Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеден шықты. Бұл туралы бүгін экс-министрдің адвокаты Мәди Мырзағараев мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 3-бөлігі ("Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi"), 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") және 366-баптың 4-бөлігі ("Пара алу") бойынша айыпталған болған.
2018 жылдың наурыз айында оған қатысты "10 жылға бас бостандығынан және өмір бойына мемлекеттік қызметтерде басшылық лауазымдарында жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Жазасын максималды қауіпсіз мекемеде өтесін, сондай-ақ, мүлкі тәркіленсін", - деген сот үкімі шыққан.
Одан кейін экс-министр өзіне Жақсыбаев, Жақыпов деген азаматтардың кесірі тигенін айтып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұраған.
"Барлық жетістіктерім мемлекет басшысының арқасында. "Самұрықта", "Бәйтеректе", министрлікте, қайда жұмыс істесем де мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындауға тырыстым. Мен сияқты жас азаматқа сеніп, оған және елге қызмет етуге мүмкіндік бергені үшін президентке шексіз алғыс айтамын.
Президенттің алдында кінәлі екенімді білемін. Өзім жұмысқа шақырған Жақсыбаев, Жақыпов және басқалар маған кесірін тигізді. Кадрларды таңдау кезінде қатты қателестім. Адамдарды өзіме жақындаттым. Олар сеніміме кіріп, мені пайдаланып кетті. Президенттен кешірім сұраймын, халықтан осы үшін кешірім сұраймын",-деген еді сол кезде.
Кейініректе Бишімбаевтың туыстары экс-министрдің абақтыда араб және қытай тілдерін үйреніп жатқанын айтқан.
Түйін. Хош! Сонымен, Бишімбаев мерзімінен бұрын босап шықты. Мерзімінен бұрын босап шығу демекші, өткенде, шілдеде абақтыда отырған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішевтің де ісі қаралып, мерзімінен бұрын босату мәселесі сөз болған. Есімізде.
Мұхтар Жәкішев сотты болып, түрме көргелі де 9 жыл болды. Оның денсаулығының нашарлағаны жайлы бірнеше мәрте айтылды. Түрмеде оның көзіне ота жасалғаны да белгілі. Қарт анасы ұлына рақымшылық жасауды сұрап, Президентке хат та жазды. Жәкішевті қолдаушы жұрт оған араша сұрап, қол жинады да. Одан кейін қылмысты болған азаматтардың кейбірі 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заңның аясында босап шықты. Ал 2009 жылы тұтқындалып, 2010 жылы сотталған Жәкішев сол отырғаннан әлі отыр.
Abai.kz