарын табу керек. Пушкин айтқандай, бұлбұлдың да жем жейтінін ұмытпаған жөн. Ұлттық әдебиет пен өнерді таратуды, оны насихаттауды ұтымды бизнеске айналдырудың әдістерін табу әдебиетшілер мен артистердің емес, әлеуметтік қоғам орнатып жатқан мемлекет үкіметінің міндеті болуға тиісті. Біздің өз Лапин, өз Третьяков, өз Морозовтарымыз бой көрсетпей жатыр. Егер Бальзак пен Дюмалар шығармаларын қашан жазып біткенше қамап қойып, қолжазбаларын дереу кітап қып әкеп беретін әдеби агенттері мен баспагерлері жоқ мына біздің ортаға тап болса, олардың да не өндіре қоятындары неғайбіл...( «Айқын» 05 .12. 09)  Сұңғыла Әбіш көкеміз әдеби ахуалдың жанды  тұстарынан дәл  түскен. Әйтсе де, осы жерде  бір келіспейтініміз: Бальзак пен Дюманы ешкім «қамап қоймаған», олар өздерін -өзі қамаған. Егер бальзактанушылардың біз қарап шыққан, жалпы қалың ел, қара орманға белгілі  қыруар басылымдардың басым көпшілігі Бальзактың жазуға деген өлермендігі мұқтаждықтан тумағанын, керісінше, даңққұмарлығынан айдай әлемді аузына қаратқан ғұлама жазушы болсам дегенін айтады. Басқасын былай қойғанда, небәрі жиырма жасында, шкаф сөресінде тұрған жарты метрлік гипстен жасалған Наполеонның статуэткасы, оның семсерінің ұшына ұзындығы екі, ені бір сантиметр  бір жапырақ қағазға жазушы өз қолымен бәріміз білетін «Наполеон семсермен бағындыра алмағанды, мен қаламмен бағындырам!» деген жазу қыстырып, Оноре паңыңыз тәкаппарлана қалған қанатты сөзі айғақ. Әйгілі ғұмырнама-  жазушы А Моруаның  «Прометей немесе Бальзак ғұмыры», әйтпесе, С. Цвейг, Спироның «Маскасыз Бальзак» еңбектеріне көз жүгіртсеңіз жетіп жатыр.

Әдеби агенттер мен баспагерлердің Бальзактың қыр соңына  түскен  кезеңін де  тағы бір бажайлап қарап көріңіз. Бальзак бұрқ етіп таныла, әдеби қауымды аузына қаратқан кезде,  француздың капитал қамшысын үйірген  қоғамындағы әдебиет бизнесінің өкілдері шын мәнінде бит терісінен биялай тоқитын әдеби агенттер мен баспагерлер еді. Бірақ Бальзак ғұмырнамашылардың сардарлары оларды әдеби сауатты, шынай жүректен шыққан туындыларды тани білетін деп айтпаған. Керсінше, табыс қуған, пысықайдың пысықайлары деп бағалаған.

Рас, айғағы аян, Бальзак өмірінде ақшаға жарымаған, үнемі қарыз, несиемен өмір сүрген адам. Көзі жұмылғанша, көзі жұмылғаннан кейін де жесірі баронесса Эвелина Гансканы он жыл бойы қарызын төлеуге мәжбүр еткен бейбақ.

Бальзак тұңғыш рет қолына қалам ұстап, «Кромвельді»  өлеңдете жазып, мақтанышы кеудесіне сыймай алып-ұшып келгенде, мынауың түкке тұрмайды деп оқыған отбасындағылар да, таныстары да көл құсындай шулапты. Академик,  драма жазушысы Андрие «Автор немен айналысам десе өзі білсін, бірақ әдебиеттен аулақ жүрсін» - деген екен.(А. Моруа)  Сонда Оноре   жүні жығылмастан  тарихи трагедияны тастап,   басқа жанрдың жалынан жабысады. Ол сол үшін басын тауға да, тасқа да ұрды. Күміс сатып, саудагер болып та көрді. Түк шықпады. Тіпті түрмеге түсе жаздады. Бірақ мұның бәрі де классик жазушының көркем әдебиетке деген ішкі түйсік- танымының, таза талғам -таразысының түбірі болған емес. Қысқасы - мұқтаждық Бальзакты классик еткен жоқ . Бірі Бальзак қарызға белшесінен батқаннан кейін, енді бірі бай болу үшін жазды дейді. Соны дәлелдемек болып том- том кітап жазғандар жыртылып айырылады. Ұлылар өмірінің ұқсастығы мен тағдырластығын бүгінде екінің бірі біледі.  Айталық, мысалшы Эзоп отыз жасында қарызынан қабырғасы сөгіліп, одан құтылу үшін өзін құлдыққа сатқан. Бірақ өлмес туындылар жазайын деп сатылмағаны белгілі. Қайталап айтсақ, Бальзакты  өз ғасырында француз әдебиетінің  Наполені еткен теңдессіз дарыны, шеберлігі, «әдебиет- ардың ісі» жолындағы айнымас адалдығы.

Айнымас адалдығы дегеннен шығады, Стефан Цвейг: «Әдеби шығармашылық  Бальзак үшін қажеттілік болған жоқ, ол оны ешқашан алабөтен бір миссия деп  есептеген жоқ» - депті.(ЖЗЛ.1962) Қателеседі! Бальзактың «Гобсек» повесін кез-келген жерден алып ашып көріңіз. Ол өзінің бала кезгі сыныптас досы-Барш де Пеноэн Баронға арнайды да , былай деп жазады :«Вандом  колледжінің бұрынғы  барлық шәкірттерінің ішінде, тек екеуміз ғана әдебиет жолын таңдадық...Мен осы повесті  жазғанда екеуміз міне қайта кездестік, сен неміс философиясы туралы тамаша шығармаларыңмен  еңбектеніп жүрсің. Сөйтіп екеуміз де  таңдаған жолдан айныған жоқпыз» дегенін неге елемеген?  Бальзак таңдаған жолынан айныған жоқ! Бальзак әдебиет жолында басын бәйгеге тікті ! Ол ғажайып қаламгерлік қасиет пен алабөтен шеберліктің, машықтың үлгісін жасап кетті.   Егер тоқсан сегіз кітабының бәрі де бізше айтқанда түкке тұрмайтын болса, ХХ ғасырда әлемнің 200  елі  өз тіліне аударып,  том - томдап кітаптарын миллиондаған тиражбен басып, шығынданбас еді.

Француздардың қазақтардан бір ерекшелігі - олар ұлы ақын- жазушыларын етпен сүйектен жаралған кәдімгі жер үстіндегі  өздеріндей өзекті адам баласы деп қарайды.  Біз сияқты асқақтатып, алла-тағала айрықша сүйіп жаратқан деп,  пұтқа айналдырмайды. Бальзакты да кумир еткен жоқ. Оның пенделік келбетін ашық жазды. Жасырып жаппай, тіпті ішек қырындысына дейін сүзіп шықты.

Ал біз, әлі күнге дейін біржақты: кердең,  көсемсіген, шектен шыққан мадақ - мақтану синдромынан құтылар түріміз жоқ. Бұл қатерлі вирус енгізген Кеңес билігі. Жырын жырлаған ақын - жазушылардың  басынан құс ұшырмады. Арғыны айтпағанда, пешенесіне коммунистік идеология жазылған Әуезовтен бастап, Мүсірепов, Мұқанов, Майлин, Есенберлин тағы басқа да көптеген сөз дегдарларының өзін мерейжас-мерейтойлары кезінде еске алып, естелік айтып, ғылыми -тәжірибелік конференция деген желеумен мадақтау мәслихаттарынан  басқа жарасымды дәстүр  орнықпай- ақ қойды. Айталық, қазақ әдебиеті жампоздар  легінің туындыларын саясаттың шаң- тозаңынан қағып, таза асылын жаңа  ғасырдың жаңа адамына таныттық па? Таныдық, таныттық деп жүрген тірлігіміздің  дені кешегі тұқымың құрғыр саяси сананың пайым- қайым көзімен емес еді деп айта аласыз ба?! Тап- таза әдеби тұрғыдан көркемсөз кестесін безбенге  салып, сараптап көрдік пе? Ой - идеяларының бітім- білігін, салмағын өлшеп, салыстырып,  айшық -тәсілдерін, шағып, шеберлігін немесе сөгітіліп, ала - шала тоқылған тұсын, табиғи құныстығын ашық  түрде тәпсірлей алдық па?Алаштың  көркем әдеби туындылары хақындағы  небір әдеби мақалалар, эсселер, ғылыми- зерттеулер жазылды, жазылып жатыр. Бірақ  сіз соның ішінен басқа-  басқа,  әдеби қауымның есінен кетпестей, әр жерде- ақ айтып жүрген қандай әдеби сынды атар едіңіз? Тым болмаса Белинскийдің сонау өткен ғасырдағы  «Гогольге хаты», Гогольдың Белинскийге хаты  іспетті қандай дүниені үлгі ете аламыз? Горио сияқты әлемдік әдеби айналымға түскен қай жазушымыздың қандай кейіпкерін таныта алдық? «Қазақстан» ұлттық арнасы «Анық Абайды» бастап еді, даукестер бауырын жаздырмай тастады.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543