Қаламгерлер аттап баспайтын тақырып
1 бөлік
Қазақ тарихына қатысты «Көркемдік және ғылыми таным» аясында Abai.kz қашанда ел санасы мен ұлттық жадыға қатысты соны концепциялар мен авторлық көзқарастарды басқа БАҚ-қа қарағанда зерделі оқырман назарына ұсынуды басты орынға қояды. Осы жолы қазақтың қатпарлы да, бар сыры бүгулі тарихының ішіндегі әлі күнге дейін жабулы қазан қалпында қалып келе жатқан дүние – XVII-XIX ғасырлардағы қазақ-қырғыз қатынасына арналған Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» роман-дилогиясына қатысты танымдық мақаланы жұртқа жария етіп отыр. Сонымен бірінші бөлік...
Қазақтың қатпарлы да, бар сыры бүгулі тарихының ішіндегі әлі күнге дейін жабулы қазан қалпында қалып келе жатқан дүние – XVII-XIX ғасырлардағы қазақ-қырғыз қатынасы. Осы олқылықтың орыны толып, сол кездегі аласапыран мен алауыздыққа арналған шығарма өмірге келген екен. Мұндай шилі мәселе жөнінде роман жазылып біткен соң, қаламгер «ух» деп рухани дем алып, жаңа туынды жайында әдеби орта мен көзі ашық оқырманнан жылы лепес күтетіні де рас.
Сонымен, оқырман қауым өзіне тарихи-рухани керегін таба алатын жаңа туынды – Әділбек Ыбырайымұлының қаламынан өмірге келген – «Семсер жүзіндегі серт» роман-дилогиясы.
Қырғыздар орыстың оңтайынан табылған олжа әперер ойыншысы болған соң амалсыз атқа қонып, жанына шапыраштыдан Сұраншы батыр мен Сүйінбай ақынды, ыстыдан Бөлтірік шешенді ерткен ұлы жүз қазақтарының, нақтырақ айтқанда албандардың аға сұлтаны Тезек төренің қазақ елінің соңғы ханының басын астамдықпен кесіп алған Орманбет манаптың шаңырағына кетіп бара жатуынан басталған 333 беттік дилогияның бірінші кітабы «АРЛАННЫҢ АЗУЫ» деп аталып, екінші кітап «СЕМСЕР ЖҮЗІНДЕГІ СЕРТ» деп жалғасады. Әрі осы екінші кітапқа эпиграф ретінде жыр алыбы Жамбылдың «Кенесарының жеңілуі – етектен тартқан иттердің, сатқындықтың салдары емес пе?!.» деген қанатты сөзі алынады. Әлі еш жерде жарияланбаған бұл шығармаман қолжазба күйінде танысып отырғанымды қаперге сала кеткім келеді.
Өмір үшін күрескен түз перзенті Бозторғай шырылы мен ел іргесінің бүтіндігі үшін саяси-қоғамдық күрестегі Тезек төренің пенделік шырылын, автор өзінің жазу мәнеріне тән шеберлікпен пернелей салыстырады.
«Түнекүні ғана халқының төгілген абыройы, қазақтың соңғы ханы Кенесарының қырғыздардың қолынан ажал құшуы – мұның да шымбайына батуын батты. Көкейінен кетпейтін сыздаған бітеу жараға айналып, әлде кек, әлде дәрменсіздік миын шыңылдатады да жүреді».
Автор үшін ең бастысы «Хан Кененің өлімі» емес, керісінше төл әдебиетімізде әлі күнге ешкім ашып сөз етпеген «Қырғыздардың зәбірі» – романда басты орында тұр. Өзгені оқымаса да, тап осы тарихи тақырыптағы әр кітапты қалт жібермей, қолына түскен бетте бірі – кеміріп, бірі – кертіп оқитын оқырман аталған туындыдан өзіне керегін таба алады. Бұл, енді, тарихи романның прозаның өзге жанрларынан ерекшелігі. Осы ерекшелік туындыда қазақ-қырғыз қатынасындағы «Абылай рөліне (образына)» қатысты былайша ашылады:
«Бітімдік іздеген жөн сөзге хан да илігіп:
– Татулық – берекенің бастауы. Ынтымақты жарастырған берекеге мұрындық өзіңіз болсаңыз, мен сонау арқадан бұл жаққа келіп нем бар? – деді. – Қырғыздың қиянаты бұдан былай доғарылатын болсын.
– Бар күшті екі елдің іргесі бекем болуына жұмсаймыз.
Соғыспен басталған қатынас қонақасымен аяқталды. Қырғыз елінің игілері қазақ жұртына адалдығын айтып, ақ үйлі аманат берді. Оған қабат көшпенділердің бұрынғы-соңғы жолымен Мәмбетқұл қызын Абылай ханға қосты. «Судың алдын шым бөгейді, даудың алдын қыз бөгейді» деген пайымға тоқтағандығы. Қырғыздан келген Тәтіш ханым үзілгенді жалғаған, ел арасын бүтіндеген арқауға айналды. Алайда, оның қаншаға созылатынын ешкім білмейтін.
Сөйтіп, қырғызды дәргейіне қаратқан Абылай қолы бұдан соң аттың басын Ташкентке бұрды. Өйткені, ол жақта құрама жұрт қиғылыққа басып, бұлқынып жатыр еді. Оларды да тәубесіне түсіріп, Бұқара, Самарқант шаһарларына елші салып, ел іргесін бекітті». Бірақ бұл бәтуаны қазақтың емес, қырғыздың бұзғаны тарихи шындық екенін автор ешқайда бұрмай, адами ақиқаттан айнымай одан ары сабақтап, көркемдік жақтан кестелей мөрлеп, ашып бере алғандығына көз жеткіземіз.
Абылайдың көзі кеткеннен кейінгі орын алған орыс-қазақ жағдайы кеңінен сөз етілген дүние, бірақ қоқанға қатысты жайт көбіне жабулы қалпы қалатындығы жасырын емес. Автор осы мәселені де өздік позициясы тұрғысынан аша білген, әрі қазақ-қоқан жағдаятындағы тың деректерді шығарма өзегіне арқау етеді:
«Одан кейінгі уақытта қоқандықтар Арал теңізінен Шу, Іле өзендеріне дейінгі аралықты өз құзырына көшірді. Оның шекарасы батыста Хиуа, Бұхар хандықтарымен, шығысында Шығыс Түркістанмен, оңтүстікте Қаратегін, Дарбаза және Кулябпен шектесіп жатты. Солтүстігінде Шудың арнасын бойлай отырып, Балқашқа дейін жетті.
Қорғанысты әуелгі орынға қойған қоқан билеушілері Сырдария бойында Дінқорған, Қошқорған, Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған, Жүлек, Шудың бойында Тоқмақ, Пішпек, Меркі, Сарысуда Қаражар, Төртқұман, Ұлытау бекіністерін, Қорағаты өзені бойында Иткешу бекінісін салдырды. 1826 жылы Әулиеата бекінісінің негізі қаланды.
Құзырына бас қойған қазақ рулары жылына түндік басы 6 қой, 24 қап көмір, 4 өгіз арба сексеуіл, 100 бау қамыс тапсыруға міндетті болды» деп ғылымиланған кесігін айтады.
Одан әрі «Арыстандай айбатты хан иеміз Абылай ханның артында 12 әйелінен отыз ұлы, қырық қызы қалды. Соның ішінде өзге әйелдерінен өрген балалары басқаша да, қалмақ қызы Хоша ханымнан туған Қасымның болмыс-бітімі бөлек. Ол – қалмақтың тәуелсіздікті тәңірі тұтқан, әрі үстемдік пен билігін жүргізуге құмбыл оқшау мінезінен болса керек. Өңге балаларына қарағанда діні қатты, бір бет, айтқанынан қайтпайтын қайсар көкжалдың өзі еді. Осы Қасымнан сегіз ұл туған. Оның алтауы бәйбішеден де, екеуі тоқалдан. Тұңғышы – Саржан, одан кейін Есенгелді, оған тете Ағытай, Бопы, Көшек және Кенесары, ал тоқалдардан Әбілғазы мен Наурызбай». Кезіндегі қазақ-қырғыз, қазақ-орыс, қазақ-қоқан қарым-қатынасына қатысты тарихи оқиғалардың сорабы автор тарапынан көркемдіктің ұршығымен шиырыла иіріліп, жіптей жалғасады.
Қасым әулетінің трагедияға толы тағдыры барынша қанық берілген. Біз бұл жағына тоқталмаймыз. Бізге керегі – Хан Кененің өмірі мен өлімінің автор тарапынан қалайша айшықтанғаны.
Мына бір диалогқа назар аударайық. Ол осы романдағы Әбілғазы мен Кенесары арасындағы әңгіме:
«– Солайы солай ғой, бірақ дос болайық деген орыс жоқ. – Кенесарының сығырлау біткен көзі жұмылып кетті. – Байлаулы боданым, құлақ кесті құлым бол деп отыр емес пе? Достық қарым-қатынасқа қолымыз жетсе, кәнекей?..
– Достық дегеннің де өзі бір қимасыңды құрбан етіп барып орнайтын мәміле. Осы Қоңырқұлжалар тұтастай аумақты билеп, елдің үстінен қарағанына мәз болып, ата-баба аманатын құрбан етіп жібермеді ме? Соның арқасында казак-орыс Горчаковпен арасынан қыл өтпес жандарға айналды.
– Қысылтаяңда ердің артқы қасын сұрайтын дос – дос емес, әлдеқандай себі мен көмегін көремін деп, есеппен жүрген қара басын күйттеген біреу болғаны. Дос деген бір-бірінен екеу ара сыйластықты ғана күтіп, қатар өсіп-өнуді көксеуі тиіс сияқты. – Сөзін үзіп, інісіне салмақ сала қарады. – Дос болу үшін, неге тәуелсіздігімізден айырылуымыз тиіс?
– Бірінің жолында бірі жанын пида ететіндер табылмас. Бір байламға тоқтап, бәтуәға келмесек, шығысымыздан – қытай, түстіктен – қоқандар, батыстан – хиуа, солтүстіктен – орыстар еліміз бен жерімізді жырмыштай берер. Түбінде жұртымыз ту-талақай таланып кетсе, бабаның батасы, атаның аманаты, ананың тілеуіне қалай жетеміз?
– Орысқа қол етіңді жегізіп, сан етіңді ертеңге алып қал демексің бе?» деп көп нәрсені аңғартады.
«Хан болып сайланған соң, 1841 жылы күз айында Кенесары жасақтары Қоқан хандығына қарсы майданға аттанды. Кене әуелден Сыр бойындағы қамалдарды қоқан билігінен азат етуді көздеді. Ол жақтағы жұрт азаптан құтылып, теңдігін тапса – тиянақты өмірдің аңғары білініп қалардай болған. Ішкі байламын тап басқандай өзбек бектеріне қарсы бас көтеріп жатқан шөмекей, төртқара, табын рубасылары жаушы аттандырып, азаттықты іздеген көтеріліске басшылық етуді өтініпті.
Созақтың және өзге де қамалдардың бірінен соң бірі күйреуі қоқандықтарға қатты соққы болып тиді. Қайтпас қазақтардың ірі жеңісі Кенесарының тұлғасын жауларының алдында айбынта түсті. Сонымен қатар, жаңа құрылған хандық байырғы қазақ жерлерін сыртқы жаулардан тазарта алатынына халықтың көзін жеткізіп, үмітін оятты.
Қоқандықтарды ығыстырған қазақтың қолы Ташкентті қоршады. Алайда, әскер арасында жұқпалы індеттің басталуы қаланы алуға мүмкіндік бермеді. Әйткенмен, жаны алқымына тығылған қоқан хандығы айла-шарғыға көшті. Мәделі хан өзінің тізе бүккенін мойындап, Кенесарыға елші жіберіп, қазақ-қоқан мәңгілік одағын құруға ұсыныс жасады. Кенесары мұндай алдамшы одақ құруға көнбеді, қазақтарға тиесілі жерлерді қайтарып беруді талап етті. Діңкесі құрыған бектер келісуге мәжбүр болды. Осыдан кейін барып соғысты тоқтатқан Кенесары Торғай маңындағы ордасына қайтып оралды. Бірақ, Ташкентті ала алмағанына іші қыз-қыз қайнады. Әйтсе де осы жеңісін қанағат тұтып, төңірегіне жиналған халықтың ынтымағын жоғары бағалады. Оның көксегені – тәуелсіз Қазақ хандығын құру болды. Ол түпкі мақсатын жүзеге асыру үшін қоқандықтармен әрі соғыспады. Өйткені одан әрмен қарайғы әл-қуаты өзіне аян еді. Сондықтан, Орта Азия хандықтарынан сүйеу іздеді. Олардың билеушілерін өз жағына тартуға әрекеттенді. Хиуа ханы мен Бұхар әміріне елшілерін жіберіп, байланыс орната бастады. Сауда керуендері сапарға шығып, олардан қажетті қару-жарақ, оқ-дәрі сатып алып, әскерін қамдады».
ТМД кеңістігіндегі орыс әлемінде төрткүл дүние таныған классиктердің өзі қалам тартпаған, тартса, тек жағымсыз жағынан көрестіп, әдеби даңқына дақ түсіріп алған үш тарихи жабық тақырып бар. Олар – Наполеон, Мазепа және Кенесары. Осы соңғы тақырыпқа алаш тарихи романның атасы Есенберлиннен кейін тарихи роман жанрында өз бағын сынауға «Семсер жүзіндегі серт» сияқты тарихи роман дилогиясымен Әділбек қалам тербеп отыр.
Романның екінші кітабында шонжарлардан жапа шеккен халық сұлтан көтерген жасыл тудың астына жаппай ағылады. Бес қаруын асынып, азаттық іздеген жасақтарды Наурызбай, Әбілғазы, Бопай ханымдармен бірге халық батырлары – Ағыбай, Жанайдар, Иман, Жоламан, Бұқарбай, қазақтың ардагер ұлдары Шәкір, Жәуке, Төлебай, Бұғыбай, Көбек, Бөрші, Базар, Танаш батыр, Сармантай, Нұрабай, Қарабай батырлар және Қарабас сияқты бекініс бұзып, қамал алған кіл ержүректер бастап, Кененің қол астына жиналғанына куә боламыз.
Әуелі бірінші кітапта Абылай және екінші кітапта Кене дәуіріндегі қырғыз манаптары тарапынан қазаққа жасалған зорлық реалистікпен суреттеледі. Екі ханымыздың да қазақ жерін қырғыз бен қоқаннан азат етуі – тарихи фактіден ауытқымай, шынайылықпен бейнеленеді.
Тарихи роман жазуға екінің бірінің дәті бара бермейді. Өйткені, қаламгер архив деректерімен істес болып, бірде – зерттеушіге, енді бірде – философқа, енді бірде – ғұмырнамашыға айналады. Әрі, көз майын таусып жазған әм жинаған деректерін көркем әдеби қорыту ойын он саққа бөліп, қаламгерлік қиялын шартарапқа қалықтатады.
Тарихи тақырыпқа жаздың екен – оқырманыңды тәнті ет. Білмегенін білгіз. Қаламгер үшін басты әдеби шығармашылық ұран осындай болуы керек. Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» сияқты тарихи роман дилогиясы қазіргі біздің түсінігіміз бойынша, шынайлықпен белгілі бір тарихи тұлға мен оқиғаға көркем синтез жасауымен, және оны тұтас дүниеге айналдыруымен өте құнды. Автор Кенесары ханның қырғыз жорығына қатысты қолда бар тарихи фактілер мен ел аузындағы деректерді қайыра жаңғыртып, өзінің жаңаша көзқарасын алдымызға жайып салады. Қазақ пен қырғыз арасының қалай ашылғаны жайлы әрі ақиқат шындықты іздеген ғылымға, әрі өз ұлтының жоғын жоқтаған милетшіл сөз зергеріне айнала біледі. Өйткені, бұл жай ғана тарихи роман емес, тұрпаты мен болмыс-бітімі бөлек көркем сөзбен өрілген сүйекті роман.
Романда автор бұрын сөз етілмеген деректерді алға тартады. Туындыда Хан Кенеге дейінгі, кезіндегі және кейінгі әдеби-танымдық 300 жылдық тарих – көркем әм стильдік ерекшелікпен өріледі. Ең бастысы қырғыз ұлтының емес, елін сатқан манаптардың кесірінен қырғыз халқы әуелі қоқанға, кейін орысқа бодан болғаны оқырманын сендіре, ашылып жазылады. Қазақпен конфедерациялық бір мемлекет құруға дәттері мен ой-өрістері жетпеген манаптарын дәріптегенде гуманитралық сорлылыққа жол берілмеуі керектігін айқын түсіне аламыз. Оны бізге роман авторы былайша төрт қағидаттық коментарий арқылы ұқтырады:
Манаптардың бірінші жаулығы – Кененің арғымағын ұрлауы; екінші жаулығы – елшілікке барған мүйізді Өтеген батырдың немересін өлтіруі; үшінші жаулығы – өздеріне солтыға жиен болатын дулат Андастың зиратын қорлауы; төртінші жаулығы – «Бір ел боламыз!» деп бәтуәласқан конфедрациялық одақты бұзып, қоқан және орыспен жең ұшынан жалғасуы.
Осы төрт себепті алға тартқан автор «Сонда, орыстар әлі биілік жүргізбеген жерге жеке хандық құрам деген Хан иеміздің жолына осынша бөгесін жасаған манаптар – ел ме, жау ма?!» деген сауалдың басын ашық қалдырады.
Біз Кенеге қатысты опасыздықты жалғыз қырғыз билеуші тобы жасады десек, ақиқаттың ақ жолын аттағанымыз болар еді. Автор бұл турасында «...Кенесары ханның Арқадан Балқаш көлінің оңтүстік өңіріне табан тіреуі орыс империясының алаңдаушылығын тудырды. Өйткені, бұл аймақ сұлтандарының дені әлі Ресейге өз еркімен қосылуы туралы сенім қағаздарын тапсырмаған, бейтарап жатқан ел еді. Ақ патшалық ықпалдан шалғай өлкеге асау ханның келуі, басқыншы жұрттың көңілдерін астаң-кестең етті. Қарап қалмай қаракетке көшіп, қазақ жұртының ымыраға көнген солтүстік, орталық аймағынан сенімді адамдарды іріктеп аттандырды. Қоңырқұлжаұлы Арыстан төре мен Қабанбайұлы Қотыраш билер бастаған жансыздар легі Жетісуға астыртын жетіп, Кенесары қолына қосылмау жөнінде халық арасында уағыз таратып-ақ бақты. Және, кеңпейіл ақпатшаның қамқорлығы шексіз екенін баян етті.
– Уыс-уыс күміс ақша, зерлі шапан, қаласа оқалы күпі кигізеді. – Мына сөзге қаумалаған қауымның аңсары ауып, айрандай ұйыды. Арыстан төре өңіріндегі алтын түймесін сипап қойды. Ол одан сайын қызықтырып, тіпті, Омбыға барып, губернатор ұлықтың рахымын көздерімен көріп қайтуға шақырды.
Осы бір уәжді естіген, әрі орыс елінің бұрыннан да дақпыртына қанық ұлы жүз төрелерінің сілекейі шұбырды» деп, өз ойын жайып салады.
Қай елдің көркем әдебиеті болмасын тарихи сана қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Қазақ әдебиетінде де тарихи тақырыпқа арналған прозалық шығарма жетіп артылады. Ұлттық тарихи шығарманың жаңа белеске көтерілуі – 1980-інші жылдардың басындағы «Қазақстанның өз еркімен Ресейге қосылуының 250 жылдығы» атты жалған концепция аясында, оның шекпеніне сыймайтын КСРО тарихы мойындаған дүниелерге өз қарсылығын айтқан М. Мағауин, Ә. Кекілбаев, С. Сматаев және т.б. авторлық дербес көзқарастағы жаңа қазақ тарихи романдарымен толыққанын білеміз.
Бұқаралық әдебиет тарихи сюжеттерді шытырман оқиғалықтың бір элементі ретінде кеңінен қолданады. Сонымен бірге оқырманын ел өткенін мақтан тұтуға жетелейтін, белгілі бір дәуірдің тарихи оқиғасы көркемдікпен пайымдалатын элитарлық әдебиет те бар.
Тарихи романның жанрлық өзгешелігін сөз етер болсақ, оның тіні бірнеше қағидаттар бойынша анықталады. Біріншісі – басымдыққа ие белгілі бір эстетикалық пафос, екіншісі – туынды көлемі мен образ түзілімі (символика, аллегория, құжаттамалық т.т.). осы екеуі де шығарма композициясына селкеулік келтірмейді. Қайта Әділбек қаламынан шыққан роман адамды тарихи оқиғаларға ойша араластырып, уақыт керуенінің кемесіне мінгізіп, тарих көшінің теңізінде жүздіреді.
Автор осы оқиғаны үш жүз жылдық ареал көлемінде қырғыз тарапынан орын алған шапқыншылықты екі жетімек тағдырымен байланыстырып, бірде тарихи фактімен дөп берсе, бірде көркем шындықты былайша кестелейді. Нәтижесінде, қырғыз шапқыншылығы мен зорлығын оқырманына танытуда «Екі баланың тағдырын» тарихи әм көркемдік фон ету арқылы автор көп нәрсе айта алған. Оның біріншісі Қабанбай батырға қатысты.
«Жалды Барақ қаптағай Тауасар мен тума Шынқожа және Қабанбайдың інісі мәмбет Қарақұрсақ төртеуі қол жиып, қазақтардан тартып алған Алатаудың етегін алқақотан жайлаған қырғыздардың шетіне келіп тұр. Бүгін түн осында сәл дамылдап, ертең бір қараңғы-бір жарықта үзеңгіге аяқ артпақ. Сосын, бесін ауғанша майдан салып, қойдан момын қазаққа қырғидай тиген қырғыздың манабы мен биінің, батыры мен дүлейінің жонынан таспа тіліп, қызыл жоса жасамақ, – дей келе «Қарақұрсақ оқиғасын» тарамдайды.
«Жалды ағасының қырғызға аттанар ойын естігенде, артық тіл қатпай келіскені «орыстардан кейін қырғыздар ішкері қоныстанып, жерімізді жырымдай берсе не қалады?» деген байламға тоқтаған. Сөйтіп, Барақ, Тауасар, Шыңқожа, Қарақұрсақ батырлардың бәтуасы ел мүддесі үшін жасалған. Бәрінің көкейінде кек пен ыза жатты. Әсіресе, Қарақұрсақтың қырғызға деген жүрегі тас. Тас болатын себебі, оның ауылын қырғыздар жан баласын қалдырмай қынадай қырып кеткен-тін.
(Жалғасы бар)
Әбіл-Серік Әліәкбар,
салыстырмалы әдебиеттанушы.
Abai.kz