Әділғазы БЕКТІБАЕВ, т.ғ.д.: Жер қойнауындағы пайдалы қазылымдарды игеруде ата-бабамыздың үлесі үлкен
- Әділғазы Дәуітұлы, «Жері байдың - елі бай» дейді халқымыз. Қазақстан жер көлемі жағынан әлемдегі мемлекеттер арасында тоғызыншы орын алатынын қазір екінің бірі біледі. Ал көзден таса жатқан жер қойнауындағы табиғи байлығымыз жайлы көпшілік біле бермейтіні анық. Сол туралы не айтар едіңіз?
- Сұрағыңыз орынды, бірақ менің мамандығыма жанама түрде ғана қатысы бар. Олай дейтінім, жер қойнауында, яғни өзіңіз айтқандай көзден таса жатқан табиғи байлықты іздеу, ашу, олардың қандай тереңдікте жатқаны, кен орнының көлемі, пішіні, жатыс жағдайлары және тағы да басқа кен өндіруге қатысты ерекшеліктері жайлы мағлұматтармен геологтар айналысады. Ал біздер, яғни тау инженерлері, геологтардың әр кен орны туралы анықтамаларына сүйеніп, жер қойнауындағы барланған пайдалы қазылымдар қорының ысырапсыз алынуына, толығырақ игерілуіне назар аударамыз. Дегенмен әр адам тек өзінің мамандығымен шектеліп қалмай, мүмкіндігінше іргелес мамандықтардың жұмыс нәтижелерінен де хабардар болса артық болмайды ғой.
- Әділғазы Дәуітұлы, «Жері байдың - елі бай» дейді халқымыз. Қазақстан жер көлемі жағынан әлемдегі мемлекеттер арасында тоғызыншы орын алатынын қазір екінің бірі біледі. Ал көзден таса жатқан жер қойнауындағы табиғи байлығымыз жайлы көпшілік біле бермейтіні анық. Сол туралы не айтар едіңіз?
- Сұрағыңыз орынды, бірақ менің мамандығыма жанама түрде ғана қатысы бар. Олай дейтінім, жер қойнауында, яғни өзіңіз айтқандай көзден таса жатқан табиғи байлықты іздеу, ашу, олардың қандай тереңдікте жатқаны, кен орнының көлемі, пішіні, жатыс жағдайлары және тағы да басқа кен өндіруге қатысты ерекшеліктері жайлы мағлұматтармен геологтар айналысады. Ал біздер, яғни тау инженерлері, геологтардың әр кен орны туралы анықтамаларына сүйеніп, жер қойнауындағы барланған пайдалы қазылымдар қорының ысырапсыз алынуына, толығырақ игерілуіне назар аударамыз. Дегенмен әр адам тек өзінің мамандығымен шектеліп қалмай, мүмкіндігінше іргелес мамандықтардың жұмыс нәтижелерінен де хабардар болса артық болмайды ғой.
Қазақ жерінің алып жатқан аумағы 2,7 млн-нан астам шаршы шақырым. Жер байлығы - ел байлығы емес пе, жеріміз қандай кең болса, оның қойнауы да әртүрлі асыл қазынаға сондай мол. Көпке арналған әдебиет беттерінде айтылып жүргендей Д.Менделеев кестесіндегі келтірілген химиялық элементтердің қазіргі таңда қазақ жерінде кездеспейтіндері кемде-кем. Солардың басым көпшілігі бұл күнде еліміздегі халық шаруашылығының күнделікті мұқтажын қанағаттандырады.
- Осындай аумақты жерде шамамен қанша кен орындары бар?
- Тарихи деректерде XX ғасырдың басына дейін қазақ жеріндегі ашылған кен орындарының жалпы саны 857-ге жетіпті. Ал геологтардың деректеріне сүйенсек, өткен ғасырдың екінші жартысында республика жеріндегі өндірістік әртүрлі пайдалы қазылым кен орындарының саны екі мыңнан астам екен. Мұның біразын ертедегі қазақ жерін мекендеген адамдар да қазып алып, өздерінің күнделікті қажеттеріне жаратқан. Оған «чудь» дәуірі (өте ертегі заманда) адамдарының кен орнын іздестіріп, жер бетіне шығып жатқан немесе оған жақын орналасқан кен орындарынан шығарылған пайдалы қазылымдардың өңделген қалдықтары мен біздің заманымызға жеткен қазындылары дәлел. Кейбір мамандардың пікірінше, «чудь» дәуірі қалдықтарының қазақ жеріндегі көптігі жағынан тек Африкадан ғана қалып тұрған көрінеміз. Тау-кен өнеркәсібінің ол кездегі дәуірлеген жерлері, әсіресе, Алтай өңірі мен Орталық Қазақстан болса керек. Мұның өзі қазақ жеріндегі қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған тау-кен ісімен байланысты ірі-ірі өнеркәсіптердің тез арада бой көтеріп іске қосылуына оң ықпал тигізгені анық.
Ғасырлар бойы мүлгіп жатқан жер қойнауындағы пайдалы қазбалар соңғы екі ғасырдың аясында адамзаттың тіршілігіне, әлеуметтік дамуына үлкен әсерін тигізіп, бір кездегі елеусіз қазақ елін әлемге паш ете бастады.
- Еліміздің қай жерінде кен орындары көп кездеседі?
- Ересен байлығымен қиялыңды қайран қалдыратын Кенді Алтай, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Торғай, Қостанай обылыстарын мақтанышпен атауға болады.
Кенді Алтайдың сирек және шашыранды элементтері орналасқан бірнеше жүздеген мыс, қорғасын, мырыш, алтын, күміс кен орындары белгілі. Кеңес Одағының тұсында «Қазақстан - түсті металлургия қоймасы» деген атаққа тегін ие болған жоқ. Өйткені қорғасын, мырыш, күмістің қоры жағынан Кеңес Одағында бірінші, мыс қоры бойынша екінші орын алатын. Тек Орталық Қазақстан жерінің қойнауында 1700 мыс, 650 қорғасын және мырыш кен орындары мен олардың белгілері, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстанда 110, Алтайда 900 түсті металдар кен орындары мен олардың белгілері анықталған-ды.
Қазақстан тек қана түсті металдарға ғана бай емес, оның байтақ қойнауында халық шаруашылығының қай саласына болмасын қажетті пайдалы қазбалардың басқа түрлері де жеткілікті. Мысалы, көмір, мұнай, шымтезек, газ, жаңғыш тақта тастарға өте бай. Қазақ жерінің жер қойнауындағы көмір мен темір кенінің қоры жағынан бұрынғы Одақ бойынша Ресей мен Украина республикаларынан кейін үшінші орында болатын. Қазақстанның байтақ даласына орналасқан жаңғыш қазылымдар кен орындары мен олардың белгі берген жерлерінің саны 455-тен астам. Болжам бойынша тек қана көмірдің жалпы қоры 280 млрд тоннадан асатын көрінеді.
Ал геологтардың деректеріне қарағанда, тек Атасу темір-марганец бассейнінде қара металл кен орындары мен олардың белгі берген жерлерінің жалпы саны 578 болса, оның 401 темір, 177-сі марганец металдарына қатысты.
Сол сияқты біздің республика ванадий, хром, никель, кобальт және басқа да металдар кен орындарының қорлары жағынан жетекші орындарға ие деп айтуға болады. Айта берсе ұзақ әңгіме. Қазақ жерінің қойнауындағы барланған табиғи байлықтарды бір мақала көлемінде барлығын баяндап беру мүмкін емес, оның қажеті де бола қоймас. Баймыз деп ауыз толтырып айта бергеннен халық бай болмайды. Бардың қадірін білетін ақыл, ұқыпты қол, ойлы әрекет керек оған. Сонда ғана байлық өзінің қасиетті ұғымына ие болады, толық құндылыққа айналады.
- Жер қойнауындағы осыншама мол табиғи байлық көздерінің ашылуы тек қана барлау жұмыстарын жүргізіп, зерттеу арқылы ғылыми тәсілдерге негізделген бе, қалай?
- Әрине, мұндай мол пайдалы табиғи байлықтың көздерін жүйелі түрде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп барып ашу, ол кезде мүмкін емес еді. Олардың бірсыпырасы тек бұрғылау техникасының көмегінен басқа ежелгі «чудь» дәуірінен қалған қазындылар ізін пайдалану арқылы табылса, кейбіреулері таң қаларлық кездейсоқ оқиғалар нәтижесінде ашылғаны туралы аңызға бергісіз қызықты деректер бар.
«Бір жоқ, бір жоқты табады» дейді қазақ. Сол сияқты Убаған Торғай қоңыр көмір бассейінінің табылуы былай болыпты. Геолог А.Волков боксит іздеп ұңғыма бұрғылау кезінде кездейсоқ 56 мен 102 м аралығындағы тереңдікте 0,15 метрден 1,04 метрге дейін қалыңдығы бар төрт қоңыр көмір қабатына кез болады. Осыдан бастап, бұл жерде тиянақты барлау жұмысын жүргізу нәтижесінде 16 қоңыр көмір кенорны ашылады. Сөйтіп, олардың жалпы қоры 40 млрд тоннаға жетеді деген болжам жасалыпты.
- Кен орындарының ашылуына жергілікті ұлттың, тіптен қазақтардың да үлесі бар емес пе?
- Кейбір кен орындардың ашылу тарихы жергілікті қазақ шаруаларының атымен байланыстылығын айта кеткен жөн. Мысалы, бір кезде Одақ бойынша үшінші көмір ошағы деп аталған Қарағанды тас көмір бассейнін қойшы Аппақ Байжанов ашқан көрінеді. Бұл аңыз былай баяндалады: «Аппақ Қарағанды сайында жер үстіне шығып жатқан қара тастарды жинап алып, тас қорықпен сүт пісірмекші болып от жағады. Біраздан кейін қайта оралып келсе, әлгі тастары жанып кетіпті. Қызу шоқтың үстіне қара тасты тағы да үйіп салады. Ол да жанып кетеді. Сосын ол қара тасты қапқа толтырып, үйіне әкеліп отын ретінде пайдаланады. Кейін жаңғыш қара тастарды бүкіл ауыл болып қазып, отын орнына қолданады. Бұл ауыл пайдаланып жүрген жаңғыш қара тастың хабары көрші ауылдарға да жетеді. Сөйтіп, көмір қазушылардың саны көбейеді. Әсіресе, ұсталар қуанған көрінеді. Өйткені көрікте тас көмір жақсы жанады.»
Қазіргі көмір өндірудегі алыптардың бірі Екібастұз көмір кен орны да Қасым Пішенбаевтың атымен байланысты деген деректер бар. Ол былай болған: «Қасым елден кетіп, көпес орыстарға жалданып жұмыс істеген. Оның міндеті - даладан кен іздеп, табылған кен орнына сол орыс көпестерінің аттары жазылған қағазды көміп белгілеу. Осындай бір сапарында ол Керекудегі (Павлодардағы) Деров деген көпестен шығып келе жатып, жолда кездескен сортаң тұзды көлдің оңтүстік батысында шығып жатқан көмірге көзі түседі. Ол кезде бірталай кен түрлерін ажырата білетін Қасым оның тас көмір екенін анықтаған. Одан соң көпестен алған белгіні сол жерге көміп, үстіне өз белгісін екі бас тұз қояды. Содан бері бұл кен орны «Екібастұз» деген атқа ие болған. Қасым Керекуге қайта оралып, дорбаға салып алған көмірді Деровқа көрсетеді. Ақысына Деров оған қолма-қол 30 сом ақша береді. Өзін шахта қазуға бастық етіп тағайындайды. Көмір қабатына жеткеннен кейін Қасымды ол жұмыстан босатып, жер өлшеушінің еңбекақысын төлеп, кен орнын іздеуге жібереді. Алғашқы шахта Қасым шахтасы деп аталып кетеді.
Қасым, сондай-ақ Қандықарасу, Жосалы, Шоман т.б. бірнеше кен орындарын ашқан. Сол сияқты, Қарасай геологиялық барлау тобының аға коллекторы Мірғалым Фахрезетдинов және Әмірғали Қашауғалиев Бүргем сайынан қорғасын кенінің бай орнын тапқан. Сол кезден бастап, бұл кен орнын «Мірғалымсай» деп атаған.
Реті келгенде айта кетейік, Успен кенішінің ашылу тарихы былай болыпты. 1847 жылы жазда орыс көпесі Ушаковтың кен орнын іздейтін барлаушыларының бірі Нелді шатқалынан бір қап мыс кенін алып келеді. Ушаков оған бір қойдың бағасындай күміс ақша береді де, өзі мыс кенін алған жерге барып, көптеген ор сияқты қазындылар мен үйінділерді көреді. Сөйтіп, бұл қазындылар ерте замандағы адамдардың кен өндірген жерлері екеніне көзі жетеді. Ушаков көп ойланбай, бірден жоғары орынға Успен кен орнын ашқаны туралы хабарлайды. Сонымен, Нелді шатқалының иесі Боздақовтан 86 теңге күміс ақшаға 1852 жылы Успен кен орнын қазып алғанша жалға алады.
Қазіргі Жезқазған кенорны да біздің жыл санауымыздан 3000 жыл бұрын қола дәуірінде белгілі болған. Сол қола дәуірінің өзінде-ақ Жезқазғанда ірі мыс өндірісі болғаны анықталып отыр. Соның да нәтижесі боласа керек, ежелгі «чудь» қазындыларының ізімен бірталай кен орны ашылған-ды. Сол кезден қалған мыс қорытқан пеш, пайдалы қазылымдар ұсақтары, тас қайла, тас балта және тағы да басқа өндіріс құралдарының қалдықтары біздің заманымызға дейін сақталған.
Орыс көпестері сыйлық жасап, жергілікті қазақтарды кен орнын іздеуге жұмылдырып пайдалы қазылымдар көзін ашуда бірталай табысқа жеткенін ашып айтқан жөн. Көне қазындылары бар жерлерді жақсы білетін жергілікті қазақтардың көмегімен мыс, қорғасын және күміс кен орындары Берқара, Қызыл-еспе, Бес-шоқы, Белозерское және т.б. ашылды.
1847 жылы Н.Ушаков жоғары орындарға қола дәуірінің қазындылар ізімен белгілі болғанымен, ол тағы алты мыс кен орындарын аштым деп хабарлайды. Олар: Покровское қазіргі «Покро», Крестовоздвиженское - «Кресто», Петропавловское - «Петро», Златоусовское, Никольское және Спаское. Бұл жерлердің бәрін ол жер иесі Шияқ Тоқсыбергеновтен 400 теңгеге сатып алады.
Қазақ даласының шығыс жақ бөлігінен көпес Папов 35-ке таяу кен орны ашылғандығы жөнінде жоғары орындарға хабарлаған. Олардың көпшілігі ерте замандағы қорғасын, мыс және күміс өндірген қазындылардың ізі арқылы табылған. Әрине бұл - жер қойнауын игерудің сабақтастығының нәтижесі.
<!--pagebreak-->
Қостанай облысындағы өте бай ірі Соколов-Сарыбай темір кен орнының ашылуына түрткі болған геолог емес, басқа мамандық иесі-Орал аэрофлотының ұшқышы - М.Сургутанов. Ол жұмыс жағдайымен Николаевқа поселкасында тұрған Аят экспедициясының Қостанайдағы Орал геология басқармасына өзінің «ПО-2» ұшағымен жиі-жиі ұшып барып тұрған.
Білуге ынтызары мол, дарынды М.Сургутанов геологтармен араласып, қарым-қатынаста жүріп магниттік ауытқушылықтың неден болатынын естіп қаныққан. Бірде 1949 жылы көкті бұлт басқан, күн бұлыңғыр болатын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты оған өзінің ұшағымен жоғары көтерілмей жер бауырлап ұшуына тура келеді. Сондықтан да ол жиі-жиі ұшақ аспаптарына қарап ұшу бағытын қадағалап отырады. Бір мезгілде Сарыбай көлінің жанындағы шатқалдан өте бергенде кенеттен компастың магниттік тілі өзін қалыпты жағдайдағыдай емес, қалай болса солай бағытын өзгертіп сезік тудырады. Осы сапарынан қайтып келе жатып, тағы да әлгі жерге келгенде, компастың магниттік тілі бұрынғыдай бағытты дұрыс көрсетпей, ырықтан шығып кеткені байқалады. Осыны анықтау үшін М.Сургутанов жаңағы жердің үстінен олай-былай әлденеше рет ұшып өтіп, бұл арада бірдеңенің барына өзінің сенімін арттыра түседі. Ол осы сапардан келе сала өзінің жорамалын геологтарға хабарлайды. Геологтар М.Сургутановтың айтқанына ден қойып тыңдап, онымен бірге әлгі жерге келіп, арлы-берлі ұшып, компастың магниттік тілінің қозғалыс тәртібіне қарап, бұл жерде темір кенінің үлкен шоғырының жер бетіне жақын жатқандығынан деген қорытындыға келеді. Осы жорамалды 1949 жылы Торғай геофизикалық экспедицияның адамдары растайды. М.Сургутановқа геологтардың бір тобымен қоса, өте бай магнитті темір кен орнын барлап ашқандары үшін Лениндік сыйлық беріледі.
- Еліміз егемендік алғанға дейінгі кезеңдерде кен өндіру қарқыны қандай деңгейде болды?
- Академик Қ. Сәтбаевтың айтуына қарағанда, ерте заманда Успен кенішінен мөлшермен 200 мың тонна кен өндіріп, одан 20 мың тонна мыс алған екен.
1955-1883 жылдар аралығында Спаск кенішінен 242855 пұт, ал Воскресенск кенішінен 26587 пұт мыс кендері өндірілген көрінеді. Қазіргі кезде белгілі болғандай Жезқазған тіпті қола дәуірінде ірі мыс кенін өндіру орны болған екен. Оған миллионға тарта тонна бай мыс кендерін қазып және өндірілген жұмыстардың қалдықтары мен іздері дәлел.
Қазақ жерінде кен өндіру жұмысы болжам бойынша осыдан төрт мың жылдай бұрын басталғаны мәлім. Кен іздеушілер мен оны қазушылар қола дәуірінің адамдары болса керек. Алтай мен Қалба маңында кен өндіру тарихын көп жылдай зерттеумен айналысқан геолог С.Черниковтың есебі бойынша Алтайда кен өндіру жұмысы жүргізіліп, қола дәуірінде 500 жыл бойы орташа жылдық қола өнімі 5 тоннаға дейін жетіпті. Ол дәуірде мұндай көлемде металл өндіру таңқаларлықтай жағдай. Одан жергілікті адамдар найза, пышақ, қайла, жебенің ұшын, семсер т.б. құралдар жасап, пайдаланған. Сонымен, қола дәуірінде Қазақстанның шығыс бөлігі айтарлықтай ірі өндіріс ауданына айналған. Қоладан жасалған әртүрлі бұйымдар тіпті Еуропаның батысына дейін жеткізілген. Сол сияқты кен өндіру жұмыстарының іздері Қазақстанның басқа жерлерінде де жүргізілгендігін дәлелдейді.
«Чудь» дәуірінен кейін Қазақстан жер қойнауының табиғи байлықтарын өндіру белгісіз себептермен тау-кен ісі ұзақ уақытқа дейін тоқырауға ұшырайды. Тек он сегізінші ғасырдан бастап, кен өндіру ісі қайтадан белең алады. Бұл орыс империясының қазақ жерін отарлау саясатына байланысты еді. Бұрынғы көне замандағы кен өндірілген жерлердің ізімен және жергілікті халықтардың көмегімен орыс көпестері көптеген мыс, қорғасын және түсті металдар мен қоса басқа да пайдалы қазылымдар кен орындарын тауып, Қазақстан жерінен кен өндіру жұмыстары қайтадан қанат жайды.
Патша өкіметі тарапынан қазақ жеріне көптеген экспедициялар ұйымдастырылады. Олардың жұмыс қорытындылары нәтижесінде қазақ жерінің пайдалы қазылымдарға таңқаларлықтай бай екені анықталды. Мұны естіген өнеркәсіпшілер баю мақсатымен қазақ даласына баруға аңсарлары ауды. Сөйтіп, қазақ жерінде кен өндіру ісінің екінші кезеңі басталды. Орыс көпестері жергілікті халықтармен өздеріне пайдалы сауда жүргізуімен қатар, қазақтарды кен орнын ашуға да ұтымды пайдаланады. Ал кен орны бар жерлерді олардан арзан бағаға сатып алып, тиімсіз бола бастаған кездерде екінші біреуге сатып кетіп отырған.
Қазақстанның басқа жеріндегідей Алтайда да кен өндіру жұмысы қарақшылық тәсілмен жүргізіліп, кен орындардың ең бай сапалы жерлерін ғана қазып алатын болған. Орыс көпестері арзан жұмыс қолын пайдаланып, алтын, күміс және қорғасын мен мыс өндіру арқылы адам айтқысыз мол пайдаға кенеледі. 1747-1908 жылдар аралығында Алтай кен округі 2,5 мың тонна алтынданған күміс, 115 мың тонна қорғасын және 18 мың тонна мыс алыпты. Кейіннен алтынданған күмістен 30-35 пұт алтын айырған. Сонымен, Кенді Алтайдан өндірілген күміс Ресейдегі қорытылатын барлық күмістің 75 пайызын құраған екен.
Кезінде 1857 Қарқаралы округіне қарасты Вознесенск мыс кенішінен 6-7 метр тереңдіктен таза (99 %) үш кесек табиғи мыс табылған. Біреуінің салмағы - 52,5, екіншісінің - 49, үшіншісінің - 39,5 пұт болыпты. Революцияға дейінгі Қазақстан жайлы білгір Е.Бекмұхаметовтың айтуынша, ең ауырын 1858 жылы ағайынды Поповтар Ресей императорына сыйға тартқан екен. Қазіргі таңда ол (Ресей императорына сыйға тартқан үшінші таза табиғи мыс кесек) Санкт-Петербургтағы тау-кен институтының мұражайында сақтаулы. Қалған екеуін сол жылы Париждегі дүниежүзілік көрмесіне жіберіпті.
Осы қыруар пайдалы қазылымдар байлығы өз алдына, ал олардың бір-біріне жақын шоғырлана орналасуының да айырықша маңызы зор. Кейбір шикізаттарды алысқа тасымай, жол шығынын азайтып тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Айталық, жерінің аумағы 800 мың шаршы шақырымға таяу Орталық Қазақстандағы мыс өндіретін алып Жезқазған, Қоңырат, темір кен орындары - Атасу мен Қарсақпай, марганец кен орындары - Атасу мен Жезді, атақты Қарағанды көмір бассейніне жақын орналасқан. Сонымен қатар жер бетінің жазықтығы, ауа райының қолайлығы, ашық күндердің молдылығы, құрғақтығы, кен денелерінің жер бетіне жақын орналасуы және тағы басқа да көптеген оңтайлы жағдайлардың жиынтығы кен өндіру жұмысының қарқындауына, оның өзіндік құнының төмен болуына және кен қазу жұмысын ашық тәсілмен жүргізуге оң ықпал жасады.
- Ал енді мұнай мен басқа да кен орындары туралы не айтасыз?
- Бұдан мың жылдан астам уақытта мұнай адам баласына жарық беру мен ем үшін ғана қолданылған көрінеді. Қазір мұнай және одан өндірілген заттар халық шаруашылығының барлық саласында оның сан алуан түрлі мұқтажын өтеу үшін пайдаланылады.
Бір тонна мұнай 1,3 тонна антрацитты, 3 тонна қоңыр көмірді, 33 тонна шымтезекті және 7 тонна жанғыш тасты алмастырады екен.
Соңғы уақытқа дейін Қазақстан мұнай өндіру саласында елеусіз болып келсе, Жетібай мен Оңтүстік Маңғышлақтағы Өзен, Кенқияқ, Прорвы, Боранқұл және басқа да ірі Каспий ойпатының Оңтүстік шығысында кен орындарының ашылуына байланысты бұрынғы Одақ бойынша үшінші орынға ие болды.
1967 жылдың басына дейін қазақ жерінде 41 мұнай кен орны бар екені анықталды.
Үлкен мұнайды іздестірудің бастамасы 1959 жылдан басталды делінеді. Осы бағытта көп еңбек етіп, тер төккен көрнекті геологтардың үлкен мұнайды ашып игерудегі қосқан үлестері орасан зор. Солардың қатарындағы Ж.Досмұхамбетов, Б.Дьяков, Ш.Есенов, Е.Иванов, Н.Имашев, Н.Калинин, X.Махамбетов, В.Матвеев, В.Токарев, Н.Черепанов, Х.Өзбекғалиев 1966 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды.
Көпшілік зерттеушілер қара металдар қатарына темір, марганец, ванадий, хром, никель және кобальт кендерін жатқызады.
Қазақ жерінде бұл кезде 30-дан астам темір кен орны барланып, оның жалпы қоры шамамен 77,8 млрд тонна деп есептелген-ді. Жоңғар Алатау және Орталық Қазақстанда көне заманда темір өндірілген қазындылардың іздері де осы күнге дейін сақталған.
Қазақстан бұрынғы Одақ бойынша Ресей мен Украинадан кейін үшінші орын алатын.
Бір кезде Орталық Қазақстандағы темір кенінің қоры жағынан Бельгия, Италия, Норвегия, Португалия және Швецияның қорларын қоса есептегенге тең деп саналған-ды.
Кезінде Республикада 15 марганец кен орны белгілі болған. Олардың болашақ қоры 180 млн тонна деп есептелінген-ді. Марганецтің болатқа қосындысы оған тұтқырлық, беріктік және созылымдылық қасиет береді. Сондықтан да ол қара және түсті металлургия салаларында кеңінен қолданылады.
Ванадий шашыранды элементтер қатарына жатады. Қазан төңкерісіне дейін Қазақстанда ванадий кен орны мүлде белгілі болмаған. Қазіргі уақытта біздің республика ванадийдің қоры жағынан дүниежүзінде алдыңғы орында.
Хром қосындысы болаттың тұтқырлығын арттырып, беріктігін күшейтіп металдың мүжілуге қарсылық ету қасиетін арттыра түседі. Бір кезде Қазақстан жерінде хромит кен орындары белгісіз болса, бұл күнде өзінің қоры жағынан дүниежүзі бойынша жетекші орынға ие. Тек қана Дөң тобындағы кен орындарының қоры Оңтүстік Африка Одағы, Түркия, Греция және басқа елдердің қорларын қоса есептегендегі мөлшерден анағұрлым көп деп саналған.
Никель мен кобальт әдетте табиғатта бірге кездеседі екен. Егер никельдің барланған қоры жағынан бұрынғы Кеңес Одағы дүниежүзінде бірінші орын алған болса, Қазақстан Кеңес Одағы бойынша екінші орын алатын.
Қазақстанда 37 никель мен кобальт кен орындары белгілі. Солардың барлығы да игеруге болатын және игеруге дайын кен орындар. Олар Ақтөбе мен Қостанай облыстарында орналасқан.
Міне, қазақ халқының үлесіне тиген қыруар табиғи байлықты төкпей-шашпай, өз мұқтажы мен болашақ ұрпақтар игілігіне дұрыс пайдаланудың қамын ойлау - бүгінгі ұрпақ пен келер ұрпақтардың ар-ожданына байланысты мәселе.
- Елбасының Жолдауында ел байлығын тиімді пайдалану мәселесі де айтылып жүр. Бұл біздің болашағымыздың негізі емес пе?
- Әлбетте. Қазақстан тоқсаныншы жылдардың басында егеменді ел болды. Енді жерінің байлығын өзіміз басқарып, қалауынша пайдаланып халық игілігіне жұмсауға қолы жетті. Тіпті бүгінгінің ғана емес, болашақ ұрпақтың да қамын ойлауға еркіндік туды. Осы уақыттан бастап, Қазақстан Республикасының жер қойнауындағы пайдалы қазылымдарға қамқорлықпен қарап, үнемдеп пайдаланудың кезеңі басталды. Бұған Президентіміз Н. Назарбаев айрықша мән беріп отыруы көрегендік саясаты деп білген жөн. Қазіргі күнде еліміздің бірсыпыра кен орындары шетелдіктердің уақытша басқаруына берілді.Олар еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Тек жер қойнауындағы пайдалы қазылымдар халық мүддесіне сай қамқорлықпен қазылып алынып жатса, еліміз үшін үлкен пайда.
- Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Жексен АЛПАРТЕГІ
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=8967&Itemid=2