Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4111 0 пікір 11 Тамыз, 2011 сағат 04:30

Жорж С.Клейсон. Байлық кілті. БАЙЛЫҚТЫҢ БІРІНШІ ЗАҢЫ

Табысының кемінде оннан бір бөлігін

өзі мен жанұясының болашағына жинайтын

адамның қолына ғана байлық дариды әрі молаяды.

Табысының оннан бір бөлігін тұрақты түрде жинап, оны іске ақылмен салған адам, өз болашағына жететіндей әрі артында қалған жанұясына жеткілікті тірлік көзін қалдырып, лайықты байлыққа қол жеткізеді. Бұл заң осындай адамның қолына әруақта алтын құймасын бұйыртады. Бұған куә ретінде мен өз өмірімді мысалға келтіре аламын. Маған неғұрлым алтын көп жиналған сайын, соғұрлым ол маған мол көлемде келді. Жиналған алтын, мен ойлағаннан артық табыс әкелді.Ал, жиналған қор еселене түседі екен. Бірінші заңның осындай күші бар.

 

БАЙЛЫҚТЫҢ  ЕКІНШІ  ЗАҢЫ

Өзіне табысты іс тапқан адамның байлығы

ғана тұрақты да қалқысыз жұмыс істеп,

өрістегі малдай көбейеді.

 

Жинақ - шынында да қалтқысыз еңбекқор. Ол мүмкіндік туғанда құлшыныспен молаяды. Байлық жыйған әр кісі осындай табысты мүмкіндікке ие. Жыл өткен сайын ол табыс еселеніп, қайран қаларлық мөлшерге жетеді.

 

БАЙЛЫҚТЫҢ  ҮШІНШІ  ЗАҢЫ

Табысының кемінде оннан бір бөлігін

өзі мен жанұясының болашағына жинайтын

адамның қолына ғана байлық дариды әрі молаяды.

Табысының оннан бір бөлігін тұрақты түрде жинап, оны іске ақылмен салған адам, өз болашағына жететіндей әрі артында қалған жанұясына жеткілікті тірлік көзін қалдырып, лайықты байлыққа қол жеткізеді. Бұл заң осындай адамның қолына әруақта алтын құймасын бұйыртады. Бұған куә ретінде мен өз өмірімді мысалға келтіре аламын. Маған неғұрлым алтын көп жиналған сайын, соғұрлым ол маған мол көлемде келді. Жиналған алтын, мен ойлағаннан артық табыс әкелді.Ал, жиналған қор еселене түседі екен. Бірінші заңның осындай күші бар.

 

БАЙЛЫҚТЫҢ  ЕКІНШІ  ЗАҢЫ

Өзіне табысты іс тапқан адамның байлығы

ғана тұрақты да қалқысыз жұмыс істеп,

өрістегі малдай көбейеді.

 

Жинақ - шынында да қалтқысыз еңбекқор. Ол мүмкіндік туғанда құлшыныспен молаяды. Байлық жыйған әр кісі осындай табысты мүмкіндікке ие. Жыл өткен сайын ол табыс еселеніп, қайран қаларлық мөлшерге жетеді.

 

БАЙЛЫҚТЫҢ  ҮШІНШІ  ЗАҢЫ

Білікті адамдардың кеңесіне құлақ асып,

ақылмен іске жаратқан кісінің байлығы еселенеді.

 

Жинақ шынында да, есуастан қашқан жандай, қамқор қожайынға сытылып кетеді.Байлықпен ісі болған адамның кеңесіне құлақ асатын жан, өз жинағын тәуекелге салмайды, оған қауыпты жолатпай, молаюына қуана қол жеткізеді.

 

БАЙЛЫҚТЫҢ  ТӨРТІШІ  ЗАҢЫ

Өзіне бейтаныс іске ұрынған адамның байлығы қолдан сусыйды.

Жинақ көрмеген адамның қолындағы байлық кез келген мүмкіндікті пайдалы етіп көрсетеді.Алайда, ол мүмкіндіктердің көпшілігі жинаққа қатер төндіреді. Егер де ол мүмкіндіктерді тәжірибелі кісілер сараптайтын болса, олар пайдаға жарайтын мұрсаттың аз екеніне көз жеткізер еді.Сондықтан да өздігімен  өзіне бейтаныс іске қол артатын жинақ иесі көбіне тәжірибесіздігі салдарынан қолда барын шашып тынады.Істің мәнісін білетіндер кеңесіне жүгініп жинағын жаратқан жан ғана даналыққа жол салады.

 

БАЙЛЫҚТЫҢ  БЕСІНШІ  ЗАҢЫ

Қолдан келмейтін іске ұрынған болмаса алаяқтар мен қулардың қармағына түскен немесе тәжірибесіздігі мен қияли қылығы кесірінен тез баюға ұмтылған адам байлығының берекесі қашады.

Жинағы бар адамға ылғи да сыйқырға толы ертегідей алдамшы ұсыныстар түседі. Оларға қарап, шексіз байлықты сыйқырлы күш қана қолға түсіретіндей көрінеді.Бірақ та ондай жоспарға қалай мұқият үңілсең, тез байытатын ол істердің соншалықты тәуекелге толы екеніне көз жеткізуге болар еді.

Бұл жағынан ниневиялық байдың ешуақытта қол жетпейтін табысқа басты байлығын тәуекел етпейтінін ұмытпаңдар.

Байлықтың бес заңы осы. Хикаяны айта отырып, сендерге өз байлығымның құпиясын да аштым.

Шын мәнінде, ол - байлықтың құпиясы емес, күн сайын аштық қысқан қасқырдай болғаннан, күйбең тірліктен суырылып алға шыққысы  келетін кез келген адамға тән ақиқат еді.

Ертең біз Бабылға жетеміз. Көрдіңдер ме, анау Ваала тәуханасының үстінен самаладай самсаған оттарды.Алтын қала қол бұлғап тұр.Ертең сендерді лайық қызметтерің үшін алатын тиісті жинақтарың күтіп тұр.

Он жыл өткен соң бұл байлықтарың туралы не айта аласыңдар?

Араларыңда Номасар секілді, Арқаттың даналығына сай алғашқы қадамды байлыққа барар жолға салатын біреулерің болса,онда он жылдан соң олар Арқаттың ұлы сияқты ауқатты да абыройлы адам болмақ.

Біздің дана қылықтарымыз текке кетпей, әруақта бізді өмір бойы қуантып, ләззатқа бөлейді. Дәл сол сияқты ақымақ қылықтарымыз бізге өмір бойы мазамызды алып, қауіп төндірумен болады.Өкінішке қарай, оны киім секілді шешіп тастап, ұмытып кете алмайсың.Бірақ та, істей алатыныңды кезінде тындырмай кеткенің, қыр соңыңнан қалмай, өмір бойы өкшелеп жүреді.

Бабылдың қазынасы ағыл-тегіл.Оны ешкім де өлшей алмас. Жыл өткен сайын шаһардың байлығы еселеніп, гүлдене түсуде. Бұл байлықтың бәрі де іскер адамдар үшін марапат болып табылады.Әр адамның тілегі мен ойында дүлей әрі сыйқырлы күш жасырулы. Байлықтың бес заңын білсеңдер, ол күшті өз пайдаларыңа жарата отырып, Бабылдың байлығынан өз үлестеріңді аласыңдар.

 

Бабылдық  молайтушы

Қолында тура елу алтын бақыр! Бабылдық бақыр басушы Родан шебердің әмиянында ешқашан да мұнша ақша болған емес. Көңілі көпсіген ол дүниедегі ең жомарт патшаның сарайынан келе жатты. Ол жүрген сайын беліне бекітілген шиланның ішіндегі алтын теңге көңілді қыдықтап, сыңғырлаумен келеді.  Бұл оның өмірінде тыңдаған ең жағымды әуені болар.

Барлығы - алтын елу бақыр! Ол өзіне өзі сенер емес.Сыңғырлаған бұл дөңгелекшелерде не сыйқыр бар еді! Бұған бәрін де - зәулім үй, жер, мал, келе-келе түйе, үйір-үйір жылқы,тіпті, жайлы арба да сатып алуға болады.

Оны қайда жұмсаса екен. Ол өзінің қарындасының үйіне баратын көшеге түскенде, оның кеудесін осы ой мысықша тырналады.

Бірнеше күн өткен соң, бойын мазасыздық билеген Родан молайтушы әрі бағалы заттар мен сирек нәрселер сатушы Матонның дүкеніне кірді.

Жағалай алуан түсті тауарларға көзін де салмастан, ол үйдің түп жағындағы тұрғынжайға қарай өтті. Мұнда ол кілемге жайғасып, қара өңді құлдың берген асын ішіп отырған Матонға жолықты.

- Мен сенімен ақылдасқым келеді, өйткені не істерімді білмей жүрмін.- Родан былғары кеудеше киген жүнді төсін керіп, нық тұрды.

Қушиған сары жүзді Матон күлімсіреген күйде сәлемдесті.

- Молайтушы керек болғандай, сен не бүлдіріп қойдың?  Неліктен сәттілік сатып кетіп, ойын үстелінде ұтылып қалдың? Әлде мамықтай жұмсақ бір сұлу өз торына түсірді ме? Мен сені көп жылдан бері білем де, менен көмек сұраған жерің болған емес.

- Жоқ, оның бірі де болған жоқ. Маған алтын керек емес. Мен сенен кеңес алуға келдім.

- Мәссаған, мынау не деп тұр, ей! Молайтушыға ақылдасуға кім келетін еді. Мен не естіп отырмын?

- Сенің құлағың дұрыс естіді.

- Мүмкін емес! Матонға алтын үшін емес, кеңес үшін келетіндей Родан басқадан неліктен ақылдырақ болды екен? Көптеген адам келіп маған өздерінің ақымақтығы үшін төлейтін алтын іздеп келеді, бірақ олар ешқашан ақыл сұраған емес.Ал, әркімнің шарасыздығын сейілтетін молайтушы кеңес бермегенде, кім береді? Қане, Родан, кел асқа! Сен бүгін менің құрметті қонағымсың! Аңду!- ол құлды шақырды.- Маған кеңесу үшін келген Родан досыма көрпе жай. Ол бүгін маған қадырлы мейман. Оған астың таңдаулысын молырақ әкел, құмыраны шарапқа толтыр.

Ал, енді мазаңды алған жайтты ортаға сал, мейманым.

- Ол - патшаның марапаты ғой.

- Патшаның марапаты? Патша берген марапат мазаңды алып жүр ме? Ол не марапат?

Патшаның торғауытына (гвардия) найза ұштарын жасаған едім, ол риза болып, маған елу алтын бақыр берді.Енді мен қиналып жүрмін. Біреу-міреу бөлісуге қинай ма деп басым қатып жүр.

- Оның рас. Жұрт өзінде болмаса да, өзгенің алтынын бөлісуге әрқашан да құмар келеді. Бірақ, сен олардан бас тарта алмайсың ба? Әлде жұдырығыңнан гөрі жігерің осал ма?

- Мен көбінен бас тартармын-ау, бірақ кейде келісе салған ыңғайлы ғой. Мысалы, туған қарындасымнан қалай бас тартамын?

- Әрине,қарындасың болса, сенің марапатыңды бөлісуден бас тартпас.

- Бірақ, қарыз күйеубалам Араманға қажет болуда. Ол мұндай мүмкіндіктің өзінде болмай келгенін айтып, қарызға алғысы келеді.Байығасын қайтаруды мойнына алмақ.

- Досым,- Матон әңгімеге шындап кірісті,- Абзалы, байлық адамға үлкен жауапкерлік жүктейді және жұрттың өзіне деген қатынасын өзгертеді.Алтынға ие болған кісі, оны біреу ұрлай ма, әлде жоғалтам ба деп қорқады.Онымен бірге адамды ол қызықты нәрсе істеуге құлшындырады, алайда, қайырымды қай іс те бір нәрсеге ұрындыруы ықтимал.

Сен айуандар тілін білетін ниневиялық шаруа жайындағы хикаяны естіп пе едің? Естімеген боларсың, ондай әңгімелер ұстаның көрігі жанында айтылмас болар. Мен саған ұғу үшін мынаны айтам: қарызға ақша беру - алтынды қолдан қолға бере салу емес.

Әлгі, айуандардың өзара тілдесетінін ұғатын шаруа,  кешкісін ауласында отырып алып, түрлі жан-жануардың әңгімесін тыңдайды екен.Бір күні өгіздің өз тағдырын айтып, есекке шағынғанын естіпті:

- Мен таңнан ымыртқа дейін соқаны тартумен жұмыс істеймін. Күннің ыссы екенімен де, менің аяғымның ауырғанымен де, иықша мойнымды қажағанымен де ешкім санаспайды.Ал, сенің өмірің рахат қой. Үстіңе алуан түсті жабу жабулы, қожайынды баратын жеріне апарып тастағаннан басқа шаруаң да жоқ. Ол ешқайда бармаса, сен күні бойы көк шөпті күйсеп тұра бересің.

Есек өзінің қиқарлығына қарамастан, қайырымды болатын, ол өгіз байғұсты сонша аяп кетті.

- Шынында да, досым, - деді ол,- сенің тірлігің мүшкіл екен, мен халыңды жеңілдетсем қайтеді. Күні бойы демалудың ретін мен саған айтайын.Ертеңгісін құл сені соқаға жегуге келгенде, сен ыңқылдап, сырқаттың күйін кешесің, ол сені науқас екен деп ойласын.

Өгіз есектің айтқанын қылды да, оның жайын көрген құл қожайынға өгіздің соқа тарта алмайтынын жеткізді.

- Ендеше,- деді шаруа құлға,- соқаны есекке жек.

Досына қайыр тілеген есек күні бойы өгіздің жұмысын істеп діңкесі құрыды.Ымырт түскесін ғана оны соқадан босатты, ал оның жаны күйінгені өз алдына, аяқтары талып, иықша қажаған мойнынан сау-тамтық жоқ екен.Шаруа екі жануардың әңгімесін тыңдауға ауласына шықты. Әңгімені өгіз бастады:

- Сен шынында да нағыз дос екенсің. Сенің құнды ақылың арқасында бүгін күні бойы рахаттанып тынықтым.

- Ал, мен,- деді есек,- досына қайыр тілеп, оның азабын өз мойнына алған ашық ауыз болдым. Енді сен соқаңды өзің тартқаның жөн.Себебі, мен қожайынның құлға сен сауықпасаң, сойып тастауын тапсырғанын естідім.

Осымен әңгіме де, достық та тәмәмдалды. Бұл жайттың мәнісін ұқтың ба, Родан?

- Қызық жайт екен,- деді Родан,- бірақ мәнісін сонша ұқпадым.

- Солай боларын мен де білгем.Бірақ оның мәнісі бар және ол қарапайым ғана.Егер сен досыңа жаның ашыса, оның азабын өзің тартпайтындай қайыр тигіз.

- Бұл жайында мен ойламаппын. Нағыз даналық екен. Мен күйеубаланың азабын тартуға құлшынбаймын.Бірақ айтшы, сен жұртқа ақшаны қарызға таратасың ғой.Оның бәрі де қайтара ма?

Матон жымыйды, оның бұл жымыйысы талайды көріп, көп нәрсені бастан кешкенін білдіргендей сыңай еді.

- Берешек адамның төлеуге жағдайы болмаса, оған қарыз беруге бола ма, айтшы? Қарызды қаншама бере білсең де, ылғи да ол қарыздың саған қаншалықты пайдасы болатынын және ақшаң қайта ма, жоқ па, соны ойлау керек.Әйтпесе, дымсыз қалуға болады.Мен саған қобдидағы кепілзаттарды көрсетейін, олардың өзі-ақ саған талай хикаяны айтар еді.

Ол бөлмеге құшаққа зорға сыятын қобди алып келді,оның сырты шошқа терісімен қапталып, жаншылған қоламен әшекейленіпті.Ол қобдиды еденге қойды да, жанына малдас құра отырып, қос қолын қобди үстіне қойды.

- Қарыз ақша берген әр адамнан мен кепілзат аламын да, оны қарызды қайтарғанша қобдиымда сақтаймын.Қарызды қайтарған адамға оның кепілзатын беремін, болмаса ол менде қалады. Ең дұрысы, қобдиымның ойыма салғаны бойынша, адамдар менен қарызды қанша алғысы келсе, сонша алады. Ол үшін оларда жер, асыл тастар, мал немесе басқа да құнды заттар болуы керек.Олардың кейбіреуі маған қарыз ақшадан да құнды нәрселерін кепілдікке беріп кетеді.Енді біреулері, егер де қарызды қайтара алмаған жағдайда, маған әлдебір мүлкін сату құқығын беруге уағдаласады. Осындай қарыздар барынша қайтымды болады.Мен өзімнің қарызға берген алтынымның үстемеленіп қайтатынына сенемін, өйткені, қарыз мүлікке негізделген.

Табыс таба алатын адамдар, енді басқа санатқа жатады. Олар сен секілді жұмыс істейді немесе қызмет етеді де, оған тиісті ақысын алады.Ондайлардың табыс көзі бар, егер де сәтсіздікке ұшыраса, онда олар да қарызды пайызымен қоса қайыра алатынына сенем. Мұндай қарыз еңбекке негізделген.

Мүлкі де, табыс көзі де жоқ адамдар да бар. Өмір - қатал, оған бейімделе алмағандар да табылады. Мұндайларға қайырымды достары кепіл қолын ұсынбаса, ондайларға қарызға бергенмен, бақыр тиынды да қайтарамын деп ойламаймын.

Матон қобди тиегін ағытып, қақпағын көтерді. Родан шыдай алай алға ұмтылды.

Кепілзаттар бетінде қызыл матаға оралған қола алқа жатты. Матон оны қолына алып, сүйсіне салмақтады.

- Бұл енді менің қолымда қалады, өйткені, иесі одүниеге өткелі қашан. Мен бұл әшекейді иесіне деген естелік үшін сақтаймын, өйткені, ол менің жақсы досым еді. Ол шығыс жақтан өзіне қалыңдық әкелгенше, екеуміз сауданы табысты жүргіздік. Ол келіншек сұлу болатын бірақ басқа әйелдердей емес, шолжаң болды. Жұбайы оның еркелігін көтеріп, қолдағы барын шашты. Алтыны біткенде, ол маған ұнжырғасы түсіп келіп еді. Онымен ұзақ сөйлестім. Мен оған өз ісінің аяққа тұруына көмегімді ұсындым.Ол Зеңгі баба бейнесінің алдында солай етеріне уәде етіп еді, бірақ оған тағдыр жазбапты.Үйдегі кезекті жанжал кезінде оған әйелі жүрегіне пышақ сұғып тынды.

- Әйелге не болды? - құмарта сұрады Родан.

- Міне, мынау - соныкы,- Матон сәнді киімді көтеріп көрсетті.- Өмірден түңілген күйі Ебпрат суына кетіп өлді. Бұл екеуі қарыздың орнына қалған кепілзат. Родан, бұдан сен сезімге тұтқын болғандардың молайтушыға сенімді серіктес емес екенін ұға бер.

Мында басқа бірдеңе бар екен.- Ол қобдидан өгіз сүйегінен ойылған жүзікті алып шықты.- Бұл бір шаруаныкы болатын. Оның әйелінен мен кілем сатып аламын. Бірде шегіртке қаптап, олар астықсыз қалды. Мен оған жәрдемдестім де, ол маған қарызын жаңа астықтан қайырды.Сосын ол шалғайдағы шетелде бар ұзын да, жұмсақ қылды ешкі турасында білгенін айтты. Одан Бабылда жоқ керемет кілем тоқуға құмартты. Ол бір отар ешкі сатып алғысы келді, бірақ ақшасы болмады. Мен оған қарыз бердім. Ол отар ешкіні алып келді, енді келесі жылы бабылдық алпауыттардың қалаған кілемін алдарына жайып салғалы отырмын. Жуырда бұл жүзікті қайтаруға тура келеді. Шаруа мерзімінде төлеуге уәдесін берді.

- Сонда қарызды көпшілігі қайтара ма? - қызына сұрады Родан.

- Егер олар ақшаны табысты іске алса, қайтарады. Егер де олар өз қатесін  төлеуге мәжбүр болса, онда алтыныңды көру мүмкіндігі үлкен емес.

- Мына кепілзат жайлы айтып берші,- өтінді Родан, қолына айнала асыл тастары бар салмақты алтын білезікті алып.

- Менің досыма әйелдер жағатын сияқты,- деп мырс етті Матон.

- Қанша дегенмен, мен саған қарағанда жаспын ғой,- деп Родан есесін жібермеуде.

- Оның дұрыс, бірақ бұл жолы сен ғашықтық мәселесін жоқ жерде іздеп отырсың.Бұл білезіктің иесі - сөзінде мән жоқ, көп сөйлейтін, былшиған, келбетін әжім басқан бір ханым. Бір кезде ол айтарлықтай бай болатын.Оның ұлы бар, соны саудагер еткісі келеді. Сондықтан ол маған келіп, қаладан қалаға барып, айырбас саудасымен айналысатын керуенге ұлына ақша беріп ертіп жіберуді ойлап, келген.Бірақ керуен басы алаяқ екен, бозбаланы ұйықтаған күйі ақшасыз, жалғыз өзін бір қалаға қалдырып кетіпті. Бәлкім, ол сергелдең саналы тәжірибеге айналғанда, менің ақшам қайтар.Әзірге еститінім - тек қана уәде.Алайда, мына асыл тастар берген қарыздың құнына тұрады.

- Анау әйел қарыз алардан бұрын сенен кеңес алды ма?

- Түк те. Ол керісінше,ұлы туралы Бабылдағы бай да ықпалды адам ретінде сөйледі.Қарсылық білдірсем, ол жынданар еді.Мен оның ұлының шикі бала екенін білдім, бірақ ол кепілзат ұсынғасын, мен одан бас тарта алмадым.

Ал мынау, - жалғастырды Матон, түйіншектің жіңішке жібін шешіп жатып,- Түйе саудагері Небатырға тиесілі.Ол бір келе٭ түйе сатып алуға ақшасы жетпегенде, осылайша түйін түйеді, ал мен оған қанша керек болса, сонша берем.Ол нағыз саудагер. Мен оның сергек ақылына сенем,сондықтан да оған ойланбастан қарыз берем. Бабылдағы көптеген саудагерлер менің сеніміме толық кіріп алған, өйткені, олар істі әділдікпен атқарады.Олардың кепілзаты менің қобдиымда көп жатпайды. Жақсы саудагер - қаламыздың олжасы ғой. Менің оларға көмегім өзіме пайдалы, ал оларға менің ақшамды қолдану тиімді.

Матон қобдидан лағыл тастан ойылған қобыз бейнесін жиіркенішпен  еденге лақтырып жіберді.

- Мына қоңыз Египеттен. Қарызды қайтару иесінің ойына да кіріп шықпайды.Мен есіне салсам, ол маған: «Мені кесір жайлап жатса да қайтарамын. Ал сенде онсыз да ақша көп қой». Енді не істейсің? Кепілзат оның абыройлы әкесіне тиесілі, ол баласының ісін қолдау үшін жерін де, малын да салды.Әуелі баласының істе жолы болды, сосын оның сараңдығы мен тәжірибесіздігі түбіне жетті. Ісінің бәрі кері кетті.

Жастық шақта адам тәуекелшіл келеді. Байлыққа да, алдамшы игілікке де жеңіл жол іздейді.Тезірек баю үшін жастар ойланбастан қарызға батып жатады.Өмірді бастамай жатып, олар сенімсіз қарыздың бір түссең шыға алмайтын терең құз екенін сезбейді. Ол - түнек тұңғиық қой.

Бірақ, егер де жұрт жарқын масатқа ұмтылып жатса, қарыз алмауға азғырмаймын.Өз басым ылғи да қарыз алумен саудагер болдым.

Дегенмен, әлгі балаға молайтушы не істеуі керек? Жас болғасын жігері мұқалады, ісі өнбейді.Тіпті, қарызды өтеуге талпынбайды да. Ал мен оның әкесінің жері мен малын тартып алғым келмейді.

- Сен маған біраз жайтты мәлім еттің,- Родан ризалығын жасырмады.- Бірақ өз сауалыма жауапты естімедім ғой. Күйеубалама елу алтынбақырды бергенім жөн бе? Ол ақша маған сондай қадырлы.

- Қарындасың келісті адам, мен оны сыйлаймын.Оның күйеуі маған келсе, одан қарызды қалай пайдаланарын сұрар едім.

Егер де ол мен секілді асыл тастар мен қымбат жиһаз саудагері болуды ойластырса, тағы сұрар едім: «Сауда жөнінде не білесің? Тауарды ең арзанға алатын жерді білесің бе? Оны қымбатына қалай сатпақсың?» Қалай ойлайсың, ол осы сұрақтарға жауап бере ала ма?

- Жауап бере алмас,- деп келісті Родан.- Ол бар болғаны маған найза жасауға көмектесті ғой.

- Онда оған, ниетті толық ойластырмағанын айтар едім. Саудагер өз ісін толық  зерттеуі керек, ал оның ниеті әзірге ештеңеге негізделмеген. Мен оған алтынды бермес едім.

 

٭ келе - түйе тобыры

Ол мысалға: «Иә, мен саудагерлерге жәрдемдестім. Смирнуға барып арзан кілем сатып әкелуді білем». - десе, оның ниетіне ден қойып, ісін қолдауға болар еді. Егер де қарызды қайтаруға кепілдік берсе, елу алтын ақшаны бере салар едім.Бірақ ол: «Менде кепілдік жоқ, алайда, қарызды қайыруға таза абыройыммен ант етейін» десе, мен: «Әрбір бақырды қадыр тұтатын адаммын. Смирнуға барар жолда қарақшылар ақшаны тартып алса болмаса қайтар жолда кілемді тонап алса, қарызға алған менің алтыным бірге құриды ғой».

- Көрдіңбе, Родан ақшаны молайту да - саудагерліктің бір жолы, тек қана ақшамен сауда қылу.Ақшаны қарызға беру қиын емес, бірақ ойсыз бере салған ақшаны кері қайтару - қиынның қиыны. Білікті молайтушы ақшасын босқа тәуекелге тікпейді, оған қайтарым кепілі керек.

- Иә, кедейге қол ұшын берген жөн, тағдырдың соққысына ұшырағанға көмектесу қажет. Бірақ, бөгденің міндетін өзіне артқан есектің ахуалын кешпес үшін, көмекті ақылмен берген мақұл.

- Сенің көздеріңнен тағы бір сұрақты оқып тұрмын, Родан, менің жауабым мынау: анау алтыныңды өзіңе қалдыр. Өз еңбегіңе бұйырған алтын - сенікі, өз қалауың болмаса, оны ешкіммен де бөліспеуге қақың бар.Егер оны молайтуға бағытталған қарызға айналдырғың келсе, оны ақылмен істе. Сен қанша жыл бойы найза жасап келесің?

- Толық үш жыл болды.

- Патша марапатын қоспағанда, осы жылдар ішінде қанша ақша жинадың?

- Алтын үш бақыр.

- Сен өзіңді көп нәрседен тыю ақылы жылына бір бақырдан ғана жинадың ба?

- Дәл солай.

- Демек, сен елу жыл ішінде елу алтын бақыр жинар едің.

- Сонда, өмір бойы сонша ақшаға ғана қол жеткізер екем ғой.

- Неліктен, сенің қарыңдасың өз күйеуін саудагер болып байқауға ғана сенің елу жылғы ақыңды алып тәуекелге салмақ?

- Жоқ, сен секілді түсіндірсем, ол бас тартар.

- Ендеше барып айт: «Үш жыл бойы таңнан кешке дейін еңбек еттім. Өзіме де қимастан жылына бір алтын бақыр жинадым. Сен - менің сүйікті қарындасымсың, күйеубаланың да өзінің сүйікті ісінде жемісті болуын қалаймын.Егер де ол менің Матон досым қолдайтындай нақты жоспарын айтсын, мен бір жылғы жинағымды берейін, ал ол қолынан іс келетінін көрсетсін». Дәл осылай істе.Егер онда кепілзат болса, соған сәйкес қарыз бергін, ал егер жоқ болса, онда қайтара алатын сомасын ғана ұсын.

Мен өз саудамнан артылған алтыным болғасын ғана молайтушы болдым. Алтынымның өзгеге жұмыс істегенін қалаймын, бірақ ол маған пайда келтіруі қажет. Оның үстіне ол таза еңбегімнің ақысы болғасын, бостан босқа жоғалтқым келмейді. Сондықтан да, істің мығым екенін және алтынымның кері қайтатынына көзім жетпесе, кім көрінгенге қарыз бере салмаймын.

Мен саған қобдиымдағы кейбір құпияларды ғана айттым, Родан.Солардың ішінде, ақшаны қайтаратындай берік мүмкіндігі болмаса да, қарызға алуға құмар пенделердің көп екеніне көз жеткіздің.Сонымен бірге, егер де адамда жеткілікті қабылет пен тәжірибе болмаса, тезірек әрі ірі табысқа жетерлік үміттің түкке тұрғысыз екенін байқадың.

Сенде алтын бар, енді сен оның қолыңнан сусып кетпей, өзіңе жұмыс істеп, табыс әкелуін ойлануың керек.Мен секілді молайтуға жұмсауыңа болады. Өз жинағыңды көздің қарашығындай қорғасаң, ол саған алдын ала бірнеше жылға жетерлік мол табыс сыйлайды.Ал, оны қолдан шығарып алсаң, өмір бойына жетерлік ащы өкініштен арылмайсың. Ал, енді өзіңде қандай жоспар бар?

- Алтынды жоғалудан сақтауым керек.

- Дұрыс әңгіме,- Матон мақұл сыңай танытты,- Алғашқы тілегің - алтынды сақтау. Ал, күйеубалаңда ол сақталар ма еді?

- Олай болмас деп қорқам. Ол сақтай алмас еді.

- Ендеше жасанды туыстық сезімге беріліп керек емес. Егер де туысыңа жанашырлық жасағың келсе, оны басқа жолмен, қолда бар жинағыңды тәуекелге тікпейтіндей, істе.Алтынның сақтай алмайтын адамның қолынан алды-артына қарамай кететінін ұмытпа.Одан да,  өзгенің ақшаңды қалай жоғалтып жатқанын бақылап отырғаннан, оны өзің жұмсағаның жөн ғой. Ақшаңды қатерден сақтаудан басқа тағы не ойлайсың?

- Оның маған ақша еселегенін қалаймын.

- Бұл айтқаның да жөн сөз. Алтынның өсіп, көбейгені дұрыс.Егер де оны ақылмен іске салсаң, қартайғанша, ол еселене алар еді.Егер де оны жоғалтсаң, онда болашаққа табыс әкелетін ақшаны да бірге құртасың.

Сондықтан да, өздері істің ретін білмейтін және сенің ақшаңды тәуекелге тігіп байығысы келіп, бас қатыратындарға басың айналмасын.Олардың құрғақ уәдесі сенің жиған-тергеніңді бір сәтте-ақ, жойуы мүмкін. Онан да ісі оңға басқандармен бірге болғаның абзал.Білігі мен тәжірибесінің арқасында олар саған ақшаңды да сақтайды, мол табысқа да кенелтеді.Осы жолмен ғана күтпеген олжаға кенелген көп адамдардың жіберетін қатесіне жоламайсың.

Патшаның мына сыйы саған әлі талай сабақ береді.Өзіңе өзің сақ бол, өйткені, алдан әлі де талай алдамшы жайттар күтіп тұр. Саған жұрт ірі табысқа жеткізетін талай кеңес те, мүмкіндік те береді. Қобдиымды ақтарып саған айтқан хикаялар сені ойланбай әрекет етуден сақтар әрі басқаға қарызға берген әрбір бақыр саған аман-есен табыспен оралар. Болашақта кеңесім керек болып жатса, мен саған құлшыныспен беремін.

Кетпес бұрын, қобдидың төменгі жағына ойып жазған жазбаны оқып шық. Ол жазба қарызды берушіге де, алушыға да қатысты

 

Жалғасы бар...

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543