Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 3486 4 пікір 31 Қазан, 2019 сағат 11:32

Аударма Орталығының статусын ұлттық институт деңгейіне көтеру керек

Соңғы төрт-бес күндікте мемлекеттік тілге қатысты елордада тағы екі жиын өтті. Тағы дейтін себебім, мұндай жиындардың есебі жоқ, шексіз. Өткіземіз де жатамыз, өткіземіз де жатамыз, өткізуден шаршамаймыз. Бітпейтін жиын әйтеуір.

Бұл жолы, араларына бір-ақ күн салып, бірін атын дардай етіп "Республикалық тіл форумы" деп атап мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырса, екіншісін "Нұр-Отан" партиясы өткізді. Екі жиынға да қатысқандардың қарасы бір. Біріншісінен алып екіншісіне апарып отырғызып қойғандай тіпті. Сол баяғы үлкенді-кішілі шенеуніктер, шолақ белсенділер, мемлекеттік дотациядан дәмелі қорлар мен ұйымдар және депутаттар.

Депутатсыз әңгіме-дүкеннің сәні бола ма! Содан не керек, жиналып алып көсілді ғой шіркіндер. Жіберді аттың басын еркіне. Және бәрінің айтатыны бір - мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру керек, оған қолдау көрсету керек және оны үйренем дегендерге жағдай жасау керек. Болды сонымен. Бітті. Айтты да тарқасты. Ал содан не болды ал? Мүйіз шықты ма? Шығатын болса отыз жыл бойы айтылып келе жатқан әңгіме ғой, шықпай ма, қарағайдай болып.

Жоқ, мүйіз де өспеді, тіл де шықпады. Шықпайды да. Себебі тілге жағымпаз мәртебе де, жасанды құрмет те, шала-жансар қолдау да қажет емес. Оған ең алдымен ДАМУ керек. Тіл дамыса оған деген құрмет те, қошемет те болады. Ал біздің мемлекеттік деп көкірек керіп айтатын қазақ тіліміз, ашығын айту керек, әлі мешеу. Көркем сөз бен әдебиетте болмаса, қалған салаларда мүлдем іске алғысыз. Икемге келмейді, ешбір салаға бейімделмеген.

Мәселен техникалық тілді алайық. Бәріміз де күнде мініп жүрген көліктің моторын қозғалтқыш деп жобалап келтіріп алдық. Хош. Жақсы. Ал енді сол қозғалтқыштың ішінде үш мыңнан астам тетік бар екен. 3000! Бір қозғалтқыштың өзінде! Енді соның қаншасының қазақша баламасын білесіздер? Мен айтайын сіздерге. Бірде біреуін білмейсіздер. Себебі жоқ олардың аудармасы. Болған да емес. Мына түрімізбен ешқашан болмайды да. Немесе бухгалтерияны, әлде экономиканы алайық. Ондағы жағдай да сол шамалас. Соңғы онжылдықтарда пайда болған электроника мен компьютер саласын тіптен қозғамай-ақ қойдым. Ғаламтор мен түймеше дегеннен аспадық. Тіліміздің мешеулігі сонда. Салалық қолданыс аясы тым тар. Сол себепті бүгінгі жастарымыз өмірге бейімделген, күнделікті тіршілікке жақын орыс тіліне үйір. Жаңа салалардағы білімге жол ашатын ағылшын тіліне құштар. Оған кім кінәлі? Тілімізді жаңа заманға икемдей алмаған өзіміз кінәлі. Басқа ешкім де емес. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлықтау, құрметтеу деген сияқты сылдыр су әңгімені доғарып, нақты іспен айналысу керек.

Нақтырақ айтқанда Президент жанынан құрылған Аударма Орталығының статусын ұлттық институт деңгейіне көтеріп, барынша кеңейтіп, соның ішінен салалық аударма бөлімдерін ашу қажет. Кәдімгідей әрбір салаға бір бөлім. Мысалы аудит, қаржы және бухгалтерлік іс бөлімі, кеден және салық бөлімі, кен байыту және металлургия бөлімі, машина жасау бөлімі, заң және хақ бөлімі, тағысын тағылар. Бұлардың әрқайсысы, айталық үш жыл ішінде, өз салаларындағы терминдердің бәрін тегіс аударатынын аударып, аударуға жатпайтынын қазақыландырып шыққаны керек. Одан әрі Орталықтың аударып берген терминдері толықтай қолданысқа енгізілуі тиіс. Содан соң әлемде шығатын барлық техникалық журналдар мен мақалалар, ғылыми докладтар мен ашылған жаңалықтар осы сөздіктердің негізінде қазақшаға аударылуы керек. Өз елімізде де салалық журналдар көптеп шығарылғаны жөн. Ол міндетті "ҚазМұнайГаз" "КЕГОК" "Қазақмыс" "ҚТЖ" сияқты ірі салалық кәсіпорындар мен банктерге жүктеуге болады. Ештеңе етпейді, кедейленіп қалмас.

Мектеп оқулықтарын дайындауды да тек осы Аударма Орталығына тапсырған жөн. Басқа бірде-бір жеке аударма компаниясы бұл шаруаға араласпағаны абзал. Және тек осы Орталықтың ресми бекіткен жаңа сөздері ғана қолданысқа енуі тиіс. Бұл аударма саласында қалыптасқан анархиялық жағдайды жойып, шаруаны бірізділікке салуға мүмкіндік берер еді. Әйтпесе соңғы он жылда он мың аудармашы он мың қайтара өзгерткен мектеп оқулықтарын оқу мүмкін болмай кетті тіпті. Бұл қыруар жұмысты атқарып шығу үшін жаңағы Орталыққа қанша штат керек болса соншасын ашып, бүкіл Қазақстаннан мықты деген филолог мамандарды жинап беру қажет. Ал егерде бұл шаруаға қаржы табылмаса, онда жаңағыдай түкке тұрғысыз форум-жиындарды доғарып, солардың ақшасын осында бұру керек.

Ұзын сөздің қысқасы қазақ тілі бүгінгі күннің алуан салалы тіршілігіне икемді әрі ыңғайлы болуы тиіс. Сонда ғана оның қолданыс аясы кеңиді. Сонда ғана оған құрмет те болады, қошемет те көрсетіледі. Мемлекеттен керегі сол ғана. Мемлекеттік тілге депутаттардың қатты жандары ашып бара жатса іс-қағаздарды орысшадан ешкім түсініп болмайтын дүбара қазақшаға аударып елді алдамай, шын мәнінде көшу жөнінде заң қабылдасын. Ал әрбір жеке азамат өз шаңырағы мен бала-шағасына ие болсын. Әрбір нәрестенің тілі алдымен үйде шығады. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.

Мұхтар Түменбайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566