Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3358 0 пікір 18 Шілде, 2011 сағат 07:06

Ноябрь Кенжеғараев. Абайдың «айтушы» дегені кім?

Ақын Абайдың сөз өнері, оның ішінде поэзия, поэзия теориясы,  этика-эстетикасы мен идеологиясы туралы айтқан ойлары таратылып талдауды қажет етіп тұрған тақырып.  Жаһандық әдебиетті мейлінше терең меңгерген, бойына сіңірген Абай өз өлеңдерінде әдебиеттанушылық ойларын айтады. Платформалық өлеңдеріне жататын (М.Әуезов) «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» атты концептуалды өлеңінде ақын өзіне дейінгі, сондай-ақ өз заманына қатысты өлең өнерінде жүрген шығармашылық иелері туралы:

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы [1, 88],-

деген ойын білдіреді.

Осы ойы арқылы ғана Абай өлең теориясына байланысты сол дәуір тұрғысынан ғана емес, кейінгі және қазіргі кезеңдер үшін де жаңа көзқарас, жаңаша пікір  айтып отыр. Поэзияның ғана емес, сөз өнерінің диалогтық табиғатын, сипатын, болмысын, оның танымдық және коммуникативтік, эстетикалық қырларын терең білгендіктен туындап отырған пікірлер. Әрине, қазақ поэзиясында аталмыш тақырыпқа Бұқар жырау, Дулат ақын сынды алыптар да барған, дегенмен Абай сынды толық таратып түсіндіруді өздеріне міндет санамаған. Орыс әдебиетінде А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың  поэзия мен оқушының байланысы, қарым-қатынасы, деңгей-дәрежесі, поэзияны қабылдау, түсіну мәселелері төңірегіндегі бірнеше өлеңдері де жарияланғаны анық.

Ақын Абайдың сөз өнері, оның ішінде поэзия, поэзия теориясы,  этика-эстетикасы мен идеологиясы туралы айтқан ойлары таратылып талдауды қажет етіп тұрған тақырып.  Жаһандық әдебиетті мейлінше терең меңгерген, бойына сіңірген Абай өз өлеңдерінде әдебиеттанушылық ойларын айтады. Платформалық өлеңдеріне жататын (М.Әуезов) «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» атты концептуалды өлеңінде ақын өзіне дейінгі, сондай-ақ өз заманына қатысты өлең өнерінде жүрген шығармашылық иелері туралы:

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы [1, 88],-

деген ойын білдіреді.

Осы ойы арқылы ғана Абай өлең теориясына байланысты сол дәуір тұрғысынан ғана емес, кейінгі және қазіргі кезеңдер үшін де жаңа көзқарас, жаңаша пікір  айтып отыр. Поэзияның ғана емес, сөз өнерінің диалогтық табиғатын, сипатын, болмысын, оның танымдық және коммуникативтік, эстетикалық қырларын терең білгендіктен туындап отырған пікірлер. Әрине, қазақ поэзиясында аталмыш тақырыпқа Бұқар жырау, Дулат ақын сынды алыптар да барған, дегенмен Абай сынды толық таратып түсіндіруді өздеріне міндет санамаған. Орыс әдебиетінде А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың  поэзия мен оқушының байланысы, қарым-қатынасы, деңгей-дәрежесі, поэзияны қабылдау, түсіну мәселелері төңірегіндегі бірнеше өлеңдері де жарияланғаны анық.

Сөз өнерінің диалогтық табиғатын, оның бір-бірінен ажырамас диалектикалық бірліктері арқылы поэзияның атқаратын қызметіне, оның қоғамдағы роліне өзінің қанағаттарлықсыз екендігін білдіріп отыр. Әлеуметтік әрекетке түскен авторлық дискурстың, мәтіннің мақсатының орындалуы жолындағы процестің диалектикасын танытатын көзқарас.

«Айтушы» дегеніміз кім? Абай «айтушы» деп неліктен атап отыр және кімді атап отыр? Қазіргі өлең теориясында «айтушы» терминін қолдана аламыз ба? Қолдансақ қаншалықты кәдеге асатын дүние?

Абай «айтушы» термині арқылы өзіне дейінгі қазақтың фольклордан дараланып шыққан, ауызша туған авторлы әдебиет өкілдерін, сондай-ақ өз жанынан өлең шығармайтын фольклорлық бағыттағы жыршылық, орындаушылық өнер иелерінің бәрін тегіс атаған. Ғалымдар ауызша туған авторлы әдебиет өкілдерін «ақындар» (академик Р.Бердібай), жыршы ақындар (академик З,Ахметов), жазып өлең тудырған поэзия өкілдерін «шайырлар» (академик Р.Бердібай) деп атауды ұсынғандары да белгілі.

Абай терминін «автор» ұғымында қарастыра аламыз ба? Автор теориясы «айтушы» терминіне қалай қарайды? Абай термині автор теориясына кіріге ала ма?

Авторологияда көркем әдебиеттегі шығарманы тудырушы тұлға туралы көптеген атаулар мен ұғымдар қатар қолданылып жүр. Олардың  негізгілері мыналар: автор, актор, нарратор, бенефицарий, скриптор, ауктор, рецептор, комплитатор, комментатор, т.б. Абайдың айтушы термині қазіргі әлемде қалыптасқан автор теориясында қолданып жүрген терминдердің жүйесіне ене ала ма, әлде ақынның  термині таза ұлттық төл сипаттан туындаған шығармашылық өкілінің атауы ма?

«Автор и герой в постмодернисткой прозе» атты тақырыптағы ғалым Л.В.Сафронованың докторлық диссертациясында автор теориясына байланысты көптеген мәліметтер келтіріледі. Жоғарыда келтірілген автор теориясына байланысты терминдердің көбі проза жанрына байланысты қолданылатын жүйелер дегенге саяды. Дегенмен поэзия, не проза тектері болсын, сөз өнерінің тектері болғандықтан, шығармашылық процестің шығармашыл тұлға болмысында қалыпты заңдылықтармен іске асатындығынан, аталмыш ұғымдар тек прозаға қатысты деген пікірлер тумау керек. Автор теориясындағы қолданыстағы терминдерге тоқталып өтер болсақ: «Автор (от лат. аutor - основатель, сочинитель) - создаватель (творец) художественного текста и его единственный правопредставитель; творческая личность, обладающая художественным мастерством и другими специфическими качествами (в частности, художественными способностями, одаренностью или гениальностью» [2, 11]. Ю.Боревтің бұл анықтамасы тек әдебиет, көркем шығармашылықтағы автордың  болмысын анықтауға негізделген. Автор термині тек сөз өнеріне қатысты қолданылмайтыны белгілі. Авторы ұғымы бір нәрсені өз жанының тудырушы деген ұғым деңгейінде ғылымда, өнерде, техника мен өндірісте, яғни қоғамның басқа да түрлі салаларында пайдаланатыны анық. Әдебиеттанушы ғалымдар сондықтан да, көркем шығармашылықтағы, сөз өнерінде авторды басқа салалардағы авторлардың бөліп алу үшін, көркем шығармашылықтың болмысына, табиғатына сай атауларды қолдануға қадамдар жасады. Сол қадамдардан туындап отырған терминдер актор мен ауктор ол ұғымдарға мынадай анықтама беріледі: «Актор (фр. аcteur, анг. actor) [термин нарратологии] - абстрактный выразитель функции действия, всегда служающий объектом повествования, в то время как персонаж выполняет одновременно функции и субъекта и объекта повествования т.е. и наратора, и актора» [2, 16], «Ауктор (от. лат. аuctor - создатель, творец, писатель) - организатор художественной реальности; повествователь, от имени которого ведется рассказ, или персонаж, глазами которого увидены описываемые в произведении события» [2, 52].

Көркем мәтіндегі авторлық қырларды, автор бейнесін көркем шығарманың құрылымынан туындаттыратын авторға байланысты ұғым нарратор: «Нарратор - это формальная категория противопоставляемая понятию «реальный автор». Нарратор (термин введен Д.Принсом) - внутритекстовая фигура, полностью зависящая от рассказчика-нарратора, от построения повествования, вне повествовательного поля текста не существующая»  [3, 17].

Француз ғалымы Р.Барттың  тұжырымынан туындаған, қазіргі таңда автор теориясы шеңберінде қарастырылып жүрген ұғымдар скриптор, комплитатор, комментатор: «Скриптор - всего лишь переписчик, он может только подражать тому, что написано до него» [3, 26], «комплитатор - который только переписовал текст, ничего к нему не добавляя», «комментатор - который вторгался в переписанный текст лишь затем, чтобы прояснить его смысл» [4, 385]. Жоғары да келтірілген автор теориясына қатысты ұғымдардың бәрі жалпы автордың болмыс, табиғатынан, сондай-ақ көркем мәтіндегі автордың көрінуінен,ролінен,  көркем мәтіннің спецификасынан келіп туындайтын концептілер.

«Қазіргі ғылымда орныққан көзқарастарды жүйелесек, «автор» термині жалпы тұрғыдан былайша қарастырылып жүр: а) «биографиялық автор», ә) «автор-баяндаушы», б) «автор - болмысқа деген көзқарас», в) «автор - көркем образ», г) «бейтарап куәгер», д) «нарратор», е) «автор - аноним, белгісіз персонаж», ж) «көркем әлемнің иесі», з) «мәтінжаратушы», и) «көркем әлем тудырушы»» [5, 60].

Абай «айтушы» термині арқылы фольклорлық жанрларды айтушы шығармашылық өкілдерін айтып отырмаған сыңайлы. Себебі өлеңнің контексінде «жоқтан қармап көр-жерді өлең қылған», «қобыз бен домбыраны қолға алып, әркімге мақтау өлең айтып сарнаған», «сөз қадірін кетірген», «мал үшін тілін безеген, жанын жалдаған» ақындар туралы айтып отырғанын анық аңғартады. Өлең өнерін ақы алудың, күнкөрістің көзіне, пайда табудың кәсібіне айналдырған тұлғаларды Абайдың өткір сынның тезіне салуы, сөз өнеріне қойып отырған биік талабынан, поэзияға деген этикалық, эстетикалық тазалығынан келіп туындап отыр. Қазіргі таңдағы « сөз өнерінің коммерциялануы», «ақша табудың көзіне, кәсіпке айналуы», түрлі «културалдардың» шығуы, ойшыл ақынның сөз өнеріне қойған талабын сақтай алмағандығымыздың көрінісі. Демек, «ақын» деген шығармашылық өкілін, оған қоса «ескі бише отырман бос мақалдап» деп би-шешендердің, жыршылардың  бәрін жалпылама - айтушы деп атап отыр.

Қазақ әдебиетінің өзіндік төлтума ерекшелігін, әдебиет тарихын сүзгіден өткізген академик З.Ахметовтың «авторлық өзіндік  жеке тұлғасы, қолтаңбасы, стилі айқын танылатындығын ескеріп жыршы ақындар» деген атауға келуі де тегін емес. Қазақ ақындарының бойында өз жанынан өлең шығаратын өлеңшілігімен қатар айтыскерлік, жыршылық, әншілік өнерлердің де қоса болғандығын ескергеніміз жөн.

Сонымен, «айтушы» терминін «автор» ұғымында түсінуге, қабылдауға бола ма? Әрине, Абай өлеңінің контексті бойынша «айтушы» автор ұғымына балама ретінде қолданылып тұр.  Бұл таза шығармашылық өкілінің сыртқы болмысы мен қасиеттеріне берілген атауы. Жоғарыда авторологияда келтірілгендей, автордың сыртқы сипатынан бөлек, шығармашылық процесте, шығармашылық шеңберде бірнеше қырлары болатындығын аңғардық. Көркем мәтінде көрінетін, танылатын авторға байланысты туындайтын, не шығарманың құрылымынан шығатын баяндау тәсіліндегі авторлық қырлар (нарратор, ауктор, актор) айтушы ұғымымен қабысады ма?

Абайдың айтушысы  Ю.Боревтің анықтамасындағы айтылмыш сөздің, не көркем шығарманың құқықты иесіне, яғни «авторға», «биографиялық авторға», «рецепторға» сондай-ақ «автор-баяндаушы» қалыбындағы шығарманың құрылымына, сюжетіне ене алатын термин.

Абай аталмыш өлеңінде өзіне дейінгі қазақ топырағында өмір сүріп келген, қалыптасқан поэзия тегіне сын көзімен қарай отырып, барлық ерекшеліктерін ескере отырып, дәстүршілдік шеңберінде, ауызша  айту арқылы өлең тудырып келген шығармашылық өкілдерін «айтушы» деп  атағандықтан, осы термин әдеби айналымға енуі тиіс. «Ақын деген сөздің мағынасы өте кең, ол поэзиядағы әр түрлі тарихи кезеңдердегі, әр қилы талант иелерін қамтиды. Соларды үлкен екі топқа бөліп, жырау, жыршы, термешілерді, өлең-жырды ауызша шығаратын, ауызша (домбырамен) суырып салып айтатын ақпа ақын импровизатор сөз зергерлерін жинақтап жыршы ақын деп атауға болады. Сонда оларды жазба әдебиетінің өкілі жазушы ақыннан бөліп алып, өз алдына бөлекше творчестволық тұлға ретінде қарауға мүмкіндік туады»[6, 25],- деп академик З.Ахметов мәселені терең көре біліп ұсыныс жасағанындай, «жыршы ақындар» атауының орнына, «айтушы» ұғымы сұранып тұрғандай. Шығармашылығы ауызша айтумен байланысты топ өкілдерін «айтушы» деп атау керек сияқты, ғылыми дәйекті, жасанды, теңгерілмелі дүние емес, халықтық шығармашылықтан туындап отырған төлтума атау сынды көрінеді.

Нарратологияда қолданылатын «автор-баяндаушы», «мәтінжаратушы» терминдеріне де «айтушы» деп қарауымызға болады. «Айтушы» мәтінді өзі жаратады, баяндайды. Айтушы термині әдебиеттің коммуникациялық, диалогтық табиғатынан туындап отырған термин. Кез-келген көркем шығарма автордың танымын, концептісін, сезімін, түйіндеген түйінін қабылдаушы қауымға жеткізудің құралы болса, ақпаратты жеткізуге, айтуға келіп саяды. «Айтушы» бұл мағынада бір тілдік ақпаратты сөз бе сөз жеткізу ғана емес, мағыналық үстемемен, көркем шығармаға жүктелетін, қойылатын қағидалар шеңберімен,яғни авторлық дискурсімен  түсіндіріледі. Айтушы дегенде, ақпарат тасушы,не біреуден естігенін жеткізуші ғана емес, көркем туынды табиғатына сай танымдық, эстетикалық, этикалық, идеологиялық, коммуникативтік қатпары -  авторлық дискурсы арқылы «көркемкемделген кодты» айтушы деп ұғынсақ керек.

Абайдың «айтушы» терминін әдебиет теориясында, оның ішінде поэзия теориясында, автортану саласында бірнеше шарттылықтарда қолдануға болатындай көрінеді: 1) Ауызша туған авторлы әдебиет өкілдерінің жалпылама атауы ретінде; 2) Поэзия теориясында ұлттық поэзиямызға байланысты әдебиет тарихынының белгілі бір кезеңдеріндегі шығармашылық өкілдерінің төлтума қасиеттерін таныту мақсатында «автор», «биографиялық автор», «автор-баяндаушы» терминдерімен пара-пар қолдануға лайық.

 

Әдебиеттер

 

1.     Құнанбайұлы Абай. Шығармаларының толық жинағы. Т.1. - Алматы: Жазушы, 1995.

2.      Борев Ю.Б. Эстетика. Теория литературы: Энциклопедический словарь терминов. - Москва: Астрель, 2003.

3.     Сафронова Л.В. Автор и герой в постмодернисткой прозе. Докторская диссертация.  - Алматы, 2007.

4.     Барт Р. Критика и истина. В кн: Зарубежная эстетика и теория литературы ХІХ-ХХ вв. - Москва: Изд.Московского университета, 1987.

5.     Есембеков Т.У. Көркем мәтінді талдау негіздері. - Алматы: Қазақ университеті, 2009.

6.     Ахметов З. Ақын. Кітапта: Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. - Алматы: Ана тілі, 1996.

 

Ноябрь Кенжеғараев

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің

«Абайтану» ғылыми-зерттеу

орталығының жетекші

ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504