Қызылордалық жырауларға шетелдік театр режиссерларынан жиі ұсыныс түседі
Ұлтымыздың ұлы мәдениетін ұмытпай насихаттап отыру - қашан да маңызды. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан арнайы "Рухани жаңғыоу" деп аталатын бағдарлама да қабылданған. Осы бағытты мықтап ұстанған Сыр бойының өнерпаздары әрқашан ұлттық музыканың байрағын тік ұстап келеді.
Мәселен, «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі аясында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да шеберлік дәрісі өтті. Жиынға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмасбек Алматов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Ұлжан Байбосынова қатысты.
Өнер иелері студенттерге жыраулық өнер туралы сөз қозғады. Алмасбек Алматов Қорқыт заманынан келе жатқан мәдени мұра сол ұрпақтың қанында тұратынын, ақпаратты сақтайтын тұлға да, талант та емес, өнерпаздың бойындағы ген екенін баса айтты. Ал, Ұлжан Байбосынова адамға бір орындаушылық аздық ететінін, жыраулық, жыршылық интеллектуалды, өрелі өнер екенін алға тартты. Иә, халық қазынасын көпке жарқырата көрсету үшін үлкен пайым, парасат қажет. Себебі, қай ортада да жырдың төркінін түсіндіріп айта алу маңызды.
Қазір біздің ел жырауларына шетелдік театр режиссерларынан да жиі ұсыныс түседі екен. Шарада Ұлжан Байбосынова қазақ өнерінің шетелдіктерге қалай әсер еткенін, оларды қалай таңырқатқанын тарқатып айтып берді. Бірде АҚШ-та өтетін «Геракл балалары» атты гректің мифіне құрылған қойылымда өнер көрсету үшін режиссер Азия халықтарының ішінен қазақ елін таңдап, Ұлжан жырауды арнайы шақыртыпты. Олар біздің жырлардың қай-қайсы да халықты біріктіріп, өткенді айта келіп, қазіргі мәселені қозғап, бүгінгіні айту арқылы келешекке деген көзқарасты білдіретініне таңырқаса керек. Екі сағаттан асатын қойылым әлді мемлекеттер мен әлсіз мемлекеттердің қақтығысын бейнелейтін көрінеді. АҚШ-тың барлық штаттарында қойылған бұл спектакльде Ұлжан Афина құдайының рөлін сомдапты. Біздің жыраудың міндеті – екі елдің патшасы сөзге келмей, қақтығысқанда аралық сөз айтып, жыр жырлау. Ал, жырдың аудармасы сахнадағы экранда көрсетіліп тұрады. Бірде спектакль Бостон қаласында бір жарым ай бойы өтеді. Гераклдың қызын құрбандыққа шалатын қантөгіске толы қойылымда 12 рет шығып, аралық сөз айту, күн сайын тақта отырып, трагедияны сезіну оңай емесі белгілі. Бұл Ұлжан жырауға ауыр тиіп, ақырында ауырып қалып, үш күн бойы спектакль жыраусыз өткен екен. Ал үш күннен кейін халық ереуілге шығыпты. Шағымы не дейсіз ғой? Олар «біз әртістерді емес, жыр айтатын жырауды көруге келгенбіз. Билетті қайтарыңдар» деп талап етіпті. Сонымен, арнайы баспасөз конференциясы өтіп, сәл де болса ыстығы қайтқан Ұлжанның ел алдына шығуына тура келіпті. Кездесуде ВВС сынды танымал арнадан келген тілшілер жырауға «жырды өзіңіз шығардыңыз ба?» деп сауал қойған екен. Сонда ол «Қазақстан аумағындағы Сырдың бойында үлкен дәстүр болған. Философиялық астары бар жырлар біздің моральдік кодексіміз сынды. Бұл – тегімізде бар өнер. Біз осымен тәрбиеленіп, өсеміз. Оны шығаруға мүмкіншілігім жетпейді, мен тек орындаушымын» дегенде, «Біз қалай осы уақытқа дейін білмегенбіз?! Гениальный халық екенсіздер» деп қатты таңырқаған екен.
Шара соңында жырау тегімізде сақталған құнды өнердің бағасын биіктету үшін үлкен еңбек қажет екенін, тіпті арнайы театр құрылса да артықтық етпейтінін жеткізді. Сондай-ақ, кездесу соңында өнер иелері жырдан үзінді орындады.
Айта кету керек, фестиваль өнерпаздарының шеберлік дәрістері Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде, облыстық филармонияда да ұйымдастырылды.
Айдана Жұмадинова
Abai.kz