«Қорғансыздың күнінен» Жолдауға дейін
Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың халыққа алғашқы Жолдауының түпкілікті мәні еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі – сындарлы қоғамдық диалог екендігін жеткізуді мақсат тұтқаны айқын аңғарылды.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгеше» демекші, құжаттың басты ерекшелігінің өзі - бұдан былай билік пен қоғам арасында немқұрайлы, жасанды емес, тірі, тиімді қарым-қатынас орнату көзделіп отырғаны бүкіл ел тұрғындары арасында елеулі ықыласпен қабылдануының да сыры осында болса керек.
Осы тұста қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару барлық мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналатындығы жариялануының маңызы терең. Мемлекет басшысы айтқандарының сөз жүзінде қалмайтынын, яғни осы мақсатта Президент Әкімшілігінде қарапайым азаматтардан келіп түсетін өтініштерді тиісінше мемлекеттік органдардың уақтылы, формальді емес, сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын арнайы бөлім құрылғандығын жеткізуі үлкен үміт ұялатты. Демек, халықпен тиімді кері байланыс орнатылатыны мәлімделді. Өйткені ұзақ жылдар бойында азаматтар «орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен бейқамдығына байланысты ең жоғары билікке - Президентке жүгінуге мәжбүр» болып келген. Мемлекет басшысы бүкпесіз мәлімдегендей, тұрғындар тарапынан белгілі бір саладағы шешімдердің әділетсіздігіне қарсы шағымдардың көбеюі мемлекеттік органдарда, сондай-ақ аймақтарда күрделі түйткілдердің, бұған біздің қосарымыз, терең дағдарыстың, рухани құлдыраудың бар екенін көрсетеді. Бірінші кезекте, қоғамда мәдениеттіліктің төмендеумен бітіспес күрес турасында жақында ғана өткен Қоғамдық келісім ұлттық кеңесінің алғашқы отырысында ашық ортаға салынғаны мәлім.
Басқасын айтпағанда, Жолдауда ел ішінде жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстардың жиілегені, ендеше оларға қатысты қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігі парламент пен үкіметке тапсырылды.
Иә, бүгінгідей адамзат өз дамуының орасан жетістіктеріне қол жеткізіп отырған кезеңде мұндай жабайылық бейнедегі қиянат қылмыстардың орын алуының жалғасып келе жатуы сөзсіз ашындырады, сонымен бірге елдегі әлеуметтік жағдай мен адамгершілік, ізгілік қасиеттердің ахуалы жөнінде елеулі алаңдатады. Оның тамырын іздегенде ой-желісі еліміздің өткен тарихына жетелеп, қолдан билік, бастан ерік кеткен отарлық кезеңдердің көмескі, көлеңкелі күндеріне, сол зілді заманның зұлматын ұрпақ санасынан өшірмеуді мұрат тұтқан Алаш қайраткерлерінің өсиеттеріне, өшпес ұлттық әдеби туындыларға тағы бір оралып, тереңірек ұғынуды талап етеді. Өйткені, біз өмір сүріп отырған кеңістікте соңғы жүз жыл көлемінде қоғамдық құрылыстың атаулары мен сыртқы белгілері бірнеше мәрте өзгергенімен, ішкі дүниеде, сана-болмыста айна-қатесіз қайталанып келе жатқан келеңсіз жайттардың қалып қойғандығына көз жетуде.
Бұл тұрғыда біздің көз алдымызға дәуір суреткері, ұлы гуманист Мұхтар Әуезовтың әйгілі «Қорғансыздың күні» әңгімесінің ауыр оқиғасы келеді. Шексіз кең сахараның иен бір түкпірінде үйткіген боранды қыста жападан жалғыз қыстауда асыраушы азаматынан айрылып, қасіреттен қан жұтып отырған: бірі төрінен көрі жақын кәрі кемпір, екіншісі көзі су қараңғы жесір, үшіншісі ендігі бір үйдің жалғыз сүйенері, соңғы үмітіндей болған күнәдан пәк он үш жастағы Ғазиза – осынау бейшара үш әйелдің басындағы қисапсыз тауқымет, шеті-шегі көрінбес қасірет. Мұның барлығы аздай, енді оларды басынып, қаралы отауға бата жасағансып келіп отырып, өз үйінде зорлықпен Ғазизаның абыройын төккен Ақан деген болыстың айуандығы. Қорлық пен мазаққа, сұм дүниенің тозағына көне алмаған Ғазиза ғазиз жанының соңғы зарын айтуға боранды түнде әкесі мен бауыры жатқан молаға жетіп, аязды далада қатып өлген сұмдық жайт.
Осылайша, «Қорғансыздың күнінде» дана Мұхаң бір үйдің басына түскен зіл-батпан қасірет оқиғасы арқылы түпсіз дағдарысқа түскен жалпы қоғамның сорақы бейнесін, адамдық қалыптан шығып, азғындап бара жатқан кейбір ел жуандарының опасыздығын, қырдағы қарапайым адамдардың бастан кешіп отырған орасан тауқыметінің терең тамырларына дейін жалаңаштап, айқара ашып қапысыз баяндап берген. Көлемі шағын, мағынасы тұңғиық осынау туындыда әділетсіздіктің сұмдық көрінісі, өрескел, шектен шыққан, адамның ақылына сыймайтын зұлымдық әшкереленіп, барша адамзат алдына ащы сауал тасталған. Мұндай адамдықтан тым алыс, хайуан екеш хайуанның да жасамайтын жауыздығын қазақтың надан, азғын, опасыз байшыкеші өз қарындасына жасауға неге барды? Ұлы гуманист М.Әуезов қоғам басына түскен осынау терең трагедияның табиғатын тануға, одан қорытынды жасауға, келер ұрпақтардың мұндай жабайылықтан қамырығып қарсы шығуына шақырады.
«Қорғансыздың күнінде» біз өткен ғасыр басындағы қазақ қоғамының күрделі саяси, әлеуметтік, этникалық проблемаларын көреміз: елдік құрылымның күйреуі, әлеуметтік теңсіздік, адам құқығының аяққа тапталуы, күштілердің әлсізге ашық қиянаты, әйел теңсіздігі, тұрмыстық қиянаттың өршуі, адамгершілік қасиеттің, моральдік, діни құндылықтардың құлдырауы. Шындығында, бұл баяндағы қорғансыздар аяулы Ғазиза, оның соқыр шешесі, кәрі әжесі емес – сол кезеңде отарлық қамыты мойнын қиып, еңсесін езген жалпы, ұлт, әлеумет, халық болатын.
Тәуба! Содан бері де, міне, бүтіндей бір ғасырды артқа тастап, тарихтың қатыгез толқындарынан қисапсыз зардап шексе де рухы сынбаған, жігері жасымаған мәңгілік ата жұртта орнаған тәуелсіз мемлекетімізде оның Президентінің еліне Жолдауында тайда таңба басқандай мәлімделгендей, Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлі барған сайын бекемделіп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністік нығая бермек. Мұндай мәуелі мақсаттарға қол жеткізудің жалғыз және бірден бір сара жолы - үлкен саясаттың құралына айналған мемлекеттік қазақ тілінің саяси һәм қоғамдық қуатының түбегейлі мойындалып, түрлі тарихи себептермен, анығында көп жағдайда өз еріктерінен тыс, Қазақстанға қоныс аударып тұрып жатқан түрлі этностардың ұлтаралық қатынас тілі болуында. Олай болса, «Қорғансыздың күніндегі» сонау көңілсіз жайттар бүгінгі заманымызда енді қайталанбастай келмеске кетіп, Жолдауда ортаға салынған өзекті, үмітті жайттардың қапысыз шешімдерін табатындығына кәміл сенімдеміз.
Мұхтар Кәрібай
ҚР СІМ қызметкері
Abai.kz