Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жолжазба 5521 35 пікір 17 Қыркүйек, 2019 сағат 11:04

Қызылорда облысының ардагерлері Өзбекстанға барды

Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында Қызылорда облысының ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Ташкент-Самарқанд-Бұхара бағыты бойынша «Ежелгі Согдианаға саяхат» турымен Өзбекстан республикасында болып қайттық. Бүгінгі еліміздегі саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайды тереңдеу пайымдау үшін көрші республиканың жайын білген артық болмас еді. Көргеніміз де, көңілге түйгеніміз де көп. Алдымен жер жағдайын, табиғи байлығын, халық өсімін өзімізбен салыстырып көрейік.

Өзбекстан аумақтық-әкімшілік жағынан бір автономиялық республика мен 12 облысқа бөлінеді. Жер көлемі 447,4 шаршы шақырым, дүниежүзі бойынша 55-орында. Халқы қазір 33 млн-нан асады, дүниежүзінде 41 орында. Халық санының табиғи өсімі жоғары.

Ал Қазақстанның жер көлемі әлем елдері арасында 9-орында (2 724 900 шаршы шақырым), көршімізден 6 есе үлкен. Ал халық саны өткен жылы дәл осы қыркүйек айында 18 321 606 адам болды. 90-жылдың басында халық саны бізбен шамалас болғанымен, қазір олар 13 млн-ға көбейген.

Әлемде бұл мемлекет табиғи байлығы бойынша – алтын қорынан төртінші, ураннан жетінші, жез қоры жөнінен он бірінші, мақта өсіруден бесінші, оны экспортқа шығарудан екінші орында. Мақтадан басқа экспортқа алтын, табиғи газ, жібек шикізатын, жүн, қаракөл елтірісі, жеміс-жидек, азық-түлік шығарады.

Ал біздің еліміз кен байлықтары мен оның әралуандығы жөнінде әлемдегі ең бай аймақ. 200-дей мұнай-газ орындары, тағы 200 көмір кені бар. Алтын қоры жағынан алғашқы ондыққа кіреді, күміс өндіруден Азияда 1-орында. Бізде осыншама байлықтың көп үлесін шетелдіктер иеленіп кетсе, Өзбекстанда жағдай басқаша. Стратегиялық маңызы бар байлықтар мен салалардың негізгі пакеттері мемлекеттің үлесінде. Біздің сыртқа қарызымыз 160 млрд-тай АҚШ долларын құраса, Өзбекстанның қарызы 17 млрд., яғни 10 еседей аз.

Сонымен сапарымызға келейін. 26 тамыз күні таңертең №382 «Уфа-Ташкент» поезының арнаулы вагонына Қызылордадан 40-тан астам адам міндік.

Сапарластардың көбі Қызылорда қаласынан және Арал ауданының ардагерлері болды. Фельдшер, жырау және теледидар қызметкерлері жағдайымызды жасады. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының кеңесшісі Мақсұт Байекеев, менеджер Сандуғаш Тыныбаевалар өз қызметін мүлтіксіз атқарды.

Ыңғайсыз жағдай тек Өзбекстан мен Қазақстанның шекарасында орын алды. Әр елдің кедендік тексеруінде екі сағаттан төрт сағат тұрдық. Күн ыстық, вагоннан шығармайды. Келешекте туысқан екі елдің арасындағы бір-біріне сенімсіздік туғызатын мұндай кедендік тексерісті оңайлату керек деп ой түйдік. Бұл жөнінде тиісті мемлекеттік органдардың назарына салатын болдық.

Кештетіп Ташкент қаласына келдік. Бізді Елена Александровна атты өте сыпайы, жан-жақты білімді гид – орыс әйелі күтіп алып, сапарымыздың қызғылықты өтуіне басынан аяғына дейін аянбай еңбек етті. Ертеңіне жоғары жылдамдықты «Афросиаб» поезымен Самарқанд қаласына аттандық.

Самарқанд – ежелгі (2750 жыл) тарихы бар қала, қазір облыс орталығы, 750 мыңдай халқы бар. Бұл қала тым ертеректе Марқанд деген атпен белгілі болған, кейін Ескендір Зұлқарнайын жаулап алған. Осы дәуірдің басында Кушан патшалығының ірі сауда орталығы, ал 4-6 ғасырларда Түрік қағанатының құрамындағы Соғды мемлекетінің астанасы болған.

Самарқандты әр кездері арабтар, Самани әулеті, Қарахан әулеті, одан соң түрік салжұқтары, қидандар, ХІІІ ғасырдың бас кезінде Хорезм шахтары билік етті. 1220 ж. Шыңғысхан әскерлері жаулап алып, қаланы жермен-жексен еткен. ХІҮ ғасырдың аяғы мен ХҮ ғасырдың басында Әмір Темір қаланы қалпына келтіріп, мемлекет астанасы еткен. Кейін Шайбани мемлекетінің, ХҮІ ғасырдың аяғында Бұхар хандығының құрамына кіреді. 1868 жыл патшалық Ресей әскерлері басып алады да, Ресей империясының қарауына енеді. 1924-30 жылдары Өзбекстанның астанасы, ал 1938 жылдан облыс орталығы.

Бізді алдымен Гури-Эмир мавзолейіне апарды, бұнда Әмір Темір мен оның жанұясы жерленген. Ұлықбектің мүрдесі де осында жатыр.

Әмір Темір 1405 жылы Қытайға жорыққа шыққанда жолай 68 жасында Отырарда қайтыс болады. Темірдің денесі түнде қаладан шығарылып, 6 ай жол жүріп сүйегі осы жерге әкелініп, мұсылман дәстүріне сай жерленген. Орталық Азиядағы бірқатар сәулетті ғимараттардың пайда болуы, қалалардың өркендеуі, шөл даладағы жер суландыру құрылыстарының салынуы, қолөнер мен сауданың дамуы Әмір Темір есімімен тығыз байланысты. Тарихи деректер оның қол астындағы аймақтардағы түркі, парсы, араб мәдениеті мен өнерінің өкілдері, ғалым-ойшылдары Әмір Темірдің тарапынан үлкен қолдау тапқандығын растайды.

Мавзолейден шыққаннан кейін бізді Регистан алаңына алып барды. Әмір Темірден кейінгі Самарқандты көркейткен ұлы тұлғалардың бірі Жалаңтөс баһадүр болды. Ол 44 жыл әмірлік етіп, тарихи маңызы бар Регистанды, “Ширдор” (Арыстан медресесі), “Тилла-Кори” (Алтынмен апталған) медреселерін салдырды, кейінірек олар бүкіл елге әйгілі болды. Жалаңтөс баһадүр 1656 жылы 80 жасында дүниеден қайтқан. Денесі Самарқанға жақын Дағбид қыстағына өзі пір тұтқан Мактум Ағзам әулие бейітінің қасына жерленген. Жалаңтөс баһадүрдің әскери қолбасшылық қызметі, ұзақ жылдар Самарқандты билеген кездегі ақыл, нақыл, билік сөздері қазақ арасында көп тарала қоймаған. Ал, Өзбек Кеңес энциклопедиясы мен Өзбекстан тарихында оның әскери қолбасшылық қызметі мен билік жүргізген кездегі ғұмырнамасы жан-жақты жазылған.

28 тамыз күні автобуспен Нұрата қаласына сапар шектік. Нұрата Өзбекстанның солтүстігіне орналасқан Науаи облысына қарайды. Облыста Науаидан басқа Зарафшан, Кармана, Қызылтепе, Үшқұдық атты үлкен қалалар бар, соның бірі – Нұрата қаласында 50 000-дай қазақ тұрады. Науаи облысы Қазақстанмен шектеседі және табиғаты Сыр еліне келеді.

Нұратада Александр Македонский (Зұлқар­найын) қорғаны бар. Бізге жергілікті өзбектің түсіндіргені бойынша бұл қорғанды нұраталықтар Зұлқарнайыннан қорғану үшін салғанымен қорған сол жаулап алушының атымен аталып кетіпті. Кейбір ғалымдар бұл қорғанды Дербент қорғаны деп есептейді.

Бұл жерде Чашма Аюб кесенесінде де болдық. Кесене 1379-1380 жылдары салынып, ХІҮ-ХҮ ғасырларда бірнеше рет жаңғыртылған. Қасиетті орындардың бірі, бүкіл қазаққа, оның ішінде, әсіресе бізге аса қадірлі – Әйтеке би кесенесінің толық комплексімен (кесене, музей, медресе) таныстық, зиярат еттік. Оны 2012 жылы Сыр бойының тумасы, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, белгілі меценат Шахарбек Османов өз қаржысына салдырып, салтанатты ашылуын ұйымдастырған еді. Оған біздің облыстан үлкен делегация болып қатыстық. Астанадан, басқа өңірлерден ресми орган өкілдері келген болатын. Шахарбек ағамыз 80 жастан асқанда Шымкент қаласында о дүниелік болған еді.

28 тамыз күні Бұхара қаласына келдік, бұл да өзі аттас облыстың орталығы. Зарафшан өзені аңғарының батысында Бұхара облысының табиғаты Науаиға келеді. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде іргесі қаланып, бастапқы кезде соғды тілінде Нумижкат деп аталған. Бұхара атауы алғаш рет жазба деректерде Ү ғасырдағы қытай жылнамасында кездеседі. 709 жылы арабтар басып алған кезде Орталық Азиядағы ірі сауда және мәдениет орталығы болған. Архитектуралық ескерткіштер өте көп. Сәулет өнерінің тамаша үлгісімен салынған Исмаил Самани кесенесі (ІХ ғасырдың аяғы мен Х ғасырдың басы), Калән мұнарасы (1127ж.), Мір-Араб медресесі (1536ж.), Сайфеддин Бохарзи кесенесі (ХІІІ ғасыр), Ұлықбек (1417ж.), Көгілташ (1568 ж.) және басқа медреселер нақышты өрнегімен көз тартады. Бұхарада әлемдік ғылым мен мәдениетке үлкен үлес қосқан Әбу Әли Ибн Сина, Бұхари, Рудаки, т.б. өмір сүрген. 1996 жылы ЮНЕСКО Бұхараны әлемдік мәдениет ошағы болған қалалардың қатарына қосып, оны өз қамқорлығына алатынын мәлімдеген. Бұхарадағы медреселерде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында бірқатар қазақ зиялылары (Тұрмағамбет ақын, т.б.) білім алған. Қалада тарихи өлкетану, халық өнері музейлері, ибн Сина мұражайы бар. Осында «Коллан» кесенесінде болып, Ташкент қаласына оралдық.

Ташкент қаласының халқы қазір 3 миллионнан асады екен. Орта ғасырлар заманында қала «Шаш» деп аталды. Кейінірек ол «Шаш қаласы» деген мағына беретін «Шашкент» деп атала бастайды. ХҮІ ғасырдан кейін Шашкент деген атау «Ташкент» деген түрге өзгереді. Түсініксіз ескі атауына қарағанда жаңа атау («Тас қала») халық этимологиясының арқасында түсініктірек бола бастады. Ташкент деген түрі орыс тілінің әсерінен қалыптасқан.

Тарихи әрі қасиетті органдардың бірі – Төле би кесенесі. Түркiстан Республикасының басшысы, көрнектi мемлекет қайраткерi Тұрар Рысқұлов кезінде ескерт­кiштердi мемлекеттiк қамқорлыққа алу жөнiнде «Среднеазкомстариске» (Орта Азияның көне заттарды қорғау комитетi) ұсыныс жасаған. Сөйтiп, бұл ескерткiштер республикалық дәре­жедегi ескерткiштер тiзiмiне алынған. Кесенеге күрделi жөндеудi 1995 жылы Төле бидiң тiкелей ұрпағы, атақты математик, академик Тынысбек Қалменов және сол кездегi Оңтүс­тiк Қазақстан облысының әкiмi Зауытбек Тұрысбеков жүргiзіпті. Кесене жанынан бар жағдайы жасалған зияратхана салынған. Бұл күндері қазақ жұртының ғана емес, күллі түркі халықтарының тәу ететін киелі орнына айналған Төле би кесенесін Өзбек үкіметі арнайы қорғауға алған.

Ташкенттегі Көкілташ медресесін (Өзбекстанда осы атаумен аталатын 3 медресе бар екен) көріп, Чорсу базарын аралап, 29 тамыз күні кешкісін №5 «Ташкент-Москва» жүрдек поезымен елге оралдық.

Сапар барысында байқағанымыз:

—Өзбектер бізден бірнеше ғасыр бұрын отырықшылыққа көшкендіктен ұлттық салт-дәстүрі, діні, тілі орныққан ел екеніне тағы бір тәнті болдық. Сол себепті кешегі Кеңестік кезеңде де ұлттық дәстүрін сақтап, егеменді ел болғанда оны онан сайын дамытқан.

— Кеңес Одағы тарағанда президенті Ислам Кәрімовтың «Бірдеңені бұзар алдында сондай бірдеңе салып ал, сосын бұз!» деп айтқанынан шықпай колхоз-совхоздарын таратпай ауылын сақтап, біздегідей батыстың кеңесшілерін тыңдап, экономикасын да талан-таражға түсірмей аман алып қалған екен.

— Үш облыстың аумағымен автобуспен, поезбен жүргенімізде біздердегідей не ауылдарында, не қалаларында байлардың зәулім коттедждерін көргеніміз жоқ, көбі біркелкі үйлер.

— Ауылдарынан бір де бір мешітті (күмбезімен) байқамадық. Соған қарағанда «өзбек байыса — там салады», деген қағида мына заманда қазаққа ауысқан екен, ал өзбектердің иманы жүрегінде болғаны ғой деп ой түйдік.

— Сауда орталықтарында киім-кешектері де өздерінікі.

— Көшелерінде шетелдік қымбат көліктер көрмедік, негізінен өз көліктері.

Қорыта айтқанда, өз ағамыз санайтын өзбек ағайындардан да алатын жақсы үлгілер бар екеніне көзіміз жетті.

Сәдуақас Аңсат,

еңбек ардагері.

Abai.kz

35 пікір