Сенбі, 23 Қараша 2024
Аймақ 5284 4 пікір 25 Қазан, 2019 сағат 11:44

Инвестицияның бәрі бірдей халыққа тиімді ме?

Қазіргі таңда Қостанай облысы елімізде өзге өңірлердің қай-қайсысымен де еркін тайталаса алатын мықыт аймақтардың бірі. Экономикалық көрсекіштері де ешкімнен олқы соқпайды. Тіпті жақында ғана өткен тоғыз айдың қорытындысына арналған алқалы бас қосуда экономика мен әлеуметтік саланың қай-қайсысында да ерекше өрлеу бар екендігі аса мақтанышпен айтылды. Шындығында да солай шығар. Статистикамен таласып, абырой ала алмайтынымыз айқын. 

Біздің айтайын дегеніміз, осы көрсеткіштердің көлеңкесіндегі кейбір келеңсіз жайтардың жұрттан жасырылып қалатындығы ғана. Мәселен, осы жиналыста «Қостанай облысында кейінгі жылдары тұрғын үй құрылысы жетекші салаға айналғандығы» ерекше аталып өтті. Айталық, тек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ғана 264,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, ол былтырғы жылмен салыстырғанда 16,2 пайызға артып, төбеміз көкке бір елі жетпей қалыпты. Жақсы ма, жақсы. Тамаша ма, тамаша. Тек бір сәл ғана әттегене-айы «365 INFO.KZ» сайтының хабарлауына қарағанда соңғы кезде еліміздегі Қостанай, Семей, Павлодар, Тараз және Нұр-Сұлтан секілді бес бірдей қалада жаңадан салынған тұрғын үйлер қатты қымбаттап кеткен. Олардың ішінде Қостанай шаһары ерекше көзге түсетін көрінеді. Мәселен, ресми деректерге қарағанда жаңадан салынған үйлердің әрбір шаршы метрі тек қыркүйек айында ғана 9,2 пайызға өскен. Ал жылдық өсім анау-мынау емес, тура 20 пайызға шарықтаған. Осы 12 ай ішінде әрбір шаршы метр 39,5 мың теңгеге көтерілген. Ал бір қызығы, Қостанайда жаңадан салынған үйлердің бағасы еліміздің кез-келген қаласымен салыстырғанда ерекше өсіп кетеді екен. Бізден кейінгі екінші орында  Семей келеді, ал оның ізін Павлодар басып келеді.

Сонда қалай болғаны? Тұрғын үйдің жалпы өсімін айтамыз да, оның қарапайым халыққак қаншалықты қымбатқа түсетіндігі туралы жақ ашпаймыз. Осы бас қосуда біздің Қостанайдағы үйдің ешбір негізсіз шығандап кеткендігі жайлы неге терең талдау жүргізіліп, оның түп-тамырын неге атап көрсетпеске? Сосын оны қалай жөнге келтірудің жолы айтылып, мұндай келеңсіздікті келешекте болдырмау хақында келелі әңгіме қозғамасқа?  Қала әкімінен неге нақтылы жауап талап етілмейді? Әлде жауырды жаба тоқып, «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішіінде» детін принципті ұстап, бей-жай өмір сүрген тиімді ме екен? Әрине, үйлердің қымбатшылығынан байлар мен билік басындағылар ешқашан зардап шекпейді. Қашанда сорлайтын айлығы шайлығына детпейтін қарапайым халық қана. Алайда олардың жай-күйін ойлап отырған біздің билік жоқ. Бәрі тамаша, бәрі жақсы.

Мұны бір делік. Біздегі биліктің мақтан тұтатын тағы бір көрсеткіші--облысымызға инвестицияның қаптап құйылып жатқандығы жайлы әдемі ертегі. Жоқ, біз мүлдем мұндай емес деуден аулақпыз. Облыс экононмикасында инвесторлардың үлесі ауқымды, сөзі өтімді, екпіні мықты. Мәселен, осындағы жеңіл машина құрастыратын алып кәсіпорын—«Сарыарқаавтопром» атты үлкен компания біржолата Қытайдың қолына өткен. Алайда бұлардың шығарған, жергілікті баспасөзде мақтауын асырған көліктерін қаламыздың көшелерінен күндіз шам алып іздесең де таба алмайсыз. Арнайы барып көрдік, облыс әкімдігінің алдында да қаптаған шетелдік сылаңдаған көліктерден көз ашпайсыз. Сонда олар қайда кеткен. Рас, Қытайдың өзге жұрт көп біле бермейтін JAC дейтін жеңіл машинасының бірнешеуін облыстық полиция департаментінің алдынан байқап қалдық. Бары осы. Егер біздің билік бұларды мемлекеттік қызметтегілерге міндеттейтін болса, одан жақсы нәтиже шыға қоюы неғайбыл. Біріншіден, біз бұл әдіспен Қытай экономикасына тағы да «үлес» үлес қосамыз. Екіншіден, жергілікті жүргізушілердің айтуына қарағанда біздегі құрастырылатын көліктер ары кеткенде үш жылға ғана шыдайды. Сосын күркілі мен жөтелі басталады. Ал шетелдік машинлар кемі он жылға еркін жарайды. Біз бұл жерде шетелдік көліктерді алуды насихаттап отырған жоқпыз. Тек біздегі отандық деп аталатын көліктердің сапасын сол деңгейге дейін көтеріп, бағасын олардан гөрі сәл төмендетсе деген тілек қана. Бұл нарық заңы. Әйтпесе бәсекеге жарамайтын дүние шығару—халықтың ақшасын далаға шашу деген сөз. Осы орайда тағы бір ой көптен бері маза бермейді. Жарайды, осындағы Қытайдың шығарып жатқан көліктерінде еш мін жоқ, олардың қай-қайсысы да шетелдік көліктерден қай жағынан да кем түспейді делік. Онда осы өз облысымыздың әкімі Архимед Мұқанбетов неге алдымен бас болып, сол көліктерді ерттеп мінбейді? Сонда мүмкін аудан мен қала әкімдері, департамент пен басқарма басшылар аяқ астынан жаппай «патриот» болып шыға келері сөзсіз. Оның үстіне қалталарынан ештеңе де шықпайды, бәрін де халық яғни бюджет төлейді. Демек, бұл көліктерде үлкен бір кілтипан бар деген сөз ғой бұл. Оның қандай кілтипан екендігін бір айтқанды екі айтып мыжғылай бермейік, «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды» деген мәтелдің өзі-ақ жеткілікті шығар.

Ал жалпы, инвестор деген құдырет ең алдымен өз қара басының қамын ойлайды, құйған ақшасының бірнеше есе болып қайтатындығына көзі жетсе ғана тәуекелге барады. Міне сондықтан да олардың айтқандарына бас шұлғи бермей, мұндай инвестиция алдымен қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуге бағытталуына назар аударса, нұр үстіне нұр. Мәселен, бізде тракторлар мен комбайндар құрастыруға қаржысын құюға дайын инвесторлар жетерлік көрінеді. Экономиканың жетекші саларына көңіл бөліп, оның қарқынды дамуына бәріміз де шын ниетпен тілектеспіз. Алайда, сан-салалы тіршілік тек макроэкономика деген ұғыммен ғана шектелмейді ғой. Қарапайым тұрмысқа аса қажетті дүниелер жетіп артылады емес пе? Мәселен, өзгесін былай қойғанда кейінгі кездері мына жедел саты (лифт) дегенің зардабын әбден тартып жүргеніміз жасырын жайт та емес. Әлгіндей жедел сатының аяқ астынан бұзылып қалғандығының кесірінен Ақтөбе қаласында жап-жас келіншектің өз нәрестесін құтқарам деп қаза тапқандығын қалың жұрт ұмыта қоймаған шығар.Бұл кездойсоқ дүние емес. Бірер мысал келтіре кетелік. 2011 жылы Орал қаласында ай-күні келіп жұрген, екіқабат  келіншек жедел сатының шахтасына құлап көз жұмды. 2013 жылы Ақтөбе қаласында ер адам дәл осындай себептен қаза болды. 2016 жылы Алматы қаласындағы «Ақсай» шағын ауданындағы 9 қабаттан төмен қарай жылдам қоғалған саты екінші қабатқа жетер-жетпестен кілт тоқтаған. Абырой болғанда, сатыдағы жас бала жеңіл ғана жарақат алған. Айта берсең, жедел сатылардың әбден ескіріп, ажал әкелетін құралға айналғандығы туралы деректер жетіп артылады.

 Егер статистика деректеріне қарағанда еліміздегі жедел сатылардың 70 пайызының әбден тозығы жетіп, адамдарға қауіп төндіретіндігін ескерсек, бұған мүлде таң қалуға болмас. Бір қызығы, осыдан екі жыл бұрын «Қостанай қаласында жедел саты шығаратын зауыт салынады екен» деген қуанышты хабар тарады. Бұл қауесет емес, шындық болып шықты. Ресейдегі осындай жедел саты шығаратын белгілі компания осында келіп, дайындық жұмыстарын бастаған. Амал нешік, бұл талпыныс да сәтсіз аяқталды. «Бізге бұл жоба қолайлы емес» деген көршіміздің мамандары құрал-жабдықтарын жинап, бір күнде еліне кетіп отырды. «Әттегене-ай» деп сан соғып біз қалдық. Егер, осы зауыт іске қосылғанда мұндай аса қажетті дүниемен өз облысымызды ғана емес, бүкіл елімізді толық қамтамасыз етіп, тіпті көршілермізді де қамтырма едік. Қаншама тиімді дүниеден айрырылдық десеңші. Миллиондаған ғана емес, миллиардтаған пайдадан қағылдық. Егер бір жедел сатыны біз Ресейден қазірдің өзінде 6 миллион теңгеге сатып алып жүргенімізді ескерсек, қаншама байлықты ысырап етіп отырғанымызды түсіну қиын емес шығар.

Осы орайда бірнеше сауал маза бермейді. Мұндай аса қажет инвестор неге аяқ астынан кетіп қалды? Олар кетпей, жемісті жұмыс істеуіне, сөйтіп қазынамызға ғана емес, халқымызға да үлкен пайда әкелетін жобадан неге оңай айырылып қалдық? Неге олар талап ететін қолайлы жағдай жасалынбаған? Әлде біздің жергілікті билік: «Қайтер дейсің, біреуі кетсе, екіншілері келеді. Ең бастысы, инвестиция тартылып жатыр деген жақсы атақтан айырылып қалмасақ болғаны» деген өзгеге емес, тек өздеріне ғана тиімді сакясат ұстанып отыр ма екен? Бір қызығы, ресейліктер кеткеннен соң, «Сасатын ештеңе жоқ. Біз жедел сатының орнына Қытайдың теледидарын шығарып, бүкіл халықты қарқ қыламыз» деген тағы бір көз алдау шықты. 

Мінекей, біздегі инвестиция тарту дегеннің кейбір қызықты тұстары осындай. Сонда ол инвестиция халықтың жағдайын жақсарту емес, биліктің «біз осылайша қатырып жатырмыз» деген науқаншылық дертін бүркемелеуге керек  таптырмас тәсіл ме екен. Сонда кім-кімді алдап жүр?

Айтпақшы, күні кеше тағы да Қостанайдың аты дүркіреп шықты. Біз енді осында Петербургтің тарактор зауытынан бөлшектер алып, аса қуатты «Кировец» тракторын шығаратын болыппыз. Бұл дүние елімізге аса қажет көрінеді. Оған дауымыз жоқ. Алайда бұл жерде ең басты сұраққа жауап табылмады. Осынау аса қуатты деген трактор шығарылғанда оның бағасының қанша болатындығы жайлы ешкім де тіс жарып айтпады. Ал бұл ең басты мәселе емес пе? Егер оның бағасы тым аспандап кетсе, біздегі мыңдаған шаруа қожалықтары оны алып, қажетіне жарата ала ма? Ала алмаса, оған үкімет қандай жәрдем яғни субсидия бере алады? Өз елімізден мұндай мәліметтерді таба алмадық. Ал Ресейдің кейбір дерек көздеріне қарағанда ол сол елдегі және ТМД елдеріндегі дилерлер мұны 6 милионнан 15 миллион рубльге сатады екен. Мұны енді біздегі құны түсе бастаған теңгеміздің бағамына салып есептесеңіз, қуана қоймасыңыз анық.

Әрине, шетелдегі белгілі техниканы өз елінде құрастырып, күн көру деген дүние аса дами қоймаған елдерде жиі кездесетін құбылыс. Алайда осындай шала дүниемізді өзіміздің шығарған техникамыз деп қарапайым жұртшылықты алдау ешкімге де абырой әпермейді. Біздің министрлеріміз ылғи «Отандық машина жасау өндірісі дамып келеді» деп ұрандатуға шебер. Қайдағы отандық машина жасау? Құрастыру зауыттары қашан толық машина жасау зауытына айналып еді? Енді көп ұзамай «біздегі «трактор жасау өндірісінің» де  аса қарқынды тұрде дамып келе жатқандығы туралы қуанышты хабарларды көптеп еститін шығармыз. Жарайды, өзімізді-өзіміз алдап мәз болып жүре береміз. Ал шетелдіктер осы өтірігімізге сене қояр ма екен? Үлкен күмәнім бар.

Жайберген Болатов

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5359