Думан Анаш. Күндіз күн, түнде ай сүйген ару Алакөл
Суреттерді түсірген - Самат Құсайын
Ұлы бабаларымыздың аманаты - Алаштың алып даласы. Осынау ұлы даланың өңіріне таққан әсем әшекейдей, қазақтың ұрпақ көшін қас сұлу Тұмар ханымның тұмасынан бастау алып, мыңжылдықтарға апаратын Алаштың аруларының қос бұрымы мен шолпысындай сыңғырлаған Атамекеннің өзен-көлдері кешегі «қара қазан, сары баланың» қамы үшін қан төккен ата-бабамыздың жанарынан тамған жастай; мөлдірген айна көлдер мен тұнығы шайқалмаған өзендер тарихы мен орасан зор жан шипасын танып, білдік пе? Ендеше, «Абай.кз» порталы «Қазақтың өзен-көлдері» деген жалпы атаумен ұланғайыр дала төсіндегі әрбір көл мен өзен жайлы мағұлматқа толы мақалалар ұсынып отырмақ ниетте.
Беташар атақты Алакөл жайлы сыр.
«Абай-ақпарат»
Думан Анаш. Күндіз күн, түнде ай сүйген ару Алакөл
(Жолжазба)
Әлқисса. Ілкіде жер-дүниенің су толған қазаншұқырын түгел адақтап шыққан жиһанкез бар еді ғой. Әлгі.. Иә, сол - Жак Ив Кусто. Сол «мұхиттың атасы» атанған Кустоңыз қазақтың сар даласының бір шетінде жатқан Алакөлді көргенде көзі жайнап, күнге тотыққан жүзін алақанымен көлбейлеп тұрып «қасиет қонған жер екен» деген деседі... Шамасы, көлдің сан құбылған айдыны мен мөлдірлігіне тамсанса керек.
Суреттерді түсірген - Самат Құсайын
Ұлы бабаларымыздың аманаты - Алаштың алып даласы. Осынау ұлы даланың өңіріне таққан әсем әшекейдей, қазақтың ұрпақ көшін қас сұлу Тұмар ханымның тұмасынан бастау алып, мыңжылдықтарға апаратын Алаштың аруларының қос бұрымы мен шолпысындай сыңғырлаған Атамекеннің өзен-көлдері кешегі «қара қазан, сары баланың» қамы үшін қан төккен ата-бабамыздың жанарынан тамған жастай; мөлдірген айна көлдер мен тұнығы шайқалмаған өзендер тарихы мен орасан зор жан шипасын танып, білдік пе? Ендеше, «Абай.кз» порталы «Қазақтың өзен-көлдері» деген жалпы атаумен ұланғайыр дала төсіндегі әрбір көл мен өзен жайлы мағұлматқа толы мақалалар ұсынып отырмақ ниетте.
Беташар атақты Алакөл жайлы сыр.
«Абай-ақпарат»
Думан Анаш. Күндіз күн, түнде ай сүйген ару Алакөл
(Жолжазба)
Әлқисса. Ілкіде жер-дүниенің су толған қазаншұқырын түгел адақтап шыққан жиһанкез бар еді ғой. Әлгі.. Иә, сол - Жак Ив Кусто. Сол «мұхиттың атасы» атанған Кустоңыз қазақтың сар даласының бір шетінде жатқан Алакөлді көргенде көзі жайнап, күнге тотыққан жүзін алақанымен көлбейлеп тұрып «қасиет қонған жер екен» деген деседі... Шамасы, көлдің сан құбылған айдыны мен мөлдірлігіне тамсанса керек.
Алакөл туралы аңыз көп. Кустоңызды қайдам, біз үшін Алакөл «Ханбатыр» - Қабанбайдың туған, өскен һәм бес жарақ асынған қолын бастап түн қатпай қорғаған қасиетті өлкесі. Алакөлдің күн еңкейер батыс беткейінде Тоқта атты тау бар. Осы заңғардың есіміне байланысты да ел ішінде түрлі әпсана бар. Мәселен, бұл атау Еділден Емілге (Еміл - Алакөлге құятын өзен, ред.) дейін ел кезген, жер таныған Асан бабаның желмая үстінде аса таяғын сілтеп қап «Тоқта!» деп қалғанынан қалған сөз дейді. Ал, бала кезімізде оқыған Қытайда жарық көрген Қабанбай батыр туралы бір кітапта (авторын ұмытып отырмын) батырдың ағасын қалмақтар найзаға түйреп кеткен кезінде осы таудың бір аңғарында қалғаны жазылады. Ағасын іздеп шыққан Қабанбайды көріп қалған шалажансар ағасы «Тоқта!» деп дауыстағанынан тау да осы атауға ие болыпты дейді.
Иә, жауды түре қуып, айлап киген сауытын шешіп, сарбаздар жан шақырған көл ғой бұл. Тілі жоқ демесең тауарихтан талай сырды ақтарар еді. Өйткені, Асан қайғы Алакөлді көргенде «Қазаққа құт боларлық мекен, бірақ ұрыстың исі шығып тұр екен» депті. Шындығында, жоңғар мен шүршіт шапқанда қазақ қайда сабылғанын білмеген жортуылды кезең осы өлкеден басталған. Түстігінде Жоңғар қақпасының тұрғанының өзі ойымыздың онша адаспағанын көрсетсе керек. Тіпті, әлемдегі ең қысқа соғыс атанған үш күнге созылған КСРО мен Қытайдай екі алыптың алпысыншы жылдардағы қақтығысы да Алакөлдің оңтүстігіндегі Жалаңашкөл өңірінде орын алды. Әулие де біліп айтады ғой дейсің осындайда.
Әлбетте, қазақтың Көкшетауы, Алтайы, Алатауы, Баянөлкесі, Каспийі қандай қасиетті болса, Алакөл де сондай кие дарыған жер. Кешегі бабалардың күн аттан түспей, түн ұйықтамай жүргенінің арқасында Алакөл қазақтың өзіне қалды.
Көлдің шығысы шекаралық аймақ. Он шақырымға жетпей Қытай тұр. Әулие айтқан заман өткен шығар, лайым енді бейбіт өмір болғай. Әйтпесе, батысқа барған, Алматыға енген қытайдың экономикалық мүддесі Алакөлге әлі көз қырын салмады деу бекер. Құрық бойламайтын қулық қазекеңе ғана тән емес.
Сондықтан да, Анталья асып, Қырым кезетін, Бодрумға бүйрегі бұрып тұратын қазақ қалтасындағы қаржысын шет елге құйып отыр. Осындайда қазақ кәсіпкерлері Алакөлге келсе дейсің, шіркін.
Әңгімемізді әріден бастап отырғанымыздың да себебі сол - бұл өлке әлі де стратегиялық аймақ болып қала береді. Сондықтан, Алакөлге кешенді туристік бағдарлама керек. Бұл туралы кейінірек.
Қаланың асфальт еріген, көлік газына толған қапырығынан құтылмақ болып бір топ «ақшамдықтар» жолға шықтық. Тілшілер - Әйгерім Сауытбекова, Жандос Байділда, мен және бұрынғы «ақшамдық», қазір Астанадан шығатын «Халық сөзі» газетінің тілшісі Әсия Бағдәулетқызы, фототілшіміз Самат Құсайынов бар, «Барахолканың» «Сәлем» автобекетінен жүретін коммерциялық автобустарынан әрең дегенде орын тауып, Алакөлді бетке алғанбыз. Жаздың күнінде жолаушы көп.
«Жол мұраты - жету». Бесінге жақын көлікке отырған біз ертеңгілік ұйқыдан оянып, шаршаңқы кейіпке келгенде Алакөлдің айдыны да көз алдымызда жарқ ете қалды. Аптыққан көңіл автобустың арыны мен ұзақ жүріс ұрып тастаған жолсоқты күйімізді лезде ұмыттырып жіберді. 16 сағатта жетіппіз.
Осы өңірдің тумасы болғандықтан ел мен жерді әріптестеріме таныстырып келемін. Әрине, әріптестерімнің шаршаңқы кейпінен-ақ Алакөлді кешенді туристік орталық ретінде дамыту үшін ең алдымен жол мәселесі тұрғанын ұғуға болады.
Жалпы, Алакөл Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының түйіскен тұсында жатыр. Ғылыми зерттеулер нәтижесінде және ел танымы да Алакөлдің шығыс жағы емге шипалы, суы дәру екенін көрсетіп берген. Сондықтан, көлдің Талдықорғанның Үшарал қаласы жағына емес, алыс та болса арғы жағалуына бет алғанбыз.
Көлдің бұл жағында Ұржар ауданына тиесілі Қарабұлақ, Жарбұлақ ауылдары орын тепкен. Тоқсаныншы жылдары жүгізілген оңтайландыру кезінде Таскескен, Ұржар, Мақаншы аудандарын біріктірген болатын. Шет аймақ болғандықтан халықтың көпшілігі аудан орталығына, қалаларға қоныс аударған. Бұрын дүркіреп тұрған мал және егін шаруашылығымен шұғылданатын ауылдардың тұрғыны қазір сиреп-ақ қалғанын жасырмаймыз. Бала кезімізде алғашқы әскери дайындық пәнін жүргізетін аға лейтенант Серік есімді азамат ауылдың халқы жаппай қалаға көшіп жатқанын үнемі айтып, қынжыла беретін. Сол азаматтың сөзіне енді бойлай бастағандаймыз. Шекаралық аймақ болғандықтан стратегиялық өңір ретінде бұл өлкеге мемлекет тарапынан мән берілуі керек.
Ол үшін үлкен туристік мүмкіндіктер бар. Туризмнің басты талабы - қызмет көрсету. Заманауи тілмен айтқанда - сервис. Сервистің басы - жол. Мың шақырымдық жол қоғамдық көлікпен жүрген жанға алыс. Әрине, жүргізушілердің айтуынша, 18 - 16 сағат жол уақытын 5 - 6 сағатқа дейін қысқартуға болады. Ол үшін жол айнадай болу керек. Және бір айта кетерлігі, Ұржардың тұсынан Бақты кеденіне дейін Ұлы Жібек жолын жаңғырту бағдарламасы аясында жол құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы жолдың бір жақ қиысында тұрған Мақаншы - Алакөл тас жолының қайта салынып жатқанын көрдік. Біз айналма жолмен жүріп, шаңға көмілсек те, келер жылдары жол мәселесінің реттелетіне сәл де болса көз жеткізіп, ішіміз жылып қалды.
Ендігі бір мәселе, тас жолдан бөлек темір жол мен әуе қатынасы туралы. Ұржардан Семей мен Өскемен қалаларына қатынайтын әуе жолы бар. Осыған Алматы мен Астананы да қосу керек сияқты. Ұржарға ұшақпен келген жолаушы бір жарым сағатта Алакөлге жетуіне мүмкіндік бар. Ал, қазір көлдің базарлы ортасы болып отырған Жарбұлақ ауылында (қазіргі Қабанбай селолық округі) бұрын «Кукурузник» ұшағы ұшып тұратын. Технология қарыштап дамып отырған уақытта һәм әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алға басып келе жатқан Қазақстанда жолаушылар жол азабын кешуі тиіс емес. Сондықтан, жеңіл ұшақтар қатынасын Алакөлге жазғы маусымға уақытша қойса да автобусты ауырсынатын адамдар Алакөлге әп-сәтте келер еді. Яғни, әуе жолының жазғы туристік маусымын ашу қажет.
Сонымен қатар, темір жол көлдің батыс беткейін жағалап Достық кеден бекетіне барады. Жолында Алакөлмен етене «қонған» Жалаңашкөл бар. Көпшілік жолаушылар осы бағыт арқылы қатынайды. Бірақ, Жалаңашкөлмен арадағы жол өте нашар. Адамның қолқасы түсіп қала жаздайды. Осы араға темір жол құрылысын жүргізсе, бұдан бюджет көп шығын шеге қоймайды. Және бұл өте пайдаға асар еді. Қазір Қырғызстандағы саяси-әлеуметтік тұрақсыздық Ыстықкөлге сабылатын алматылықтардың жолын кесіп тастағандай. Оның үстіне Ыстықкөлге баратын жол ұзақтығы да Алакөлмен шамалас. Тек Алакөлге келетін жолды оңтайландыру керек. Жалаңашкөл мен Ақтоғай стансасы аралығын көлдің шығыс жағалауы арқылы жалғаса шойын жолдың туристік желісі пайда болар еді. Бұл - алматылықтарға ғана емес, астаналықтарға, қарағандылықтарға да, т.б. жеңіл тиер еді. Және ел қазынасы да толады, кәсіпкерліктің де көзі ашылады, адам да тынығады, қысқасы, шет елдің туристік нысандарына құйылатын қаржы Қазақстанның өзінде қалады. Алакөлге өзімізден гөрі өзгелер құштар. Әсіресе, Ресейдің, Томск, Омск, Новосібір қаласынан келетін орыстар көп.
Алакөлде қазір демалыс үйлері өте көп. Және ақшасы да қолжетімді. Сондай-ақ, көңіліңіз қалаған дәрежеде жәйлі, қолайлы демалыс үйлерін таңдауыңызға болады. Яғни, «көрпеңізге қарай көсілесіз». Мәселен, тәулігі 3 мың теңгеден бастап 45-50 мың теңгеге дейін тұратын қонақ үйлер демалушыларға қызмет көрсетеді. Оның үстіне, көлден бес-алты шақырым жерде «Барлық Арасан» санаторийі бар. Онда жүрек суы, көз суы, асқазан суы деген ыстық қайнарлар жаныңызды жадыратады, тәніңізге шипа. Емделушілерге таптырмайтын жер. Көлге де түсесіз. Ыстық суға да емделесіз.
Бір қынжыларлығы көл жағалай қонған демалыс үйлері әу бастағы нарықтық кезеңде ешқандай сәулеттік жоспарсыз салынып, ен жайылып кеткен. Жабайы сауда етек алған.
Ірі, әсем отельдердің барлығы қазақстандық олигархтарға тиесілі болғандықтан һәм бағасы аспандап тұрғандықтан бос тұрады десе де болады. Ал, қолжетімді қонақ үйлер өте көп. Сонысына қарай сұраныс та көп. Мәселен, 3 - 5 мың теңге аралығындағы қонақ үйлерге жатқыңыз келер болса, мұнда шомылу маусымының қызған кезінде тіптен орын болмайды. Мұны біз жатқан «Арлан» демалыс үйінің қожайыны Айбас аға айтты.
Осы ретте ой келеді. Әгәраки, Алакөлді жаңа туристік дамыту орталығы ретінде қайта құру бағдарламасы қолға алынар болса, оның Қарабұлақ ауылы жағындағы бос жатқан жағалауын игеруді бастау керек. Яғни, бұл жаңа демалыс аймағы ретінде мемлекеттік жоспармен, сәулеттік құрылыс талаптарымен жүзеге асуы тиіс. Ол үшін осы ауыл жанынан 5-6 шақырымдық жол салынуы тиіс. Кәсіпкерлерге бөлінетін жерлерге салынатын демалыс, сауда нысандарына қадағалау қойылуы керек. Үш жұлдызды қонақ үйлер көптеп салынуы тиіс. Бұл бір жағынан демалушыларға жағдай жасап, олардың қызығушылығын оятады. Және қолжетімді әрі қолайлы, жәйлі болмақ. Бүгінде Жарбұлақ ауылы тұсындағы жағалау иін тірескен демалушыларға толып кетеді. Бұл да белгілі дәрежеде келушілердің көп екенін көрсетсе керек. Яғни, Қарабұлақ ауылы тұсындағы жағалау игерілер болса, онда жаңа туристік кешен бой көтерілер болса, Жарбұлақ тұсындағы жағалаудағы қысым азайар еді. Жағалаудан бөлек қонақ үйлер кешенінде көрнекті хауыздар салынса, тіпті ұтымды. Сонда Антальяңыз бен Хайнаныңыздан Алакөлдің кем болмасы анық.
Көлдің жағасында жеңіл-желпі құрылыс материалдарынан ілдәлап салған қаптаған демалыс үйлерінен өзге қазақтың ақшаңқан киіз үйі де көп. Іркес-тіркес тұрғандықтан кейбір жерлерде тазалық мәселесі жолға қойылмаған. Бұған келушілер де жүрдім-бардым қарайды. Мәселен, кешке ымырт үйіріле адамдардан босаған жағалау тұрмыстық қалдықтарға толып қалады.
Осыдан он-он бес жыл бұрын бір еңкіш кейуана көл жағалай бүкіл демалушылармен сөйлесіп жүретін. Кәрілік меңдеген жергілікті әжені жылда көретінмін. Танымайтындар «шалық» деп ойлауы кәдік. Тіпті де олай емес. «Алакөлдің киесі бар. «Бісміллә» деп шомылыңдар. Қабанбай аталарың жүрген жер. Тазалық сақтаңдар» деген сөзін үнемі айтатын. Келер жылы көрсеңіз де сол сөзін қайталап айтып кететін. Ақша дәметіп тұрған шығар деп ұстатсаңыз алмайтын, дәм ұсынсаңыз ғана мақұл көретін. Ойлап отырсам, сол кейуанадан кейін көлдің жағасы әп-сәтте тазарып қалатын. Биыл сол әже көрінбеді. Көл де жағасына қоқыс тастағандарға ашуланғандай құрлыққа ентелеп, арнасы толып келеді.
Жалпы, Алакөлдің бір қасиеті ешқашан ластанбайды. Ішімдік ішіп, құмырасын су ортасына атқандарға да «пысқырмайды». Минералға аса бай тұзды көл бөтелкенің сынықтарының жүзін мұқап, мөлдір тас сияқты қып тастайды. Яғни, көлдің адамдарға жаны ашиды. Жағада қалған бүкіл қоқыс та су түбіне кетпейді. Асау толқындар жағаны табиғи жолмен тазалап тастайды. Өңірге белгілі Ебі желі Алакөлді адамдардың қолымен ластанудан сақтап тұр десе де болады. Сондықтан да, көлдің жанашырлығына жанашырлықпен жауап қату керек қой.
Алакөлдің ең ғажап құсы - реликті шағала. Бұл туралы Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің ұлы Ернар Әуезов үлкен очерк жазған кезінде. Ол он жыл қатарынан құрамында болған экспедицияның зерттеуінің нәтижесінде шағын ғана шағаланың бүкіл тіршілігін ғажап ғылыми-әдеби тілмен оқырмандарына ұсына білді. Бір қызығы осы жұдырықтай сұлу шағала әлемде екі жерде ғана мекен етеді екен. Бұл да Алакөлдің бір қасиеті.
Бір кездері қазақтың көрнекті жазушысы Қабдеш Жұмаділовтерді әдебиетке баулыған, әйгілі «Қылмысты» жазған Қажығұмар Шабданұлымен дос болған Жабайыл Бейсенов, сондай-ақ Айжарық Абылқасымов сынды әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс жергілікті ақындар Алакөлдің сұлулығына тамсанып, талай жыр жазды.
«Тұнықта тұнық бар ма екен-ау тұнығыңдай,
Шарқ ұрған шағалаң да бір ұлыңдай.
Бір сілкіп бұрқыратып Аралтөбе,
Арқаңа тастай салған бұрымыңдай», - дейді Айжарық ақын.
Жыр демекші, дарынды жас Естай Әлекеевтің сөзіне жазылған мынадай бір ән бар екен:
«Алакөл тамсанамын келбетіңе,
Өзіңдей жер бар ма екен жер бетінде.
Қабанбай бабамыздың рухы болып,
Толқының толқып жатыр тербетіле...»
Мұны «Айтұмар» атты екі қыздан құралған топ нәшіне келтіріп орындап жүр.
Алакөл - өте келбетті, табиғи рельефі сұлу қазаншұқырға жатады. Оған батыс жағалауындағы Тоқта тауы, шығысындағы Барлық жотасы, түстік шығысындағы Жоңғар Алатауы, сол жағындағы мұнартқан Тарбағатай жотасы, сондай-ақ, жергілікті жұрт «Арал төбе» атайтын ортасындағы аралдар айрықша әр береді. Сондықтан, оны әнге қоспау, ол туралы жыр жазбау мүмкін емес. Осы себепті, Алакөлді дамытудың тағы бір жобасы ретінде мұнда республикалық деңгейде жыр мүшәйраларын, музыка, ән фестивальдарын ұйымдастыру, спорттық жарыстарды өткізу қажет.
Жыл сайын көл жағасынан Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабилянов, Алматы қалалық Мәслихатының депутаты Құсман Шалабаев, көрнекті күйші, сазгер Секен Тұрысбеков, әйгілі балуан Дәулет Тұрлыханов, т.б. осы өңірдің елге белгілі азаматтарын көріп жүремін. Осы азаматтар әлгі шараларға ұйытқы болса, құба-құп. Елге жақындық деген де осы ғой. Әйтпесе, оларда шет ел асатын, өзге жұртқа шашатын қаржы жоқ емес, бар...
Жалпы, Алакөл - емдік қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы. Мұндағы Арқаның қуаң даласындағы құрғақ ауа теңіз бетіндегі дымқыл ауамен араласып жағасындағы адамға жағымды әсер береді. Көл суы да минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы меицинада дәлелденген. Бір замандарда Жібек жолының керуендері де көл жағасын басып өткендіктен, оның суы мен ауасы ұзақ жолдан науқас меңдеген адамдардың денсаулығын құр аттай қылып, емдеп жіберетіндігі ерте кезден байқалған. Кеңес кезінде Алакөлде Ғарышкерлер үйі жұмыс істеді. Онда тек кеңестік ғарышкерлер ғана емес, басқа капиталистік алпауыт елдердің де көктен оралған ұшқыштары бойындағы радиациядан осы көлде демалу арқылы арылатын. Көл жағасы құстар мен өсімдік дүниесіне бай. Көп замандар қаладан қашықта болуына байланысты әрі қатаң табиғат көлдің фаунасын туристерден сақтаған болатын. Бүгінде олай емес. Сондықтан, туризмді дамытумен бірге оның экологиялық тұрғыда қорғалуына да маңыз берілуі шарт.
Мәселен, бұрнағы жылдары осы көлден ауланған қарабалықтан дәм татқанымыз бар. Бір құлаш болатын осы балықтың түрін кейінгі жылдары сұрастырсам, жоғалып кетіпті. Ауға түспейді десті. Яғни, балықтың бір түрі жойылып кетті. Ал, оның бір өзі қазан толтырғанымен қоймай, дәмі тіл үйірерлік болатын.
Алакөл - өкіметтің жарылқауынан алыс қалған түкпірдегі екі ауыл - Қарабұлақ пен Жарбұлақ тұрғындарының ырзығы десек болады. Екі ауылдың қол жеткізген азаматтары көл жағасынан демалыс үйлерін, дүкендер, монша ашып кәсібін дөңгелетсе, қолы жетпегендері сонда жазғы маусымда жұмыс істеп, бала-шаға асырайды. Ауыл әйелдері пісірген нанын, бәлішін, пістесін 3-4 шақырымға созылып жатқан жағаны жалықпай аралап, жаяу жүріп сатады. Базарда отырып, сауда жасайтын қауым бір бөлек. Ал, ауылдағы ағайын асхана мен дәмханаларға қажетті қойларын, көкөністерін әкеліп өткізеді. Тіпті, ауылдың қарасирақ балаларына дейін көл жағасында тырбанып еңбек етеді. Олар жағалаудан 1-2 шақырым қашықта, қамыс қопаларының түбінде жатқан қара, ақ балшықты құмыраға толтырып алып, жағалауда күнге қыздырынып жатқандарға 50-100 теңгеге сатады. Ал, бұл балшығыңыз құяң, буын ауруларына таптырмас ем.
Сонымен бірге, Алакөл - махаббат мүйісі. Отау көтерген ауыл жастары Алакөл жағасында сейіл құрады. Ұлы теңізден бата сұрайды. Алакөл де ақжарма толқындарымен ақ жол тілегендей күн ұясына қонар қызыл іңірде ақырын тербеледі.
Кей ғалымдар көлдің атауы көне түркілер заманындағы «Ұлы көл», «Таулы көл» деген атаулардан шыққанын айтады. Бір кездегі атауы Итішпес болған. Аса тұздылығына орай айтылса керек. Моңғол шапқыншылығы кезінде «Түрге Нұр» аталыпты. Бұл моңғол тілінен аударғанда «Көпір көл» дегенді білдіреді екен. Энциклопедияларда «Алақтакөл», «Алатеңіз», «Алақта» сынды атаулары болғаны да айтылады. Қалай аталса да, бүгінгі Алакөл шын мәнінде қою көк болып, кейбір жерлерінде көгілдір жолақтарымен, жағаға таман сарғыштанып, түрлі түске еніп құбылып, көз жауын алып тұрады.
Иә, Алакөлде шомылсаңыз ажарыңыз кіреді!
Алматы - Алакөл - Алматы
«Алматы ақшамы», №84, 2011 жыл