Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3954 0 пікір 17 Шілде, 2011 сағат 07:57

Ораз Қауғабай. Қонаевтың үйінде құран тұрған

Құдайға құлшылық қылып, Алла тағалаға мінәжат ететін жарықтық Димекең кітапты өте көп оқыған, кітап жинаған жан-жақты білімді ғұлама ғалым (академик) еді. Димекеңнің артында қалдырған бар байлығы - құнды мұрасы үш мыңға жететін кітаптары. Үш бөлмелі үйінің бір үлкен бөлмесі - еденнен төбеге дейін тірелген кітап, төрт қабырғаны түгел алған кітап сөрелері бір ғажайып кітапхананы елестетеді. Жалтыраған әйнек сөрелердің ішіндегі кітаптарда есеп жоқ.

Құдайға құлшылық қылып, Алла тағалаға мінәжат ететін жарықтық Димекең кітапты өте көп оқыған, кітап жинаған жан-жақты білімді ғұлама ғалым (академик) еді. Димекеңнің артында қалдырған бар байлығы - құнды мұрасы үш мыңға жететін кітаптары. Үш бөлмелі үйінің бір үлкен бөлмесі - еденнен төбеге дейін тірелген кітап, төрт қабырғаны түгел алған кітап сөрелері бір ғажайып кітапхананы елестетеді. Жалтыраған әйнек сөрелердің ішіндегі кітаптарда есеп жоқ.

Көктен түскен төрт кітаптың бірі - қасиетті Құранның түр-түрі бар. Мұсылман елдеріне іссапар кезінде Мысырдан, Сириядан, тағы да басқа ислам мемлекеттерінен әкелген Құран кітаптары алтындалған қағазға басылған. Бұл кітап пайғамбар мұғжизалары екенін көзге көрсетіп тұрғандай. Әр жылдары, әр замандарда басылған қасиетті Құранның алуан түріне қарап, кітапхана иесінің дінді құрметтеп, пайғамбарды ұлықтап, реті келген сәттерде Құдайға құлшылық еткенін сезесіз. Кітапхананың қазіргі иесі - Димекеңнің немере інісі Дияр Қонаев: «Кейде жұма күндері Димекең үнсіз, жалғыз өзі ішінен құран оқып отыратын. Нәпіл ғибадаттарын жасайтын еді», - деп еске алады. Димекеңе кезінде Халифа Алтай, Рәтбек қажы сыйлаған құран кітаптары кітапхананың ең ыңғайлы, алуға оңай жерінде жарқырап көрінеді. Димекең Құранның түпнұсқа арабшасын да, қазақша аудармаларын да оқыған. Өйткені бала кезінде мешіт жанында молдадан сауат ашып, «Әптиекті» тауысқаны белгілі. Халифа Алтаймен дін жайында ұзақ отырып әңгімелесіп, сырласа сұхбаттасқаны жұртқа аян.

Димекең кітапханасында Құран кітаптың өзге тілдерге де аударылған сирек нұсқалары бар. Әсіресе Нью-иоркте 1979 жылы орыс тілінде шыққан Құран қатты қызықтырады. Атеистік саясат кезінде шетелге шыққан бір іссапарында Димекең бұл Құранды Еуропа елдерінің бірінен сатып алады. «К-359» деп жеке тіркеу кітабына нөмірі жазылған Құран И.Крачковскийдің аудармасы бойынша АҚШ-та басылған.

Димекең естелігінде жұбайы Зухра Шәріпқызының Араб елдеріне барғанда Құран кітаптарын іздеп жүріп, сатып алатыны жөнінде еске алатыны бар. Кітапханадағы он шақты Құран кітабының біразы Зухра апаның «меншігі» болған ғой. Димекеңнің діндарлығына байланысты бұл жерде бір ғибратты салтты айта кету парыз. Елу жыл, алты ай, екі күн, яғни жарты ғасыр бірге тату-тәтті өмір сүрген Зухра апа дүние салғанда, Димекең «таяқ таянып» жоқтайды. Аруақ рухына арнап, кейде құранды өзі оқиды.

Сөрелерде самсап тұрған кітаптар алфавит реті бойынша тізімделіп, түгелдей тіркелген. Тіркеу кітабында бірінші болып Абай атамыздың қазақ тілінде жарық көрген толық шығармалары тұр. Содан соң ұлы жазушы Әуезовтің көп томдық кітаптары жалғасады. Аты-жөндері «А»-дан келетін тағы да басқа қазақ жазушыларының еңбектері реттік санымен кете береді. Димекең кітапханасының «кітапханашысы» Зухра апаның өзі болған ғой. Өйткені барлық кітаптарды өзі тіркеп, сөрелерге өзі реттеп қойып отырған.

Кітапханада сонау ықылым антика заманы әдебиеттерінен бастап, орта ғасыр классиктерінің шығармалары, XVIII-XIX ғасыр әдебиетінің әлемдік алыптары, Америка, Еуропа, Азия және Африка ақын-жазушыларының еңбектері тізіледі. Ежелгі Грек, Рим, Қытай ақын-жазушылары мен философтары, суретшілері мен мүсіншілері және саяхатшылары кітапханада кітап емес, тірі бейнедей елестейді. Өйткені өте көркем безендірілген, айшықты суреттермен өрнектелген сирек кітаптар өте тартымды. Өзіміздің Абай мен Әуезовтен басталатын әдебиет тізім-сөресінде Америка, Франция, орыс, араб, неміс, жапон тағы да басқа халықтардың рухани әлеміндегі құндылықтары көз алдыңыздан өтеді.

Димекең кітапханасында Шекспир, Данте, Толстой, Тургенов, Джек Лондон, Гете, Гейне, Чехов, Тагор, Луи Арагон, Пушкин, Байрон, Гомер, Фердауси т.б. шығармалары мен әр халықтың ауыз әдебиетінің озық үлгілері сақталған.

Академик Қонаев әлем әдебиетінен мол хабары бар, рухани жағынан бай, ғұлама болғанын жоғарыдағы ұлылар еңбегі дәлелдеп тұр. Ғұлама Димекең шетелдерге шыққанда, сол елдің тарихын, мәдениетін және әдебиетін терең біліп, әбден оқып-тоқып баратын болған.

Димекең студент кезінде өлең жазған. Мәскеуде оқып жүргенде қолынан кітап түспейді екен. Алматыда 70 жылдардың басында Димекеңнің тікелей ықпалымен Азия, Африка ақын-жазушыларының халықаралық мәслихаты өтті. Ақын-жазушылардың әлемдік мәслихатының Қазақстанда өтуі тарихи оқиға болып қалды.

Қонаев тек әдебиет әлемінде ғана емес, өзінің мамандығы бойынша да (тау-кен инженері) теңдесі жоқ ғажайып білімді адам болған. Кітапханадағы ғылымның әр саласы бойынша шыққан энциклопедия мен анықтамалықтар бір төбе. Дін, философия, саясат, заң, медицина, тарих, өнер саласы бойынша тізілген энциклопедиялардың бәрі бар. Ал сөздіктер тіпті көп. Әдеби кітаптардың бәрін оқымауы мүмкін. Ал, сөздіктер мен энциклопедиялық анықтамаларды қажет кезінде үнемі қарап отырған.

Белгілі жазушы Сәбит Досанов бірде Димекеңнің кабинетіне кіргенде, үстелінің үстінде жатқан әйгілі ақын-жазушылардың кітабын көреді. Соған қарағанда, Димекең қазақ жазушыларының шығармашылық ізденістері мен табыстарын біліп отырған. Алматыда ақын-жазушылардың съезі ашылғанда, Димекең оған қатысып, төрде таудай болып отыратын еді.

Димекең кітапханасындағы кітаптардың біразы - ол кісіге қолтаңба жазып берген белгілі ақын-жазушылардың таңдамалы шығармалары. Олардың ішінде: Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбділдә Тәжібаев, Олжас Сүлейменов, Әзілхан Нұршайықов және Шыңғыс Айтматов, т.б. бар. Кезіндегі Леонид Брежнев пен қазіргі Нұрсұлтан Назарбаев та жаңа шыққан кітабына қолтаңба жазып, жақсы тілек тілеген.

Жетпісінші жылдардың ортасында Кеңес үкіметінде дүрбелең, дау-дамай тудырып, әлемді шулатқан Олжас Сүлейменовтің «АзиЯ» кітабы жөнінде дүние жүзі білді. Олжекең осы кітабына былай деп қазақша қолтаңба жазып: «Құрметті Димекеңе, ұлы адамға, коммунист азаматқа. Шын жүректен. 24 шілде 1975 жыл», - деп қол қояды. Қолтаңба кітапқа ұлтшылдық айып тағылмай тұрғанда жазылған.

Димекең ұлтын ұлықтаған ақын-жазушыларды құрметтеді. Бұл жерде ұлттық рухты көтерген Ілияс Есенберлиннің орны бөлек. Жазушының «Көшпенділер» кітабы Мәскеуде орыс тілінде 100 000 таралыммен шықты. Сондықтан Ілекең былай дейді: «Сіздің әдебиетке деген оның ішінде туған әдебиетке деген қамқорлығыңызды жақсы сезінеміз».

Димекең дәуірінде Бауыржан Момышұлы туралы «Ақиқат пен аңыз» романын жазған Әзілхан Нұршайықов орысша нұсқасы 100 000 таралыммен шыққан осы кітабына былай деп қолтаңба жазады: «Ұлтымыздың кемеңгер перзенті, Асыл ағамыз, ардақты Димекеңе қазақ халқының бақыты үшін ұзақ жылдар жасауға тілектеспін. 12.01.1985 ж.».

Ұлы жазушы Сәбең мен Димекеңнің арасында сол заманның саясатына байланысты салқындық болды. Міне сондықтан Сәбең орасан мол таралыммен шыққан «Өмір мектебінің» орысша нұсқасына «Қонаев жолдасқа» деп қысқа қайырып қолтаңба береді. Атақты Бауыржан Момышұлы «За нами Москва» кітабына: «Дін-Мұхаммедке Бауыржаннан», - деп, қысқа, әрі нұсқа қолтаңба жазыпты. Әйгілі ақын Тұманбай Молдағалиев 80 жылдары шетелдерге жиі шығып, шығармашылық сапарларда болды. 1985 жылы «Тынық мұхит» дәптері кітабына жазған ақындық қолтаңбасы ерекше тебірентеді. «Ардақты Димаш аға», - деп бастап, ары қарай жырмен былай жалғастырады.

«Ием сенсің именетін, жан аға,

Кием сенсің күй беретін, жан аға.

Бастаушым да қорғаушым да өзіңсің,

Бақыт деген сый беретін, жан аға.

Сенімім де мені күнде көтерген,

Бір өзіңсің, айнымайсың әкемнен.

Жауынгердей қызыл туға ант берген,

Саған мәңгі басымды иіп өтем мен».

Димекеңнің жұлдызы жанған жылдары Қазақ әдебиетінің де атақ-даңқы алысқа кетті. Мұхтар Әуезов Лениндік сыйлық алса, кейін Ғабит Мүсірепов Еңбек Ері атағына ие болды. Міне, сондықтан қазір қаламгерлер сол дәуірді: «Әдебиеттің алтын ғасыры еді», - деп мойындайды.

70 жылдары Ғабеңнің «Ұлпан» кітабы жарыққа шығып, әдебиетте үлкен өрлеу болды. Ғабеңнің жаңа шығармасын оқырман сүйсіне қабылдады. Ғабең «Ұлпанның» бір данасын Димекеңе сыйлап, былай деп қолтаңба беріпті: «Қадірлі елбасшысы, ардақты Отан ұлы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев жолдасқа. Дос көңілден. Ғабит Мүсірепов. 12.05.1976 ж.».

1974 жылы Ғабең Еңбек Ері атағын алғанда омырауына «Алтын жұлдызды» қадаған Димекең еді. Халық университетінің бір дәріс сабағында мұны жазушы ерекше айтқан болатын.

Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов белгілі шығармасына өз қолтаңбасын: «Қазақ халқының ұлы перзенті Димаш Ахметұлы Қонаевқа», - деп, аса құрметпен жазады. Димекеңнің досы Брежнев те бір кітабына шын жүректен қолтаңба жазып беріпті. Ал, Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Комитетте хатшы болып тұрған кезінде шыққан кітабына «Құрметті Димаш Ахметұлы, әкелік қамқорлығыңыз бен ықыласыңыз үшін. 30. 03. 1985 ж.», - деп қол қойыпты.

Димекең кітапханасындағы қолтаңба кітаптардың түгел тізіп жазу мүмкін емес. Бәрінен де Димекеңе деген шексіз сүйіспеншілік пен құрмет және ұлықтау мен ардақтау сезіліп тұрады.

Ораз ҚАУҒАБАЙ,

қаламгер,

ҚР мәдениет қайраткері

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 26 (109) 13 шілде 2011 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520