Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2248 0 пікір 10 Тамыз, 2011 сағат 11:51

Қанат МАХАМБЕТ. Мемлекеттік тілді дамытуға қатысты заңнама жетілдіріледі

2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның барлық ісқағаздары мемлекеттік тілге көшіріледі. Дәл сол сәтте ана тіліміздің босағадағы басын төрге сүйреп, мәртебесі мен мерейін асқақтатуды армандап жүргендердің жұлдызы жанады. Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының» жобасы айналасындағы әңгіменің ақ қарасын ажыратуға бағытталған жиында аталмыш заң жобасының шын мәнінде мемлекетшіл болатындығын тілге тиек етіп: «Соңғы уақытта тіл туралы заң жобасына қатысты көптеген мәселелер туындап отыр. Тоқтала кететін жайт, интернет-ресурстардың бірінде интернетте сілтеме жасалып жүрген заң жобасы Үкімет пен Парламентке ұсынылатын соңғы нұсқа емес. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге жолданған заң жобасының қарапайым жұмыс мәтіні ғана. Бұл мәтін Әділет министрлігінің ведомствоаралық комиссиясынан да өткен жоқ», - деді.

2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның барлық ісқағаздары мемлекеттік тілге көшіріледі. Дәл сол сәтте ана тіліміздің босағадағы басын төрге сүйреп, мәртебесі мен мерейін асқақтатуды армандап жүргендердің жұлдызы жанады. Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының» жобасы айналасындағы әңгіменің ақ қарасын ажыратуға бағытталған жиында аталмыш заң жобасының шын мәнінде мемлекетшіл болатындығын тілге тиек етіп: «Соңғы уақытта тіл туралы заң жобасына қатысты көптеген мәселелер туындап отыр. Тоқтала кететін жайт, интернет-ресурстардың бірінде интернетте сілтеме жасалып жүрген заң жобасы Үкімет пен Парламентке ұсынылатын соңғы нұсқа емес. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге жолданған заң жобасының қарапайым жұмыс мәтіні ғана. Бұл мәтін Әділет министрлігінің ведомствоаралық комиссиясынан да өткен жоқ», - деді.
Жауапты хатшының сөзінше, заң жобасын әзірлеудің жұмыс тобы қоғамдық бірлестік, депутаттық корпус өкілдерінен және сарапшылар қауымдастығынан құралған 40-шақты адамнан тұрады. Мәдениет министрлігі заң жобасын әзірлеуші орган ретінде жұмыс тобының басым көпшілігі қолдаған пікірмен келіспей тұра алмайды. Осы тұрғыдан келгенде, қоғамда кеңінен пікірталас тудырған мәселелер де заң жобасынан көрініс табады.
- Тілдер туралы қолданыстағы заңнаманың 23-бабында міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі талап етілетін қызметтер, санаттар мен мамандықтар тізбесіне қатысты айтыстар өрбігені бар. Мұнда негізінен азаматтарға қызмет көрсету үшін бекітілген мамандықтар бойынша мемлекеттік тілді ең төменгі, қажетті деңгейде игеру туралы мәселе көтеріліп отыр. Әзірше, ондай талап үш санатқа қатысты қарастырылады. Бұлар: мемлекеттік қызметшілер, ұлттық компания қызметкерлері және құқық қорғау, әскери қызмет, сот приставтары секілді санатқа жататындар. Яғни бұлар негізінен өз жұмыстары барысында күнделікті азаматтармен байланысып тұратын санаттағы топтар болып табылады», - дейді министрлік өкілі.
Айта кетейік, 1997 жылы қабылданған Тіл заңына сәйкес мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі талап етілетін қызметкерлер тізбесін бекіту жұмысы 2001 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада қамтылған болатын. Алайда ол нақты нәтиже бере алмаған. Бұл туралы Ж.Құрманғалиева төмендегідей ой білдірді: «2002 жылы мұндай тізбе анық жазылуы тиіс еді. Алайда сол кездегі тілдік ахуалды, объективті жағдайды ескере келе, бұл норманы енгізу кейінге шегерілді».
Басқосу барысында Мәдениет министрлігі мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға бағытталған іс-шараларды үздіксіз жалғастыра беретінін жеткізген жауапты хатшы: «Соңғы уақыттарда еліміздегі тіл мәселесіне қатысты аса маңызды құжаттар қабылданды. Атап айтсақ, маусым айының соңында Елбасы Тілдерді дамытудың 2011 - 2020 жылдарға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына қол қойды. Сонымен қатар шілде айының соңына таман Үкімет басшысы бағдарламаны жүзеге асыруға негізделген іс-шаралар жоспарын бекітті. Аталмыш екі маңызды құжат аясында Мәдениет министрлігі бірқатар жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Біріншіден, біз мемлекеттік тілді дамытуға қатысты заңнаманы жетілдіруді қолға алып отырмыз. Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйрету стандарттар технологиясын әзірлеу жүзеге асып, әдістеме базасы нығайтылады. Үшіншіден, мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты қоғамдық сананы арттыратын жобалар жүзеге асады», - деді.
Бізге белгілі болғандай, бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде тілдерді дамытуға қатысты заңнаманы қабылдаумен қатар, ономастика, терминология саласындағы жұмыстар бірыңғайланады.
«Бұл ретте мемлекеттік тілде оқытудың бірегей стандарт-технологияларын әзірлеп, енгізудің маңызы зор болмақ. Бүгінгі күні басты проблема осы болып отыр. Елімізде 101 тіл үйрету орталықтары қызмет етсе, олардың әрқайсысының мемлекеттік тілді үйретуге қатысты өзіндік әдістемелері бар. Қазіргі таңда Тілдерді дамыту комитеті «ҚазТестпен» мемлекеттік тілді оқытудың бірегей стандарт-технологиясын әзірлеу бойынша келісімшарт жасады. Ол халықаралық талаптарға сәйкес, 6 деңгейден тұрады. Бұған қоса, қоғамдық санада мемлекеттік тілдің оң имиджін қалыптастыру мақсатында 2 үлкен тележоба түсірілуде. Мұның бірі реалити-шоу болса, екіншісі, мемлекеттік тілді меңгертудің телебағдарламасы болады», - деді жиында лауазым иесі.
Тағы бір жағымды жаңалық, министрліктің бастамасымен тіл мәселесіне қатысты креативті шешімдер орталығы құрылатын болды. Онда мемлекеттік тілді дамытумен қоса, басқа тілдерді оқыту жұмыстары жүзеге асады. «Біз орталықты шартты түрде осылай атап отырмыз. Мұнда мемлекеттік және басқа да тілдерді дамытуға қатысты кез келген идеялар жүзеге асады. Тілдің мәртебесін арттыру жобалары, телевизиялық жобалар, фильмдердің сценарийлері, әдістемелер, қолжазбалар мен баспа өнімдері, сондай-ақ инновациялық және ақпараттық-технологиялық дүниелер осында қолдау табады. Сәйкесінше тілдерді дамыту комитетінің жанындағы сараптамалық кеңес идеялардың барлығын саралап отырады. Оның ішінде сараптамалық кеңеспен құпталып, қандай да бір өнімдерді кеңінен таратуға ұсыныс жасалса, оларға қаржы бөлінеді», - деді ведомство өкілі.
Сондай-ақ осы отырыста Мәдениет министрлігі тарапынан 2011 - 2020 жылдарға арналған Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңес құру бастамасы көтерілді.
Бұл туралы Ж.Құрманғалиева былай деді: «Аталған кеңес ең алдымен тіл мәселесінің диалог алаңына айналады. Мұндай диалогтық алаңды құрудың қажеттілігі неде?
Сараптамалық зерттеулерге сүйенсек, қазақтілді және орыстілді баспасөздің кез келген мәселедегі күнтәртібі әртүрлі. Тіпті жаңадан жасалып жатқан заң жобалары бойынша әрқилы пікірлер айтады. Сондықтан да біз барлық мүдделі тараптарды, жақтастар мен қарсыларды да қатыстыратын алаң құрғымыз келеді. Өйткені біз бір елде тұрамыз әрі қоғам тұрақтылығына бәріміз жауаптымыз. Бұл ретте мемлекеттік тіл мәселесі ұлттық бірліктің факторы болуы шарт».
Қоғамдық кеңеске кез келген адам мүше бола алады. Ол үшін tі l@ok.kz мекенжайына қоғамдық кеңес жұмысына қатысуға ниет білдіру керек. «Қоғамдық кеңес тіл заңнамасын жетілдіруге және тіл төңірегіндегі барлық бағыттарға байланысты ұсынымдар әзірлейтін болады.
Сонымен қатар тілдерді оқыту әдістемелері, инновациялық жобаларына қатысты халықтық сараптама да жүргізіледі. Қандай әдістеме дұрыс, қайсы жұмыс жетілдіруді қажет етеді, осының бәрі қоғамдық кеңесте талқыланады», - деді журналистерге Ж. Құрманғалиева.
Айтпақшы, осы отырыста жауапты хатшы қатысушыларды мемлекеттік тілді 10 негізгі бағыт бойынша үйрететін тілашар үлгісі 1 миллион таралыммен таратылатыны туралы сүйінші хабардан құлағдар қылды. «Тілашар таратылымы денсаулық сақтау, мәдениет, қызметтер, шаңырақ, білім, саяхат, жұмыс секілді біз күнделікті пайдаланатын аса қажетті 10 бағытты қамтып отыр. Шамамен келесі аптаға қарай бұл тілашар құралдардың барлығы еліміздің өңірлеріне түгел таратылады. Барлық мекеме, оның ішінде мемлекеттік емес мекемелер де осы тілашармен қамтамасыз етіледі. Бұл таралымдар бойынша арнайы тұсаукесер де жоспарланып отыр», - деді ол.
Жиын аяқталар тұста Ж. Құрманғалиева мемлекеттік тіл мен ресми тілдің қолданылу деңгейін салыстырып былай деді: «Конституция нормаларына сәйкес, мемлекеттік органдарда, жергілікті басқару органдарында мемлекеттік тілмен тең дәрежеде орыс тілі қолданылады. Яғни тең деңгейде, теңдей ауқымда деген сөз. Бұл ретте «тең дәрежеде» деген мәселе тек қана мемлекеттік органдарға қатысты екендігін еске салғым келеді. Біз мемлекеттік қызметкер ретінде азаматтар тарапынан сұрау салынған тілде жауап беруге тиіспіз. Ал жеке ұйымдар бұл мәселені өздері шешеді», - деді.
Десе де жауапты хатшы мемлекеттік органдарда орыс тілінің дәурені жүріп тұрғанын жасырмады. «Қазақстанның мемлекеттік органдарындағы орыс тілінің тағдырына келетін болсақ, егер орыс тілі дәл қазақ тіліндегі деңгейде қолданылатын болса, оның халі өте мүшкіл болатын еді.
Бүгінгі күні мемлекеттік органдарда орыс тілін қолдану деңгейі қазақ тілін қолдануға қарағанда әлдеқайда жоғары. Мониторингке сүйенсек, мемлекеттік органдарда орыс тілінің қолданылуы 80-90 пайыз болса, мемлекеттік тілдің қолдану аясы 10-20 пайызды ғана құрайды. Егер Конституцияда көрсетілгендей, орыс тілі тең дәрежеде қолданылса, оның жағдайы шынымен қиын болар еді», - деді Ж. Құрманғалиева.

Қанат МАХАМБЕТ
Астана

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=9345&Itemid=2

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5527