Сенбі, 23 Қараша 2024
3199 4 пікір 8 Қазан, 2019 сағат 11:49

АҚШ Шыңжаңдағы лагерьлерде әйелдерге жасалған қысымға алаңдайды

АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі көмекшісі міндетін атқарушы Элис Уэллс Шыңжаңдағы ұйғырлар мен қазақтарға жасалған жыныстық қысымға алаңдаушылық білдірді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Пекинді "адам құқығын таптауды тоқтатып, дін бостандығын бұзбауға шақырды".

Эллис Twitter желісінде америкалық Washington Post газетінің Шыңжаңдағы лагерьде болған немесе биліктің шектеуінен кейін Қытайдан шыға алмай қалған қазақтардың хикаясы баяндалған мақаласын бөліскен. Шыңжаңнан Қазақстанға жолын тауып келген әйелдер журналистерге Қытайда көрген қысым туралы айтқан. Солардың бірі 38 жастағы Гүлзира Мөгдін Қытайда қысыммен баласын алдыртып тастағанын айтқан.

Washington Post мақаласында лагерьден шыққан әйелдер "қайта тәрбиелеу орталығында күзетшілер жас қыздарды зорлағанын" айтқан. Лагерьден шыққан Гүлзира Әуелханның сөзінше, әйелдер тәулік бойы, жуынған кезде де видеобақылауда болған.

"Олар (лагерь қызметкерлері - ред.) келіп, қалаған қыздың басына қап кигізіп, алып кететін" деген 40 жастағы Гүлзира Әуелхан.

Қытайдан оралған әйелдердің бірі газет тілшілеріне "лагерьде еркінен тыс жатырына спираль орнатқанын" айтқан.

2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында этникалық азшылықтарға, соның ішінде этникалық қазақтарға да қысым көрсетіліп, "саяси лагерь" аталған жаппай қамау орындары пайда болғаны туралы хабар тарай бастаған. Қытайдан оралған этникалық қазақтар Қытайға Қазақстаннан жолаушылап барғанда қайта алмай, кейбірі саяси лагерьге алып кеткені жайлы шағымданған.

Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

АҚШ пен Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын "аз ұлттардың мәдениеті мен дінін жою амалы" деп атады. Қыркүйек айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуінде Пекиннің этникалық ұйғырларды Қытайға қайтару туралы талабын орындамауға шақырды.

Өткен аптада Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Шыңжаңдағы лагерьде қазір қазақтар жоқ" деп мәлімдеген. Ол Қытайдағы қайта тәрбиелеу орталығында қанша қазақ отырып шыққанын ашып айтпады. Бірақ Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген Қазақстандағы "Атажұрт еріктілері" "лагерьде қазақтар қалмады" деген министр сөзін жоққа шығарады.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420