Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2334 0 пікір 15 Тамыз, 2011 сағат 05:12

АСҚАҚ АЛАТАУДАЙ АЙБАРЫМЫЗ ЕДI...

Қазақ халқының шежiрелi, ғибратты тарихында уақыт өткен сайын еңсесi биiктеп, асыл бейнесi тұтас Алаштың асқаралы биiгiне айналатын дара тұлғалар бар. Ұшарлығы көк тiреген шыңдардың аз болатыны сияқты, олар да қадау-қадау. Сондай санаулы даралардың бiрi және бiрегейi - Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаев! Қазақстан мен қазақ халқының соқтықпалы-соқпақсыз тұтас бiр дәуiрiнiң көшбасында тұрған, елiмiздiң дамуына, рухани, мәдени, ғылыми жаңа биiктерге самғауына орасан зор үлес қосқан ақиық азамат. Қазақ даласының мәңгiлiк мұзбалағы! Қонаевсыз қазақ тағдырын көзге елестету мүмкiн емес, ол кiсiнiң аты айтылмаса - тарихымыз жартыкеш. Осы орайда жазушы Болат Бекжановтың «Асқақ Алатаудай айбарымыз едi..» атты эссесiн оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.

Жамбыл - Ұланбел күре жолына Талас ауданы шекарасының бастала берген тұсынан Қаратау жолы қосылады. Елеусiз ғана жолайрық. Бала күннен берi мен ол жерден қаншама мәрте өттiм, бәлкiм қаншама мәрте аялдадым. Бiрақ дәл сол жер аса бiр ерекшелiгiмен есiмде қалмаған екен. Ал қазiр сол жерден өтсем, менiң ойыма ерiксiз қазақтың ұлы перзентi, көзi тiрiсiнде-ақ Адам - Алатау атанған Димекең, Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаев оралады...

Қазақ халқының шежiрелi, ғибратты тарихында уақыт өткен сайын еңсесi биiктеп, асыл бейнесi тұтас Алаштың асқаралы биiгiне айналатын дара тұлғалар бар. Ұшарлығы көк тiреген шыңдардың аз болатыны сияқты, олар да қадау-қадау. Сондай санаулы даралардың бiрi және бiрегейi - Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаев! Қазақстан мен қазақ халқының соқтықпалы-соқпақсыз тұтас бiр дәуiрiнiң көшбасында тұрған, елiмiздiң дамуына, рухани, мәдени, ғылыми жаңа биiктерге самғауына орасан зор үлес қосқан ақиық азамат. Қазақ даласының мәңгiлiк мұзбалағы! Қонаевсыз қазақ тағдырын көзге елестету мүмкiн емес, ол кiсiнiң аты айтылмаса - тарихымыз жартыкеш. Осы орайда жазушы Болат Бекжановтың «Асқақ Алатаудай айбарымыз едi..» атты эссесiн оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.

Жамбыл - Ұланбел күре жолына Талас ауданы шекарасының бастала берген тұсынан Қаратау жолы қосылады. Елеусiз ғана жолайрық. Бала күннен берi мен ол жерден қаншама мәрте өттiм, бәлкiм қаншама мәрте аялдадым. Бiрақ дәл сол жер аса бiр ерекшелiгiмен есiмде қалмаған екен. Ал қазiр сол жерден өтсем, менiң ойыма ерiксiз қазақтың ұлы перзентi, көзi тiрiсiнде-ақ Адам - Алатау атанған Димекең, Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаев оралады...

* * *

1992 жылдың маусым айының мамыражай бiр күнi-тұғын. Жамбыл облыстық теледидарында қызмет атқарамын. Төрағамыз Елен Әлiмжанов шұғыл шақыртты да: «Тез түсiру тобын алып, Таласқа қарай тарт, Қонаев келедi, - дедi қысқа да нұсқа қайырып. - Жақсы бiр хабар жаса», - дедi бөлмесiнен шығып бара жатқанымда.
Талас ауданының шекарасына кiреберiс жерiнде сол кездегi аудан әкiмi Ералы Дадабаев бастаған ел жақсылары күтiп тұр екен. Шұбат, қымыз, бауырсақ қана қойылған жеңiл дастархан жасалыпты. Сол жердегi ағайынмен амандасып үлгергенiмiзше асыға күткен аса мәртебелi қонақтарымыздың көлiктерi де төбе көрсеттi. Қап-қара сүлiктей екi-үш машина келiп тоқтай қалды да, бiрiншi болып марқұм Серiк аға Әбдiрайымұлы көлiктен түсiп, артқы есiктi аша бердi. Ақшулан тартқан басы бейне бiр ақбасты Алатаудың мұнарлы ұшар басындай болып, адамдардың бәрiнен ересен биiк, орасан алып тұлға Димекең шығып келе жатты. Шұрқырасып амандасып болған соң, Димекең дастархан басына келiп, астан ауыз тидi. Нарша ақын (Қашағанов) төгiлтiп тұрып, Димекеңе арнау өлеңiн оқыды. Шорабек Айдаров әйгiлi «әгигайына» басып, ағаны бiраз желпiнтiп алды. Көпшiлiк қауым Қонаевты ортаға алып суретке түстi. Менi таң қалдырған ғажайыптар тап осы жерден басталды...

Әлқисса...

Дәл осы сапар туралы, ол кiсi туралы көп жазылды. Көргенi де, көрмегенi де көсiлттi. Әрине, көшелi кiсiнi бiр көргенiнiң өзiне марқайып, масайрап отыратын қазақ емеспiз бе? Алайда асып кетiп, сонда айтылған кейбiр ұтымды сөздердi ұшқарылап жiбергендер де болды. Бiр өкiнiштiсi, мiнекей, арада 20 жыл өтсе де әлi күнге сол сапар жайлы жаза алмаппын. Жыл сайын жақсы тiлектi жаңа жылмен бiрге, қаңтар айының басында Димекеңнiң туған күнi келедi. Сол кезде жазамын деймiн, оқталамын, бiрақ жаза алмай тағы да пұшайман күй кешемiн. Жалпы ұққаным, өзiңнiң қымбат көретiн, жоғары бағалайтын адамың жайлы жазу қиынның-қиыны болады екен. Шындығы солай-ау, бай-манап, бағлан туралы да, патша туралы да жазыппын. Тiптi тебiренте толғаппын. Ал өз әкем жайлы, анам жайлы әлi күнге мардымды бiрдеңе жаза қоймаппын. Ол - адам тек iшкi түйсiкпен ғана сезiнетiн асқан биiк жауапкершiлiк болса керек-тi. Димаш аға жайлы да дәл осындай халде болыппын. Ақыры мiне, соның орайы ептеп бүгiн келгендей.
Ия, Димекеңмен екi күн бiрге жүрген сол сапарда, мүмкiн журналист-жазушылығым солай қарауға мәжбүр еттi ме екен, әйтеуiр ол кiсiнiң бойынан ерекше сипат көрiппiн. Димекеңнiң мен бiлетiн жай қалыпты адамдардан, қалыпты басшылардан ерекшеленiп тұратын қасиеттерi деймiз бе, әйтеуiр бiрнеше тосын әрекеттерiн байқаппын...
Сол алғаш кездескен сәт. Алып ағаны ортаға алып суретке түспек болып жатырмыз. Әркiм жанына жақын тұрып қалу үшiн әлектенуде. Суретке түсу не тұрады? Фотограф бiрiнен соң бiрiн бiрнеше мәрте сырт-сырт дегiздi. Бiттi, суретке түстiк! Бiр мiндеттi атқарып тастағандай, ендi тұра бергенiмiзде Димекең: «Ау, тоқтаңдаршы, осы орындарыңнан қозғалмай тұра қалыңдаршы», - дедi, өзi алда отырған орындығынан қозғалмаған күйi екi қолымен екi қанатын қоғамдап көрсетiп. Қапелiмде түкке түсiнбесек те, ардақты кiсi айтқан соң бәрiмiз орын-орнымызға қайта тұра-тұра қалыстық. Димекең: «Сен балам, берi келшi» деп қасына бiздi суретке түсiрiп жүрген фотографты шақырып алды. Қолынан әспеттей ұстап баса отырғызды. Сөйттi де бiзге қарап: «Араларыңда мына фотоаппаратпен суретке түсiре алатындар бар ма?», - дедi мамыражай кейiпте. Ортамыздан бiр жiгiт жүгiрiп шықты. Димекең әлгi фотограф жiгiттi қасына отырғызды да, бәрiмiзбен бiрге тағы бiр рет суретке түстi. Содан соң барып көңiлi жайланып, «әп, бәрекелдi, ендi кеттiк!» деп орнынан көтерiлдi. Сезiмталдық. Елдiң бәрiнiң өзiмен бiрге суретке түскiсi келетiндiгiн түсiнiп, әлгi фотографтың өзiмен суретке түсе алмай қалғандығын байқап, әлгiндей әрекет жасауы қандай қарапайым, қандай iзгiлiк.
Ойық ауылы мен Ақкөл ауылының ортасында шағын асу бар. Сол жерде сол кездегi Ойық кеңшарының директоры Әлiмхан Исақов деген азамат ауыл ақсақалдарын қасына алып, сақадай-сай күтiп тұр екен. Араларында Еңбек ерi, марқұм Сейiлжан Нұрқожаев деген қария бар. Халық Димекеңнiң алдынан шығып, қаумалап қарсы алды. Сейiлжан қария бала мiнездi, ақкөңiл кiсi болатын. Қонаевқа «Ассалаумаағалейкүм, балам, балам...», деп қолын созып қалбалақтай бердi. «Балам, балам» деп тұрған қарияның жас шамасын бағамдай қойған Димекең, әлгi қарияға күле қарап тұрып: «Ақсақал, жасыңыз нешеде?» демесi бар ма. Қарияның ойында ештеңе жоқ: «Жетпiс сегiздемiн балам, жетпiс сегiздемiн», дедi риясыз салдырлап.
- Ә, ә, қария, дұрыс, дұрыс, - дедi Димекең қарияның қолын қос қолдап ұстап тұрған күйi. Сөйттi де: - Қария, мен сексендемiн, - деп қалды.
Ауыл қариясы оны ерен қып, есептеп жатпады, сол баяғы өзiнiң ақ адал түсiнiгiмен:
- Ә, дұрыс, балам, дұрыс, айналайын, - деп одан сайын мейiрлендi.
Сөйтсек «балам» деп тұрған қариядан Димекең 2 жас үлкен екен. Дәл осы жерде төсiнде алтын жұлдызы жарқыраған томашадай ғана ауылдың қарты Димекеңнiң өзiнен үлкен екенiн, ал мынадай жұлдыздың ол кiсiде үшеуi бар екенiн қайдан бiлсiн. Қайран дала мiнездi жарықтық-ай!
Димекең айқайлап тұрып, рахаттана күлдi. Басын шалқайта көтерiп, өзiнiң әдемi бiр тұрысымен қарияға қарап тұрып, тағы бiр кереметтi көрсеттi.
«Ақсақал жетпiстен желiп өтiңiз,
Сексеннен секiрiп өтiңiз,
Тоқсанға тоқтамаңыз,
Жүзге жетiңiз!» деп кәдiмгi дауылпаз жыраулардай екпiндетiп, термелеп төгiп-төгiп жiбердi.
Мiне, мен тағы да таң қалдым. Бұл бәлкiм, ешкiм, ешқашан байқамаған Димекеңнiң ақындық қыры шығар.
Ойық ауылының арғы жағындағы Бестам елдi мекенi маңынан, Жәдiк көлiнiң үстiрт жағына үй тiгiлiптi. Оған тоқтамастан «Күйген баз» маңына тақау қабiрстанда мәңгi таяныш тапқан Бөлтiрiк баба басына тарттық. Қазiргi белгi - сағана тұрған жерден бөлек, өзiнiң нақ сүйегi жатқан қабiрiне барып зиярат етiп, дұға еттiк. Құран оқылып бiткесiн ел жапа-тармағай орындарынан тұрып, ертерек машиналарына мiнiп алмаққа ұмтыла берген. Тiптi iлкi сәт олар Димекеңнiң бар екенiн де ұмытып кеткендей едi. Қалай екенiн, қабiр жаққа көзiм түсiп кетiптi. Қарай қалып жүрегiм езiлiп кете жаздады. Алып - адам жападан жалғыз Бөлтiрiк бабаның басындағы шарбаққа сүйенiп қалыпты. Белi де еңкiштенiп кеткен. Күбiрлеп, бiрдеңе деп тұр. Бәлкiм, сол шақта Димекең өзi өмiр бойы ардақтап өткен әруақты бабасымен ең соңғы рет бақұлдасып тұрды ма екен, дүние-ай, кiм бiлсiн?..
Әне, сол әрекетi менi тағы да таң қалдырған.
Манағы көл үстiртiнде тiгiлген киiз үйге аялдап, арнайы ас iшетiн болдық. Бiз, журналистер, ол кiсiмен сұхбаттассақ деп Серiк Әбдiрайымұлы арқылы ниетiмiздi жiбердiк. Димекең сөзге келмей келiсiм бердi.
Бәрiмiз жан-жақтан сұрақ қойып жатырмыз. Ол тұс - Горбачевтiң жылымығы кезi. Бiз Қонаевты iштей «Горбачевтан қиянат көрдi-ау» деп жүрген жанкүйерлерiмiз. Сондықтан сұрақ қойғанда да әдейiлеп сөз айтқызсақ деп небiр қитұрқылыққа салдық. Димекең бұл сұрақтың жауабын тағы менi таңқалдыратындай етiп аяқтады. Ғажап, аузынан бiрде-бiр наразы сөз шығара алмадық. Керемет жауап алғандай көңiлiмiз хош, бiрақ артынан бейнетаспаны көрiп, тыңдап отырып, генсек жайлы сәл астарлы пиғыл да бiлдiрмегенiне таң қалдым.
Дәл сол жерде Димекең қырдың үстiнен төмен қарап тұрып: «Мынау - Ойық, менiң елiм!» дедi қолымен аумақтап сызып көрсетiп. «Мынау - ағып жатқан Талас. Көрiп тұрсыңдар, ендi...» дедi өзен танабын нұсқап. «Мына жағы құм. Мұның iшi тола газ. Бұл - тұнып тұрған байлық. Бұл ел кедей болуы мүмкiн емес. Ендi бiр 20 жылдың iшiнде көресiңдер. Заман өзгередi. Бәрi жақсы болады», - дедi нығырлап тұрып. Бүгiнде сол күнге жетiп, сол жағдайды көзiмiзбен көрiп отырған бiз Димекеңнiң көрегендiгiн, дуалы ауыздығын мойындамасқа амалымыз қайсы?
Бұған да таңмын.
Димекең отырған үйдiң есiгiнiң алдына келiп бiреуге жолықпақ едiм. Әйтеуiр, қарбалас сәт қой. Осы кезде үй iшiнде отырған Димекең менi есiктен байқап қалды да: «Ана жiгiттi шақырыңдаршы. Берi келшi, берi», - деп менi үйге шақырып алды. Өзiне таяу отырғызды да: «Балам, мына дастарханымнан дәм ауыз ти» деп бiр кесе шұбат ұсына бердi. Қас қылғанда, менiң шұбат iшсем бетiм қызарып, көзiм iсiп кететiн әдетiм болушы едi. «Азар болса көзiм тағы бiр рет iсер», - деп кеседегi сусынды бiр-ақ төңкердiм. Бiр ғажабы әлгi шұбаттан өзiме де, көзiме де ештеңе болған жоқ. Бұл бiр тосын жайт, таң қалмасқа тағы амалың жоқ. Алайда титiмдей бiр нәрсенi қалыс қалдырмай үйренген ақылды адамның «бiздi тарихта қалдыру үшiн қызмет етiп жүр ғой», - деп менi елегенi екенiн түсiнгем.
Ойықтың орталығында кездесу болды. Димекең жол-жөнекей кезiнде осы кеңшардың директоры болған Әнуарбек Тәжiмбетовтi қайта-қайта есiне алып, «Әнуарбек деген жақсы азамат бар едi. Ол кiсi бақилық болып кетiптi. Сол кiсiнiң үйiне кiрiп шығуым керек, Құран оқып шығуым керек» деп отырды. Амал не, оған асығыс ағайын уақыт тауып бере алмады. Мәдениет үйiнiң алдындағы кездесуге аз ғана аялдадық. Бұл жерге Байұзақ ауданынан Берден Байқошқаров келiптi. Қасында айтыскер ақын Мұхаметжан Тазабеков бар. Ол сол жерде арнау - жыр айтты.
Ертеңiне, Ақкөлдiң үстiртiндегi қыратта шопандардың слетi орайластырылыпты. Жұрт аламанға ат қосты. Бiрiншi келген атқа берiлген үстiне кiлем жабылған ақ тайлақты бәйгеге алған жiгiт ат үстiнде жетекке алған күйi тiке трибунада отырған Димекеңе алып келiп, бұйдасын қолына ұстата бердi. Бұйданы қолына алған үлкен кiсi жанына бұрылып, әлдекiмдi iздедi де, бiр әйел баласының қолына ұстатып, бiрдеңе деп күбiрлеп жатты. Сөйтсек, ол Әнуәрбек Тәжiмбетовтiң үлкен қызы Манат екен. Кейiн ойлап қарасам, Димекең ет жақын жолдасы, замандасы болған адамның алдындағы парызын осылай өтегенi екен ғой.
Мiне, бұл да менi қайран қалдырған кереметтерiнiң бiрi едi.

* * *

Жамбыл - Ұланбел жолындағы сол жолайрық...
Бiз сол жерде Димекеңмен қош айтысып едiк. Сүлiктей қара машинаның қасында сол баяғы ақшулан тартқан басы, қашан да, кiмнiң де бiрден назарын аударып, айналасындағылардан оқшау озып тұратын қалыпты көрiнiсiмен, көзiн көрген, сөзiн естiгендердiң құлағында қалған жағымды, майда әуездi үнiмен, «Р» әрiпiн айтқандағы өзiне ғана тән, өзiне ғана жарасатын мүдiрiстi мәнерiмен:
- Сау-сәламат болып тұрыңыздар, тумаларым. Мен осыдан мiне, былай қарай Қаратауға барамын, одан әрi Бәйдiбек бабама барамын, ары Түркiстанға кетем, - деген едi саңқылдап тұрып. Бұл - мен естiген, менiң құлағымда қалған асыл ағаның соңғы үнi, соңғы көруiм екен.
Мен сол жолайрықтан жиi өтемiн. Сөз жоқ, ерiксiз есiме Димекең келедi. Димекең мен үшiн өлмеген сияқты. Тура сол жерден, түстiкке бастар Қаратау жолымен Бәйдiбек бабасына, Түркiстанға кеткендей көрiнедi де тұрады маған.
Жолайрықтан өтiп, ары қарай жол тартамын. Түпсiз ойлар қаумалайды. Ой өзiмдiкi, не ойласам да өз еркiм. «Әттең-ай, дүние-дүрмекпен жүрiп асыл адамның арманын аңғармай қалған жоқ па екенбiз?», - деп ойлаймын. Таяуда ғана Түркiстанға барғаным, Қожа Ахмет Яссауи кесенесiн аралап келе жатып кенет, Абылайхан көктасын көрiп еркiмнен тыс тiзерлеп отыра кеткенiм, бет сипап iштей дұға еткенiм есiме оралады. Димекең неге дәл осы жерде тұрып, Бәйдiбек бабама, Түркiстанға барамын дедi екен. Әр сөзiн ойланбай айтпайтын әулие-адам неге солай деп жұмбақтады екен. Осыны тағы бiр терең, тым терең ойлап қарасақ қайтер едi? Егер шарият терiс демесе, туған-туыстары, ұялы-терек, рулы-ел түсiнсе, елiмiздiң әр қиырындағы өзi бiртуған бауырындай көрiп, тiптi қарапайым азаматтарын атымен атап отыратын қазақ жұрты қаласа, Димекеңдi рәсiмдеп қайта Түркiстанға апару жағы қалай болар екен?!.
Қалай десек те бiз, қазақ оңай халық емеспiз. Әлемдi таң қалдыратын кiл көсемдерi қойылған пирамидалары бар Египет, Зевс құдайы жатыр деп есептелiп, бүкiл билеушiлерi жатқан әйгiлi пантеоны бар Греция десек, үшiншi сондай киелi де қасиеттi орыны бар ел - Қазақ елi. Ол - Түркiстан! Онда сан ғасырлардан берi 300-ге жуық хандарымыз, билерiмiз, батырларымыз жатыр деп жүрмiз. Бұл дәстүр келешекте де жалғасын табуы керек. Ондай ұлы адамдар жыл сайын туа бермейтiнi белгiлi. Қырық-елу жылда, тiптi жүз жылда бiр туатын қасиеттi адамдарды бiр жерге қойып, ұлықтап отыру ұлттық тәрбиеге де оң ықпал етерi даусыз. Исламды қастерлеген бабаларымыз да ерекше жаратылған даралары өмiрден өткенде сүйегiн қыс өтiп, қар кетiп, жер қарайған кезге дейiн сақтап, сонау Арқадан, Алтайдан Түркiстанға әкелiп қойған жоқ па? Мiне, солар шарият жолын бiлмедi емес, бiлдi. Бiле тұрып солай еттi. Алысқа бармай-ақ, исламды бiзден артық болмаса, кем ұстанбайтын өзбек ағайын, күнi кеше ғана, кеңес өкiметi кезiнде өмiрден өтiп, Ташкент қаласындағы көпшiлiк қабiрстанға жерленген Шараф Рашидовтың сүйегiн әулие бабалары жатқан Жизақ жерiне апарып қайта жерлеген жоқ па? Кеңсайға бүкiл қазақ бара бермейдi. Және онда қабiрлердiң жиi әрi ретсiз көп қойылуынан Димекеңдi арнайы iздеп барсаңыз да табу қиын. Ал Түркiстанға бүкiл түркi дүниесiнен, араб әлемiнен туыс, мұсылман келедi. Мiне, сонда олар бүкiл хандарымызбен бiрге Димекеңе де дұға қылады, еске алады. Осы жағын ойлау керек. Ол үшiн не керек, тәуекел керек. Тереңнен, парасатпен ойлай бiлген адамға Димекеңнiң 100 жылдығындағы ең басты, ең ұлы жұмыс осы болса керек. Одан соң барып, бiр қаланы Қонаевтың атымен атау, халықаралық ғылыми конференция өткiзу, көптомды кiтабын шығару, Астанадан, Алматыдан көрнектi ескерткiш орнату, деректi фильм түсiру, халықаралық ақындар айтысын өткiзу, тағысын-тағы айтылып жүрген үмiттi мәселелер қолға алынуы керек. Мерейлi күнге жарты жылға толар-толмас уақыт қалды. Онсыз да кешеуiлдеттiк. Б.Момышұлының мерейтойына дайындық Тараз қаласында бес жыл бұрын басталған. Арнайы «Бауыржантану орталығы» мекемесi ашылып, онда бiрнеше адам айлық-жалақы алып, тұрақты жұмыс iстеген. Соның өзiнде уақыт жетпегендiгi сезiлдi. Алайда келешекке аса қымбат дүние - 30 томдық кiтап қалды. Ал Димекең жайлы жазар, жинар дүние ұшан-теңiз. Оның шет елдерде сөйлеген сөздерi, ғылыми еңбектерi, т.б. қаншама. Ол - бүгiнгi әлдекiмдер секiлдi өтiрiк, «самопал» ғалым емес, нағыз шын ғалым. Жоғарыдан бастап шындап, құлшына кiрiсуiмiз керек. Белсене кiрiсетiн беделдi iздеушi керек. Бiр жанашыр бар едi. Ол - Серiк Әбдiрайымұлы-тұғын.
Өкiнiшке қарай, ол кiсi өмiрден озып кеттi. Сол орынды жоқтатпайтын азамат шығуы керек, ниет болса, ондай мүмкiндiгi бар азаматтар жоқ емес, бар.
Димекең тегiн адам емес. Тарихымыздың тұтас бiр кезеңiн елiмен бiрге өткерген Алатау-Адамды ардақтамасақ, ұлт ретiнде абыройымызға өшпейтiн қара күйе жағылады. Қасиетiмiзден айрыламыз. «Өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас атады» дейдi халық даналығы.

Болат БЕКЖАНОВ, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткерi

11 тамыз, 2011

http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=31&id=6470

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5536