Сенбі, 23 Қараша 2024
4664 8 пікір 14 Қараша, 2019 сағат 12:13

Алматыда отандық зауыттан шыққан тұңғыш электробустар жүре бастады

Бөгде жұрт арасында «Қазақтардың қолынан не келеді?» деген сауал жиі қойылатыны бар. Расында да, өзгені таң қалдыратындай ғылымың, техникаң, инновациялық жаңалықтарың болмаса, әлем кеңістігінде өзіңді мойындату қиын. Қазіргі уақытта осы өндірістік бәсекелестікке лайықты қазақ іскерлерінің көптеп бой көрсетіп, өндірген дүниелері сұранысқа ие бола бастағаны көңіл тоғайтады.

Міне, соның бір игілікті көрінісі ретінде, Алматы қаласының көшелерінде Falcon EuroBus компаниясының қазақ-неміс әріптестерімен бірлесе жасаған алғашқы отандық электроавтобустар өз қызметін көрсете бастады.

Алматы қаласы қалалық мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әділов "№1 Аlmaty Еlektroavtobys parki" ЖШС кәсіпорны мен жаңа маршруттың ашылуымен құттықтап, жолаушы тасымалдау жүйесінде бәсекелестікке лайықты европалық өнімдерді пайдалану аса маңызды екенін атап өтті.

- Жаңа технологияның дамуы алматылықтардың өмір-тұрмысын жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар, қаланың инфрақұрылымын, оның ішінде қоғамдық көлік тасымалы жүйесін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.  Басты мақсат – Алматыда көлік жүйесін реформалау арқылы қалалықтарға сапалы көлік қызметін көрсету және жолаушы тасымалының деңгейін көтеру.  Заманауи үздік технологияларды қолданысқа енгізу көлік саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, өз кезегінде бұл «ақылды қала» құру үшін маңызды қадам болып табылады. Бұл жобаны жүзеге асыруға бюджет қаражаты жұмсалған жоқ, инвесторлар мен автопарктің қаражаты ғана құйылды. Және қала әкімдігі электроавтобустарды сатып алмайды, біз тек маршрутты ғана анықтап бердік, - деді Ерлан Әділов.

Ал, қазақстандық зауыт шығарған жаңа экоавтобустарды қолданысқа енгізу және жұмыс істеу қарқыны туралы ақпарат берген "№1 Аlmaty Еlektroavtobys parki" ЖШС бас директоры Петр Смехович былай дейді:

- Жаңа үлгідегі электроавтобустардың жұмысын биік деңгейде ұйымдастыру мақсатында арнайы автопарк құрылды. Ең соңғы технологиялық жетістіктермен жабдықталған автопарктің диспетчрлік орталығы маршрутқа шыққан барлық автокөліктердің жұмысын тәулік бойы толық қадағалап отырады. Барлық қажетті мамандар білікті кадрлардан жасақталды, оның ішінде автобус жүргізушілері арнайы оқу тәжірибелік класында дайындықтан өткізілді.

FALCON M.ADI маркалы электрокөліктердің  ерекшелігі мынада: автобустың едені төмен, ыңғайлы, тұтас металлдан құйылған, екі есікті, жолаушылардың, балалар мен  мүмкіндігі шектеулі жандардың түсіп-шығуына толық жағдай жасалған. Салонда барлық техникалық жабдықтар: жедел қызмет шақыру құрылғысы, аудио мен  навигациялық жүйелер, микрофон, дыбыс күшейткіш, рация, мониторлар, ақпараттық электронды тақталар, маршрут бағыттары, жолаушыларды санау есептегіші, смартфондар мен гаджеттерді зарядтауға арналған USB нүктелері, бақылау камералары (артқы/алдыңғы, ортаңғы есіктер мен жолаушыларды көріп отыратын) орналастырылған.

Мысалы, жолаушының мобильді телефон немесе смартфон батареясы отырып қалуы мүмкін ғой? Бұл жағдайда электро автобуста орнатылған USB порт көмегіне жүгініп, тығырықтан тез шығуға болады. Бұл барша жұрт үшін өте қолайлы болғандықтан, кез-келген жан USB порт арқылы әрқашан өз гаджетін қуаттандыра алады. Және олар өте тез қуаттандырылатын атай кеткен орынды. Осының барлығы жолаушылардың өздерін жайлы сезінуі үшін жасалған.

Сондай-ақ, жол апаты орын алған жағдайда, тиісті ақпарат қалалық құтқару қызметінің «112» нөміріне автоматты түрде шұғыл түседі. Бұдан басқа аппарат электроавтобус жүргізушісі автопарк диспетчерінің арасында тікелей аудиобайланыс орнатылған.

Бүгінгі таңда бүкіл әлемде экология мәселесі бірінші орында тұр. Сондықтан, дүниежүзілік қоғамдастық қоршаған ортаны қорғаудың әртүрлі жолдарын іздестіруде. Электроавтобустарды шығару – Алматы шаһарының экологиясын жақсартудың басты қадамының бірі. Бұл автобустар ауаны ластамайды және дыбыссыз қозғалады. Бүгінде бензин бағасының қымбаттығын ескерсек, электр қуатын пайдалану бірнеше есеге арзан түседі. Электроавтобусты жұмысқа қосу өте оңай, әрі жеңіл. Автобуста жоғарывольтті үш аккумлятор орнатылған,  қуаты 550 шақырымға жетеді. Сонымен қатар, алдағы қысқы кезең батареялардың қалай жұмыс істейтінін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Заман талабына орай, келешекте электроавтобустар технологиялық құндылықтар қатарынан күнделікті қоғамдық көліктерге айналатыны сөзссіз.

Алматыдағы жолаушылар тасқыны көп жүретін ең ірі бағыттың бірі – Төле би көшесінің бойымен ұзындығы 10 шақырымнан асатын №206 маршрутқа алғашқы 10 автобус шықты. Алдағы жылы экологиялық таза автобустардың қатарын 100-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Автокөлік саласындағы отандық өнімдер «Ақылды қала» құру бағытындағы игілікті істерге және энергоресурстарға жұмсалатын шығындарды азайтуға, ірі қалалардағы қоршаған ортаны жақсартуға ерекше үлес қосады. Уақыттың өзі көрсетіп отырғандай, бұл электроавтобустар технологиялық қол жетпес бағалы техникадан күнделікті қоғамдық көліктерге айналып, еліміздің барлық ірі қалаларының көшелерінде жүйіткитін күн де алыс емес.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502