Гүлшат Хамит. Latinĝa қашан көшеміз?
Кеңестік дәуірдің орыстандыру саясаты қатты белең алған жылдарында қазақ халқының әліпби ауыстырып, кирилл әрпіне көшуге мәжбүр болғаны тарихымыздан аян. Алайда кеңестік империяның күлі көкке ұшып, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, отарлық санадан арылу үшін латынға көшудің қажеттілігі айқын сезіле бастады. Зиялы қауым өкілдері латынға көшудің қажеттілігін жиі сөз ете берген соң, Мемлекет басшысы бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеуді ғалымдарымызға аманат етті. Дегенмен, біздің қоғам кириллицадан латынға көшуге дайын ба? «Аманат» пікірталас клубының кезекті отырысы осы мәселеге арналды.
Кеңестік дәуірдің орыстандыру саясаты қатты белең алған жылдарында қазақ халқының әліпби ауыстырып, кирилл әрпіне көшуге мәжбүр болғаны тарихымыздан аян. Алайда кеңестік империяның күлі көкке ұшып, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, отарлық санадан арылу үшін латынға көшудің қажеттілігі айқын сезіле бастады. Зиялы қауым өкілдері латынға көшудің қажеттілігін жиі сөз ете берген соң, Мемлекет басшысы бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеуді ғалымдарымызға аманат етті. Дегенмен, біздің қоғам кириллицадан латынға көшуге дайын ба? «Аманат» пікірталас клубының кезекті отырысы осы мәселеге арналды.
Серік Ерғали, мәдениеттанушы:
- Қазір тарихтың өзі алдымызға латыншаға көшуді қойып отыр. Бұл мәселені үшке бөліп қарауға болады: саяси, лингвистикалық, психологиялық-әлеуметтік негізділігі. Саяси жағынан алып қарайтын болсақ, латыншаға көшу санамызды тәуелсіздендіреді. Өзбек пен түрікпен латыншаға көшті, Ресейдің бодандығында отырған башқұрт ағайын өзінің латын графикасын дайындап қойып отыр. Қырым татарлары да дайындалып жатқан көрінеді. Дұрыс. Саясатты былай қойғанда, біз мәселеге мына жағынан келуіміз керек: қазіргі әліпби тәуелсіз халық ретінде, ұлт ретінде бізді қанағаттандыра ма? Тәуелсіз ел ретінде осы 42 әріпті тұтына берсек, ол біздің қажеттілігімізді толық өтей ме деген мәселені біздің лингвистер әлі күнге жеріне жеткізіп зерттеді дей алмаймын. 42 әріп бұл қазақтың 42 дыбысының емес, жалпы қазақ, орыс тілдерінің ортақ әліпбиі. Яғни біздің қазіргі әліпбиіміз қазақ тілінің әліпбиі емес. Әліпби болмағаннан кейін өзге тілдің әліпбиін пайдалану арқылы қазақ тілінің теориялық, грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық жағынан ақсап жатуы ақырында бұл тілден бас тарту мәселесіне апарып соғады. Сондықтан латын әліпбиіне көшу туралы мәселе даусыз. Тек өкінішке қарай, біз кілең бір құрғақ сөзге әуеспіз. Күні ертең Президент «ағайындар, тәуелсіздігімізге 20 жыл болды, ал көшеміз» десе, ештеңеміз дайын емес. Латыншаға көшсек, мынадай екі мәселе туындайды: екі қаріптің қайсысын таңдаймыз: латынша ма, ағылшынша қаріпті ме? Ағылшын деп жүргеніміз компьютердегі клавиатурада тұрған ағылшын қаріптері. Екіншісі түрік ағайындар пайдаланып жүрген басында айшығы бар немесе аяғында құйрығы бар, бірақ латын қаріптері. Менің өз ойым, дайын тұрған ағылшынша қаріпті алу керек. Дайын тұр, тек соны әліпбидің ішіне енгізіп, мойындап, ресми бекітіп, алға басқан абзал.
Салих Акчай, Халықаралық «Диалог-Еуразия» қоғамдық қорының президенті:
- Осман империясы құлап, Түркия республикасы құрылған кезде Ататүрік сол кездегі саясатқа орай шешім қабылдады: түрік елі латынша әліпбиге көшті. Себебі ол кезде империя құлап, жаңа мемлекет құрылып жатқан сәтте жаңа психология қажет болды. Бұл санаға үлкен әсер етті. Егер Қазақстандағы жағдайды Түркияның сол бір кездегі саясаты тұрғысынан да алып қарайтын болсақ, біз дамыған елдердің қатарына қосылуды басты мұрат етіп ұстануымыз керек. Сол дамыған елдердің қатарына қосылу үшін біз жалпы әлем пайдаланып жатқан сол латын әліпбиіне көшуіміз керек деп санаймын. Егер латын әрпімен жұмыс істесек, мәдени салада да, технологиялық жағынан да батыс елдерімен арада жан-жақты байланыс орнайды. Сол арқылы дамыған елдердің қатарына тез ілігіп кете аламыз. Түркия елі 1928 жылы бір-ақ күнде араб әрпінен латын әрпіне көшті. Бұдан тек қана ұтты. Оған «Енді бұл мәселені соза берудің қажеті жоқ, ұлттың болашағына әсер ететін нәрсені кейінге шегеруге болмайды» деген Ататүріктің шешімі әсер етті. Бізде де кезінде латын керек пе, жоқ па деген мәселе төңірегінде көп пікір қайшылығы туындаған. Ол әр мемлекетте болатын жағдай. Әртүрлі пікір туындап, іс созылып кететін болған соң, ел басшысы ойымыз іске аспай қала ма деген оймен осындай шешімге келді.
Араб әрпімен салыстырғанда француздың, итальянның, ағылшынның пайдаланып жатқан тілі болғасын, жалпы өркениет тұрғысынан алып қарағанда озық әліпби екені көрініп тұр. Елбасы қазақ елінің жаңа үрдіспен дамып, жас айбынды мемлекет ретінде әлемге танымал болуына да мол еңбек сіңірді. Ендеше, қазақ халқы жас, жаңа мемлекет ретінде отарлық санадан арылуы қажет деп ойлаймын. Демек, бұл - Елбасының алдындағы үлкен қадамдардың бірі. Келесі жылы Қазақстан түркі әлемінің астанасы атанбақшы. Соған қарағанда түркі тектес халықтардың арасында жақындасу үдерісі жүруі керектігі дау тудырмайды. Ол тұрғыдан Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан дұрыс саясат ұстанып, қарқынды жұмыс істеп жатыр.
Жантас Жақыпов, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Ғалымдардың жетістіктері жоқ деуге болмайды, бар. Тіл білімі институты латын қарпін қолданатын, қолданып жүрген, қолданбақ басқа елдердің тәжірибесін зерттеді. Латын әрпіне көшу туралы 3-4 тамаша жоба дайын. Тек өзімнің мәліметім бойынша, емле мәселесіне келгенде болмашы бір қайшылықтар бар екен. Соны қалай жасаймыз деген мәселе төңірегінде кеңессе, жетіп жатыр. Егер биліктен шешім болса, олар халықтың алдына шығуға дайын. Бұған арнайы мемлекеттен қаражат та бөлінді. Менің ойымша, түркі халықтарын латын қарпі біріктірмейді. Біз бәріміз түркілер жабылып, жаһандану апанына өзімізді қолдан беріп жатырмыз. Біз егер шын түркі болсақ, біздің генімізде, тегімізде бірдеңе қалса, бізді біріктіретін көне түркі жазуы. Одан рух жаңарады. Біз оны тек таңба деп ойлаймыз. Олай емес. Ал латын қарпін алғаннан кейін сол семиосфераның жетегінде кетпекпіз. Әрине, мен латын тіліне қарсы емеспін, бірақ біз асқақ мұратты да ойласақ, көне түркі жазуын бірегейлендіріп, соны алуымыз керек. Араб жазуы да жақсы. Оның жақсылығы бұлар табиғатпен байланысты. Бойдағы қанымыз қалай айналса, Жер қалай айналса, араб қарпі де сондай бағытта жазылатын, табиғатпен таңылған әріп сияқты. Мұны мұсылман ретінде айтып отырмын. Латыншаң да, кириллицаң да керісінше жазылады. Ал бүгінгімен ойлағанда әрине, қазір дұрысы, латын қарпін құп алу. Қазір біз орыс тілінің қарпіне байланып отырмыз. Егер шықсақ, орыс тілінен кіндігімізді ажыратып аламыз да, қатар өмір сүреміз. «Е, қазақ тілі өзі өзгешелеу тіл екен ғой» деп назар аудара бастайды, үйренуі де басқаша болады. Мәселен, ағылшынды да, неміс тілін де жылдам үйренеді. Қазақ тілін үйренбейді. Өйткені қазақ тілі орыс тіліне ассоциация болады да тұрады.
Серікқазы Кәкібаланов, «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры:
- Латынның керек екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Ең мықты деген еврей халқының өзі халықаралық тілге - латыншаға бағынады, латыншамен жүріп-тұрады. Ивритті, өз жазуын ешкімге таңбайды. Сол тұрғыдан келгенде біздің латын мәселесін талқылауымыздың да қажеті жоқ, оған біртіндеп көшудің, біртіндеп оқытудың де керегі шамалы. Бұл жерде ең керегі, әуелі саяси шешім. Сосын қоғамның дүрк көтеріліп, соған бас бұруы. Ертең таңертең Елбасы Жарлыққа қол қойса, бітті. Көп сөз сап тыйылады да, дәл сол сәттен бастап, бәрі қаласын-қаламасын, сол тілде жазады да, оқиды да. Мәселен электрондық кеңістікте 28 кирилшеге 28 ағылшынша қаріпті сәйкестендірсе, бейресми әліпби дайын болады. Соны қоғамның назарына ұсынсақ, біріміз смс-пен, екіншіміз агент арқылы таратып жіберсек, болғаны. Латын қарпін үйренудің түк те қиындығы жоқ, лезде оқып-үйренуге болады. Қоғам алып кетсе, саяси шешім қабылдау да оңай болады. Бізде миллиондап бөлініп жатқан қаражат бар, әлеуметтік тапсырыс ретінде соны қоғамдық ұйымдарға беріп, неге сондай орталықтар ашпасқа? 2005 жылы қазақ интернеті қоғамы құрылды. Жылжымай тұрған көп істі кейінгі жас-тар алып кетті. Асхат Еркімбай деген қазаққа жаны ашитын азамат ініміз мына блог деген мәселені ақырындап қарап, өзі жақсылап үйренді. Биыл наурызда шеттегі және еліміздегі қазақтарға арнап бірінші блог-құрылтай өткізді. Қазақша интернет күшке айналды. Біз істей алмағанымызды кейінгі топ келіп іліп әкетеді. Сол үшін латын әліпбиіне көшуді біз бастап жіберуіміз керек.
Ернұр Ақанбай, «ҚазАқпарат» агенттігі қазақ редакциясының шеф-редакторы:
- «ҚазАқпарат» агенттігі 2004 жылдың 16 сәуірінен бастап латын қарпінде хабар тарата бастады. Ол бір ғана мақсатты көздеді. Шетелде тұрып жатқан, оның ішінде Еуропадағы қандастарымызды атамекенде болып жатқан жаңалықтармен сусындату, ақпараттық сұранысын қамтамасыз ету. Бұл жобаны сол кездегі басшы Жарылған Бейсенбайұлы қолға алса, латын әліпбиінің негізін жасап берген Әбдуәли Қайдар бастаған ағаларымыз. Сол кезде Әбдуәли Қайдар ағадан арнайы осы мәселеге байланысты сұхбат алғанмын. Ол кісі жаңа алфавиттің негізінің қалай дайындалғаны туралы мынадай жайтты айтты. 1993 жылы Түркияның мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен Анкара қаласында түркітілдес елдер ғалымдарының басқосуы өтеді. Күн тәртібінде тұрған бір ғана мәселе, түркітілдес мемлекеттерге ортақ латын қарпін жасау болған. Содан ғалымдар 34 әріптен тұратын ортақ әліпби жасапты. Сол кезде олар «әр халық өзінің тілдік ерекшелігіне байланысты қаріптерді көбейте ме, азайта ма, өздері біледі, бірақ латын әліпбиін жасайық» деген бір келісімге келеді. Әбдуәли аға қазақ тілінде 17 дауыссыз, 9 дауысты дыбыстың негізінде кірме әріптердің бәрін негізге ала отырып, алфавит жасап шығарған.
Алғаш ақпарат тарата бастаған кезде шетелдегі қандастарымыздан қазақ тілін үйренуге сайттың көп жәрдемі тигенін жазған көптеген хаттар келді. Бұл қуантарлық жағдай. Бізде соңғы 100 жаңалыққа кірген тұтынушы санын есептейтін статистика жүреді. Латын әрпімен жазылған соңғы 10 жаңалыққа 3-4 мыңдай қандасымыз кіріп отырады. Міне, ресми түрде болмаса да нақты қадамға барудың бір мысалы. Латынға көшіп кетсек, барлық жазылған дүниеміз қайда қалады деген қорқыныш бар көбінде. Оның түк қиындығы жоқ. Оны аударатын арнайы бағдарлама бар. Соған әкеп салып жіберсе үтір, нүктесіне дейін қалдырмай әп-сәтте аударып береді.
Түркітанушы ғалым Ислам Жеменей: «Бұрын өзбек, қазақ, қырғыз бір тілмен, түркі-шағатай тілімен сөйлесіп, түсінісіп келгені мәлім. Қазір алфавит әріптеріндегі өзгерістің өзі дыбыстық өзгеріске алып келіп, күні бүгінге дейін бір-бірімізді түсінбей отырмыз. Түркі халықтарын ділі де, діні де бір дер едік, егер әліпбиіміз бір болса. Латынға көшсек, көптеген қажет емес дүниелерден арыламыз. Отарлау саясаты әліпбиімізді өзгерту арқылы тарихымыздан бізді қалай ажыратса, міне, біз де қажет емес ақпаратты алмау үшін ондай әліпбиден ажыратуымыз керек ұрпағымызды» деген еді. Ендеше, латын әліпбиіне көшу заман талабы екені дау тудырмайды.
Гүлшат Хамит
http://nurastana.kz/?p=1765