Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 4106 8 пікір 19 Тамыз, 2019 сағат 10:15

«Ұлттық сана әліпбиді қолдаса, реформаны жүзеге асыру да оңай болмақ»

2018 жылы Елбасымыздың Жарлығымен қазақ тілінің жаңа әліпбиі бекітілгеннен кейін Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жаңа әліпби емле ережелерінің жобасын сараптау үшін республиканың барлық өңірлерінде мемлекеттік қызметкерлер және мектеп мұғалімдері мен оқушылары арасында сынама-сауалнама жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ,  Республиканың барлық өңірлерінде жаңа әліпбиге көшудің маңыздылығы мен артықшылықтарын түсіндіруге бағытталған түрлі деңгейдегі кездесулер мен семинарлар өткізді,  Білім және Ғылым министрлігіне қарасты А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мамандары әзірлеген емле ережелерін насихаттау-түсіндіру жұмыстарын  ұйымдастырды.

Байқағанымыз, жалпы жазу-сызуды реформалауға байланысты бүгінгі қалың жұртшылықтың ықыласы оң екендігін аңғаруға болады. Әсіресе жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінің  белсенділігі өте жоғары. Ағылшын тілін меңгеруге бет алған жастар жаңа графиканы үйренуге құлшыныс танытып отыр.  Дегенмен егде жастағы азаматтар мен орыстілді азаматтарымыздың  жаңа әліпби мен емле ережелері бойынша мазалайтын сұрақтары да, пікірлері де аз емес. Осыған байланысты жаңа әліпбиді қабылдауға, меңгеруге байланысты мәдени-тілдік қоғамды келесі топтарға бөлуге болады:

Бірінші топ –  білім-ғылым мекемелерінде оқитын, қызмет жасайтын қоғам мүшелері. Екінші топ – оқу-білім саласына жатпайтын мекемелердегі қызметкерлер, жеке кәсіппен айналысатын тұлғалар. Үшінші топ – ауыл тұрғындары, зейнеткерлер, күнделікті күн көріс қамымен жүрген азаматтар.

Бірінші топтағыларға жаңа әліпбиді меңгеруде еш қиындық тумайды, себебі олар үнемі осы процеспен, жаңалықтармен араласып отырады. Ал күнделікті осы үрдістен алшақ екінші және үшінші топтағылар үшін латын графикасына көшуге ақпараттар әлі де түсініксіздеу, күмәнмен қарайтындар бар. Олардың ішінде латын тілімен шатастырып жүргендер де, әріп алмастыру деп жаңсақ түсініп жүргендер де жасырын емес.

Жаңа жазу сызуды менгеретін қоғамдағы осындай топтарды республикамыздағы облыстық тіл үйрету орталықтары  курс жұмыстарын бастап та кетті. Әдіскерлер латын әліпбиін үйретудің озық технологиялары мен әдістерді пайдаланып, оқу құралдарын әзірлеуде. Латын әліпбиінің қолданыс аясын кеңейтуге байланысты түрлі акциялар мен телеойындар ұйымдастыруда.  Дегенмен жаңа емлені меңгертуде мына мәселелерді назарға алуды қажет деп санаймыз:

Ең басты, алғашқы сабақтар  ұлттық сананы оятуға, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға бағытталған  дәрістерден басталуы аса маңызды.  Себебі қазіргі мәдени-тілдік қоғамның санасында орыс әліпбиінің ақпараттық коды сақталып тұр.  Сондықтан кирилл саналы қоғамға  орыстың әліпбиі мен орфографиясының боданынан шығуды түсіндіруді қажет етеді. Әсіресе қоғам мүшелерінің арасындағы орыстілді азаматтарымыз сөздік қорымыздағы шеттілдік сөздерді қазақ тілінің дыбыстық әуезіне игеріп, бейімдеп жазуға байланысты жаңа ережелерге түсінбеушілікпен қарайды. Яғни бұл  олардың үйреншікті кирилл жазуында шет тілінен енген сөздер өзгертілмеу керек деген психологиялық кедергілердің болуымен байланысты.

Елбасымыздың мына сөздеріне тереңірек мән берсек: «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» дейді.  Профессор Н. Уәли елбасымыздың бұқаралық сананы өзгертуге қатысты сөздерін былайша таратады: «Жаңа ұлттық әліпбиге негізделген жаңа графика ескіліктің кері әсері мен кеңестік отаршылдық салдарынан етек жайған «бодандық сана» стереотиптерінен арылуға, тәуелсіз елдік «бостан санасының», заманауи жаңаша ойлау жүйесінің қалыптасуына мықты түрткіжайт болары сөзсіз».  Сондықтан тыңдаушыларға қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен бірігейлігінен айырылуына себеп болған тарихи, саяси, лингвистикалық  түркіжайттарды түсіндіретін, тілдік сананың рухани жаңғыруына бағытталған дәрістерден бастаудың маңыздылығы зор. Осындай түсіндірулерден кейін бөтен тілдік стереотиптен арылған рухани жаңғырған ұлттық санадағы тұлғаға жаңа білім мен дағды оңай әрі сапалы меңгертіледі.

Сондай-ақ, жазудың өзгеруі халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлеміне, психологиясына әсер етеді. Сондықтан графикалық тұрпаты өзгерген жаңа жазу қоғамның кез келген мүшесіне лингвопсихологиялық дискомфорт тұдыратыны белгілі жайт. Сондықтан жаңа әліпбиді графикалық және визуалдық тұрғыдан қабылдау –  алғашқы кезде уақытша және өтпелі кезең екенін түсіндіре кеткеніміз жөн.

Сонымен жаңа графиканы Республиканың барлық кеңістігіне оңай әрі белсенді түрде меңгертудің бірден бір жолы –  ұлттық сананы жаңғыртуға байланысты жұмыстарды күшейту. Профессор Н. Уәли айтқандай: «Кез келген реформа ұлттық санамен байланысты. Егер ұлттық сана әліпбиді қолдаса, реформаны жүзеге асыру да оңай болмақ».

Айнұр Аташбекқызы Сейітбекова,

Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»  ұлттық ғылыми-практикалық орталығының  Әдістеме басқармасының басшысы,  филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504