Нұрлан АСАНОВ. Жаназа дастарқаны байлыққа мақтанатын жер емес
Жаратқан Алла адамдар игілігіне сансыз жақсылық нығметін берген. Ол берекені орынды пайдалану - құлшылық. Құран Кәрімнің «Исра» сүресінде «Ысырап қылушылар шайтанға туыс» делінген. Бұл аятқа қарағанда, Алла тағала ысырапқорды Өзіне қарсы шығып, адамзатқа дұшпан болған Ібіліс-шайтанға теңеген.
Жаратқан Алла адамдар игілігіне сансыз жақсылық нығметін берген. Ол берекені орынды пайдалану - құлшылық. Құран Кәрімнің «Исра» сүресінде «Ысырап қылушылар шайтанға туыс» делінген. Бұл аятқа қарағанда, Алла тағала ысырапқорды Өзіне қарсы шығып, адамзатқа дұшпан болған Ібіліс-шайтанға теңеген.
Күнделікті өмірімізде адамдардың осы бір күнәға еті үйренгені сондай, істеген ысыраптарына ойланбайтын жағдайға жеткен. Алла Тағаланың несібесін шашу - адамдарды түбінде өкінішке алып келетін күнәлар қатары. Бабаларымыз ысырапқа жол бермей, нан кесіндісін де қадірлеген. Ең үлкен ысырап - дүниедегі ең қымбат уақытын босқа кетіру, яғни ол өмірді екі дүниеге пайдасыз ету. Әлемді шарпыған дағдарыс түйткілі барша дүние мемлекетті қамтыды. Тіпті жекеленген адамдардың ішкі дүниесін қозғады. Мемлекеттің табиғи ресурстарымызды тиімді де орнықты пайдалануға баса назар аударуы - көп жақсылықтың басы. Іргеміздегі Ресей мемлекеті электрлі үй шырақтарын үнемді қондырғыларға ауыстыруға Президентінің өзі мүдделі болып, тиісті тапсырмасын берді. Мұның түбінде ысырапшылыққа жол бермеу жатыр. «Егемен Қазақстан» газетінде республика көлемінде адамды ақтық сапарға шығарып салуда атқарылатын жерлеу рәсімдерін бір жүйеге келтірген «Жаназа пәтуасы» жинағы жарық көрді. Міне, сол жақсылық ниеттегі бастама Өскемен аймағына да көп пайдасын тигізуде. Мәселен, бұрынды-соңды адам жөнелткенде, дастархан ағыл-тегіл жайылушы еді. Жеміс-жидек, мейіз-жаңғақтың, салаттың неше түрі болды. Бүгінде бұлар түгелдей тоқтады. Жаназа дастарханы барлықты, яғни дүниені көрсете мақтанатын мекен емес! Ол - азалы да, қазалы жер. Мұнда қарапайымдылықты таныту болса, бір жағы ағыл-тегіл ысырапты тыю. «Алла разылығы мен аруаққа сауабы тисін» деген ниетпен емес, атақ-мансапты ойлай «Бәленнен кем қалмайын» деп, байлығын көрсетіп (тіпті несиеге батып) бірнеше ірі қара малды шалып, ат шаптырып, дүние шашу дұрыс емес. Марқұмдардың бастарына тым әшекейлі, ерекше күмбезді, биік те үлкен, елден оқшауланған мазарлар мен там көтеру - ысырап! Хадисте: «Орны табылмай берілген садақа - ысырап» делінген. Қаншама ағайынның ішінен мұң-мұқтажды туыс-туғаны, жақын көршілері болса да, сыртқа дүние шашу, оны әртүрлі жолдармен жарнамалап, мақтану, «Жақсылықты жақыныңа істе» деген үкімге қайшы болумен қатар түбінде ысырапқа алып барады. Дінімізде ысыраптың қай түрі болсын жақсы емес. Осы таңда орынсыз, себепсіз той-томалақтар көбейген. Қазір әрбір жасқа толу мен қиғаш оқиғаны себеп етіп, көл-көсір думандатуды қуаныш етсе, кезінде аталарымыз «Қабір, өлімге бір қадам болса да жақындадым» деп жылап өткен.
Адамның өмірі - Алланың ең үлкен нығметі. Міне, осыны екі дүниеге пайдасыз әрекеттермен шұғылданып, бекер және босқа өткізген өмірлер - ысырап! Алланың берген ырзық-несібесін үнемдеу сараңдыққа жатпайды. Оны шашу - дарақылық. Түбінде кедейлік пен тоқырауға әкеліп соғатын жаман қылық. Еліміздің көп аймақтарына ауызсу бағдарламасы бойынша, құбыр тартылып, су мәселесі шешілуде. Алайда көптеген адамдар сол Алланың қазынасынан келетін суды ретсіз пайдалану нәтижесін көзіміз көріп жүр. Көл-көсір етіп ағызып қою немесе сол ауыз сумен тал-дарақтар мен бақшаларды суғару - ысырапкершіліктің ең үлкені. «Судың да сұрауы бар» дегенді халқымыз тегін айтпаған. Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с..) пайғамбарымыз дәрет алып жатқан бір сахабаның суды көп пайдаланғанын тыйды. Әлгі сахаба: «Дәретте де ысырап бола ма?» деп таңданды. «Сен теңіздің ішінде шомылсаң да ысырап бар» деді Расулалла (с.ғ.с.).
Ысыраптың ең кішісі - майлы қолын жалап жеместен майлыққа сүртіп жіберу. Бір уақыттарда бір киімдер сәндік үлгіден /мода/ кетті деп кедей - кепшікке бермей өртеп, лақтырған да болатынбыз. Иә, ол кезеңнің кедейі де кербез еді ғой! Дәл сол уақыттарда қалада нан әжетханаға дейін шашылса, далада малды нанмен бордақылап, семірткен. Құдайға шүкір, қазір қанша қиыншылық болса да тоқшылық! Баршылықтың қадіріне жетпесек, нанның қоқымын іздейтін күнінің лебі бар.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қоштасу уәдағ» хұтпасында: «Тіпті құлағы кесік, мұрны пұшық, нәсілі қара басшы болса да оған мойынсұныңдар» десе, Құранда Аллаға, пайғамбарға, басшыға бағынуды бұйырған аят бар. Көптеген мемлекеттерде кезінде елін басқарған азаматтарын сандалған бірнеше топ адамдар ұйымдасып, басшысын әулетімен ел асыра қуа немесе өлім жазасына кестіріп жүр. Бұл - елін, жерін, тарихын тіпті намысын жатқа сату деген сөз. Расында, «Өмір ауысады, ырыс жұғысады» дегендей, барлық нәрсе алмасады. Алайда әркім Алланың алдында өзі ғана жауап беретіндігін естен шығармау керек. Тіпті ата-ана баласы үшін жауапты емес. Сауапты да күнәні де адам өзінің ақыл мен иман дәрежесімен істейді. Ұлағатты еліміз мұны бір ауыз сөзбен «Өткенге салауат» деп, өткен басшының қияметін Аллаға, дүниесін тарих қойнауына жіберген. Хадистерде «Өткеннің тек жақсылық жағын ғана айтыңыздар» делінген. Құдайдан қорықпағаннан қорқу керек. Халық ниеті қандай болса, басшы да соған лайықты. Бүгінде, біз қанша демократиялық саясатты қолдасақ та, ел тізгінін ұстаған азаматтардың кемістіктерін нұқып, тіпті жала жауып, басылатын басылымдарды алып оқу күнә болса, ал оған дүние /ақша/ сарп ету, жұмсау - ысырап және харам! Себебі хадисте «Куллу исрафун харам», яғни барша ысырап харам делінген. Болар елдің балалары бірін-бірі қуаттап, батыр дейді. Жасы егде тартқан, төрінен көрі жақын адамдар, ел ақсақалы болып, бірлік пен ынтымаққа үндеп, жақсылықты қолдап, дуалы аузымен жақсы сөз сөйлеп, бата беріп, мешіттің сап-жамағатын толтырудың орнына, өсек басылымдарды оқып, оны басқаларға айтып, алуан түрлі күнәні бойына жиғанын көргенде жаның күйзеледі. Мұндайда Алла оларға ынсап берсін дейміз...
Өмірден береке тапқан халде, Алланың берген ырзық-несібесін орынды жұмсап, ысыраптың қай түрі болса да оған жол бермей, салиқалы өмір кешуге Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін! Тәуелсіздігіміз мәңгілікке жалғассын!
Нұрлан қажы АСАНОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Өскемен аймақтық өкіл имамы
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=8937&Itemid=2