Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2538 0 пікір 18 Шілде, 2011 сағат 06:46

Қыдырбек Қиысханұлы. Заңды ережеге айналдырған мен емес

Жазылған мақалаға жауап

Жазылған мақалаға жауап

Кеше ғана Мұхан Исаханның «Қазақстан-Заман» газетінде басылып, «Абай.кз» ақпараттық порталына сілтемемен шыққан, «Абақ Керейдің Алтай асуы және «Төрт би, төре заңы» (http://old.abai.kz/content/mykhan-isakhan-abak-kereidin-altai-asuy-zhene-tort-bi-tore-zany) мақаласын оқып, шын риза болдым. Өйткені, Мұхаң жақында «Қазақстан Заман» газетінде жарық көрген менің (Қыдырбек Қиысханұлы) «Абақ Керей ережесі» атты мақалама біраз сыни пікірлер айтып, оны толықтырған екен. Әрине, өз басым сын айтылса, бәзбіреулердей шалқадан түсіп, шаптыға қалатыным жоқ, қайта ондай пікірлерді үнемі байыппен қабылдап отырамын. Өйткені, біреу білсе, екінші бір адам біле бермейтін жайттар көп. Тарих сан қатпарлы. Оқиғаны өрістету, толықтыру, құлақтан құлаққа жеткен мағлұматтарды «тірілту» болашақ үшін өте қажет. Өзінің ойын қорытып айналасындағылардан естігенін «пісіріп», мызғымас дәлелдермен матап тастау тарих үшін абзал іс.  Себебі тарихқа екінің бірінің тісі бата бермейді. Сондықтан жоғарыдағы Мұхаңның  айтқандарына толық қосыламын. Алайда, Мұхаңның пікірі құранның сөзі емес екенін қадап айтқым келеді. Сонымен бірге сыншы әріптестің жалпы оқиғаға бір жақты баға бергендігін де байқадым. Сондықтан қолыма қалам алып өз ойымды айтпаққа бекіндім.

Алдымен мақаланың тақырыбын ашып алсақ. Мен «Абақ Керей ережесін» де, Мұхаң келтірген «Төрт би, төре заңын» да құптаймын. Алайда, сыншы бауырым заңды «ереже» деп «аласартып» тастадың деп мені кінәлапты.  «Абақ Керей ережесін» мен де ойдан қоя салған жоқпын. Басқасын айтпай-ақ қояйын, осыдан 7 жыл бұрын «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Қазақтың ата заңдары» атты он томдық көлемді еңбек жарық көрді (Қазақтың ата заңдары: Құжаттар, деректер және зерттеулер: он томдық /бас. ред. С.З.Зиманов. -Алматы: «Жеті жарғы», 2004). Сол Көптомдықтың төртінші томында ғалым Ғайрат Сапарғалиев «Абақ Керей ережесін» Қаржаубай Сартқожаұлының еңбегіне сүйеніп отырып жазғанын келтірген. Сонда мен білдей академик ағамнан асып қайда барам? Мұха сіз осыны неге көрмегенсіз? Әлде  мүйізі қарағайдай ағаларымызға тісіңіз батпай жүр ме?.

Сондай-ақ, автор «Керей қайда барасың?» атты толғаудың астарындағы ақиқат» деген тарауында « С.Толыбековтың: «Әбілмәмбет ханның тұсында, 1742 жылы Орта жүздің беделділері Ресей билігіне қарауға наразы болып, өз қарамағындағы елдің біразын алып, Шығыс Түркістанға көшкен» деген тұжырымына келетін болсақ, бұл тарихи негізі дүдәмалдау қорытынды, XVIII ғасырдың орта шенінде өмір сүрген Керейдің батыры Жәнібектің орыстың отаршылдық саясатына наразы болып, Шыңжанға көшті деген тұжырымы негізсіздеу айтылған» деп «соқтығыпты». Бұған менің таласым жоқ, әйтседе, ол жайында нақты пікір бар ма екен өзі? Мәселен, Уақап Қыдырханұлы «...Үлкен он екі рудан құ­ралатын абақ керей «Ақтабан-шұ­бырындыдан» кейін Жәнібек Бердәулетұлының (Ер Жәнібек­тің) бастауымен Өр Алтайға қайта барып қоныстанған» деп жазған. Мұнда да нақты жылы көрсетілмеген. Ал Асқар Татанайұлы болса «1731 ж. Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының бодандығын қабылдаған кезде Ер Жәнібек керей тайпасын бастап, Сыр бойынан үдере көшіп, Қалба тауына келіп қоныстанады. Осы арадан Алтайдың Ақтау төңірегіндегі бір асуынан жол салып асып барып, өр Алтайды шолып қайтады. Бұл асу кейін "Жәнібек асуы" деп аталып кеткен. 1760 ж. Жәнібек батыр абақ керей руын Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырады» деп тіптен басқаша дерек келтіріпті (Татанайұлы А., Тарихи дерек, келелі кеңес, Ү., 1987). Мұндай деректі Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 3 томынан да көруге болады. Сондықтан Мұха, бұл жерде сіз бен біздің ай-жылға таласа қоймағанымыз абзал.

Сіз тағы бір жерде: «мақала иесі «ұйғыр тілі ХІХ ғасырда Алтай өлкесіндегі қазақ, ұйғыр, дүнгендердің ортақ тілдерінің бірі болып келген» деп қателікке бой алдырады. Ұйғыр тілі ешқашан Алтай халқының ортақ тілі болған емес. Автор, бұл жерде шағатай тілімен ұйғыр тілін шатастырып тұрған тәрізді» деп шеге билік айтыпсыз. Ұйғырлардың ХХ ғасырдың басына дейін шағатай тілінде жазып келгенін мойындаймын. Алайда Мұха, ұйғыр тілінің өзі сол шағатай тілінен тарамайтын ба еді? Оны қалай ұмытып қалдыңыз? Қазірдің өзінде Шыңжаңда ұйғыр тілі қытай тілімен қатар сол жердегі халықтың (ұйғыры басым) тілі екенін білмейтін бе едіңіз? Онда есіңізде жүрсін.

«Абақ Керейдің құтты қонысы Өр Алтайдың күңгей беткейін қара қытайға телімдей салыпты» дегеніңіз асылық емес пе Мұха? Оны қандай фактіге сүйеніп айтып отырсыз? Сізге кейде әдеби шығармаларды оқуға кеңес беремін. Айтпақшы, «Шошан құмы» жайлы әңгімені оқып па едіңіз? (Жәди Шәкенұлы. Қаралы көш. Алматы, 2010). Сонда осы өлкеде ертеде ғұн бабаларымыздың мекен еткені жазылған. Ішінен кейбір тарихы материалдарға кезігеріңіз сөзсіз.

«Басқа біреудің жерінде жүріп, ол елдің емеуірінен қорықпай, өз жарғысын жасап, өз ішінде билеушісін сайлаған ат төбеліндей қазақ баласының мұндай ерлігі кейінгі ұрпаққа татымды насихат екені сөзсіз» дегенім де сізге ұнамапты.   «...Абылай хан ашық ұрысқа бармау саясатын ұстана отырып, бос жатқан өңірге біртіндеп Ұлы жүз бен Орта жүздің кейбір руларын көшіре бастады. Мұны естіген Цинь ордасы, қорғаныс министрі А.Гүйге берген жарлығында: «...дереу әскер жіберіп Тарбағатайға қоныс тепкен қазақтарды шекарадан асырып қуыңдар, Абылайға адамдарын кері қайтарып әкетуді айт» (Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 609 том, 18 бет) - деп бұйырды. Ал, Абылайхан Алтаймен тарбағатай және Іле өңіріне көшкен қазақты кері қайтарудың орнына Цинь патшалығына елшілер аттандырып қалыптасып отырған жағдайды мойындауға шақырады» деп өзіңізге өзіңіз қарсы шығасыз? Рас, Абақ Керей Шығыс Түркістанға барып сол жерде тәуелсіздігін жариялап, дербес ел болып отырса, мен жоғарыдағыны жазбас ем. Оны да мойындағаныңыз жөн, Мұха.

Ал енді «1850-1865 жылдары Қытайда атақты Тайпиндер көтерілісі болып, ол шүршіт елінің Ганьсу, Нэньси провинциялары мен Шығыс Түркістанды түгел қамтыды» деген деректе де әсірелеу бар» деген пікіріңіз дұрыс. Рас, Тайпиндер қозғалысы аяқтала бере, дүнгендердің көтерілгені тарихта бар, осы екеуін сірә ауыстырып алған болармын. Дегенмен, 1864 жылғы дүнгендер көтерілісінің Шығыс Түркістандағы ең ауқымды қозғалыс болғаны шындық. Ол тіпті, тайпиндерді енді ауыздықтап келе жатқан Цинь үкіметіне ауыр соққы болып тиді.

Сөз соңында «...қазақ даласының Батыс өңіріндегі Еділ мен Жайық арасында Ресейге сыртын бере отырып, «Бөкей Ордасы» деген атпен құрылғандығы белгілі. Өкініштісі, «Бөкей Ордасын» - бұл біздің хандық, біздің тарихымыз деп білеміз, ал, «Абақ Керей» иелігін біздің хандық, біздің төл тарихымыз деп бағамдай алмай жүрміз» деп Бөкей ордасы жайлы да қоса кетіпсіз. Бұл жайлы мен жырласам «ұзаққа» кетер түрім бар. Сондықтан тізгінді тартпақпын. Бұған айтар уәжім Бөкей ордасының тарихта Ішкі Орда деп те аталғаны есіңізде жүрсе екен. Сондықтан «Абақ Керей ережесі» ме, «Төрт би, төре заңы» ма, екеуі де тарихта қалатын атаулар. Екі атауы бар бір заңның барша қазаққа ортақ екені рас, Мұха! Ол үшін жаға жыртыспай-ақ қоялық.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522