Арман Шораев: «Басты мақсат - жас ұрпақтың бойына ұлттық сезімді сіңіру!»
Арман ШОРАЕВ, «КТК» телеарнасының Бас директоры
-Арман Төлегенұлы, сіздің коммерциялық «КТК» телеарнасының тізгінін қолыңызға алғаныңызға төрт жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығында сіз «КТК» телеарнасындағы бағдарламаларға қандай жаңалық әкелдім деп ойлайсыз?
Арман ШОРАЕВ, «КТК» телеарнасының Бас директоры
-Арман Төлегенұлы, сіздің коммерциялық «КТК» телеарнасының тізгінін қолыңызға алғаныңызға төрт жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығында сіз «КТК» телеарнасындағы бағдарламаларға қандай жаңалық әкелдім деп ойлайсыз?
- Рас, менің осы арнаға басшылыққа келгеніме төрт жылдан асып барады. Бірақ мен телеарнаға керемет жаңалық әкелдім деп айта алмаймын. Бәріміз жақсы танитын қоғам қайраткері, саясаттанушы Әлихан Бәйменов бірде: «Болған жігіт толдым демес, толдым десе, болғаны емес» деп айтқан еді. Сол кісі айтпақшы, телевизия саласында жүргеніме 20 шақты жыл болды. Осы жиырма жылдың жартысынан астамы телеарнаның жаңалықтар қызметінде еңбек еттім. Жасыратыны жоқ, кезінде «КТК» телеарнасында тілші болғанмын. Қарапайым телекөрермендер айтқандай, жаңалықтар - «эфирдің патшасы». Сондықтан да мен «КТК» телеарнасына басшылыққа алғаш келген күннен бастап, осындағы жаңалықтардың әдеттегіден де сапалы әрі жүйелі шығуына, сондай-ақ жаңалықтарды әзірлеуге қажетті техникалардың сапасына айрықша назар аударып, жаңалықтар қызметін осы заманға сай жаңа техникалармен қамтамасыз етуге тырыстым. Құдайға шүкір, соңғы төрт жылдың ішінде біздің телеарнаның жаңалықтар қызметі жаңалықтың мәтінін дайындаудан (қазақ және орыс тілдерінде) бастап, оны қажетті бейнекөріністер арқылы беру мәселесінде «ОРТ-Еуразия» секілді көпшілікке белгілі телеарналардан көш бойы озды деп мақтанышпен айта аламын. Бір сөзбен айтқанда, республика телеарналары арасында біздің арна көш басында келеді. Ал 31-телеарна екінші орында. Қайсыбіреулер айтып жүргеніндей емес, керісінше, менің түрім де қазақ, жаным да қазақ. Жасыратын ештеңесі жоқ, мен осы «КТК» телеарнасы тарихында осы ұжымды басқарып отырған тұңғыш қазақпын. Тағы бір айтарым, осында басшылыққа келген күннен бастап көрерменнің көңіліне жақын, алуан түрлі проблемаларды қозғайтын тақырыптар бойынша бағдарлама жасауға айрықша назар аудардым. Бұған дейін осындағы жаңалықтар қызметі дайындайтын «Күн дерек» деп аталатын жаңалықтар топтамасы күндізгі сағат 17:00-де эфирден берілетін. Ойлап қарасам, бұл уақытта қандай көрермен жаңалықтарды көруі мүмкін. Өйткені бұл уақыт әрбір адам үшін жайбарақат жаңалықтарды көріп отыратын уақыт емес, керісінше, қарбалас уақыт. Осыны ойластыра келе, жаңалықтардың берілу уақытын прайм-тайм уақыт - кешкі 19 сағат 30 минутқа ауыстырдым. Реті келгенде айта кетейін, біздің қазақ тіліндегі жаңалықтарымыздың рейтингі кейбір арналарда берілетін орыс тіліндегі жаңалықтардан әлдеқайда жоғары. Бұл мақтанғаным емес, шынайы шындық. Қазақ тіліндегі бағдарламаларды да біртіндеп ашудамыз. Мысалы, Жадыра Сейдеш деген қызымыз жүргізетін «Жүрекжарды» бағдарламасы - ізденістен туған бағдарламаның бірі. Продюсері - Ақмарал Әбжани. Егер біздің сайтты ашып, «Жүрекжардыны» қарасаңыз, мұнда сан алуан пікірлер жазылғанын байқайсыз. Әсіресе, жасы үлкен зиялы қауым өкілдері өздерінің ақыл-кеңестерімен қоса, ризашылықтарын білдіріп, батасын беруде. Бұл бағдарламаның негізгі көрермендері - көкірек көзі ояу зиялы қауым. Менің өзім әлдебір нәрсеге ренжіп келген жағдайда «Жүрекжардының» сайтын ашамын да, ондағы ақ тілектерді оқып, ерекше қуанышқа бөленемін. Одан соң Гүлмира Әбіқай жүргізетін «Кейіпкер» деген бағдарламамыз бар. Бағдарламаның кейіпкерлері - өмір-өзенде алуан түрлі қиындықтарды бастан өткерсе де қиындыққа еш мойымай, өздерінің жүрегі қалаған кәсіпті дөңгелетіп, нәпақа тауып жүрген қарапайым жандар. Сондықтан да бұл бағдарламаның көрермені көп. Сондай-ақ телекөрермендеріміз сүйсіне қарайтын «Астарлы ақиқат» деген бағдарламамыз бар. Халқымыз «дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген емес пе?! Осы бағдарлама арқылы біз ел өміріндегі, қоғамдағы түйткілді мәселелерді теріп тұрып, енді қайтіп мұндай мәселелер болмауы үшін «жылатып» айтамыз. Бұл бағдарлама ел басқарып отырған әкім-қараларға ұнамауы мүмкін. Ал енді қарапайым халық осы «Астарлы ақиқатты» апта бойы күтіп жүріп қарайды. Бұған телекөрермендеріміздің бізге жазып жатқан электронды хаттары куә. Жақында журналистер күні қарсаңында осы «Астарлы ақиқат» бағдарламасының жүргізушісі Дина Төлепбергенова «Нұр Медиа» холдингі жариялаған байқаудың жеңімпазы атанып, «Нұр Сұңқар» жүлдесіне ие болды. Бұл әрине, біздің ұжым үшін үлкен қуаныш. Біздің қоғамда ежелден қалыптасқан бір жағдай, біздің шенеуніктеріміз өздерін мақтасаң сені жанындай жақсы көреді де, ал сын айтсаң, жек көреді. Мұны біздің қоғамның, оның ішінде, шенеуніктеріміздің үлкен кемшілігі дер едім. Одан кейін біздің ұжымның жүзеге асырған тағы бір шаруасы, біз халқымыздың ғасырлар қойнауынан бізге жеткен ұлттық биіміз - «Қаражорғаға» арнайы клип түсіріп, оны күн сайын таңертең таңғы дене жаттығуы үшін беріп келе жатырмыз. Бір ерекшелігі, бұл биді біз Алматының іргесіндегі «Үш қоңыр» жайлауында эстрада әншілері, «КТК» телеарнасының журналистері мен режиссерлерін қатыстыра отырып түсірдік. Тіпті өзінің «Итоги недели» авторлық бағдарламасы арқылы көпке жақсы таныс журналист Артур Платоновтың өзі осы әнді таза қазақ тілінде айтуды үйренді. Ол ол ма, жақында бізге хабарласқан бір көрерменіміз өзінің ұйқыны жақсы көретін, балабақша жасындағы немересінің «Қаражорғаны беріп жатыр» деп айтса болды, шырт ұйқыдан оянып, билей жөнелетінін сүйіншілете жеткізді. Бұл - «Қаражорғаның» халыққа қажет екендігінің белгісі. Соңғы уақытта біздің телеарнаға танымал өнер адамдары қоңырау шалып, «егер «Қаражорғаға» екінші қайтара клип түсірсеңіздер, бізді де ұмытпаңыздар, қатысуға дайынбыз» деп өздерінің тілектерін білдіруде. Мұндағы басты мақсат - әрбір көрермен жүрегінің «Туған елім - Қазақстаным» деп соғуына мүмкіндік туғызу. Рас, бұл қысқа да нұсқа жоба. Күнде таңертеңгілік жаттығудың орнына беріліп жүр. Халық жылы қабылдап жатыр. Өзіңіз айтқандай, «Қаражорға» биінің мәтінін қазақ тілді әншілермен бірге, өзімізде қызмет ететін өзге ұлт өкілдеріне айтқызуымыздың астарында үлкен мән жатыр. Менің басты мақсатым - шағын жоба арқылы қалың ұйқыда жатқан халқымызды ояту, оларға ой салу. Көпшіліктің ұсынысын ескеріп біз жақында «Үш қоңыр» жайлауында «Қаражорға» биінің жаңа нұсқасын түсіруді жоспарлап отырмыз. Бұған қоса, үстіміздегі жылы қыркүйек айынан бастап «КТК» телеарнасында қазақ тілінде таңертеңгілік музыкалы сазды бағдарлама ашпақпыз. Өздеріңіз көріп жүргендеріңіздей, қазақ тілінде жүретін «Мәссаған» деген әзіл-сықақ бағдарламамыз да бар. Менің бір байқағаным, қазақ тілінде әзілдесу өте қиын. Бұл - екінің бірінің қолынан келе де бермейді.
- «КТК» телеарнасының бағдарламаларына қатысты тағы бір сұрақ, өзіңіз естіп жүрген боларсыз, телеарнадағы «Наша-казаша» бағдарламасына қатысты көпшілік қазақ тілді көрермен «осы бағдарлама арқылы қазақты қазаққа мазақтатып «КТК» телеарнасының басшысы не қарап отыр?» деген тәрізді ащы да болса шынайы сұрақты біздің «Айқынға» жазып жіберіп жатқандары да бар. Бұған сіз не дейсіз?
- Осыдан екі жыл бұрын дәл осы сұраққа БАҚ арқылы жауап берген болатынмын. Сонда мен Америкада «негрді негр деп тек негр ғана айта алады» деген пікірді келтіргенмін. Сол себепті елімізде өмір сүріп жатқан шала қазақтардың «көзін» шұқыса, тек қазақтар ғана шұқи алады. Жасыратын түгі жоқ, менің өзім де шала қазақ болғанмын. Құдайға шүкір, қазір кім-кіммен де таза қазақ тілінде пікірлесе аламын. Өйткені іздендім, үйрендім. Шындығын айтсам, біздің буын еліміз тәуелсіздік алғалы бері өзіміздің қазақ екендігімізді сезіне бастадық. Сіздің сөзіңіздің жаны бар, «Наша казашаны» көрген кейбір МАИ қызметкерлерінің бізге ренжитіні де бар. Егер шындығына келсек, әділдікті ту етуі тиіс полиция қызметкерлерінің кейде пара алып, жемқор атанатыны сұмдық ғой?! Біз өтірік айтып отырмыз ба? Кейбір жастар жол-көлік оқиғасы бола қалған жағдайда жоғарыда отырған көкелеріне сүйенетіні бар. Сондықтан да біз қазақтың «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дейтініндей, «Наша казаша» арқылы қоғамдағы былықтарды айтып, кейінгі ұрпақты ондай арам пиғылдан, ұлтымызға жат әдет-ғұрыптан аулақ болуға шақырамыз. Әйтпесе, біздің кім-кімге де «күйе» жаққымыз жоқ. Ең бастысы, әрбір көрермен қандай хабарды көрсе де, әрқайсысын дұрыс түсіне білуі тиіс. Егер ұнамаса, құдайға шүкір, тәуелсіз елімізде 12 телеарна бар. Түймесін бассын да қалаған арнасын көре берсін, біз оған еш ренжімейміз!
- Былтыр Астанада өткен медиа құрылтайда сіз мемлекеттік тапсырысты есірткіге теңей келе, «кез келген БАҚ мемлекеттік тапсырысты орындағанымен, тәуелсіз болуы тиіс. Өйткені мемлекет қазанынан қаржыландырылып отырған әрбір редактордың көңіл түкпірінде «күні ертең бөлінуі тиісті қаржыдан айырылып қалмаймын ба?» деген қауіп тұрады» деген едіңіз. Бүгін сол пікіріңізді ширатып айта түссеңіз.
- Дұрыс айтасыз, ондай пікірді айтқаным рас. Сол сөзімнен бүгін де таймаймын. БАҚ-та мемлекеттік тапсырыс болмасын демеймін, болуы керек. Бірақ оны тарату мәселесін шешіп алу керек. Мысалы, осыдан біраз жыл бұрын телеарналардағы хабар «50 де 50» болсын деген пікір айтылды. Бұл - құптарлық нәрсе. Егер қазақ тіліндегі хабарлардың үлес салмағы сол елуден анағұрлым асатын болса, оған қуануға да болады. Дегенмен мұның бір жағы бар, мысалы, біз өз арнамызда «50 де 50»-ді ұстанамыз деп танымал әншілердің орындауындағы ән-күйлерді түнде үздіксіз қойып қойдық делік. Бірақ бұлай жасауға дәтіміз бармайды. Бұл өзімізді өзіміз алдаумен пара-пар. Егер дәл осы мәселені шешу менің билігімде болса, былай жасар едім. Өзіңіз білесіз, күні бүгінге дейін мемлекеттік тіл - қазақ тілін дамыту үшін қаншама миллиардтаған қаржы бөлінуде. Дәл осыдан қазақ тілі көгеріп, көктеді ме? Жоқ, әрине! Мұны былай істеуге болар еді. Сол миллион мен миллиардтарды телеарналарға беріп, осы қаржыға сіздер «прайм-тайм» уақытында берілетін, көпшілік сүйсініп көретін, тәрбиелік мәні зор қазақ тіліндегі бағдарламалар түсіріп, дайындаңыздар десе ғой. Айтатыны жоқ, әрбір телеарнаның басшылығы да, журналистері де қоғам үшін аса қажетті бағдарламаларды дайындауға жан сала жұмылар еді. Шындығын айтсам, қайсыбіреулердің «Қазақ тіліндегі хабарларға жарнама салу мүмкін емес, қазақ тіліндегі хабарларды ешкім көрмейді. Сондықтан да олар шығыннан басқа табыс әкелмейді» деп айтып жүргені құр бос сөз, сандырақ!
Тағы бір жаңалығымыз, сан миллиондаған аудиторияны жинап үлгерген, көрермен қауым әрбір қойылымын асыға күтетін марқұм Лұқпан Есеновтің «Тамаша» ойын-сауық отауы соңғы уақытта біздің ұжымға қосылды. Алдағы уақытта біз осы «Тамашаның» әрбір қойылымын телеарнамыз арқылы көрерменге ұсынбақпыз. Бұл команда қойылымының рейтингісі әлдеқайда жоғары болатыны анық. Егер әрбір телеарна осындай құнды дүниелерді көрерменге ұсынғанда, онда жарнама арқылы қаржы жасауға болады. Бұған қоса, осындай телеқойылымдарға Үкімет мүмкіндігінше қаржы бөлсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, шаруа қожалығының иесі мемлекетке өткізілетін әрбір литр сүт үшін, ал диқандар өздері өсірген астықтың әрбір тоннасы үшін Үкіметтен дотация алады. Егер олармен салыстыра келсек, телеарналарды да отандық өнім өндіруші ретінде қарастыруға болады. Ең бастысы, біздің Үкімет телеарнаның өніміне рухани байлық ретінде қарауы тиіс. Өкінішке қарай, бізде әлі күнге мұндай көзқарас жетіспейді. Жалпы, мемлекеттік тапсырыспен телеарналарды, бір сөзбен айтқанда, БАҚ-ты тұқыртуға, «тұншықтыруға» болмайды.
<!--pagebreak-->
- Арман Төлегенұлы, өткен жылдармен салыстырғанда, «КТК» телеарнасының жаңалықтары соншалықты өткір болмай қалды. Бұл неліктен?
- Бұл пікіріңізге қосылмаймын. Рас, мен басшылыққа келгенде «КТК» жаңалықтарында көп жағдайда ұсақ-түйек тұрмыстық ақпараттар жиі беріліп келгенін байқадым. Қазір біздің журналистер кейбір жағдайда болмаса, ондай ұсақ-түйектерді сөз етпейтін болды. Біздің ақпараттар қызметін төрт жылдан бері Дәурен деген жігіт басқарып келеді. Біз күнде таңертең лездеме өткізіп, онда қандай ақпараттар мен хабарлар өткенін және алда қандай жаңалықтар мен қандай өзекті тақырыпты қозғайтын хабарлар берілетінін арнайы талқылаймыз. Сөйтіп, ең өткір проблемаларды алдыңғы сапқа шығарамыз. Халқымызда «кімнің тарысы піссе, соның тауығы болу» деген бір сөз бар. Ал біздің телеарна тарысы түгіл, астығы піссе де ешкімнің тауығы бола алмайды. Өйткені мұндай позиция біздің көзқарасымызға, алған бағытымызға сәйкес келмейді.
- Біздің естуімізше, бүгінгі күні Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнама нарығы 150 миллион АҚШ долларынан асып түседі екен. Дей тұрғанмен, осы мол қаржының басым бөлігі «ОРТ-Еуразия» телеарнасына бөлінетін көрінеді. Ал олардан қалған қаржы өзге телеарналарға тиеді екен. Бұл қаншалықты шындық? Сіз бұған қалай қарайсыз?
- Сіз шынайы шындықты айтып отырсыз. Дегенмен мен «ОРТ-Еуразияның» мемлекеттен қаржы алғанына қарсы емеспін. Бірақ мұндай екі ұдай «саясатқа» қарсымын. Мұндай көзқарасқа байланысты мен өз ұсынысымды біраз жыл бұрын Үкіметке білдіргенмін. Мұның тағы бір себебі, «ОРТ-Еуразия» ежелден монстрь. Басқаны былай қойғанда, олардың бір жылдық бюджеті 2 миллиард доллар. Сондықтан да біз олардың хабарының деңгейіне жететіндей хабарды жасай алмаймыз. Бәрі де қолдың қысқалығына, қаражаттың аздығына байланысты болып отыр. Мысалы, Украина мен Беларусь мемлекеттері осыдан арғысы он жыл, бергісі тоғыз жыл бұрын «ОРТ-Еуразия» телеарнасын кабельдік жүйеге ауыстырды. Мұның себебі не? Жаңа сіз айтып отырған ақша, жыл сайын бөлінетін 60-70 миллион доллар. Осындай қаржының есебінен қазіргі күні Украинаның телеарналары қатты дамып кетті. Ал бізде дәл сондай қаржы әлгі телеарнаға кетіп жатыр. Осы орайда, мен біздің Үкімет «ОРТ-Еуразияны» кабельдік жүйеге көшірмесе де, бөлінетін қаржыны өзге телеарналарға да теңдей бөліп берсе деп ойлаймын. Міне, сонда біз «ОРТ-Еуразияның» хабарлары деңгейіндегі хабарларды дайындай аламыз. Бұған біздің әлеуетіміз де, тәжірибеміз де жетеді.
- Жақында сіз «Түркістан» апталығының тілшісіне берген сұхбатыңызда «Біздің көздегеніміз табыс емес, ұлттық намыс» деп әдемі айтыпсыз. Жалпы, осы сіз ұлттық намыс дегенді қалай түсінесіз?
- Ұлттық намыс... деген менің ойымша, «Мен - қазақпын» дегенді жүрекпен сезініп, оны өзгелерге дәлелдей білу. Мен кезінде орта мектепті бітірген соң Украинаның астанасы - Киев қаласындағы әскери училищеге оқуға түстім. Сонда біз бір ротада төрт-ақ қазақ баласы болдық. Басқалары славян ұлтының өкілдері еді. Әскерді өзіңіз білесіз, тәртібі қатал, бірақ әлімжеттік те бар. Дегенмен мақтанғаным емес, біз сол төрт қазақ баласы ең алдымен, ұлттық намысты жоғары қоя отырып, ешкімге өз намысымызды таптатпауға тырыстық. Оқуда да, спорта да үздік болдық. Бұған қоса, өзге ұлт өкілдеріне атамыз қазақтың батыр болғанын, кең байтақ елімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен жаудан қорғап қалғанын айтып, мақтан еттік. Мен ротаның старшинасы, ал екінші бір қазақ жігіті ротаның комсоргі болды. Ұлттық намысты биік ұстаған бізді әскерде осылай құрметтеді, сенім артты. Осылайша, біз жас кезіміздің өзінде тек білектің күшімен ғана емес, ақыл-парасатпен де өзгелерге өзімізді сыйлата білдік. Осыдан түсінсеңіз болады, менің ұлттық намыс дегенді қалай түсінетінімді. Сұрағыңызға орай көңілге келетін бір нәрсе, соңғы жылдары біздің қазақ жастарының арасында өз ұлтын қадірлеу, ұлттық намыс тәрізді маңызды сезімдер жоғалып бара жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Өзіңіз білесіз, біз 70 жыл бойы қызыл империяның тоталитарлық режимінде өмір сүріп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында болдық. Ал одан кейін міне, капитализм босағамыздан аттады. Қалай десек те, қай уақытта болмасын ұлттық намыс бәрінен де жоғары тұруы тиіс. Аталарымыздың «қоянды қамыс өлтіреді, адамды намыс өлтіреді» деп кейінгі ұрпағына өсиет қалдыруы тектен-текке болмаса керек. Бір қуанатыным, көкірекке мақтаныш сезімін ұялататын жайт, Қазақ елі - тәуелсіз ел атанып қана қоймай, өзінің дербес даму жолын таңдады. Құдай бізге Нұрсұлтан Назарбаевтай әлем елдері санасатын, керемет қасиетті бойына жинай білген, басқару қабілеті өте жоғары, білікті де пайым-парасаты мол азаматты берді. Бұған да мың шүкіршілік, тәуба!
- Қазіргі күні сізді бұдан басқа қандай ой мазалайды?
- Биыл - Қазақ елі үшін мәртебелі де мерейлі жыл. Өзіңіз білесіз, енді біраз айдан соң, барша жұртшылық тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығын атап өтеді. Осы жиырма жыл ішінде біздің көпұлтты еліміз экономика, мәдениет, әл-ауқат жағынан болсын ғаламат биіктерді бағындырды. Бағындырып қана қоймай, әлемнің алпауыт елдерімен терезесін теңестіре білді. Бұл - үлкен жетістік! Дегенмен біздің қоғамда, қазіргі күні ұлттық идея жетіспеуде. Тіпті жоқ деп айтуға болады. Бұған біздің Парламенттің әлсіздігі, еліміздегі қоғамдық ұйымдардың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып ұйымдаса алмауы, олардың әлі күнге жеткілікті деңгейде дамымауы себеп болып отыр. Өйткені тәуелсіз елдің парламенті барынша күшті, қауқарлы, айтқаны екі етпей орындалатындай қуатты болуы қажет! Әзірге, біздің Парламент бұған жете алмай отыр. Мысалы, мен Украинаға жиі барып тұрамын. Сонда байқағаным, кейде олардың парламентінде ұлттық идеяны талқылаудың ақыры ұрыс-төбелеске дейін барады. Әрине, бұл жерде мен «біздің де Парламент мүшелері айғай-шу шығарсын» деп оларды қылмысқа итермелеуден аулақпын. Тек қана украиндық парламент мүшелерінің ұлт мәселесін бәрінен де жоғары қоятынын меңзеп отырмын. Ал бұл жақсы нәрсе!
- Сіздердің ұжымның тағы бір керемет мега жобасы - КТК телеарнасы өз тарихында тұңғыш рет ұлттық спорт ойынына көңіл бөліп, Қызылорда облысының әкімшілігімен бірлесе отырып, қазақы тілмен айтқанда, «Түйе палуан» жобасын өмірге әкелді. Жалпы, осы жоба өмірге қалай келді?
- Осыдан бір-екі жыл бұрын біз бір топ достар жеңіл көлікпен Моңғолияға барып қайттық. Мұнда біз қазақтар көп қоныстанған «Баян өлгий» аймағы құрылуының 75 жылдық тойына қатыстық. Сол сапарымызда Ұлан-Баторға бардық. Ал мұнда Моңғолияның тәуелсіздік күні үш күн тойлануда екен. Міне, осы салтанатқа сол елдің түкпір-түкпірінен 700 палуан жиналып, үлкен күрес-шоу ұйымдастырылды. Бір ерекшелігі, күреске қатысатын палуандар ешқандай категорияға бөлінбеген. Мұнда сайысқа олимпиадалық жүйе бойынша қатысып, жығылған адам ойыннан шығып қала береді екен. Сөйтіп, финалға барлық палуандардың жамбасын жерге тигізген ең мықты екі палуан шықты. Олардың біреуінің салмағы-175 келі, ал екіншісінікі - 180 келі. Қос палуан төрт сағат бойы күресті. Бір байқағаным, олардың күресі қазақша күреске ұқсас екен. Моңғолияның президенті арнайы келіп, міндетті түрде сайысты тамашалайды екен. Жеңімпаз палуанға мемлекет басшысы салтанатты жағдайда «Моңғолияның арыстаны» деген атақ беріп, 100 мың АҚШ долларын тапсырды. Палуанның жеңісіне үлкен шоу өткізіліп, бүкіл халық тойлайды. Бұған қоса, күрестің ережесі бойынша жеңіске жеткен палуан ұлт мақтанышына айналып, оның суреті әр үйді айтпағанның өзінде, қала көшелеріне үлкен етіп ілінеді екен. Міне, осы оқиға маған қатты ой салды. Қатты ой салғаны соншалық, көлікпен жүріп, Алматыға жеткенше мен өз елімізде қазақша күрестен осындай іс-шара өткізудің жобасын жасадым. Ұсынысымды Қызылорда облысының әкімдігі қолдап, өздерінде өткізуге келісім берді. Сөйтіп, Ұлт Көшбасшысының кубогі үшін біз тұңғыш рет Қызылорда облысында «Қазақстанның барысы» спорттық жобасын ұйымдастырдық. Осылайша, тұңғыш рет Сыр елінде «Түйе палуан» анықталып, оған алуан түрлі сый-сыяпаттармен қоса, «Қазақстанның барысы» атағы берілді. Қарапайым халықтың көңілінен шыққан осы жарысқа 26 мыңнан астам палуан қатысып, күш сынасты. Бұл сайыстың іріктеу сындары республикамыздың барлық облыс-аудандарында өткізіліп, Қызылордадағы «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан өңкей мықты палуандар жиналды. Бұйыртса, Ұлт Көшбасшысының кубогі үшін «Қазақстан барысын» анықтау додасын үстіміздегі жылы тамыз айында Елордамыз - Астанада өткізбекпіз. Жеңімпазға «Алтын белбеу» жүлдесі және 150 мың АҚШ доллары табыс етіледі. Қалай десем де, мұндай жобалар қарапайым халық арасынан мықтының мықтысын таңдап алуға ғана емес, кейінгі жас ұрпақтың бойына ұлттық сезімді сіңіру, әрбір жасөспірімді тәуелсіз Қазақ елінің патриоты етіп тәрбиелеуге жол ашатыны ақиқат. Елбасының біздің алдымызға қойып отырған мақсаты да осы емес пе?!
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
«Айқын» газеті